Жанат Әскербекқызы. Қазақтың Фаризасы...

Қазақтың Фаризасы...

Ерекше естілер, өлең сүйер қауымға, тіпті қалың қазаққа кеңінен таралған осы есімге деген құрметіміз ерекше екенін бәрі біледі.

Әдебиет әлеміне қадам басқан әрбір жас ақын апамыздың жылы сөзі мен демеуін естіп, көрдік. маңдайымыздан сипады, қолтығымыздан демеді. Әрқайсымызға жүрек жылуын төге білді.

Ерекше мінез, ерекше өлең, ерекше жаратылыс... Бәрі-бәрі тек осы Фариза апамыздың бойына ғана біткендей. Поэзияны парасат қана аяқ басар өрлікпен, рух қайсарлығымен тұтастырып, мына өркениет ғасырында пенделік атаулыны шеніне келтірмей нағыз ақындық болмысты асқақтатқан бірегей бітім иесі десек еш артық айтқандық емес. Мұны да бәрі біледі.

Қазақтың Фаризасы... Жүрегіне кіршіксіз сезімді ұялатқан бойжеткен атаулының ешкімге айта алмас сырын, шынайы махаббатпен тыныстаған жүрек лүпілін қайталанбас өлең жолдарына айналдырған сезімтал жырлар, қазақ даласының тұрмыс-тіршілігі мен салт-ғұрпын, өткен тарихын әсем бейнелеген поэтикалық суреттер ақындық шеберлік пен даралықтың үлгісіндей болып, ұлттық поэзиямыздың бүгінгі жеткен биігін көрсетті.

Ақынның мұраты – өзгенің жүрегіндегіні түйсініп, сезіну, соны айтып, жеткізе білу. Тәңірі сыйлаған өнерді рухани игілікке айналдыра білу. Ақынның бақыты – осы мұратқа жетуі болса, Фариза апамыздың мұраты орындалып, бақытқа бөленген жан. Қалам тарқан екінің біріне емес, бірегейіне ғана бұйырар нәрсе бұл. «Фариза» деген сөздің өзі «бірегей» деген ұғымды береді ғой...

Қазақтың Фаризасы...

Маған бұл ұғым «қазақтың жыры, қазақтың өлеңі, қазақтың рухы» деген сөздің баламасы тәрізді.  

Өлеңге мінез керек – ол Фариза өлеңдерінің басты даралығы;

Өлеңге шынайылық, еш қоспасыз шынайылық керек – ол Фариза өлеңдерінің бар болмыс-бітімі;

Өлеңге тереңдік пен биіктік керек – ол Фариза өлеңдерінің негізгі сипаты һәм ерекшелігі. Жалпы, өлең сөздің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезініп, оған бар ықыласымен құлаған ақынның өзі өлеңге айналып кеткен. Өлеңді рухани серігі, рухани демеушісі еткен ақын:

Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! –

деп шын жүрегімен ақтарылып,  өзінің өлеңмен тұтасқан тағдырына бас иеді.

Фариза ақынның бұла мінезді, буырқанған асау жырларын оқығанда көз алдыма тұяғымен жер тарпып аспанға атылған арғымақты елестейді.

Менде бір толғаныс бар

(Кейде өзім де түсінбеймін),

Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.

Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген

Бәйге алаңы секілді дүсірлеймін... –

деп тебіренген ақынның мазасыз жүрегі енді бірде кең даладағы шексіз еркіндікті аңсайды: «Арғымақтары қайда екен бұ даланың // бәйге алаңын көргенде шыдамадым» деп аласұрған ақын жаны енді бірде «мүлгіген меңіреу тыныштықты талқан етер ақ дауылға» айналғысы келеді.  Осыншалық буырқанған екпінге толы ақын жаны оқырманын енді бірде терең сыршылдыққа қарай тартып әкетеді. Қат-қабат сырға толы әйел жанын, оның мұңы мен қуанышын, жүрегінде тайталасқан сезімдер қақтығысын шынайылықпен, сезімталдықпен бейнелеген жырлары – Фариза ақынның суреткерлік шеберлігін барынша айшықтаған  туындылар. Ұлт тарихындағы айтулы арулар тағдырын арқау еткен өлеңдерді оқи отырып, сол арудың жан әлеміне сүңгіп кеткеніңді білмей де қаласың. «Тартады бозбаланы магнитім» деп ән салған күміс көмей, жез таңдай әнші Майра, «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деп толықсыған ақын Сара, «Тыңдаңдар, тірі адамдар» деп күрсіністі үн қатқан қыршын қызғалдақтар Мәншүк пен Әлия ақынның поэтикалық әлемінде бар болмысымен жарқырай ашылып, арғы-бергі қазақ поэзиясындағы арулар образы галереясына ерекше бітім-болмыстарымен еніп кетті.

Әйелдер әлеміне терең бойлаған ақын сезім атты қасиетті ұғымның сан қырын ашады. Әр адамның жан әлеміндегі қайшыласқан сезімдер қақтығысы, бірде жауар бұлттай түнеріп, бірде жарқырай ашылған көңіл күй құбылысы әр дәуірдегі ақындар қаламында әр қалыппен түрленген болса, Фариза қаламында сол әлемнің қайталанбас дара болмысы, жаңа қыры ашылады.

Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский ұлы таланттың бойында ішкі сыр, субъективтік элементтердің мол болуы – гумантистіктің белгісі дей отырып,  бұл бағыттың  алдамайтынын, адастырмайтынын, ақын өзі туралы, өзінің «мен» туралы сөйлей отырып, жалпы адамзат туралы айтатынын, өйткені оның табиғатында адамзатқа тәне нәрсенің бәрі де бар екенін, сондықтан оның қуанышынан, мұң шерінен әркім өз қызығы мен мұңын табатынын оның жанынан өз жанының сырын ұғатынын қайталай ескертеді. Бұл тұжырымның шынайылығы сонда, Фаризадай суреткердің поэтикалық кеңістігіндегі әйелдер, олардың жан тұңғиығындағы ғаламат сезім мен ғажайып сүйіспеншілік сырлары қай-қайсымызға да рухани туыс, етене таныс... Қарайықшы:

Телефон шыр етеді...

Сонда менің жүрегім дір етеді,

Көйлегімнің желбіреп гүл-етегі

Жүгіремін, не пайда, сен емессің,

Тек қаймалдау көңілді жүдетеді...

 

... Телефон, шыңғырсаң да,

Көтермеймін сені енді,

Қылғын, сарна!

Әне, әне, шыр етті...

Қоңыр дауыс

Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда...

Студент шағымызда әрқайсымыздың ояу болсақ қолымызда, ұйықтасақ жастығымыздың астында жататын сүйікті кітабымыз болатын. «Жүрек күнделігі» деген. «Шілде» деген... «Сенің махаббаттың» деген... Сол кітаптардың ішіндегі өлеңдерді қайталай оқып, жатқа айтып, сырласымызға айналдырар едік... Бұл кітаптардың барлығы да қиялға қанат, сезімге қуат, сабырға дәт беретін...

         Әдебиет зерттеушілерінің, теоретиктердің пайымдауынша, ақын өзінің лирикалық кейіпкерінің ішкі әлемін бейнелегенде психологиялық-эмоциялық жағдайларды бейнелеп танытуға талпынады, соны мақсат етеді. Осы мақсат, осы талпыныстан келіп тың поэтикалық тәсілдер, бейнелеуіш құралдардың жаңа мүмкіндіктері туындайды. Шығармашылық иесі өздерін табиғаттың күллі жаратылысына ұқсатады екен. Бұл да адам-табиғат тұтастығының бір белгісі болса керек. Ішкі әлем, рухани бітім бейнесін берудегі көркемдік тәсілдердің шексіз мүмкіндігі ұлттық поэзиямыздан ерекше көрінеді. Солардан келіп метафораның сан түрлі үлгілері туындаған. Ақын өлеңінде өзін ауыстыра бейнелеген заттың немесе құбылыстың табиғатына жақын қасиетті немесе хал-ахуалды ерекше бөліп көрсетеді. Бұлайша суреттеу кейде өлеңнің тұтастай шумақтары арқылы бейнеленіп келіп, соңында сол бейнеленіп отырған табиғаттағы зат немесе құбылыс метафора екені айқындалады. Фаризаның «Тобылғы қайсар қырда өскен...» деп басталатын өлеңінде осы суреттеу тәсілі пайдаланылған. Ақын әуелі тобылғының күллі қасиеттерін жырлайды. «Жауын мен желге сүрленіп, даланың нәрін еміп, қырда өскен тобылғының» жаңбырлы қарашада «бар мұңды жүректің қанды жасындай жұтатынын», табиғаттың аптабы мен желіне шыңдалғанын өлең тілімен айта келіп, бейнелі сипатта түйін жасайды:

Қарамай жатық еңсеге,

Тайғызбас жерден табанын,

Ақырзамандар келсе де,

Тобылғысы қалар даланың.

 

Өртеніп, күйіп құм жанған,

Шыдамай отты сынаққа.

Су менен желге шыңдалған

Тобылғы жанбас бірақ та.

 

Жауындар сіңген тобылғы ем,

Серігі – жел мен кең дала,

Тұтанбастай-ақ көрінгем,

Өртедің мені сен ғана!

Тобылғының ештеңеге мойымайтын, ештемеден тайсалмайтын қайсарлығы мен табандылығын суреттей отырып, ақын сол тобылғыға ұқсатылған лирикалық кейіпкердің сезім алдындағы дәрменсіздігін және тұрақтылығын аңғартады. Бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкермен тұтасып, бірігіп кеткен ақындық тұлғаны танытатын метафора һәм ақынның өз тұлғасына тікелей қатысты автометафора – тобылғы. Бұл автометафора арқылы лирикалық кейіпкердің жан әлемі, күллі болмысы танытылған. Тобылғыға біткен төзім мен беріктік арқылы мінез көрінсе, сезім алдындағы дәрменсіздік арқылы жан әлеміндегі тартыс бейнеленген. Ақын Фариза Оңғарсынова лирикасы, ондағы мінез туралы замандасы әрі жақын рухани досы, академик Р.Нұрғали «Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Оның жырларында бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла түсіп, күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді», - деп жазады. Қазіргі поэзияның көркемдік мүмкіндігі, бейнелеуіш құралдардың ақын тілінде түрлене құбылуы көңіл-күй, сезім әлемін танытуда ерекше мәнге ие. Адам жанындағы нәзік иірімдер, қым-қиғаш қақтығыстар, сезімдер тайталасы лирикалық қаһарман тұлғасын айқындап, мінез-болмысын бедерлеп шығарады. Бұл тұрғыда Фариза өлеңдерінен бой көрсеткен, оның күллі поэзиясының өзегіне айналған  ерекше болмысты, қайсар да өр мінезді, жан әлеміндегі күрделі тартыстарда ширыға түсіп, мінезін шыңдай түскен лирикалық қаһарман тұлғасын ерекше атауға болады. Ақын өлеңдеріндегі тартысты біз кейіпкер жанына ізер болсақ, оған тағы да мыңдаған мысалдар табамыз...

         Тек арулар ғана емес, қазақтың қайсар туған қаһарман һәм өнерлі ұлдары да Фариза жырларына рух берер қайнар көз болғаны анық.  Кешегі азаттық жолында атой салған Махамбет үні Фариза өлеңдерінің өн бойынан естілетіндей...

         ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы кеңістігінде өзгеге ұқсамас даралығымен, қара бұлтты қақ жара жарқылдаған найзағай-жырларымен көрінген ақын апамыздың  қаламгерлік әрі қайраткерлік болмысын мақтан етумен, үлгі тұтумен келе жатқан ізбасар іні-сіңлілері қаншалық...

          Ақиық ақын Мұқағалидың өзі «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын», - деп текке толғанбаса керек...

         Қашан да, қайда да азаматтың азаматы ғана шыдас берер ауыр жүкті арқалай жүретін Фариза апамыз қолына қалам ұстаған әрбір жастың рухани демеушісі һәм қолдаушысы болудан жазған емес.

         Қарапайым халықтың Фаризадан көмек сұрап келмегендері кемде-кем. Фаризаның көмегін көрмеген жан да кемде-кем... Сырт көзге сұсты, айбарлы көрінетін апамыздың жүрегіндегі шалқыған мейірім мен ізгілікті көру үшін де көз керек. Міне, қазақтың маңдайына біткен осындай азамат, осындай бірегей ақын бар болатын... Рух мәңгі өлмейді. Бар болғаны бір кеңістіктен екінші кеңістікке ауысады... Сондықтан да Фариза ақын бар. Ол өзінің өршіл поэзиясымен, санамызда қалған өр болмысымен, биік тұлғасымен жасай береді...

        

Фариза ақын рухына


Оң қанатыңда – қырық қыз,

Сол қанатыңда – қырық қыз

Саялап сендік мейірді

Паңдана басып жүріппіз.


Алтыннан қадап түймесін,

Күміспен күптеп күймесін

Өлең-аруды әлпештеп,

Өрлікпен таптың үйлесім.


Болмысы дара Жалқы едің,

Маңдайға басты мәрт елің.

Жалғанды тастап адыра

Мекендеп алдың жан төрін.


Аққу-жыр ұшты көліне – 

Сұңқар-жыр ұшты шөліне.

Құс жолындағы күймеге 

Қол бұлғап тұрмыз егіле.


Дулыға сыймас бір басың

Сауыты – намыс Тұлғасың.

Ардағым дейтін өзіңді

Асқақ болмаса – қызға сын,

Кесек болмаса – ұлға сын!!!


Мұзарт шың болып мұңдасың

Жырыңмен сүрттің Күн жасын,

Асқақтау үшін әр қазақ

Тұңғиық көктен естілген

Өктем даусыңды тыңдасын...