ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН. БІР ӨЗІ – БІР БИЗНЕСТІК МЕКТЕП

Құрылысшы Самат Мұсабаев туралы ой-толғау

Қазақта бәріміз білетін «асар» деген ұғым бар. Яғни, көп адам бірігіп бір адамға  қолғабыс көрсету. Ал бір адамның көп адамға қолғабыс жасауы қалай аталады екен? Жомарттық деу керек пе? Мейірімділік пе екен? Меніңше бұл жомарттық пен мейірімділік және адамгершіліктің жоғары формасының үшеуі қосылған – жаңа модель! Сондай жаңа модельді қалыптастырған тұлғалардың бірі – бизнесмен Самат Мұсабаев.

Бұл өмірге әркім әр түрлі миссиямен келетін болар. Бәлкім, оны адам өзінің өмір жолын бастаған кезде әлі сезінбеуі де мүмкін.  Бірақ бір күні қандай да бір оқиға немесе қандай да бір ой адамды өзінің сол негізгі миссиясына қарай жетелей жөнелетін болса керек. Сол жолдан ол кері қайтып кетпей, оны әрі қарай жалғай берсе, сол ісімен айналыса берсе, ол адам сол істің хас шеберіне айналады. Мейлі ол етікші болсын, мейлі құрылысшы болсын. Сосын сол іс те адамды биікке шығарады, табысқа жеткізеді. Бір америкалық ғалым өмір бойы кәдімгі тіс шұқығышты зерттепті және сол тіс шұқығыш пен оны жасайтындар туралы 400 беттік кітап жазыпты. Құртақандай тіс шұқығыш туралы осындай кітап жазылғанда, құрылыс пен сол құрылысты салатын адам туралы, оның үстіне елге танымал меценат болған адам туралы қанша беттік кітап жазуға болар еді? Оның көлемін көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Жәй ғана тас қалаушының жұмысын мәртебелі құрылыс деңгейіне дейін көтеріп, соны керемет бизнеске айналдырған Самат Мұсабаев туралы мағыналы да мәнді, әрі дәмді талай әңгіме-кітап жазуға болар еді-ау деп ойлаймын. Ол не үшін керек десеңіз, оның керек жері өте көп. Әсіресе, жастарға керек болар еді. Әр нәрсенің басын шалған адам өмір бойы шашылумен кетеді. Самат Мұсабаев туралы болашақта жазылар кітап жастарға бастаған ісінде табандылық көрсетуді үйретер еді. Табандылық дегеніміз – тұрақтылық. Ағаш бір орынында тұрып қана көктей алады дейді.

Бизнес тек бизнес үшін ғана болса, ол да халықтың құрметіне бөлене алмайды. Халықтың құрметі не керек десеңіз, бұл өзіңді жұмыс істей беретін робот емес, кәдімгі тек жаны бөлек демесең, жігі білінбес өз отбасы, ортасы бар, дос-жаран, туысқандары бар, туған жері мен отаны бар кәдімгі адам болып өмір сүру үшін керек. Ал оларды сезіну деген – өзіңнің қандай жетістіктерге жетіп, биікке шыққаныңа қарамастан, солардың тіршіліктегі тынысына құлақ түре жүру. Самат Мұсабаев –дәл осыны жүзеге асыра білген адам. Солай жасау міндетім дегеннен емес, өзінің оларсыз өмірінің тым жалаң болатындығын сұңғылалықпен сезінгендігінен және көкірегіне мейірімділік, бауырмалдық ұя салған адами қасиетінің биіктігінен. Ал бұлай сезіне алу да екінің бірінің, оның үстіне зор табысқа жеткен бизнесмендердің кез келгенінің қолынан келе бермейді. Қолынан келе бермейтін себебі – ондайлардың ішінде әлде бір тежегіш күш тұратын болуы керек, ол күштің бірі – жалтақтық болса керек, әр адамға күдікпен, секем алып қарайтын, сөйтіп тарс жабық жүретін және уысынан тамшы түспейтін сараңдық болса керек. Сараңдық деген де ерекше энергия. Оның айналасына тарататын жағымсыз энергиясы күшті болады. Ол жағымсыз энергия айналып келгенде сол адамның өзіне қырсығын тигізеді. Адамдар мұндайлардан өте қашық жүреді. Ал айналасына үнемі адам үйріліп жүретін жанның бірі де – Самат Мұсабаев.

Саматтың мамандығы – құрылысшы. Өмір бойы сол құрылыстың іші-сыртында жүрген адам. Бірақ, оның өнерге, әдебиетке, жалпы алғанда рухани құндылықтарға деген құрметі ерекше. Былай қарағанда құрылыс қайда, өнер қайда? Адамның бір нәрсеге деген құрметі қайдан пайда болады? Құрметі сол нәрсені түп-тамырымен түсіне алғанда пайда болады.

2017 жылдың ақпан айында Испанияның Мадрид қаласында «Қазақ ақындары өлеңдерінің антологиясы» испан тілінде жарыққа шығып, соның тұсаукесері өтетін болды. Ол антологияға өлеңдері енген ақынның бірі мен едім. Маған да шақырту келді. Бірақ оған баратын қаржы қайда? Жарты миллион теңге керек! Ешкімге ештеңе дегенім жоқ еді, бірақ «не жаңалығың бар?» деп сұраған ауылдың бір беделді адамына Мадридте осындай шара өтетіндігін, өлеңіміз испан тілінде шығып жатқандығын, шақырту алғанымды, бірақ бара алмайтындығымды жәй ғана сөз арасында айта салғанмын. Әңгіме сол жерде сонымен біткен еді. 2-3 күннен кейін маған Самат Мұсабаев телефон шалып тұр. «Апа, барасыз Мадридке. Барлық шығындарыңызды көтереміз» деді. Мен аң-таң! Өзім қатты ыңғайсызданып қалдым. Осы жасқа келгенше өмірімде адам баласынан қандай да бір қаржылық, демеушілік көмек сұрап көрмеген адам едім. Жаңағы беделді адам Саматқа жәй ғана құлаққағыс қылған болса керек. Соншалықты ыңғайсызданып қалсам да, ішімнен қатты қуанып кеттім, әрине! Алладан еселеп қайтсын деп, іштей де, сырттай да мың мәрте тілек тілеп барып қайттым.

Арада бір жылдай уақыт өтті. Бір күні Самат бизнесмен тағы бір ұсыныс айтты. Ұсынысы – Астанада менің шығармашылық кешімді жоғары деңгейде өткізу. Әдетте, былайғы жұрт мұндай кештерін өткізуді немесе қандай да бір жағдайға көмек көрсетуді сұрап, онысын ала алмай қиналып жүреді. Ал бизнесмен адамның нақты бір ақынға поэзиялық кешін өткізіп беру туралы өзі ұсыныс айтуы – бұл тіпті сирек кездесетін жағдай! Болмаған да шығар! Сөйтіп, 2018 жылдың 29 мамыры күні Астана қаласындағы «Астана концерт залында» «Мен сағындым! Ал, сен ше, айналайын!» атты шығармашылық кешім өтті. Өте әдемі болды. Мазмұнды болды. Өзіме ұнағаны өз алдына ғой. Көрермендерге қатты ұнады. Олай болған себебі – ол нақты менің шығармашылық кешім болғандығынан емес. Мәселе – оның ұйымдастырушысында. Ал ұйымдастырушысы және 10 миллионнан астам қаржысын салып демеуші әрі моральдық жағынан қолдаушы – Самат Мұсабаев бір өзі еді. Самат тек қаржылай демеп қана қойған жоқ, кештің мазмұны, қандай форматта болып, қандай адамдар қатысады, қанша ән айтылу керек, қай ән айтылу керек, қай театр қою керек және режиссеры кім болуы керек, сахна қалай безендіріліп, тіпті жарық қалай түсірілу керек, кімдерді шақырамыз деген мәселенің бәріне өзі ақыл-кеңес беріп отырды. Оның мақсаты – тек әйтеуір бір кеш өткізіп тастайықшы дегендік емес екендігін түсіндім. Поэзияны қалай көркемдеп, өлеңнің әр жолының әсерлілігін қалайша бірнеше есе арттырып жеткізуге болатындығына үлгі көрсетіп беру екендігін де түсіндім. Ризашылығымда шек жоқ еді.

Құрылыста әр кірпішті талғаммен қалап үйренген талғампаз адам сахнадағы әр көріністе бір де бір фальш болмағанын қалады. Оның қалауындай болды да. Біз бұған дейінгі өтіп жатқан талай поэзия кештерінде болып жүрміз. Бәрі де жаттанды сценариймен, бір сарындас, бір-бірінен аумайтын, тек өлеңдері мен авторы ғана өзгеше болып, сырғып өте шығатын поэзия кештерінен жұрт баяғыда мезі болғандығы рас. Соның қырсығынан біз оқырмандарды поэзиядан алшақтатып алдық. Өйткені қазіргі көпшілік аса талғампаз. Олар 70-80- жылдардың форматымен, немқұрайлы өтетін қандай да бір іс-шара үшін онсыз да қымбат уақыттарын қиып келмейді де. Ондай кешке 50 адам жинаудың өзі қиын. Ал біздің бұл кешке 1200-ден астам адам жиналып, орын жетпей түрегеліп тұрғандар да болды.

Ол өзі демеушілік жасайтын ісінің нәтижесін көргісі келетін адам. Қаржының босқа шашылмағанын қалайтын адам. Самат Мұсабаев қолдап өткізген осы кештің талайға ой салғаны анық. Яғни, поэзияны құрметтеу, поэзияны халықтың алдына шығару деген мәселеге назар аудартқызды. Мәселе, тек әйтеуір поэзияны құрметтей беру деген сөз емес. Мәселе – поэзияның қоғамға қызмет етуіне мүмкіндік жасауда. Поэзияның қызметі дегеніміз адамдарға рухани күш қуат беру. Мейірімділіктің салтанат құруына мүмкіндік жасау. Жасаған әрбір ісің басқаға ой салса, өміріңнің мазмұны да дәмді бола түспей ме? Сол кеште болып қайтқан профессор, журналист, белгілі Алаштанушы Қайрат Сақтың ғана сөзін келтірейін: Біз әдетте әдеби кештерден шаршап қайтатынбыз, шаршайтын себебіміз – дұрыс ұйымдастырылмайды, мағынасыз сөз көп болады, шашыраңқы болып көп уақыт алады. Ал бұл кештен демалып қайттық. Рухани күш алып қайттық. Рахмет! - деді. Осындай рахметтің бәрі – Самат бауырымыздың атына айтылып жатты дер едім.

Самат Мұсабаев осылайша демеушілік жасаған қаншама сала бар. Жеке адамдардың тұрмыс жағдайына көмектесіп, талайды тығырыққа тірлеп тұрған жерінен шығарып алып, былайғы жұрт бірін білсе, бірін білмейтін қаншама қайырымдылық шаралар жасаған бұл тұлға туралы айтыла берсе, айтар әңгіме көп. Талай жастарды бизнес саласына тартып, құрылыс жүргізудің мән-жайын үйретіп, олардың да мына бәсекелесі көп заманда малтығып қалмай, аяқтарын тік басып кетуіне көмек көрсеткені, олардың әр қадамын қадағалап, ақыл-кеңес айтып отыратын бір өзі бір бизнестік мектеп болып жүргендігі туралы айтсақ, ол тіпті өз алдына бөлек әңгіме.

Қоғамдағы, руханияттағы осындай осал тұстарды көтеріп, демеп жіберуге атсалысып жүретін белгілі қоғам қайраткері, «Бизнестегі мінсіз қызметі мен жоғары қызмет сапасын үшін «Алтын Ягуар» халықаралық марапатының иегері, Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшы», Маңғыстау облысының «Үздік құрылысшысы» Самат Мұсабаев сияқты тұлғалар арқылы біздің қоғам көркіне көріп қосып тұр дер едім.