4131

СӘКЕН СЫБАНБАЙ.ҒАЛАМТОРДАҒЫ МАХАББАТ

I

Кездесудің уақыты мен орны белгіленген кезде Санаттың жүрегі атша тулап, атқақтап сала берді. Тіпті қыздың «жарайды» деген жауабын оқығанда пернетақтаны салдыр-гүлдір еткізіп, орнынан қалай атып тұрғанын да аңғармады. Кенеттен кеудесін кернеген құйын-перен бір сезімнің құдіреті бозбаланы лезде лып көтеріп, қолды-аяққа тұрғызар емес. Екі қолын артына ұстаған ол бөлмесінің ұзындығы мен енін өлшегісі келгендей еркін адымдап, ерсілі-қарсылы сенделіп кетті. Жүзінде сарыла күткен сағынышты сәлемін жаңа алған жанның шат көңіліндей шадыман леп бар.

Бір сәт жанарын қабырғадағы әлдебір нүктеге қадаған күйі қалт кідірген ол үріккен аттай жалт бұрылып, қайтадан компьютеріне ұмтылды. Отыра қалып, тықылдатып жаза бастады. Қайда және қашан кездесетіндерін келіскенімен, бірін-бірі қалай танитындарын ақылдаспап еді. Ақыры аппақ «Мерседестен» түсетін ақ кофталы, ақ шалбарлы аруды үстіне көк түсті шолақ жең жейде киіп, көзіне көзілдірік таққан, қолында гүл шоғы бар жігіт саябақ алдында күтіп алатын болды.

Расында да, жолыққан сәтте бұлардың бір-бірін тани қоюы екіталай еді. Өйткені, қазір ғаламтор дүниесінде, құдды қашып-пысқан кәнігі қылмыскердей, лақап атпен, өзге бет-бейнемен тіркелетіндер, фотосының орнына қайдағы бір тосын сұлба қойып немесе танымал әртістердің суретін ілетіндер баршылық. Мұндай әдеттен Санат та сау емес: оның әлеуметтік желідегі «әлеміне» кірген адамды өсіңкі шашы қысық көзін жаба жаздап тұрған, қап-қара сәнді күртесінің жағасын әдейі тік көтеріп алып, спорттық мотоцикл үстінде өзгелерге паңдана қарайтын әлдебір кәріс актері қарсы алады. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – өзі өмірінде бір мініп көрмесе де, оның жүйрік мотоциклмен жұлдызша ағатын жампоз жігіттерге қызыға да қызғана қарайтыны рас. Екіншісі – өзінің сиық-сықпытына Санаттың ешқашан көңілі толған емес.

Айтпақшы, ол ғаламтордағы ғашығының шын атын білмейді, тек «Принцесса» деген бүркеншек есімінен ғана хабардар. Суреттегі кескініне қарағанда, өзі ханшайым десе дегендей-ақ. Оң иығынан құйыла түсіп омырау тұсын түгел жапқан толқынды қара шашы, әлденеге таңырқай қараған ұялы да ойнақы жанары, істік те, доғал да емес, шебер мүсіншінің қолынан шыққандай сүйірлене біткен сүйкімді мұрны, ұшына болар-болмас қызғылт арай жүгірген аққұба өңі, раушан гүлінің күлтесіндей әнтек ашылған еріндерінен көз қарықтыра жарқыраған аппақ тістері көрген жанның көңілін өрекпітіп, жүрегіне шоқ түсірердей. Бұл – қыздың өз суреті ме, әлде ол да мұның өзі секілді әлдебір әртістің келбетімен көз алдап жүр ме, ол жағын Санат анық білмейді.

  Алайда арудың оң жауабы ойнақшытқан алып-ұшпа сезім толқуынан бөлек бозбала көңілінде аздаған алаң да жоқ емес-ті. Бұл – бұрын сырттай ғана сыр шертісіп келген жұмбақ жанмен тұңғыш рет жүзбе-жүз жолығу алдындағы тосырқауға да, қызға арнаған асық тілегін қалай сездірудің қисынын іздеген қипыжыққа да ұқсамайтын, өзгеше қобалжу еді. Ол сүмбіл шашты сүйкімді бойжеткенмен оңаша тіл табыспақ түгілі, жай ғана тілдесудің-ақ өзіне оңай соқпасын білді. Осыны ойлаған сәтте мың сан мехнатпен тізіп шыққан қымбат маржандарын қайта шашып алғандай шарасыз күй кешті. Ұшуға ұмтыла бере жалп құлаған жаралы құс секілденді.

Соңғы рет қашан және кіммен емен-жарқын сөйлескені Санаттың есінде де жоқ-ты. Кіммен сөйлеспек? Таңертең кеткеннен шаршап-шалдығып кеш бата бір-ақ келетін, онда да ас-суын ішуге әрең шамасы жетіп, төсегіне құлайтын шешесімен шер тарқата әңгімелеспегелі қай заман. Ал одан басқа мұның ешкімі де жоқ. Рас, бала күнінде мектепке бірге баратын, өзара диск алмасып, көрген кинолары жайында ауыздары көпіргенше айтысатын аулалас серіктері болушы еді. Бұ күнде айнала тіршілікпен арадағы дәкедей дәрменсіз дәнекер – солардан да алыстап, соқа басы ғана қалған. Бар дүниемен байланысы біржола үзілген. Миллионнан аса адам иін тірескен іргелі шаһарда тұрса да, қаршадайынан сезінгені – жалғыздық.

Сөйтіп, ол өз әлемінде оңаша қалған-ды. Қым-қуыт, қарбалас, қатыгез нақты өмірден алыс, өзіне ғана қызық, өзіне ғана бағынышты әлемде...

ІІ

Күн жексенбі болған соң, Айғаным ұйқыдан асықпай тұрды. Жуынып-шайынып алып, таңғы шайын тағы да жалғыз өзі ішті.

«Осы үйдегі айналдырған екі адамның тым болмаса демалыс күні де дастарханда басы қосылмайды, бұл не өмір? – деп қынжылды ол. – Жарайды, былайғы күндері мен таңертең ерте кетем, ол серейіп ұйықтап жатады. Кешке келгенімде компьютеріне тесіледі де отырады. «Кел, тамағыңды іш» деп қанша қақсасаң да, керең адамша орнынан қозғалмайтынын қайтерсің?! Ақыры әлденуақ болғанда ас-суын өз бөлмесіне апарып ішіп жатады. Енді жексенбіде дастарханда бірге отырайыншы десең, о да жоқ... Ойбай-ау, түріне қарамай, өзі өкпешіл, ашушаң тағы. Сөз тыңдамайды. Не өзі жарытып бірдеме айтпайды. Сұрап жүріп, сарнап жүріп, соңынан қуып жүріп, жөнді жауап ала алмайсың. «Иә», «жоқ», «іһі»... одан қалса таңдайын тақ еткізеді де қояды. Туған шешесімен қарым-қатынасы жоқ адам ертең елмен қайтіп тіл табыспақ? Мектепті қайтіп бітіріп жүр бұл мына сиқымен? «Он бір жыл бойы балаңыздың даусын дұрыстап бір естімей-ақ кеттік-ау» деп күліп еді былтыр тарихтан сабақ берген Салиха апайы. Сірә, қырық салсаң бір баспайтын қыңыр өгіздей қырсық үндеместен үш қойып құтылған болар бәрі. Ендігі жатысы мынау: не оқуға түсе алмады, не жұмысқа ынтасы жоқ».

Бағана Санатты оятпақ болған, тұрмады. Әуелі айналып-толғанды, сосын ұрсып-зекіген болды, бәрібір былқ еткен жоқ. Ақ шәугімді ала барып, бетіне суық су құйып жіберсе де, «Қойш... мам!» деп бір аунап түсіп, ұйқыға қайта бас қойды.

«Тағы да таң ата жатқан шығар, – деп ойлады үй жинауға кіріскен Айғаным. – Осы бір компьютері де бәле болды-ау. Қашан көрсең таскенеше жабысып, телміреді де отырады. «Көзіңді құртасың ғой» деп Құдайдың зарын қылдым, тыңдады ма? Ақыры, міне, жасына жетпей, жанары суланып, көзәйнексіз көрмейтін күйге жетті... Күндегі дағдысынан жаңылмаса, бұл шырақ енді түс ауа бір-ақ тұратын болар. Сосын мына төрдегі төртбұрышты құдайының құзырына қайта бас ұрмақ. Не істейді, неге сонша күні-түні шұқшияды, түсінсем бұйырмасын».

Айғаным – жасы қырықтан асқан, тағдыры қиын, өткені өкінішті, бірақ алға үмітпен көз тастайтын, сырт келбеті келіскен, әйтсе де, қатал уақыт ажарына аздап өз өрнегін сала бастаған әйел. Алып мегаполистегі айбынды бір мекеменің қарапайым жұмысшысынан білдей бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілген беделді маман. Кез келген ортада өзін еркін, батыл ұстауға тырысып, барынша ашық жарқын қалып танытқанымен, бәрібір нәзіктігі, қорғансыздығы сезіліп тұратыны бар. Міне, бүгін қоғам жұмысынан еш қолы босамайтын осы бір белсенді ханым жалғыз ұлының жабайыланып бара жатқанын жаңа байқағандай жабырқап тұр: «Мұның тым кісікиіктеніп кеткені кешеден бері деймісің? Басқа тірлікке уақыт тапқанда, баламмен шүйіркелесуге мұршам болмай жүретін өзім де бір безбүйрекпін-ау...».

Секемшіл ойларды серпіп тастағысы келгендей еңсесін тіктеп, белін жазған әйел қолындағы сулы шүберегімен терезенің алдын, шкаф үстін сүртіп шықты да, бұрыштағы компьютер үстеліне үңілді. Қалай болса солай шашылған дискілер, плеердің шұбатылған құлақбаулары, қобыраған қағаздар... Жерде «Кока-коланың» бос құтысы, «Роллтон» кеспесінің қалтасы жатыр. Үйде дайын астың түр-түрі тұрса да, осы бір пәлеге әуестігін сол күйі қоймады-ау бұл бала! Пернетақтадағы әріп таңбаларының арасы нан қиқымына, печенье үгінділеріне толып кетіпті. Үстел үстіне тосап па, шырын ба, қалбырдағы балықтың майы ма, қоймалжың бірдемелер тамған екен, қайта-қайта ысқылап жүріп әрең кетірді. Қағаздарды реттеп, заттарды орнына жайғастырған Айғанымның көзі кенет принтер жанында жатқан суретке түсті. Қолына алып, оған жақынырақ үңілген әйел... селк ете қалды.

«Тәйір-ай, сонша тіксінгенім не? – деді сосын таңданып. – Баламның суреті екен ғой. Бірақ... оның бейнесінен қараған жанарды қарып түсердей бір салқын ызғар сезілетін секілді-ау. Сонда ол не?».

Ұлының суретіне тесіле қараған ананың жүрегі тағы да су ете түсті.

«Тоқта! Көзі ғой, көзі! «Көзілдірігіңді алып тастап түсші осы суретке» деп өзім өтініп едім ғой. О, Құдайым-ай...».

Фотоға үңілген сайын Айғанымның тұла бойы тітіркене қалтырағандай болды. Жапырақтай қағаздағы жансыз бейнеден оған ұшқын шашқан жігерлі де емес, дүние сырына ынтыққан ынтызар да емес, мүлде отсыз, ойсыз, нұрсыз, үрейге толы көздер мөлие қарап тұр еді. Бұл өмірдің қызық-шыжығынан да, қиындық-сынағынан да бейхабар, ертеңнен ешқандай үміт сәулесін сезбейтін, арман-аңсардан жұрдай мағынасыз көздер...

Әрине, әрбір ана үшін бәрінен де өз сәбиі ерекше, өз баласы артық, өз перзенті сұлу. Солай бола тұрса да, Айғанымның селк етіп, секем алатындай да жөні бар-ды. Кішкентай күнінде топ-томпақ, сүп-сүйкімді болған Санат пен мына суреттегі Санатты бір адам деп дәл қазір ешкім де айта алмас еді. Бозарған құп-қу өңінде қан-сөл жоқ, өзі жұт көргендей рабайсыз арық. Сұйық шашты басын салбырата, құныс адамша бүкшиіпті де қалыпты. Әлдекім көрінбейтін жіппен төмен қарай тартып тұрғандай оң иығы сол иығынан едәуір еңкіштеу. Оң қолының үш саусағы – балалы үйрек, ортан терек және шылдыр шүмек – үнемі тінтуір ұстағандыкі ме, қалған екеуімен қатарласпай, ебедейсіз ербиіп тұр. Ал жанары – жаңағы...

«Сорлы балам-ай, – деді Айғаным іштей егіліп. – Осыған дейін қалай ғана байқамай жүргенмін? Неге бұлай болды? Қайдан ғана мұндай күйге түстік? Бәріне мен кінәлімін. Мен!».

 ІІІ

Есін еміс-еміс біле бастағаннан Санаттың жадына тұңғыш тұтылған сурет – бір бөлмелі пәтердің төрт қабырғасы, төрдегі сидам сирақты ескі орындыққа қонжиған қоңыр теледидар және соның ішіндегі құпия дүниенің құлпын ашар қара пультпен қаруланған қаршадай бала. Яғни, өзі. Ертелі-кеш көгілдір экранға көзін сатып, арналарды сан ауыстыра сапырылыстырып отырушы еді. Қарны ашса, ас үйдегі аласа тоңазытқыштың сіресіп қала беретін сірі есігін бар күшін сала әрең ашып, талғажау етерлік тамақ іздейтін. Кейде анасы күріш ботқасын, нан-сүтін мұның қолы еркін жететін ас үстеліне қойып кететін-ді. Қайсыбір күндері бұл танымайтын сұп-сұр арық келіншек келіп, баланың тамақ ішкен-ішпегенін анықтап, ас үйде күйбеңдеп жүретін. Оның астыңғы пәтерде тұратын көрші әйел екенін, шешесінің өзі кешігетін күндері кілтті үнемі сол кісіге қалдырып, ұлына бас-көз болуды өтінетінін сәби қайдан білсін.

Жалпы, оған беймәлім жайт бұл ғана емес-ті. Ол өзінің некесіз ұл екенін де, «оң жақта отырып оңбай қалған жүзіқара» қызынан ата-ана, ағайын-туыстың түгел теріс бұрылғанын да, шешесінің мына құрқылтайдың ұясындай қуыс құжыраны жалдап тұратынын да, таң атқаннан кеш батқанға дейін мұны жападан-жалғыз тастап қайда жүретінін де білмейтін. Әйтеуір бар ермегі – теледидар еді.

Бірте-бірте ол да іш пыстыра бастаған соң, бірде анасы бұған DVD ойнатқыш сатып әперді. Сондағы кереметтей қуанышқа кенелгені-ай! Құшақ-құшақ қалың дискінің бірінен соң бірін көріп отырып-ақ кеш батып, түн ауғанын аңғармай қалатын. «Наруто», «Ниндзя-тасбақалар», «Трансформерлер», «Бұзақы Анджело», «Кунгфу Панда» дейсің бе, таусылмайды... Әбден жүрегі сазып, асқазаны шұрылдап, шыдатпай бара жатқанда ғана күні бойы нәр сызбағаны есіне түсіп, томпаңдап тоңазытқышқа қарай жүгіретін. Нан ба, алма ма, қияр ма, әйтеуір қолына ілінгенін талғажау ете сала әбден ес-түсін алған ерен қаһармандар бастан кешер қилы-қилы хикаялардың ішіне қайтадан еніп кете баратын.

Бірақ баланың кәусардай тұнық санасында жауап таппай сандалған сан алуақ сұрақ та жеткілікті еді. «Неге мен жалғызбын? Неге әкем жоқ? Неге анам анда-санда ғана жанымда болады?». Бұлардан бөлек көрген дүниесіне орай көкейін тескен де көп «негелер» бар-тын: «Нарутоны үйге шақырсақ келе ме? Тасбақалар қалай адамша сөйлейді? Піршелістер (пришелец дегені) келсе, біз оларды қалай жеңеміз?». Мұның бәрін балақай өзі үшін білмейтіні жоқ адамдай көрінетін анасынан сұрамағанда кімнен сұрайды? Рас, анасы бастапқыда Санаттың кей сұрақтарына ішек-сілесі қата күлетін, кейбіріне ұлының кекілін сипай отырып мұңая жауап беретін, ал қайсыбір кездерде теріс қарап, иығы селкілдеп үн-түнсіз жатып алатын. Келе-келе мұның сауалдарын мүлде жақтырмайтын болды, «тықылдамай отыршы-ей, шаршап келген адамның шаужайына жармаса бермей!», «миымды ашытпа, бар, мультфильміңді көр!», «мазамды алма дейім, кет әрі, өзім өлейін деп отырсам!» деп шытынайтынды шығарды. Даладан жаймашуақ көңілмен кірсе де, алдынан арсалаңдап шыққан мұны айналып-толғанып болған соң, әдетінше әрнені былдырлай бастайтын баласын арқасынан қағып: «Барып ойнай тұршы, күнім, ақылың бар ғой, сені тыңдауға қазір менде шама да, уақыт та жоқ», – дейтін. Немесе «Қарашы, Санатик, мен саған керемет кино әкелдім!» деп, сыртында қызылды-жасылды суреттері жарқыраған жаңа диск сыйлайтын. Диск қолына тисе, ұлының есіл-дерті экранға ауатынын, сөйтіп, өзін мазалай бермейтінін жақсы білетін. Сөйтіп, онсыз да бірін-бірі сирек көретін аналы-балалы екеудің өзара тілдесуі тіптен азая түсті. Баланың мінезі барынша тұйықтала берді...

Бірде Санаттың шешесі үйге жирен шашты, тұздай көзі өңменіңнен өтердей тесірейе қарайтын, сампылдап сөйлегені де, кеңкілдеп күлгені де еркекке келіңкірейтін бір келіншекті ертіп келді. Екеуі ас үйде отырып ұзақ әңгімелесті. Ашық қалған есіктен мұның мұрны бұрын сезіп көрмеген жаңа иістер (темекінің күлімсі және арақтың ащы иісі) жетті. Олардың даусы да анық естіліп тұрды.

– Сөзді қой, Уәкеңмен жақын болғаннан сен ұтпасаң, ұтылмайсың, – деді қонақ әйел. – Ол кісінің анау-мынауға алабұртпайтынын біліп қойғын. Өзіңе өлердей ғашық екенін ашық айтты емес пе?!

– Жүрегім қаламайды ғой, Люба, жүрегім қаламайды. Неге түсінбейсің? Өзім сүймейтін адамға қалайша ашына болмақпын?

– Жүр онда осылай көрінгеннің босағасында қаңғып! Тоже мне, недотрога нашлась (Табан астынан тәлімси қалуын). Бұған жаным ашып отырса... «Қайтіп күн көремін? Баламды жалғыз қалай асыраймын? Тіркеуге тұрып, үй алып, адамша тірлік ете алам ба, жоқ па?» деп зар илейтін өзің емес пе едің? Мен саған сол мақсатқа жетудің тура тәсілін көрсетіп отырмын. – Қылқ еткен дыбыс шықты да, Люба бірауық үнсіз қалды. – Әрі-беріден соң сен қалайда Уәкеңнің көзіне түсейінші деп көлбеңдеген жоқсың ғой, – деді сосын бір жөткірініп алып. – Қайта ол кісі өзі ұнатып отыр сені. Тыңда, Айғаным, Уәкеңнің қолы ұзын. Әкім-сәкім, дөй-дөкейлермен әмпей-жәмпей. Талай шаруаны жалғыз қоңыраумен-ақ шешіп тастайды. Тілімді алсаң, ақымақтық жасама. Сонда бәрі жақсы болады.

– Саған, сірә, «қалайда көндіріп кел» деп тапсырған-ау.

– А как же? (Енді қалай деп едің?) Ол саған расында да қатты ғашық деймін!

– Онсыз да таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмеймін. Кейде кешкі 9-10-ға дейін қалып жұмыс істеуге мәжбүрмін. Ал сен «Бастығыңның бабын тап, ғашықтарша қол ұстасып, қыдыр» дейсің. Сонда баламды қайтем? Онсыз да оған қарауға тіпті уақыт таппай жүрмін. Әбден обал болды...

Көңілі босады ма, мұрны пышылдай сыңсып барып басылды. Әңгімелерінің төркінін байыптауға санасы жетпесе де, анасының жылағанын сезген бала ақырын басып, ас үйге жақындады. Сәби жүрегі елжірей түсіп, өзі үшін өлшеусіз қымбат жанды шашынан сипап, жұбатқысы келді.

 – Балаңа түк те болмайды, – деді жуан дауысты әйел. – Үйде оңаша отырып үйреніп қалған бала емес пе, отыра береді. – Үрейлене таяған балаға көзі түсіп: – Міне, өзі де келді. Қарашы, айттым ғой, жігіт болыпты! Какой самостоятельный мужчина, а! (Өз қолы өз аузына жеткен азамат осындай-ақ болар, ә!) – деді алақанын шарт еткізіп. – Келші, қане!

Қорқып кеткен Санат кері қарай тұра қашты.

...Арада аттай шауып жыл өткенде, бұлар екі бөлмелі жаңа пәтерге көшті. Бөлменің бірі Санаттың жеке әлеміне, оңаша мекеніне айналды. Көп ұзамай балақай мектепке барды. Осы қуаныштың құрметіне анасы оған компьютер сыйлады...

 IV

– Бәріне мен кінәлімін! – деді Айғаным қол орамалымен жасаураған жанарын құрғатып. – Осының бәрі менің салақтығымнан, салғырттығымнан. Анасымын ғой, әу бастан көбірек көңіл бөлуім, үнемі әңгімеге тартуым, дұрыстап тәрбиелеуім керек еді... Баламның бойындағы тосын өзгерістерді, мінез-құлқындағы мін-кінәраттарды, психикасындағы ауытқуларды тым кеш байқаппын. Тым кеш! Әлде... Әлде әлі де кеш емес пе, Ислам Шаяхметұлы?

Ол психологтың кабинетінде отыр еді. Сәл толықша келген қара торы, дөңгелек жүзді, самайы мен сақалына аздап ақ кіре бастаған жігіт ағасы Санатты екі күн бойы егжей-тегжейлі тексеруден өткізіп, енді соның қорытындысын айту үшін анасын шақырған-ды.

– «Ештен кеш жақсы» ғой қашанда, – деді Ислам Шаяхметұлы қарсы алдында отырған әйелдің жанын мейлінше жаралап алмауға тырысқан мейірбан үнмен. – Санаттың тәрбиесімен шындап айналысуға, қалыпты өмір ортасына қайта оралтуға әлі де болады. Бірақ, бірден айтып қояйын, бізді алда талай машақат күтіп тұр. Әсіресе сіздің ерекше ерік-жігер, алған беттен қайтпайтын қажыр-күш, мол төзім танытуыңыз қажет. Осыған дейінгі қателіктеріңізді түзетіп, Санатыңызды толыққанды адам санатына қосу жолында өзіңіз де аянып қалмайтын шығарсыз?..

Психолог өзіне үмітке толы сұраулы жүзбен жалбарына қарап отырған әйелдің жауабын күтпестен әңгімесін жалғастырып әкетті:

– Кешеден бергі кешенді тексеруден көзімнің жеткені: Санаттың тұла бойын көптен дендеген қауіпті дерт шырмауықша шырмап алған. Ұлыңыздың ағзасы өте әлсіз. Бұл уақытында және дұрыс тамақтанбаудан. Сосын ертелі-кеш үйден шықпай, сейіл-серуенсіз тапжылмай отыра берудің де кесірі орасан. Оңған шүберектей құп-қу өңінен-ақ көрініп тұр: балаңыз қимыл-қозғалысқа мән беруді мүлде қойған. Үнемі екі бүктетіліп отыра бергеннен омыртқасы қисайып, жартылай бүкір болуға айналыпты! Адамның өз денсаулығына осындай жауапсыздық танытуы – оның психикасында да бір кінәрат бар дегенді меңзейді. Мұның аты – компьютерге тәуелділік.

Бүгінде бұл дерт адам жанының сан қатпарын зерттеумен тақырланған талай басты қатырып отыр. Сенесіз бе, қазір Еуропада психологтар мен экстрасенстерге қаралатын науқастардың басым көпшілігі – нашақорлар, сосын осы компьютерге басы байланып қалған бейшаралар екен. Яғни, абайламасақ, компьютер де – апиын. Әр нәрсенің өзінің шегі болады, ал сол шекарадан ары аттаған соң адамға қандай қажетті игіліктің де пайдасынан зияны көп. Рас, компьютерлік ойындар, ғаламтор, сәт сайын адам миына ақтарылатын ақпараттық тасқын – осы заманның ақиқаты, біз оны былай ысырып тастай алмаймыз. Бірақ уақыт талабы осы екен деп, шетсіз-шексіз ол мұхитқа бас-көз жоқ қойып кету де жөнсіз – әйтпесе батып тынасыз.

Компьютерге тәуелділер – сол шектен асып кеткенін аңғармай қалған байғұстар. Күні-түні осы бір «сиқырлы қобдишаға» шұқшиған олар монитордың ар жағындағы көзге көрінбес айдаһардың өздерін ашқарақтана жұтып бара жатқанын сезбейді де. Бірте-бірте бұларға ғаламтордағы сол «ғажайып әлем» айналадағы нақты өмірден де қызықты һәм артық көрінеді. Олар әлеуметтік желілерде әлдекімдермен пікірлеседі, кейбірімен табысады, қайсыбірімен ұрсысады... Дәлелденген жайт: компьютерге тәуелділіктен адамның жүйкесіне көп салмақ түседі, тез шаршайды, ашушаң, дөрекі бола бастайды. Сөйтіп, басқаша ойлайтындарды барынша келемеждеу, кемсіту, тіпті қоқан-лоққы жасау қалыпты әдетке айналады. Біреуді балағаттаған былапыт сөз жазып, жанына... смайлик қойып, жынына тиеді. Мұндай оспадарлығы үшін оларға ешкім ештеңе істей алмайтынын жақсы біледі, сондықтан да одан сайын құтырады. Егер әлгі «виртуалды түрде жәбірлеген» адамы нақты өмірде, кәдімгі көшеде кездесіп қалсыншы – бұлар қоқиланбақ түгілі, қарсы сөз де айта алмас еді. Әне, осындай «интернет батырлары» шықты бүгінде! Олар үшін ең қауіпсіз де тиімді мекен – компьютер үстелі!

Тымырсық ауадан тынысы тарылды ма, әлде мына әңгіменің соңы жүрегін әбден аяусыз тілгілейтінін сезді ме, әйтеуір Айғанымға дем жетпегендей, дегбірі қашты. Мұны аңғарған дәрігер орнынан тұрып, ақшаңқан жұқа пердені ысырып тастады да, терезені шалқайта ашты.

– Білесіз бе, олар неге өздерінің «жабық әлемінен» шыққысы келмейді? – Ол терезе жақтауына сүйенген күйі баланың анасына барлай қарады. –  Өйткені, мына өмірден... қорқады, – деді сосын үнінен күйініш лебі есіп. – Нақты іс-әрекеттен, нақты жауапкершіліктен, нақты күрестен қорқады. Қатыгез шығар, үрейлі шығар, үнемі әділетті де бола бермес, бірақ өмірдің аты – өмір ғой! Оның адам жанын бақытқа бөлейтін, тәтті үмітпен талпындыратын, жақсылықпен сүйіндіретін де сәттері көп емес пе?

Мен, шынымды айтсам, мұндай дерт технологиясы әбден дамып кеткен Батыс жұртында ғана бар шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бізге де жете бастапты. Жақында туған ауылыма барып қайттым. Марқұм әке-шешемізге Құран оқытып, кенже інімнің еншісіне бұйырған қара шаңырақта туыстар түгел бас қостық. Әпкелерім бар, ағаларым бар, олардың ұл-қыздары бар, Құдайға шүкір, бір қауым ел екенбіз. Сондағы байқағаным: дастархан басында біз, яғни, орта буын, емен-жарқын әзіліміз жарасып дуылдасып отырмыз, ал балалар... түгелдей қолдарындағы телефонға үңілген де қалған! Біздің әңгімемізді тыңдамақ түгілі, елең етіп басын көтерер бірі жоқ. Әрине, бұдан жастар түгел компьютерлік ойындар мен ғаламторға тәуелді боп кетті деген шешімге келу шарт емес, бірақ мәселенің бар екенін жоққа шығару да – ақымақтық.

Сіз кеше Санаттың томаға-тұйықтығын, ешкіммен сөйлеспейтінін, үйге қонақ келсе сәлем де берместен бөлмесінен шықпай қоятынын айттыңыз. Себебі, кешіріңіз, ол қаршадайынан осылай қалыптасқан. Жападан-жалғыз үйге қамалып өскен, теледидардан, сосын келе компьютерден басқа досы болмаған баладан қандай көпшіл мінез күтесіз? «Білсем», «көрсем» деп көкейін тескен көп сұрақты кімге қоярын, құйттай қуанышын кіммен бөлісерін білмей, жалғыздықтың жан шыдатпас ауыр азабын ерте тартқан бейбақ, амал жоқ, бар алданышты, бар жылылықты тілсіз досы – техникадан іздеуге мәжбүр болған. Айналадағы тіршілікке мән беруді біржола қойған.

Осы сәтте бағанадан бері үнсіз егіліп отырған Айғанымның оқыс дауысы шығып кетті. Мұндайды күтпеген дәрігер алпамсадай денесіне жарасымсыз елгезектікпен елп етіп жанына жетіп барса да, оны қалай жұбатудың ретін таппай бөгеле берді. Бір тәуірі, тез-ақ өз-өзіне келген әйел ажарын айғыздаған көзінің жасын сүртіп, басын көтеріп, бүгінгі ауыр да болса ақиқат сырды аяғына дейін тыңдауға әзір екенін сездірді.

– Төрт жасында жоғалып кетіп, жеті жылдан соң ну жыныс орман ішінен алба-жұлба жабайы күйінде табылған Виктор Авейран есімді бала жөнінде оқып па едіңіз? – деді Ислам Шаяхметұлы жүрегі қарс айрыла жаздап отырған қапалы жанға жапақтай қарап. Әйел басын шайқады. – Өкінішті-ақ. Қызық тағдыр... Бірақ мәселе онда емес. Адаспай тұрғанда әжептәуір былдырлап сөйлеп қалған сол бала жабайы аңдардың арасында өткізген жылдар ішінде, әрине, бар білгенін ұмытып қалады. Мендегі қауіп – Санатта да осындай синдром бар. Ол да көптен бері ешкіммен тілдеспеген. Үнсіздік ұзақ уақытқа – айларға емес, жылдарға ұласқан мұндай жағдайда шынында да адамның сөйлеуге жауап беретін сезім мүшелерінде мүкістік пайда болады. Жарайды, әлгі Виктор баланың жағдайы түсінікті делік: жабайы аңдардың арасында ол сорлы кіммен пікірлессін. Ал мына біздікі – сұмдық емес пе? Темір роботтың өзін түрлі тілде тотыша сайратып отырған ХХІ ғасырда, халқы құмырсқаша құжынаған алып қалада адам баласының... сөйлеуден қалуы... білмеймін, қалайша ақылға сыяды?!

Күрсіне бас шайқаған психолог өз үстеліне тақап, оның үстінен тышқан ізіндей айқыш-ұйқыш ұсақ таңбаларға толы парақты алып сәл үңілді де, қайта сөйлеп кетті:

– Адамдар бір-бірімен үнемі әңгімелесіп, әсер бөлісіп, шер тарқатысып отыруы керек. Әсіресе бір шаңырақ астында өмір сүретін, өзімізге ең қымбат адамдармен етене жақын болуға тиіспіз. Күніне құрығанда жарты сағат жадырай сырласпаған ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың жоғалтары көп. Сіздің басты қателігіңіз де – осында... Дегенмен, әңгімеміздің басында айтқанымдай, әлі де үмітсіз емеспіз.

 Жылы жымиған ол қолындағы қағазды ақылынан адасқан адамша айдалаға қарап аңырып отырған әйелге ұсынды да:

– Мынау – Санаттың менің сауалдарыма берген жазбаша жауаптары, –  деді. – Ауызша жарытымды жауап ала алмаған соң, «қане, мен сұрақ қоямын, сен жауабыңды мына параққа жаз» деп өтінгем. Кейін қарасам, қағазға түсірген ойлары біршама ұғынықты-ақ. Әрине, өмірінде дұрыстап бір кітап оқымаған, ауқымы тар SMS-тік ойлау танымымен шектелген, құрылымы күрделі құрмалас сөйлемді құбыжықша көретін өзге тұстастары секілді, мұның да сөздік қоры – тақ-тұқ. Әйтсе де, сағаттап чатта отыруының бір пайдасы тиген секілді – сөйлеуді қаламағанымен, қарабайыр болса да жазудан қала қоймапты... Демек, баланың бетін бері қаратуға болады. Менімен ғана емес, невропатологпен де тығыз байланыс жасаңыз. Күдер үзбеңіз, 17 жас деген – жеке тұлғаның қалыптасып бітер уақыты емес қой, тәйірі...

Кабинет иесі ауыр әңгімені мейлінше жаймашуақ райда аяқтауға тырысқанымен, көшеге Айғанымның құр сүлдері шықты...

 V

Үйге келген соң, рең-басын ретке келтіріп, баласының бөлмесіне бас сұққан Айғаным өз көзіне өзі сенбеді – Санат жоқ! О, тоба! Әншейінде далаға сүйресең шықпайтын адам өздігінен қайда кетуі мүмкін?

Бұл кезде бозбала қолына бір десте дала гүлін ұстап, саябақ алдында сабырсызданып тұрған. Оның тағатын тауысқан – кербез арудың кешігуі ғана емес, кездесудің қалай өтіп, таныстықтың қалай өрбуін уайымдаған белгісіздік еді. Әйтеуір осы қызбен сырттай болсын тіл табысқалы көңілі жайланып, өміріне бір өзгеріс енердей елегізитінді шығарған. Бұл не: көзқарас үйлесімі ме, жан қалауының ұқсастығы ма, әлде ықылас аңсаған көңілдің жалғыздық бұғауынан босанбақ бұлқынысы ма? Бәлкім, әлгі махаббат дейтіннің өзі осы шығар?

– Байкер? – Ой тереңінде малтығып жүріп аңғармапты, қарсы алдында бұған қадала қарап бір қыз тұр. Сол! Шашын желке тұсынан босаңдау буып, арқасына жайып жіберген. Күнге қарсы киер көзілдірігін маңдайынан жоғары ысырып қойыпты. Ақ жібек кофтасы мен тырыстыра киген аппақ шалбары мінсіз мүсінін айғақтап, қыз ажарын аша түсіп тұр.

– Байкерсіз бе деймін? – Ол қайталап сұрады.

– Иә, – деді жігіт. «Байкер» – Санаттың ғаламтордағы лақап аты.

– Принцесса, – деп қыз қолын ұсынды. Әдеп шегінен аттамастан көзінің қиығымен ғана мұның бас-аяғын бір шолып өтті. Жанарындағы ойнақы сәуле лезде бәсең тартты.

– Мынау сізге, – деді жігіт гүлін батылсыздау ұсынып.

Екеуі үнсіз ақырын аяңдап саябақ ішіндегі «Желкен» дәмханасына келді. Дастархан басында да қыз салқын қабақ танытып, томсарып отырды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген рас шығар, ғаламтордағы көңілмен ұғысқан жарастық көзбе-көз жолыққандағы көрінеу шындыққа шыдамай, шытынап сала берді.

Хал-жағдай сұрасқан қысқа жауаптасулар біткен соң, әңгіме әрі қарай өрбіген жоқ. Іші пысқан бойжеткен сөмкесінен айфонын алып, соған шұқшиды. Онсыз да қобалжып отырған Санат одан бетер қысылды. «Айтсам, ақтарылсам» деген ойлары көп еді. Бірақ соның бәрі көмейінде кептеліп, тұрып алды. «Шіркін, компьютерде отырғанда ғой, шетінен тізіп жазар ем...».

Қолына телефонын қалай алғанын өзі де білмей қалды. Ғаламторға кіріп, «Принцессаға» хат жаза бастағанын да байқаған жоқ. «Сыңқ» етіп жауап келгенде ғана есін жиды, сонда ғана өзінің не деп жазғанына назар аударды. «Сізбен жақын дос болып, жалғыздықтан құтылғым келеді» деп далбасалапты бұл. «Ақымақ!». Өзіне-өзі жыны келген бозбала жалма-жан телефонын ақтарып, қыз жауабын тауып ашты: «Мен де жалғызбын. Маған да сырлас дос керек. Аузын буған өгіз емес...».

Екі беті от шалғандай ду еткен Санат басын көтергенде қарсы алдындағы орындық бос қалған еді...