Дидар АМАНТАЙ.ТӘҢІРІ ЖАЗҒАН

 

(Е.Алшынбайдың «Жоғалған таулар» кітабы туралы)

 

 

Сен шалқы даланың, о, қоныр самалы,

Батыс пен Шығыстың меңіреу орманы шулатып,

Алтын күн түнекті қуалап барады

Өзендей қанымды тулатып.

 

Ғажап! Біз эпиграф дәрежесіне көтерген бір шумақ жыр асқақ ақын масштабын, шалқы шайырдың қуатын, ұлы ұзақ уақытын білдіреді.

Түнекті тықсырып түре қуып келе жатқан Жарық – тектілік, түркілік – алтын күн дәуірін еске салады. Заманы басқа еді, заты бөлек тұғын. Тарих – түркі елінің қаперінде мәңгі сақтайтын, өшпейтін, өлмейтін ұжымдық сананың бір қасиеті.

Екінші бір қасиеті – тірінің шекарасын өлі айқындауы.

Ербол Алшынбайдың жырында деталь көп: бұл жақсы прозаның белгісі. Толстой айтпақшы, біз жақсы проза мен поэзияның ара-жігін ажырата алмай келеміз.

Деталь наным-сенімді тереңдетеді, сөзіңді расқа айналдырады, бұлыңғыр дүниені бұлыңғырлатпай, нақтылай түседі.

 

Көшпенді Түркінің Отаны – туған жері емес, өлген жері де емес, жерленген жері. Ертең содан атамекеніңді табасың, топырақ бұйырған жерден Отан басталады.

Жаппар ием саған ғашық күй төгем,

Сен халифа қылдың мені ғаламға.

Тойған жерге тоғыз барар ит емен,

Туған жерден үмітім бар әмәнда.

 

Күн – Ербол Алшынбайдың бас кейіпкері. Күн патшалығы –  түркі сарбазының кеңістігі. Алау отты айнала билеп жүрген күнбасты құдайлардан бастап Мағжан жырындағы күн образына дейінгі аралықтағы күннің бәрі – қаһарман. Көне түркі аңызында күн атауы өте көп. Ерболда да: «Отқа оралған қызыл жалын күндеймін» (8 бет), «Шудасы оттай алаулаған желмая күн» (9 бет), «Өтті ерлер, бұлт бүркенген күн ашылмай», «Сәруар күн», «Алтын күн». (Жай күн емес, қайраткер күн, қарекетті күн)

 

Ер ақын, Қытай асып келген ерен қазақ Ербол Алшынбай кітабының соңы – мұқият қараған, оқыған адамға, керісінше, жинақтың бастауындай көрінеді. Маған «қапы заман» деген сөз атауы ұнайды.

«Түс» атты (63 бет) мынадай жолдар бар: «Болмады туған өлке маған қабір».

Бұл – автордың туған өлке қабір бола алмағанына налуы. Бір қарағанда мұнда бір қайшылық бар секілді, шын мәнінде сүйегі жатқан жер ертеңгі Отаны – шекарасы.

Жағасы жайсаң жайлы Іле,

Жауыма қалған жұмақ-дүр.

Ішіме түскен қайғы-Іле, 

Кеудемде кегім сыздап бір.

Даламды жатқа билетіп,

Сөгілген қабырғамды сүйретіп,

Сарыарқа жаққа бет бұрдым.

Сан сайран белдер, сары жондар, 

Бүк түсіп жылап қалды артта,

Адыра қалған армандар. 

Арымды мүжіп қан қақсап,

Қасірет көлін тулатып.

Көлдің көп құсын шулатып,

Жанымды жалын отқа ұрдым.

Аспаннан асқақ Тәңіртау,

Қаусап бір қалған қош демей.

Үзікті ордам – Үйсінтау,

Кеудеме шер боп көшкен ой.

Қазтуған –  жырым қан жылап,

Еділдей ескі өлеңге,

Маңдайын ойдың өлтірдім.

Ағытып айтар күн болса,

Арманды жырым ақ қайнар.

Атадан туған ұл болса,

Алдымнан шығып ат байлар.

Алаштан туған ұлсың деп,

Жыраудан қалған жыршым деп,

Ағаеке,

Сізге кеп тұрмын!

 

Бұл Ербол Алшынбайдың ең үздік өлеңі! Бізді тағы қызықтырған төмендегі екі өлең: «Шәкәрімнің Шыңғыстаумен қоштасуы» мен «Әлихан Бөкейханның атылар алдындағы ақырғы сөзі» бұл екі өлең атауымен-ақ ұтып тұр.

«Шәһиттер жатқан жұртыма,

Шапағат қылғай жан Алла.»

Немесе

«Құдайсыз қырық қарақшы,

Астында кетті құранды ер.»

 Әлихан туралы өлеңінде:

Кегім кетті көкірегімде қыстыққан.

Көп кәпірге идіргем жоқ басымды,

Шыңғыс қаны – бойымдағы ыстық қан!

 

Мағжан шығармаларындағыдай Ербол топтамасында күн образдары көп екенін аңғарттық. Бірінші өлеңі күнмен басталады, күннен аяқталады.

«Нараду» басы:

Қараңғыны келер түріп бір жарық,

Түнмен бірге сен кетесің тыңда, бұлт.

Ерболдың пешенесіне ақындық өнер бұйырған, ақын болуды Тәңірі жазған. Сөйтіп, автор сөзге бай, образы қанық, тілі жатық ақын, ұйқасы еркін. Бірақ ұйқас техникалық қосымша, маңыздысы ол – рухты ақын.

Қазір нараду сөзін жұрт айналымға белсенді енгізіп келе жатыр.

Боз даланың шер толқыған төсінен,

Боз жусан күн шығады әлі бүр жарып.

 

Жалпы, тәуір топтама. Парасаты терең, пайымы кең, ойы ашық. Бойына сіңірген білімі де жан-жақты, оқыған ақын.

Елдік мәселеде ереуіл атқа ер салмай, жау қайырып, топ жарған, тұс-тұстан қара шалдырып, қыр басына шоқытып шыға келген дархан тұлға, ұлт мұратына адал ақын.  Халқына деген шексіз сүйіспеншілігін бір сәт  жасырған емес. Қайта оны паш етуге, жария қылуға тырысады. Сезіміне жомарт, сертіне берік ол екі дүниеде де, яғни өмір мен өлеңде ер тұлғалы ерен ақын.

 

Жырау сөйлегенде ел қамын қозғайды, ұлт тағдырын топшылайды, алаш келешегіне алаңдайды.

Меніңше, қазіргі ақындар тебіренбейді. Қазіргі адамдар тебіренбейді. Қазіргі дала тебіренбейді. Неге? Себебі қырда шулы техника көп, үнемі азан-қазан боп жатады. Адамның жан дүниесінде тыныштық жоқ (қашанда уайым, қайғыға көміліп отырады) ақында шабыт аз (оқырман оқудан алыстады).

Алтын жүректі қазақтар! Туған жерін анадай көрген сайын оның даласын атамекен атаған. 

 

Алаш деп соққан алапат ақын жүрегің алтыннан құйылып, алмастан жаралғандай жайна, жарқыра!

Ол рухты ақын!