«Құран қуылған шайтанның сөзі емес.
Ендеше қайда кетіп бара жатырсыңдар?»
(Текуир сүресінен, 25,26-аяттар)
... Шынында қайда кетіп барамыз?
* * *
Неге екенін білмеймін, нүкте жайлы ой мазалай берді. Иә, кәдімгі біршама тиянақты ойды білдіретін сөйлемнің (көп жағдайда) соңына қойылатын нүкте. Бар болғаны қаламыңның ұшын тигізе салсаң, қағаз бетінде қалатын қара ноқат, болмашы дақ.
* * *
Дүн-дүние толассыз қозғалыста. Тыным, тыншу жоқ. Солай болу керек. Әйтпесе тіршілік бітті деген сөз.
Бәрі қозғалыста. Микродүниеңіз де, макроәлеміңіз де. Құрт та қозғалыста, кит те қозғалыста. Шыр еткен сәби де тырбаңдайды, халі мүшкіл науқас та кірпігін қағып, саусағын қимылдатады (иек қаққанға дейін). Қап арқалаған саудагер де, қару әкетіп бара жатқан самолет те қозғалыста.
Қозғалыс – тіршілік, дұрысы, тіршілік ету белгісі. Бір нүктеден екінші нүктеге орын ауыстыру, бір нүктеден шығып, екінші нүктеге бағыт алу. Ендеше мына ғажайып қозғалыстардың ұясы болған ғаршы-ғалам нүктелер жиынтығы десек, біздің харакет – сол нүктелердің арасын қосып, тоқтаусыз қимыл жасау. Бей-берекет қозғала береміз бе? Жоқ. Ешкім тоқтата алмас апат басталғаны онда. Ол апат – ақырзаман. Ақырзаман – бәріміз барып тірелетін Нүкте.
* * *
«Мына кеңістікті кернеп тұрған нүктелер – идеялар ғой», - дейді Таным. Ендеше нүкте-идеялардың арасында безек қаққан Ақыл-ой, Сана қозғалысын елестете беріңіз. Денеміз ғана емес, ой-санамыз да қимылда. Бір нүктеден екінші нүктеге ұмтылады. Әркімнің өзі көздеген идея-нүктесі бар, соған жетуге асығады. «Бірі ырғалып-жырғалып жүрмей, тез жетсем-ау» дейді, екіншісі әр істің байыпты шешілуін күтеді, асығып, аптықпайды.
Дегбірсіздік - ашкөздік пен қомағайлықтың белгісі. Асықпаудың тетігі сабырда, сабырдың түбінде «сары алтын» жатыр.
Алла айтады: «Адам баласы асыққыш болып жаратылған. Белгілерімді көрсетемін. Менен тез тілемеңдер. (Әнбия сүресі, 37 аят).
* * *
Айтпақшы, адасуыңыз да қозғалыс. Бір нүктеден шығып, екінші нүктеге барып соқтығысу, сосын үшіншісіне ұмтылу. Пендеңіз осындай қарама-қайшылық, қақтығыстың ортасында келеді. Адам ата – Хауа ана мен шайтан сұмпайының жұмақтан қуылып жер бетіне түскен заманынан Саддамды Хусейнді дарға асқан бүгінгі уақыт аралығы – адасулар мен арбасулардың, дұрыс пен бұрыстың майданы. Ақ жүрем деп Адам әлек, адастырам деп Шайтанда маза жоқ. Әйтеуір тынымсыз тірлік. Тыным жоқтығы – қозғалыстың барлығы. Тәуба. Қозғалыс, орын ауыстырулар – тіршілік нышаны. Тұра тұрыңыз, сонда қозғалыс атаулының бәрі жақсылыққа жеткізе берер ме екен?
Жер адасулардан титықтады. Қабыл мен Әбілден қалған алауыздық әлі біткен жоқ. Қанға сіңген, тәнге орныққан. Шайтанның азғыруына еріп, нәпсісіне тыйым жасай алмаған Адам ата баласы өзі істегеніне өзі өкініп, бармағын шайнап келе жатқанына қай заман?! Ғад пен Сәмүд елінің, Нұқ қауымының тып-типыл жоқ болғаны бізге әлі сабақ бола қойған жоқ.
Жер беті – майдан алаңы. Қарғыс айту түрінен қару қолдануға дейін жеткен соғыс сұмдығының авторлары – адамдар. Адам дейміз-ау... Тірі организмнің қалыпты жағдайына қауіп төндірген зиянды микробтар мен бактериялардың шабуылы ше? Бұл да соғыс.
Сізге де солай көрінер, жер беті химиялық реакциялар жүріп жатқан алып колбаның түбі сияқты. Реакция жүріп жатыр. Нәтижесі қандай болар екен? Пайдасы бар басқа зат (элемент) түзілсе, дүние түгел. Ал байқамай жарылыс жасап алсақ қайтесіз?
Алла айтады: «Аса қамқор Алла Құранды үйретті, адамзатты жаратты. Оған сөйлеуді үйретті, Күн мен ай есеппен жүреді. Өсімдік, ағаш оған бас иеді. Ол аспанды биіктетіп, оған тең бір өлшеу қойды. Өлшеуде шектен шықпаңдар» (Рахман сүресі, 1-7 аяттар).
* * *
Аталарымыз арбамен жүрген кездегі орташа жылдамдық атом ғасырында қаншаға артты екен? Есептеген бар ма? Тас жолдың үстімен жүйткіген желаяқ машиналар, қас қаққанша көк төрінен бір-ақ шығатын реактивті ұшақтар мен ғарыш кемелері, жердің о шеті мен бұ шетін санаулы минуттарда жалғай қоятын байланыс құралдарының жылдамдығы әлгі ат арба мінген атаңызға мұрынын шүйіріп қарайды. Мазақ қылғаны.
Сонда деймін-ау... Енді 50 жылдан кейінгі жылдамдық қандай болмақ? Кеңістік толы нүкте-ғажайыптарға біз иеміз деп осылай заулай береміз бе?
Егер ғарыш-ғаламда қалқып жүрген сайрандар (планеталар) кенеттен жылдамдығын арттырса не болар еді? Оны ойласа, ғалым көкемнің төбе шашы тік тұрады. Дереу әлгі тосын ойын бір-ақ сөзбен тізгіндейді көкем: «Астапыралла!»
Құран Кәрімде жазылған: «Адам баласы әділ тұруы үшін Кітапты, әр нәрсенің өлшеуі-Мизанды жібердік. (Хадид сүресі, 25 с.)
* * *
Меніңше, барлық қозғалыс бір нүктеден басқарылады. Сіз екеуміз мұны заңдылық деген ұғымның аясына сыйғыза саламыз. Ал басқарылу нүктесі қайсы? Оның болатыны – ақиқат. Әйтпесе Сіз көріп тұрған физикалық дененің пішіні болмас еді, пішіні жоқ дүниенің мазмұны нәтпүт деңіз.
Отбасыңызды Сіз басқарасыз, көке. Әулеттің тізгіні - ақылды ақсақалдың қолында. Қала мен аудан, ауылға әкім иелік етеді. Мемлекет тізгіні Президент не Премьер-министрдің қолында. Ал мына он сегіз мың ғалам қозғалысының қожасы кім? Ол – «жер мен көкті алты күнде жаратып, ғаршыны игерген Алла». Жер мен көктің иелігі соған тән. Ғаламның Құдірет-Нүктесі – сол Алла. Оның әмірі сансыз періштелер арқылы жеткізіледі, ал оның жер бетіндегі елшісі - пайғамбарлар арқылы іс жүзеге асырылады.
Айтпағым мынау, көке: «Әр нәрсенің басқарылуы бар екен. Оның жалпыәлемдік моделі – Ғаршы-ғаламды жаратып, оған иелік еткен Алла құдіреті.
Неге екенін білмеймін, мемлекетті парламенттік жүйемен басқару дегенге жаным қас.
Әжем айтатын: «Қатын көп болса, қазан қайнаусыз қалады»,– деп.
Абай: «Единица болмаса, не болды өңкей нөл»,- дейді.
Құран кітапта былай жазылыпты: «Егер жер-көкте Алладан басқа тәңірлер болса, әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаршының Раббы - Алла»
(Әнбия сүресінен, 22-аят)
* * *
«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы». Абай атам мына пендеңіздің тойымсыздығына бола айтты ма екен осы сөзді? Әйтпесе адамды Абайдай сүйген, әй, ешкім жоқ еді ғой.
Тойымсыздық, қанағатсыздық – адам баласының ақыл-ойы жеңе алмай келе жатқан нәпсі-індет. Бұл екеуінің жеткізер жері – дандайсу, ісініп-қабыну, тоқ шегіңнің жарылуы. Басқа түк те емес. Артыңда қалатыны – айкәпір атың ғана.
«Тойымсыз адамның да, мемлекеттің де, жойқын идеялардың да ізім-ғайым жоғалып кеткендері болған»,- дейді Тарих-Дана.
Гитлеріңіз бүкіл адамзат қарғысына тұншығып өлді. Шыңғысханның есімі әрі тарт та бері тарт күйде. Ленинді жер мен көктің арасында ұстап, табытында шіріттік. Хусейіннің жанын қыл бұрау қыса салды. Табаны жерге тимей, төбесі көкке жетпей тұрып жаны алынды. Тіршілігінде алтыннан мүсінін жасатып, мавзолейін тұрғызып қойған Түркіменбашыны кеше жерледік. Жарылқаймын деген социализмнің жаңқа-жаңқасы шықты. Санадағы сызатынан басқа ештеңе қалған жоқ. Планетамыздағы ең кәрі коммунист хал үстінде жатыр.
Табалау емес бұл. Өлгеннің артынан ғайбат айтуды Алла қаламайды. Өзімізше таразылау ғана. Күллі адам баласының көз алдында өткен тарихи оқиғаның сабағы ғой.
Айтпағымыз мынау: адам баласы әйтеуір бір Нүктеге ұмтылумен ғұмыр кешеді. Билік те нүкте. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді». Біреу төр жақта тұрған орындыққа отыруға ұмтылады. Орындық пен орынның айырмасы болатындығында шаруасы жоқ. Әйтеуір ұмтылады. Қозғалыс па? Қозғалыс. Бір нүктеден екіншісіне ұмтылу. Ондай ұмтылыс кімде жоқ дейсің?
Әлгінде: «Қалтамдағы соңғы тиынды автобусқа төледім. Қу кедейлік-ай», - деп кейіп келген көкем жеңгемнің шайына қанып алып, шалжиып қос көрпенің үстінде жатыр.
Құдайға аян, оның да қиял-құлашы қиянға кетіп жатыр. «Шіркін, бай болсам-ау, билік тізгіні қолымда болса ғой».
Халық даналығы айтады: «Сүйек жұтпас бұрын көтіңмен ақылдас. (түркімен нақылы).
Құранда жазылыпты: «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың. («Ісра сүресі, 37-аят)
* * *
Адам баласының ісі мен ойындағы осыншама қым-қуат қозғалысты реттеп тұрар күш бар екенін бұрынғылар сан мәрте айтып кетіпті. Талайын оқып, талайын естігенбіз. Өкініштісі сол: ауыз айтады, құлақ естиді, көз көреді. Өзіңді өзің жөндеген боласың. Ал қол-аяғың қомағай қарыныңа ілесіп кете береді. Мына қызылды-жасылды дүниенің «жазығын - жайлауым, кеңістігін - кең сарайым» деп жүрген адамзаттың бар қозғалысын үйлесім мен ырғаққа, жүйе мен реттілікке бастар күш атауы Иман дейді екен. Имансыздық – апат басы. Иман – жаппай жойылу, я болмаса азғындау апатынан құтқарар жалғыз ғана рухани иммунитет. Иман ұясы – Жүрек-Нүкте.
Иманды жұрттың өзгермес жалғыз ғана ахлақтық (моральдық) Конституциясы бар. Ол – Құран. Құран – Жүрек-Нүктені жылытар Нүкте-Нұр.
Бізге жеткен Алла кітабында жазылыпты:
... Мұхаммед (ғ.с) оларға айт: «Жәбірейілге дұшпан болса, Алланың дұшпаны. Өйткені ол (Жәбірейіл ғ.с-авт.) Алланың бұйрығы бойынша бұрынғыларды растаушы. Құранды сенушілер үшін туралық әрі қуандырушы түрде жүрегіңе қондырды.
(Бахара сүресі, 97-аят)
Әй, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (Құран) келді!
(Жүніс сүресі, 57-аят)
* * *
Қорқу деген ұғым бар. Тар мағынасы - әлсіздің әлдінің алдында құрдай жорғалауы. Кең мағынасы – Алладан қорқып, өзіңді иманды іске жетелеу. Алладан сескенудің, Алладан ұялудың жоқтығы кесір-кесапатқа бастамақ. Енді не қыл дейсің?
Қорқу керек! Сескену керек! Жоқ, ұялу керек. Кімнен?
Құран Кәрімде былай дейді: «Шәксіз Алла көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ, төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Алла».
...Шүбәсіз Алла әр нәрсені толық білуші.
(Мүжадәле сүресі, 7-аят)
Тұра тұрыңыз. Сіз екеуміз, я болмаса үш-төртеуміз сырласып, сыбырласады екенбіз. Ол тыңдайды.
Ол! Ол сөзін үшінші жақтағы жіктеу есімдігі деп қалай болса солай қарамаңыз. Бұл сөз Алла деген ұғым білдіреді. Солай, пәруәрдигар! Ендеше Ол сөзін бас әріппен жазыңыз.
«Шатыспаңыз,- деді ішкі Пікірім, - сонда үшінші бір адам жайлы айтқанда ол сөзін қолданбаған да қай сөзді қолданамыз?»
«Сен де шатыспа! Үшінші біреу туралы әңгіме қылуға сенің қандай хақың бар?! Мұныңыз - өсек» – деді Ойым. Ал керек болса...
* * *
Нүктелер империясы аталатын мына Кеңістіктің бас-аяғын шектеп тұрған екі Ұлы Нүкте бар сияқты көрінді алғашқыда. Бірі – күллі жаратылыс басталған Нұр-Нүкте, екіншісі – түп-тұқиянымызбен барып жиналатын Қиямет қайым-Нүкте. Айтпақшы, жанды, жансыз дүниенің, бүкіл ғалам мүлкінің бір Нүктеден жаралғандығын, әрқайсысының өлшем-реттілігі бар екенін ғылым жоққа шығармайды. Иманды жұрт: «Оны Алланың нұры», - дейді.
Құран Кәрімде айтылған: «Алладан қорқыңдар. Өйткені ол тарапқа жиналасыңдар. (Мүжадәле сүресі, 9-аят)
Алла сендерді өзі қорқытады. Барар орын – Алла жақ. (Әли Ғымран сүресі, 28-аят)
Ақыл-ойы өлшеулі адаммын ғой мен де, шатысқан екенмін. Дүние-ғаршыны билеп тұрған бір-ақ Нүкте болды ғой. Әуелде Алла құдіреті бізді жаратты, соңыра Алла қасына жиналасың. Бір нүктеден шықтың, сол нүктеге қайтып ораласың. Лақтырып жіберген затыңнын қайтып жерге түсетіні сияқты. Бумеранг-тірлік. Бұл – бүкіләлемдік қайтып оралу заңы. Мұны дәлелдеп жату үшін төбесіне алма құлап түскен Исаак (И.Ньютонды айтамын) дананы тосып жатудың қажеті болмас. Кітапта жазылған ғой.
* * *
Бәрекелді, ұнжырғаңыз түспесін. Өмір сүрудің мәні жоқ деген ойды тастаңыз. Шайтанның сыбыры – бұл.
Алла сізді аса зор махаббатпен жаратты, ғұмыр берді, жерді мекен қылды, ризығыңызды қоса жаратты. Ұлы Нүктенің маңындағы сансыз нүктелер арасында қозғалыс жасап, тірлік кешуіңіз – меніңше, Алланы сүйгеніңіз. Тек шайтан-серігіміздің сиқыры көңіліңізді арбап, көзіңізді тұмандатпасын деңіз.
Ғибадат етер Раббыңыз бар, Ол – бір Алла, адастырмас кітабыңыз бар, ол – бір Құран, аласартпас күшіңіз – бір иман, жүзіңізді бұрған құбылаңыз да біреу. Ендеше, өз өзімізге қояр сауалымыз да біреу болуы керек шығар. «Қайда, қалай кетіп барамыз?».
«... Әркімнің бір бет алатын қыбыласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар. Қайда болсаңдар да Алла барлығыңды бір араға жинайды. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге күші жетеді». (Бахара сүресі, 148-аят).
P.S. – Ақ қағаздың бетіне түскен алғашқы сөйлеміңіздің басына да нүкте қою керек шығар,- дедім досым Жантасқа.
- Бісміллаһир Рахманир Рахим – сол нүкте ғой,- деді ол.
Қалам ұшымен нұқи салмаңыз, Нүктені ойланып қойыңыз, ендеше.
Ғазиз Ештанаев,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.