Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, Жетісу жақтан жылы леп еседі. Оған себеп қазақтың аяулы ақыны Гүлбақыт Қасеннің «Қоңырөлең» атты поэзия кешінің өтуі. «Janr» әдеби клубы ұйымдастырған ерекше читкада келген қонақтар өлең өлкесіне сапар шегіп, поэзияның саф ауасымен тыныстап, жауһар жырмен сусындарын қандырып қайтты.
Шағын ғана поэзиялық кеште дарынды оқушылар өлең оқыды. Әр шығармадан киелі қара өлең мен қасиетті туған жерге деген құрмет пен махаббат сезіліп тұрды. Жалпы бұл кеш қалыптасып қалған сеңді бұзды деп айтуға болады. Өйткені, біз көріп жүрген біраз кеште өлеңнен көрі мақтау сөз көп айтылады. Ақын мен жүргізуші сахна төріне шығып, екеуі кезектесе сөйлей бастағанда келген қонақтар зеріге түседі. Бұл жолы бәрі басқаша өрілді. Сахана әдемі безендірідіп, театрландырылған қойылым келген қонақтарды әсерлі сезімге бөледі. Көрерменнің ыстық ықыласы ұрылған шапалақтан айқын сезілді. Өлең құдіреті жанарға жас ұялатты.
Аталмыш клубтың мүшелері көрерменмен қатар отырып бастан-аяқ кешті тамашалады. Тіпті, «Ақындар бұрынғы читкадағы сияқты өлең оқымай ма?» деген сауал да жолданып жатты. Кешті жаңа форматта ұйымдастырған режиссер басқа ақындарды былай койғанда Гүлбақыт Қасеннің өзіне тек бір өлең оқуға рұқсат беріпті. Патша көңілді көрермендерді періште қалпымен, таза пейілмен поэзия нұрына шомылдырған дарынды оқушылар болды. Осы орайда шәкірттерін саф өнердің шыңына шығарып жүрген Талдықорған қаласындағы №4, 17, 18 орта мектептің ұстаздары қандай құрметке болмасын лайық.
Ақынның жырларын жүректерге жеткізе білген дарынды оқушылар: Айғана Бердіхан, Марзия Нұрислам, Ерасыл Нұрдаулет, Мубина Нұрқасым, Бибінұр Әделбаева, Әлібек Мерекеұлы, Абылай Абайұлы. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздар Мәдина Жомартқызы, Әйгерім Қанатқызы да оқушылармен бірге сахнада өлең оқыды.
Алдыңғы буын Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахман ақын қыздың шығармашылығы туралы жақсы пікір айтты.
–Жүрегімдегі қоңырөлеңімді аялап, әлдилеген, маңдайымнан сипаған баршаңызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Өнерлі оқушылардың киелі сахнаға шығуына мүмкіндік берген мектеп басшыларына алғыс айтамын. Мемлекеттік қызметтің жауаптылығын сезінемін, ол жерде «өлең жазатын едім» деп еркелеп жүруге еш болмайды, елге адал қызмет ету жолында аянбаймын. Жүрегімді кірлетпей, өлеңімді өбектеп келемін. «Жалғыз ағаш орман болмас"». Менің қара орманым, жақындарым, тілекшілерім, оқырмандарым, баршаңызға бас иемін. Сіздерге Алланың шексіз нұры жаусын. Қараңғыдан жарықты, жамандықтан жақсылықты, қаталдықтан мейірімді, суық-ызғардан жылылықты, бар әлемнен махаббат пен сұлулықты ғана көргім келетін жүрегіммен Сіздерді жақсы көрем, – деген Гүлбақыт Қасеннің жүрек шымырлатар сөзі көпшіктің көңілін көкке көтерді.
Олай болса ақынның өлеңін бірге оқиық...
Қоңырөлең
Жанарымда – бүтін ғалам, жүрегімде – жарты әлем,
Өлеңіммен егіз – өмір, сөзбен биік мәртебем.
Өлеңшөбі құмарлыққа сүңгітеді шайырды:
табиғатта да толғатады...
қара тас та мәрт ерен.
Топырағыңды сүйдім сенің, Қоңырөлең`, көктемде,
қара жерге Тәңір ақ қар, құсқанатын төккенде.
Буынды алып жұпар иіс ынтық еткен өзіңе,
Ақын қыздың бұл бақытын,
О, Жаратқан, көп көрме.
Қоңырөлең, бас сал мені, көңілдегі жайды ұқта,
тасқа біткен көк өскіннің сырын ұқпау лайық па?..
Ой – қорғасын, балқытады
бұлт жасырған мұң-шерді –
Отырамын көзді жұмып
ләззатымнан айықпай...
Көзімді ашсам, бар ғаламат ғайып болып кетердей,
талықсимын дір-дір еткен кірпігімді көтермей,
ол Көктем мен бұл Көктемнің арасында Өмір бар...
таңдайдайымда – сезім дәмі
бал татымас бекерге...
Осы бір сәт тербетеді бүлдіршіндей жер төсін,
аспан-жерде: жібек шалғын, Күн шымылдық-пердесі.
Өлеңшөпке елітемін, мен өлердей ғашықпын –
ал, Өлеңім – күміс қанат...
бірге ұшайық, кел, қосыл.
Қоңырөлең...
Құсқанаты
Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,
Құсқанаты соңынан қыс қалатын.
Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай –
Әшекейге әдемі қыз тағатын.
Құсқанаты –
секілді үкілі арман,
Үкілі арман жолында бүкіл арман.
Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,
Періштесін аспаннан күтіп алған.
Қылаулаған ұшқыны үміттердің,
Құсқанаты, сен соны біліп келдің...
Тамсандырдың.
Сағыныш сарайына –
Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің.
Жазғытұрым жауатын құсқанаты –
Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.
Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,
Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын.
Құсқанаты –
төгілген жыр қауырсын,
Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың...
Саусағына...
ақынның жүрегіне –
Қонақтайсың әлемді жырлау үшін...
***
Маңдайынан сәбилердің Күн сүйген,
Арулардың жанарынан гүл сүйген.
Адамзатты әлдилеген ақ бесік,
Жер-анадай мейірленіп кім сүйген?
Көктем-ару көйлегіндей кестелі,
Қызғалдақты далам кербез есте еді...
Қандай көркем, қандай ғажап, жұпарлы
Алатаудан ақ самалдың ескені.
Көктем-ару ажарына тамсанып,
Құйқылжытар бақта бұлбұл ән салып.
Көк белдерде бүр жарады бәйшешек
Мына әлемнің мәңгілігін жар салып.
Көктем-ару бұрымына байланып,
Өмір сүрем Махаббатқа айналып.
Бар ғаламды жүрегіме сыйғызып,
Кетсем бе екен адамдарды Айға алып?..
Қалықтатар аяулы арман, қиялым,
О, Жер-ана,
сенсіз қайда сиямын?
Көктем-Өлең тамырланып кеудемнен,
Көкірегімде күмбірлейді күй ағын...
***
Күлімдеші,
жүрегімнің Көктемі,
Жадырашы, сенсіз өмір өкпелі.
Аңсар көңіл сағынышы сездің бе,
Ақ жауынның үзіліссіз төккені.
Жауратты ма қыстың ызғар, салқыны,
Әдемі әнің естілмеді, жарқыным.
Мейіріммен елжірей ме Алатау,
Сәлем айтар ұшқан құстар арқылы.
Найзағайы, дүниенің күркірі,
Жасқа малған алтын күннің кірпігін,
Бәрі де өтер....
көңіл терезесінен
күлімдейді қызғалдақтың түр-түрі...
Көктем келер бір күні.
***
Сезбеймін сиқырын ғаламның –
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға...
Сен мені таба алмай жүрмісің?
Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай –
Төзуге тағдырдың сынына.
Тосыннан қинайды сын деген,
Жанарда мөлдірер мұңды өлең.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.
Мен түбі оралам қалайда,
Сен мені іздеме, жарай ма...
Сөнбеген бір сәуле жалт етер
Айналған әдемі арайға.
***
Қызғалдақ солмағандай,
ақ қайың тоңбағандай,
сол көктем,
сол бір сезім,
ешнәрсе өзгермеген,
ешнәрсе болмағандай...
бұлбұлсыз орман қандай?
тыныштық орнағандай,
сол соқпақ,
сол баурай жол,
ешнәрсе өзгермеген,
ешнәрсе болмағандай...
торғын ой торлағандай,
нөсер-күй ойнағандай,
сол аспан,
сол күрең күз,
ешнәрсе өзгермеген,
ешнәрсе болмағандай...
Биік арман
Биік арман
жетпей қалып қарға адым,
Шың басында аппақ бұлтты қармадым.
Тауым қанша шағылса да қамығып,
Мұңымды айтып жан пендеге бармадым.
Биік арман
қанатымды қомдағам,
Қатал тағдыр ызғарынан тоңбағам.
Бір қағысым жетпей қалған сәтте де,
Ақ қауырсын намысымды қорғағам.
Биік арман
бәйге аттарын баптаған,
Маңайымда сәйгүлік жүр қаптаған.
Бір шабысым кемшіл түсіп жатса да,
Құны қымбат абыройды сақтағам.
Биік арман
асыл мұрат діттеген,
Асқақ ойлар, даңғыл жолдар бітпеген.
Үміт сәулем талмаураған сәтте де,
Кер тағдырдың тосын сыйын күткен ем.
***
Бақыт тұнған сәттер бар, байқалмайтын,
Жүрек тулар сөздер бар, айта алмайтын.
Байланғанда тағдырлар тәуекелге
Бір-ақ жол бар: белгісіз,
қайта алмайтын...
Жанарымда жазу бар көз көрмейтін,
Оқылмаған кітап бар өзгермейтін,
Өмір-айна қарайды қабақ шытып,
Ауыстырған біз бе әлде,
сөз бе кейпін?..
***
Бәрі өлшеулі...
Кім озады уақыттан?
Несібесін төгер дәйім жақұт таң.
Басқа емес...
Тұратындай мына әлем -
Бір-ақ сәттік қайталанбас бақыттан.
Бәрі ғажап...
Көрген түстей, көз ілген,
Таңдайда - бал, шәрбаттайын сезілген.
Басқа емес...
Тұратындай мына әлем -
Ең әдемі махаббат пен сезімнен.