Бір ұлы жазушының айтқаны бар: «әңгіме жазуға дарын-қабілетім жетпеген соң роман жаза салдым» деген. Бір демде оқылатын әдебиеттің ең қысқа жанры – әңгіме жазудың қаншалықты қиямет-қайым екенін меңзеген болса керек. Расында, айтар ойыңды қысқа да нұсқа жеткізу оңай шаруа емес.
Айтайын дегенім, жас жазушы Жадыра Шамұратованың екі-ақ әңгімесін оқыдым. Әрине, ол том-томдап кітап шығарып тастаған сақа жазушы емес. Шығармашылығын енді ғана бастаған көп жастардың бірі. Екі әңгімесін де Интернеттен оқыдым. Әңгімелерінде тіл-стилдік жағынан ескерерлік атүсті дүниелер баршылық. Бірақ, онысы тұтастай алғанда, шығарманы қатты ақсатып тұрған жоқ. Сондықтан, оны арнайы сөз етіп, сынап-мінеп жатуды жөн көрмедім.
Оның алғашқы әңгімесін оқығанда-ақ елең еткен едім. Екінші әңгімесін оқыған соң оны жазушы ретінде толық мойындадым. Мойындап қана қойған жоқпын, шынында, разы болдым.
Себебі, бізде жазушы көп, соның ішінде атағы дардай «пәлен қайраткер», «түген профессор» деп әспеттелгенімен, жазу мәнері біртүрлілеу, кейде жазу мәнерлерінің өзінен әлде бір көкелеріміздің сұлбасы қараң-құраң етіп, көлбеңдеп қалатындар да кездесіп жатады ғой. Ал, Жадыра олардың да, мадақ пен марапаттан көз ашпай ойқастап жүрген кейбіреулердің де еш біріне ұқсамайды. Әдебиет ауылына енді ғана келген тың тыныс, жаңа бір леп. Ол осы екі әңгімесімен-ақ қазақ прозасының есігін қақпастан, жұлқа тартып, айқара ашып, суыт кіріп келгендей сезілді, маған.
Бәлкім, тәуелсіздік жылдарында әдебиетке келген жастардың арасынан ең шоқтығы биік, қаламгерлік бітім-болмысы өзгешелеу мықты бір жазушының өзі кейін осы Жадыра болып қалар-ау. Себебі, оның жазу мәнерінде Батыс жазушыларына тән тамаша бір сарын бар. Жылтырақ сөз қумайды, жоқты-барды термейді, көсемсимін деп күрделендіруге тырыспайды, барынша шынайы әрі терең ой қаузайды. Бірақ, тілі соншалыцқты қарабайыр да емес, қарапайым бола тұра көңілге қонымды әрі шұрайлы.
Жадыра Шамұратованың «Бейуақта ашылған құпия» атты хикаяты («Жас Алаш» газеті) өз құрсағын жарып шыққан баласын медбикеге тастап кетіп, көп жылдардан кейін есейіп, азамат болғанын көре тұра оған мейрім таныта алмаған, тіпті, шындықты айтуға да жарамаған жалғызбасты әйелдің тым суық бауыр қатыгездігін оның барлық әрекеті арқылы өте бояуын қанық етіп суреттейді. Алайда, оның бәрін лақ еткізіп баяндай салмайды. Құпия сырды барынша сақтай отырып, суыртпақтай келе ең соңында күтпеген жерден жарқ еткізеді. Әрине, мұндай тәсіл бұрын-соңғы жазушыларда болған да шығар. Дегенмен, Жадыраның өз кейіпкерінің туған анасын жер қойнауына тапсырып жатқанынан бейхабарлығын, өзінің бел баласымен жүздескенін білмеген әкенің жайын бейнелеу арқылы Габриэль Гарсиа Маркес қаққан дабылды өзінің өзгеше үнімен оқырманға жеткізеді.
Жеті атасын тізіп отырып, шыққан тегін түгендейтін қазақ баласы үшін туған әкесін танымай білмей өсудің қандай қасірет екенін жас жігіттің сөз байласқан қызының ата-анасына не бетін айтарын білмей, жер бетінен туыс-жақын ешкімді таппай дағдаруы арқылы суреттеп жеткізеді.
Жас кезінде атағы жер жарған талантты актрисаның өмірінің соңында жиған-терген қымбат дүние-мүлкі мен дағарадай кең үйінде сасып-шіріп дүние салуы бұл өмірдің мәні мен мағынасы неде дегенді оқырманға ешбір насихатсыз-ақ, іс-әрекетпен дәлелдеп суреттейді. Өз құрсағынан шыққан жалғыз ұлына шындықты айта алмай оны бауырына баспай қатыгездік танытуы жалғызбастылықтың пендені қаншалықты қатыгездікке душар ететінін, тым өзімшілдікке итермелеп, айналасынан бөліп тастайтынын көңілге қонымды етіп жеткізе білген.
Мұнысын енді, жазушылық шеберлік деп қана мойындауға тура келеді. Кезінде, сол актрисамен төсектес болған режиссердің өзі кейін сол бір сұлу ашынасы тапқан, өзінің бел баласы - еңгерзедей ұлымен бірге оны жерлеп жүргенін білмеуі біздің қоғамдағы асқан бір келеңсіздікті ескертіп дабыл қағып тұрғандай. Жас жігіттің қалыңдығы мен болашақ қайын жұртына өзінің кім екенін, қалай айтарын білмей есінен танып қала жаздайтыны да қоғамдағы алапат трагедия.
Кезінде Габриель Гарсиа Маркес те бейберекет қыдырыс пен жеңілтек жүріс-тұрыстың салдарынан қан араласып, адам баласының тұқымы хайуанға айналудың зор қаупі төнгенін «Жүз жылдық жалғыздығында» айтқаны үшін Нобель сыйлығын алған жоқ па?
Сол үшін Габриель роман жазса, Жадыра бір хикаятпен-ақ одан да өткір, одан да шынайы етіп жеткізе алды. Бұл тақырыптың өзі қазіргі заманда аяқталмайтын бір әңгіме.
Ал, «Күзгі жапырақтай қалтыраған қолдар» (Әдебиет порталы) әңгімесі де оқыған жанды ойландырмай қоймайды. Қарттар үйінің тыныс-тіршілігі ғана емес, біздің қоғамдағы барлық проблема осы шағын ғана әңгімеге сиып кеткендей-ақ суреттелген. Бір деммен оқып шыққан соң адам баласының ұзақ жасауының өзі бір қайғы екенін ұққандай боласың. Әдетте бір-бірімізге «жасың ұзақ болсын» деп бата береміз, тіпті, «жүз жаса» деп те асыра сілтейтініміз бар. Оның бәрінің далбаса екеніне көз жеткізгендей боласың. «Ста́рость - не ра́дость» дегенге әбден көз жеткізіп, кәріліктен түңіліп кетесің.
Әдетте, жасы сексеннен асып, тоқсанға тақап өлгендерді жоқтағанда, «сұм ажал ортамыздан алып кетті» деп күңіренеміз. Шын мәнінде, мәңгілік мекеніне олардың өздері асығатынын, көп жасаудың өзі сен бай бол, кедей бол, кім болсаң да шын мәнінде пенденің жек басы үшін қасірет екенін әңгіме көкейіңе құйып бергендей-ақ жазылған.
Әңгіменің тұла бойы тұнып тұрған мұң. Сол мұңның арасынан қоғамдағы барлық проблеманы көруге болады. Құрылыс компаниясының алаяқтығы салдарынан қолындағы бар жиған-тергенінен айырылып, ақыры, үйсіз-күйсіз тентіреген жігіттің енесінің қолына күшік күйеу болып кетуі, анасының қарттар үйінде көз жұмуы – бір отбасының ғана мәселесі емес. Оның ар жағында қазақ қоғамындағы ұлттық болмыстың, салт-дәстүрдің келмеске кетіп, қарашаңырақтардағы ошақтың оты сөну қаупі төніп тұрғанын айшықтай түскендей. Оны кезінде мұғалім болған қарт ананың ауылдағы үйінің сатылып, ақшасының жалған фирмаға қолды болуы, бір әулеттің ошағының оты біржолата сөнуі, о дүниедегі шалына арнап жазған мекенжайсыз хатының қоқыс жәшігіне тасталуы арқылы көкейіңе қондырып береді.
Осы бір шағын деталь арқылы біздің ұрпақ тарихи жадынан айырылу ықтималдылығын меңзейді, ескертіп дабыл қағады. Ауылдағы ғана емес, қаладағы қос-қос пәтерінің де қартайған шағында өзіне пана болмай қарттар үйінен бірақ шыққан Сара есімді тоқсаннан асқан кемпірдің образы арқылы жазушы кәрілік жетіп өлер шақта байдың да, кедейдің тағдыры тоғысатынын әңгімеде сыналап қағып қана шебер жеткізген. Оның өзінде жоғарыдағы мұғалімнің жайы мәжбүрліктен туса, прокурор шалының арқасында үріп ішіп, шайқап келген кемпір шалы мен ұлының қазасынан соң ұлты басқа келінінен де, одан туған жатбауыр немересінен де жылу таппай, не өлмей, қарттар үйіндегі тар төсекте «бүйтіп пұшайман қылып жатқызғаныңша ала бермедің бе, құдай-ау» деп зарлаумен аяқтауының өзі жалған дүниенің баянсыздығын саналы адамға жаңаша бір қырынан ұқтыратындай көрінеді.
Әрине, мен осы бір шағын мақалам арқылы Жадыраны дәріптеуді, оған жарнама жасауды мақсат етіп отырған жоқпын. Айтайын дегенім, басқа!
Қазіргі таңда қалай десек те ұлттық әдеби үдерісіміз өз заңдылығымен дамып келе жатқандығына ешкім дау айта қоймас. Оны тоқтап қалды деп байбалам салу тым әбестік болар еді. Бәрінен де жоқ жаман. Қазір бізде жақсы-жаман болсын, төл әдебиетіміздің аға, орта, жас буын өкілдері бар. Азды-көпті туындылар жасалып, ілдебайлап болса да мемлекеттік тапсырыспен әдеби-көркем туындылар жарыққа шығып та жатыр. Оның бәрі шедевр болмаса да, ішінде ілікке алғысызы мүлде жоқ. Бәрінің де ұлттық рухымыз бен ана тілімізді сақтауға, байытуға, дамытуға қосқан өзіндік үлес, салмағы бар.
Бұл саланы сөге-жамандайтындар да бар, «жалықпаған жазушы дейтін заман туды», «әдебиет – ардың ісі болудан қалды», «кім көрінген кітап жазып, шығарып жатыр» дегенді де жиі естиміз. Мейлі, ақша ұрлап, тәнін сатып жүрген жоқ қой, жазсын-сызсын, қатесі болса, көптеп-көмектеп түзетіп, жөнге салармыз.
Жалпы, әдебиетке, өнерге әуестенуді кейде айыптай да алмайсың. Қалай десек те, бұл салаға жақын болғандардың жаны ізгі, ары таза деп үміттенесің. Өзі классикалық туынды жасай алмаса да, өзгенің еңбегін лайықты қабылдай алатын деңгейі биік оқырман көбейсе екен дейсің.
Неше жерден білімді болса да, әдебиет пен өнерді кіршіксіз таза киелі дүние деп білмейтін, тіпті онымен мүлде санаспайтын тым «технократ» прагматиктердің көбеюінің соңы неше түрлі сорақылықтарға әкеліп соғып жатқан жоқ па? Халық сеніп тапсырған жоғары лауазымын пайдаланып қазына тонауға, ел байлығын шетке тасуға, жат жұртқа жалпақтап, ұлт мүддесін сатуға, отанына опасыздық жасауға дейін барып жатқан жоқ па?
Белгілі бір ұлт тарихын жалғастырушы жаңа буынның өз сенім-нанымы мен ерекше сана-сезімі болады. Тәуелсіздік жылдарында әдебиетке келген жастардың көбінің қоғамдық позициясы, саяси көзқарастары ХХ ғасыр басындағы ұлт көшбасшылары Алаш көсемдерінің дүниетанымымен үндестік тауып жатқаны аңғарылады. Бәлкім, бүгінгі әдебиетіміздің көзқарасы осылайша ұлттық демократиялық бағытта қалыптасатын шығар. Шынымен солай болған жағдайда алдағы 20-30 жылдан кейін қазақ әдебиеті шығыс сөз өнерінде өзіндік дара сипаты бар, ой-өрісі мен аумағы аумағы кең ірі құндылық кеңістігіне айналар.
Ол үшін поэзия, проза саласының бәрінде де әуесқой жазғыштар емес, өзінің саналы ғұмырын, өмірінің мән-мазмұнын осы салаға толығымен арнай алатын психологиялық дайындығы мықты кәсіби жазушылар туып қалыптасуы керек. Және соған сай сыншылар мен зерттеушілер де қалыптасқаны абзал.
Алайда, сапасы төмен, көркемдігі осал туындылар белең алса, сын саласы да соған еріп, өзі де қожырап кету ықтималдылығы басым. Әдеби туындының сапасы төмен болса, оған баға беретін көркемдік сынның да бағы ашылмайды. Ал, егер сыншылардың назарына мүлде ілікпейтін ортақол шығармалар көбейсе, оған сөз шығындауды артық санауымыз да мүмкін. Жалпы, әлемдік тәжірибеге зер салсақ, сынға көп іліккен, зерттеушілердің назарын барынша өзіне аударған туындының көркемдік деңгейі жоғары әрі тың ізденіске негізделгені байқалып жатады. Шын мәнінде, жазушы туындысының тағдыры үшін жұрттың үнсіз қалуынан үлкен жаза болмайды. Егер орыс қоғамында Пушкиндей талантты ақын болмаса, Белинскийдей мықты сыншы да тумаған болар ма еді.
Адамзат қоғамының барлық формациясында күллі елдің ұлттық әдебиетінің идеялық ойының деңгейі бұқаралық санадан әрдайым биік болып келген, солай бола береді де. Бүгінгі күні мемлекеттік сыйлық алған шығарманың бәрінің керемет озық үлгіде жазылмағанын оқырман қауым жақсы біледі. Сол секілді мемлекеттік сыйлыққа қолы жетпегендердің бәрінің шығармалары іске алғысыз деуге де еш негіз жоқ. Ондай сыйлықтарды беретін комиссияның өзі неше жерден әділ болуға тырысса да, белгілі бір романның немесе поэманың көркемдік сапасына абсалютті түрде шынайы баға бере алмайды.
Сол себептен мемлекеттік сыйлық бүгін расымен мықты туынды жасаған хас дарынды жазушыға берілсе, ертең оны қатардағы жай бір ортақол біреуі де алып кете береді. Бірақ, мемлекеттік сыйлық тұрмақ одан зоры да ең мықты хас дарын иесі мен ортақолдау осал жазушыны бір қатарға тұрғызып, теңестіре алмайды. Талант, дарын дейтін табиғи ерекше қабілеттілік - әлде бір сыйлықпен өлшенбейтін дара дүние.
Негізі, толықтай әдеби сауатты адам өзінің қандай қаламгер екенін, кімдердің қатарында, қай тұста жүргенін біледі. Сондықтан да, жасаған туындысының өлшеміне өз деңгейінде баға бере алады. Соған қарамастан эстетикалық өлшемді тағайындайтын, әділ баға беретін кәсіби сыншының болғаны талап етіледі. Қазір бізде осы жағы кемшін түсіп жатқан жайы бар.
Сыншылар тарапынан бүгінде әдеби-көркемдік өлшемнің қарапайым талаптарының өзі түсіндіріліп жатқан жоқ. Оның екі түрлі себебі бар секілді.
Біріншіден, бүгінгі күнге дейінгі 80-ге жуық жылдық тарихымызда идеологияланған насихаттық әдебиет бізде гүлденіп дамыды. Оның сарынынан әлі арылып кете қойған жоқпыз. Оқырманның да, жазушының да санасынан ескі көзқарас өшіп кетті деуге ауыз бармайды. Тіпті, сатира секілді кейбір жанрларда 1930 жылдардағы большевиктік үгіт-насихаттың тұрпайы тәсілінің өзі ерекше қатты сақталған. Оны сахнада тұрып алып ұрандатып, жұртқа ақыл айтып, бата беріп жүрген «театр» атын жамылған «тамадалық» әртістердің әрекетінен анық аңғаруға болады.
Екіншіден, өткен ширек ғасырда құндылықтар алмасып, дүниетанымымызда өзгеріс пайда болды деп жатамыз. Бірақ, оның қалай өзгеріп, қаншалықты қалыптасып жатқанын анықтап көрсетіп жатқан зерттеушілер мен сыншылардың қарасы көрінбейді. Тұрмыс ауыр, әлеуметтік жағдай төмен, экономикалық дағдарыс тереңдеді дегендей сан сылтаумен әдеби процестің тоқырауын ақтап ала алмайсың. Қазақ баласы «ораза-намаз тоқтықта» деп айтқанымен, дәл мұны әдебиетпен байланыстыруға еш негіз жоқ. Әлемді дүр сілкіндірер роман жазған, оқырманын таңдай қақтырған атақты жазушылар бай-қуатты елдерден шығып жатқан жоқ.
Әдетте біз көбінесе, бұрынғы сыншылар мен зерттеушілеріміздің позициясын басшылыққа алып жүрміз. Шын мәнінде, бүгінгі әдебиетке мүлде тың көзқарас пен әдістеме талап етілуі тиіс қой. Соңғы үлгідегі жаңа көліктің ақауын түзеу үшін ескі машинаның, оның өзінде совет дәуіріндегі техниканың қосалқы бөлшегін салуға келмейтіні басы ашық әңгіме. Бұл мәселенің әдебиеттану пәні бойынша білім беру саласына қатысы бар. Көптеген жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы тәуір оқытылғанымен теория саласы кенже қалып келе жатқан жайы бар.
Тәуелсіздік жылдарында көп дүние өзгергендей көрінгенімен дәл әдебиеттану саласына келгенде, оған жасалған іргелі өзгеріс пен жаңару жоққа тән. Негізі, алдымен базалық принциптер толығымен жаңарғанннан кейін ғана оның келесі сатысы туралы әңгіме айтуға болар еді. Жаңа отырғызылған ағашты мың мәрте суарғанмен не пайда, ол күннің көзін көрмесе, бүршік жарып гүлдеуі неғайбыл емес пе.
Көркем әдебиет сыны белсенді түрде қарқын ала бастаса, оқырмандардың қызығушылығы да арта түсер еді. Театрлардағы сахналық қойылымдарға, көрермендерге жол тартып жатқан көркем фильмдерге сын айтылмайтындықтан, сапасыз туындыларға даңғыл жол ашылып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, кино саласына бөлінген қыруар қаржы-қаражаттың қолды болып, талан-таражыға түсуінің салдарынан сын көтермейтін туындылардың көбеюіне ықпал етіп жатыр. Қаржы жетіспеушіліктің салдарынан «арзанның жілігі татымайды» дегеннің кері келеді.
Бала кезінен қиял-ғажайып әлемге құмартып, арманның жетегіне еріп, кітапқұмарлыққа ден қойған жазушыларды оқып өскен ұрпақтың көбі кейін қаламгерлік жолға түскенін аңғаруға болады.
Олай болса, ғылыми фантастикалық шығарманың танымдық маңыздылығы айтарлықтай. Бізде қазір дәл осы жанр қатты кенжелеп тұр. Ғылым мен техникалық прогресті бейнелеумен қатар адам баласының арман-мүддесін айшықтайтын болашақ қоғам мен оның философиялық негізі, моралдық құндылығы, эстетикалық деңгейі қандай болады деген сауалға өзіндік өң келбетімен дараланатын жауап іздейтіндігімен бұл жанр ерекшеленсе керек.
Әрине, әр ел жазушыларының фантастикалық немесе фэнтэзи шығармалары жоғарыда айтылған принциптер негізінде жазылғанымен туындының жасалған уақыты мен кеңістігі, өмір сүрген қоғамының құрылымы, ел-жұртының даму деңгейінің өзі жазушының шығармашылығына ықпал етпей қоймайды.
Бұл салаға 1920-жылдардан бастап, қоғамдық ғылымдар фантастикасы деген жаңа ағым келіп енді. Ғылым өндірістік факторға айналған жаңа дәуірде ғылыми жаңалық атаулының табыстары адамзатқа қуаныш пен үрейді қатар сыйлайтын болды. Ғылыми техникалық жетістіктерді дұрыс бағытта пайдалансаң игілігін көресің. Теріс пиғылмен жүзеге асырылса, жер дүниенің өзін болмашы тозаңға айналдырып жіберуі де ғажап емес деген пайымнан туған туындылар да осы ағымның еншісінде.
Фантастикалық шығарма қай кезеңде жазылғандығына қарамастан әрдайым моралдық үрдіс, рухани дүние жеңіске жетеді дегенді басшылыққа алған гуманистік көзқарас пен таным алға шығарылады. Өткен ғасыр адамзат үшін дүниетаным мен көзқарас күресінің кең өрістеген дәуірі болды. Фантастикалық және фэнтэзи жанрына да осы жағдай елеулі әсер етті.
Ғылыми-техникалық негізге сүйеніп шығарма жазудың хас шебері, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХІХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам болжам ұсынған. Оның қиялдарының көптеген бөлігі ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлім.
Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерінде дүние есігін ашқан Герберт Уэльс оның тікелей мұрагері іспетті ізін басты. Уэльс ХХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі аралықта қалың оқырманын тамсандырған 20 роман жазды. Соның ішіндегі ең әйгілісі осыдан тұп-тура 118 жыл бұрын жарыққа шығарылған «Ғаламшарлар соғысы» деген кітабы болатын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секілді әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбі сол кезеңде шындыққа айналған болса, кейбірі ХХІ ғасырдың еншісіне қалып, бүгінде жүзеге асып жатқан көрінеді.
Алайда, екі жазушының ұқсастығымен қатар шығармаларының нысанында елеулі айырмашылықтар да кездеседі. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңіз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып қалам тартса, Герберт Уэльс қақтығыстарды, соғыс техникаларының болашағын көбірек бейнеледі.
Әлем оқырмандары бүгінде Герберт Уэльс туындыларын «Көрінбейтін адам» (1897) «Ғалым Мороның аралы» (1896) романдары арқылы көбірек таниды. Ал, оның тақырыбының аумағы шын мәнінде өте кең болғанын атап айту ләзім. Уэльс көбінесе, автокөлік, шынжыр табан танкілер, сүңгуір қайықтар, ұшақтар, шайтан арба, телефон, әуе шарлары секілді техникалық құрылғылардың болашағын болжады. Сонымен қатар әлемді шарпуы ықтимал соғыс өрттерін, тіпті өзге ғаламшарлармен арада өтуі мүмкін шайқастарды да қиял елегінен өткізіп қалам тербеді. Тағы бір қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секілді әдеттегі тұрмыстық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кетті.
Герберт Уэльс – атомның бөлінуі, ядролық қарулар, лазер сәулесі сынды ғылыми жаңалықтарды болжай білген технологияның ірі қиялгері болғанымен қоғамдық-саяси өмірдің болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы. Қанша дана қиялшыл болса да оның кейбір ойларының орындалмаған тұстары да баршылық.
Айталық, оның «әйелдердің үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы» қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмір сүрген британдық азамат, ұлы қиялгер болса да Маргарет Тэтчер деген «темір әйелдің» өз елін басқаратындығын, ғасырлар тоғысында әлемдік саясатқа елеулі ықпал ететіндігін түсінде де көрген жоқ.
Германия сынды батыс демократиясы дамыған елдерді айтпағанның өзінде Латын Америкасы елдері, Үндістан, Цейлон, Түркия, Пәкстан сынды шығыс мемлекеттерінің жоғары билігіне әйелдердің қол жеткізетінін сол кезде біреу айтса, оған тіпті Уэльстің өзі де сенбеген болар еді. ХХІ ғасырдың француз тілі әлемге ортақ тілі болады деп ойлады. Бірақ, өзінің ана тілі ағылшынның үстемдік етеді деген ол білмеді. Соған қарамастан бұл жанр өте оқылымдылығымен, өтімділігімен әлі де жұрт назарында.
Біздің бұл жанр бойынша қалам тартқан жазушылар жоқ емес, болды. Алайда өкінішке қарай өз дәуірінен асып кете алмады. Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөлене қоймады. Ендігі жерде әлем фантаст жазушыларының таңдаулы туындыларын бұрынғыдай орыс тілі арқылы емес, ағылшын, испан, итальян, португал, гермен тілі секілді түп нұсқадан тікелей аудару қажеттілігі өмірден туындап отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Amanat» атты бір әдеби журнал шығып тұрды. Сол журнал арқылы Қазақстандағы орыстілді әдебиеттің жалпы ахуалымен танысып тұрушы едік. Ол журнал жабылғалы шынын айтсақ, орыстілді әдебиеттің бар-жоғынан да бейхабар болып қалдық.
Өз басым «Простор» журналының барын бұрыннан білемін. Бірақ, осы бір диаспора өкілдері не жазып, не қойып жүр екен, орыс тілінде жазатын қандастарымыз қай деңгейде, жалпы, осы әдеби процестің жайы қалай екен, журналды бір парақтайыншы деген арнайы мотив маған мүлде тумаған екен. Осыған өзім де таңданып отырмын. Неге олар бізді қызықтырмайды екен? Негізі, білуіміз, тануымыз керек.
Мен өзім танитын орыстілді бір ақын бар, Амантай Ахетов деген. Бұрыннан Алматыда тұратын кісі, негізі, Көкшетау өңірінің тумасы болуы керек. Ертеректе жиі араласқан ағам еді, соңғы жылдары хабарсыз кеттік. Орыстілді қазақ ақындардың ішінде біршама шоқтығы биігі осы ағамыз шығар деп ойлаймын, әрине, Олжастан кейінгі. Өйткені, өлеңдерінің тілі орысша болғанымен қазақы идея, ұлттық діл сезіліп тұрады.
Қандастарымыздан тыс талай жерлестеріміз де бар ғой. Корей, ұйғыр, татар, орыс, герман, өзбек, қалмақ дегендей. Солардан шыққан ақын-жазушылардың бәрі орысша жаза ма, өз ана тілінде немесе қазақша жазатындары бар ма? Мұны да біздің әдебиет институттармыз, университеттердің филология факультеттері зерттеулері керек секілді. Бәрі бір елде тұрады, бірақ, мүлде өзге әлемде өмір сүреді. Бірін бірі білмейді, танымайды. Бұлай болмайды ғой.
Жазушылар одағы да бұл мәселеге назар аударуы керек шығар. Байланыс болмаған соң әркім өз қазанында қайнай береді де. Бұлардың бәрі біздің елде туып-өсіп, өмір сүріп жатқандықтан біртұтас қазақ әдебиетін мәуелі алып бәйтерек десек, өзге тілді әдеби туындылар сол ағаштың бұтақтары іспетті болуға тиіс.
Көркем әдебиеттің басты миссиясының өзі адамтану деп жатамыз ғой. Ол рас. Әдеби кітап оқымасаң, өзгені тұрмақ өзіңді де өмір бақи тани алмай өтесің. Бұл міндетті атқару үшін жазушы өз шығармасының басты кейіпкерінің ішкі жан дүниесін жіті зерттейді. Әрине, бұл дегеніңіз, механикалық тәсілмен дәлелдене салатын оп-оңай дүние емес. Ғылыми дәлдік пен көркемдік шындықтың айырмашылығы да осында болса керек. Бір адамның басындағы санқилы күрделі көріністердің ішкі құпия сырлары мен сипаттарының мән-жайын кейіпкеріңнің іс-әрекеттері мен бастан кешкен оқиғалары арқылы ашып көрсетесің.
Сол арқылы оқырман өзінің санасында, жан дүниесінің түкпірінде, жүрегінің түбінде жатып, санасын сан-жаққа жүгірткен, толқытып-толғантқан, мазасын алған, көңілін қалдырып, ренжіткен, сүйсінтіп разы еткен, жек көріп, өшпенділік тудырған барлық сезім үдерістерін таниды. Өзінің ғана емес, өзгенің де ішкі әлемін танып, талай тылсым сырларға қанығады. Адам баласы әдебиеттің осы қасиеті үшін ғасырлар бойы одан ажырамай келе жатқан болар деп ойлаймын.
Ал, қазақ қаламгерлерінің теориялық дайындығын тәуірлеу шығар деген пікірдегі адаммын. Өйткені, төл әдебиетіміздің аға буыны да кейінгілер де орыс әдебиетінің классикалық үлгісінен тәлім алды және оларды түпнұсқадан оқып өсті. Бұл кез-келген ұлттың маңдайына жазыла бермейтін зор мүмкіндік. Себебі, орыстың классикалық әдебиетін, Пушкинді, Толстойды, Чеховты бүкіл әлем мойындайды.
Қазіргі ақын-жазушыларымыздың арасында да әдебиет теориясын жетік білетін, салмақты-салиқалы ой-пікір білдіре отырып, кез-келген туындыны талдап-таразылауға біліктілігі сай келетін шебер қаламгерлер жетерлік. Мен олардың арасынан үш-ақ қалам өкілін атап айтайын. Бүгінгі аға буыннан ақын Аманхан Әлім, орта буыннан сыншы Аманкелді Кеңшілікұлы, жас буыннан Аягүл Мантай.
Бұл кісілердің теориялық дайындықтары өте жоғары деңгейде деп санаймын. Сондықтан, қандай жазушының қай шығармасын ұсынсаң да, ол туындының композициясын, фабуласын, кейіпкерлердің архетиптерін жіті талдап, таразылап беруге қарым-қабілеттері әбден жетеді.
Архетип дегеніміз әу баста, адам қиялында пайда болып, кейін өзіне тән мазмұнын тапқан дүние ғой. Бұл өзі, айналып келгенде, архаикалық рәсімдердегі психологиялық схемаларға тән мотив пен тәсілдер емес пе. Ал, композицияға келсек, туынды деталдарының өзара логикалық сабақтасу арқылы қиюласа келіп, біртұтастыққа айналуы. Мұндай бірлікті біздің жазушылар жақсы үйлестіріп жатады. Шағын әңгімеден бастап, романдарға дейін тартымды жазылған туындылар баршылық. Егер ішінара мұндай тәсілдер үйлесімділік таппай жатса, ол жекелеген туындыгердің шеберлігіне, тәжірибесіне сын.
Бірақ, шындығын айту керек, жазушылардың арасында теорияға аса ден қоймай өз түйсігімен, табиғи дарын-қабілетіне сүйеніп жазатын жандар да кездесіп жатуы бек мүмкін. Соған қарамастан шығармасы сәтті шығып жатса, оған таңданудың реті жоқ шығар. Себебі, «шығарма жазудың озық үлгісі мынау ғана» деп ұсынатындай даяр рецепт ешқайда жоқ, шын мәнінде. Әр жазушы әрқалай суреттейді. Жан күйзелткен, көңіл толқытқан оқиғаны басшылыққа аласың да, жазуға отырасың. Мұндай сәтте «теорияда қалай еді» деп ойланып та жатпайсың. Жаратушы Тәңір құлағыңа не сыбырласа, соны жүйткіте бересің.
Соңғы кезде жаңадан шыққан кітапты оқымай жатып, пікір айтып тұратындар белең алып бара жатыр. Бір кітаптың тұсаукесері өтіп жатады. Пәленшекеңе сөз береді, ол «кітапты оқып үлгерген жоқпын» деп тұрып, ашық мойындап алады да үйіп-төгіп мадақ айтады. Оқымаса, онда не жазылғанын білмесе қалай соншама көсіліп-көпіріп сөйлеуге болатындығына таң қаласың. Құдды бір көріпкел ме дерсің. Ал, өз басым сөз басында авторын танымасам да, екі әңгімесін оқыған соң пікір білдіріп отырмын. Сыншылар өз талдауын жасай жатар.
Сыншы демекші, қазіргі әдеби үрдіске дер кезінде баға беретін сыншылардың қарасы тым аз болып тұр ғой. Барларының өзі әдебиет тарихына қарай ойысып кеткен. Аға буын сыншылар мен әдебиеттанушылар Алаш арыстары мен қазақ-совет дәуірінің жазушыларын шиырлап, арқандалған атша айналсоқтап шыға алмай жүр.
Бізде қазір көшеге шығып таяқ лақтырып қалсаң, әдебиеттанушы ғылым докторы мен кандидатының, білдей бір профессордың басына барып тиеді. Бірақ, солардың арасынан көшелі сөз айтатын шын ғалымды табу мұң.
Әдебиет және өнер институтынан бастап, барлық университеттерде әдебиеттану кафедралары бар. Ол жерлерде әдебиетші ғалымдар сеңдей соғылысып жүр. Былай қарасаң, кез-келген шығармаға ғылыми көркемдік талдау жасауға мүмкіндік ұшан теңіз секілді. Бірақ, сол қаптаған ғалымдардың ішінен теория саласының маманын табуың тағы да қиынға соғады. Бәрі дерлік тарихпен шұғылданып жүргені. Көбінің айтатыны өткен шақтың естелігі, марқұм жазушылардың қолдарына су құйғандары, бірер рет асатудан дәм татқандары т.с.с. Сосын, несін талдасын.
Технологиялық прогрестің арқасында бүгінгі күні адам баласы бүкіл әлемді тұтасымен кішірейтіп әкеліп алақанына қондырып, көріп отыратын болды. Әлем елдеріндегі ең атақты кітапханалар мен құнды мұраларды да алақаныңа салып қана ашып көре аласың. Кембридж, Оксфорд, Гарвардтың атақты профессор-лекторлерінің дәрістерін ютуб арқылы көріп, тыңдай аласың. Туиттер, Фэйсбүк желілеріне шығып, сұрақ қойып жауап алуыңа болады. Бұл әрине, зор жетістік, адам баласының ақыл-ойының жемісі.
Алайда, Интернет дейтін бұл сиқырлы қобдиша адамның ең басты байлығы – денсаулығы мен алтыннан да қымбат уақытын да қоса ұрлап жатыр. Әсіресе, жас буын компьютерлік құрылғылардың қосалқы бөлшегіне айналып кетерліктей қауіп төніп тұр. Егер бір тәулік бойы интернетсіз кеңістікте өмір сүретін болса, бүгінгі жастардың жағдайлары не болар екен?
Қазіргі таңда 25 жастан төменгі буынның бәрі дерлік кемінде 8 сағат бойы компьютерге сығалаумен уақыт өткізеді. Ең алғашқы ақылды телефон iPhone пайда болғанына он жыл да толған жоқ. Бастапқы төрт жылдың ішінде алғашқы нұсқасы дереу артта қалды да жетілдіріліп жаңара түсті. «iPhone» телефоны пайда болған кезінен бастап, өзі ғана емес, тұтынушыларының тұрмыс салтын плюс-минусымен қоса өзгертті.
АҚШ-тың «Newsweek» журналының жазуынша, смартфон қолданушылардың үштен бірі ұйықтар алдында кітап, газет-журнал оқудың орнына телефонын шұқылап қарауды әдетке айналдырған. Соның салдарынан адамның өзі миы-жүрегі, онекі мүшесі бар тірі жазу машинасына айналып барады деп мәлімдеген. Бүгінгі күні смартфон қолданушылар айына орта есеппен 400 мәтін мессеж (хабарлама) қабылдап, жауап жазатын болған. Бұл көрсеткішті 2007 жылғымен салыстырғанда 4 есе ұлғайған көрінеді.
Ал, жас өспірімдер арасында бұл көрсеткіш тіпті жоғары екен. Олар орта есеппен бір айда 8 мыңға жуық мәтін мессежге дейін жеткізеді делінген. Смартфон пайдаланушылардың үштен бірі телефон аппаратының діріліне бой үйретіп алғаны соншалық, сыртқы күштің ондай әсерін сезбейтін халге жеткен. Зерттеушілер бұл жағдайды «сезім синдромы» деп атап, дабыл қағып жатыр. Айталық, Оксфорд университетінің профессоры Сюзан Гринфилд дижитал (цифрлық) мәдениетінің кері ықпалы туралы жазған кітабында: «Интернет, смартфон қолданудан туындап отырған проблемалар қазіргі таңда ғаламдық жылыну үрдерісінен күрделі мәселеге айналды. Айналамызда табиғаттың төл болмысының бары көңілге медеу. Адамдардың тірі табиғаттан алыстап, технологияға құлдық ұруы олардың психикасына да елеулі әсер етіп жатыр. Ұйқысырап сөйлеуді, оянбай тұрып жүріп кетулерін, ұйқының қашуын науқас деп қарамайтын болды. Осылайша, өзіміз жасаған технологиямыз айналып келіп бізді зомбиға айналдырып барады» - дейді.
Сондай-ақ, адам темпераментінің құбылыстарын зерттеу орталығының директоры Питер Виброу «Компьютер - электрондық кокайн» - деп, өз зерттеулерінің нәтижесін тұжырымдаған.
Интернеттің қоғам өміріндегі ықпалы жайындағы «The Shallow» дейтін кітабымен Пулитцер сыйлығын алған атақты жазушы Николас Карр «Компьютер, интернет, смартфон алғашқы кезде тұтынушының мүддесіне қызмет етті. Ал, қазір ол құрылғы емес, адам баласының дене мүшелерінің біріне айналып барады» - дейді.
Мен бұлардан асырып не айта аламын? Жалпы, бұл технологияның да озығын алып, тозығын тастауымыз керек. Ең бастысы, оны өзімізге қызмет ететін құл ете білейік. Керісінше, өзіміз оған тәуелді болып, басыбайлы малайына айналып кетпесек болғаны. Ол үшін төл әдеби туындыларымызды кітаптық нұсқасынан оқуды қайта жаңғартсақ еш ұтылмаймыз.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
жазушы