МАРАЛТАЙ РАЙЫМБЕКҰЛЫ. ҒАБИДЕН

(Ғабиден Құлахметов)

Бұл ұмытпасам 1996 жылдың  мамыр, не маусым айы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті сиезі Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында өтіп жатты. Біз сиезге қатысқан жоқпыз. Біз сиезді сыртынан тамашаладық. Мұндай хәлде ғимарат ішіндегі ақ жағалы ағаларды мазалау ретсіз деп шешкен болуымыз керек. Бір топ қалам ұстаған үлкен-кіші, замандастар опера театрдың қарсы бетіндегі «Алматы» қонақ үйінің бір шетінде әжүк-күжік боп өз бетімізше тойлап жаттық. Түс әлетінде Жамбыл жақтан суық хабар жетті. Белгілі қаламгер Мұрат Сыздықов осы сиезге келе жатып жол апатынан қайтыс болыпты. Көңіліміз қатты қобалжып қалды. Жақсы азамат еді... Ара кідік сиезден де хабар жетіп тұрды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына Нұрлан Оразалин, ал орынбасарлығына Темірхан Медетбек пен Ғабиден Құлахметов сайланыпты. Нұрлан ағамен Темірхан ағаның жырын жатқа білеміз ғой, бірақ ол кезде Ғабиден ағаның атын естігенім болмаса өзін жыға танымайтын едім. Десе де ішіліп жатқан шарап қой, ағалардан аянар неміз бар? Аты аталған ағалардың жаңа лауазымының құрметіне бірнеше қайталана тілек айтылып үздіксіз тост көтерілді. Әрине, өңкей ақынның ортасы мұндайда мүшәйраға айналары бек түсінікті. Не бір ғажайып жырлар, әдебиет айналасындағы тылсым әңгіме арнасына сыймай асау толқындай көбік шашады. Осы үрдіс кешке дейін бір тынбады. Біз де тынбадық...

 Ертесіне азанда тәтті ұйқының құшағында жатқан мені «Әй, әкеңнің үйінде жатсың ба!» деген қатқыл дауыс оятып жіберді. Көзімді ашсам, бірер мәрте түрлі әдеби жиында көріп, тіпті қол алысып амандасып жүрген, бірақ атын білмейтін қырықтың қырқасындағы дидары нарттай кең иықты жігіт ағасы жүзіме төне қарап түсін суытып тұр екен. Мен диванда жатқан қалпымда ойланбастан «Ия, әкемнің үйінде жатырмын!»  дедім. Мұндай жауапты күтпеген әлгі кісі «Сен, кімсің өзі?!» деді одан сайын төне түсіп. «Мен Маралтаймын!» дедім. Даусымның соншалықты салтанатты шыққанына таңданғам жоқ. Ол кісінің түсі бірден жылыды. «Сен өзің кімсің?» дедім. «Мен Ғабиден ағаңмын ғой» деді әлгі кісі. Сол уақытта «Ғабиден ағоуу!» деп жатқан орнымнан атып тұрып секіріп кеп мойнына мініп алдым. «Ағоу біз сізді жудық қой» дедім, екі аяғыммен белінен, екі қолыммен мойнынан қапсыра құшақтап тұрған қалпымда.  Ғабиден аға селкілдеп күлді. «Қалай жудыңдар?» деді. «Осылай!» деп шарап мүңкіп тұрған аузымды «Үү-һ»деп бетіне үрлеп жібердім. Ғабиден аға тыжырынып бетін ала қашты. Бірақ ашуланған жоқ. «Аға, тағы да жуайық» дедім. Ғабиден аға мені жәйлап жерге түсірді де «Аяқ киіміңді ки» деді. Оның көзі менің аяқ киіміме енді түсті. Жүзі бірден нарт қызыл түске енді. Ол кісінің түрі әлде неге ренжігенде, әлде бір ұятты әрекетке куә болғанда және ащы судан азырақ ұрттағанда осындай ерекше түске боялатынына кейін жүре келе қанықтық қой. Аяқ киімім аяқ жағымда тұрған әбден тозығы жеткен, сыдырмасы жүрмейтін қыстық етік еді. Ғабиден аға соны көріп абдырап қалды. Қазір етік киетін уақыт емес... «Ия, жуамыз!» деді Ғабиден аға. «Бірақ, қазір бірінші дүкенге барамыз. Саған әдемі туфли аламыз. Содан кейін жақсылап жуамыз» деді. Және дәл солай жасады. Ғабиден аға Жазушылар одағының хатшылығының орынбасарлығына сайланған алғашқы күні осылай өтті. Ол күні ол кісі қайтып жұмысқа барды ма, бармады ма білмеймін. Мен ертесіне азанда «әкемнің үйіндегі» өз орынымда шыттай жаңа киіммен оянғаным есімде. «Менің әкемнің үйі» - ол, Қазақстан Жазушылар одағы дейтін қасиетті қара шаңырақ болатын. Бұл қасиетті қара шаңырақ шын мәнінде де менің рухани аталарымның көзі, бізге қалған асыл аманаты еді...

Ғабиден аға туралы айту маған қиын. Қиын болатын себебі мен бұл тақырыпқа бару үшін өзімнің де өткен өміріме барлау жасауға мәжбүрмін. Ғабиден ағаның болмысын ашатын деталдардың көбі менің тағдырымдағы алмағайып сәттермен тығыз байланысты. Дегенмен мен қаузайтын әңгіме мені көрген, бірге жүрген замандастарыма тансық емес. Мен Ғабиден ағадан қыруар құрмет, өлшеусіз ізет көрдім. Ол жылдар ,,Балапан басына, тұрымтай тұсына,, дейтіндей кез еді ғой. Баратын жер, басатын тау қалмаған тұста мен Жазушылар одағын паналадым. Жазушылар одағын өз құжырамдай еркін тұтындым. Одақтың ғимараты ғана емес ол кезде одақтың ішіндегі адамдарда да ғажайып мейірім бар болатын. Сол мейірімді адамның бірегейі Ғабиден аға еді. Біз сол кезде қоғамға өгейлігімізді, сұраусыз жастық шағымыздың бодауын ішімдіктен қайырдық. Қоғам бассыз салт аттыдай қайда бет аларын бағамдай алмай тұрғанда біз бәрібір өз темірқазығымыздан айныған жоқпыз. Ол темірқазық - қазақтың қасиетті қара өлеңіне деген адалдық! Өлең үшін өмірімізді отқа салдық. Мұндай өліара кезеңнің көзтүрткі күйзелісі тұтас бір буын, яғни ,,Алтынкөпірліктердің,, басына түскен ортақ нәубет болды. Ол тұста жиі-жиі айықтырғышқа түсіп тұру сөкет құбылыс боп есептелмейтін. Айықтырғышқа түскен адамды сұрауы бар, іздеуі бар адамдар келіп айыппұлын төлеп шығарып алып кетеді. Ал, біз сияқты көгенкөздерді милицияның арнайы көлігімен айыппұлдың қаражатын тауып бергенше қаланы аралатып алып жүреді. Олар қалай болғанда да айықтырғышқа бір түнеп шыққан жамбас пұлыңды қайтармай тынбайды. Туыстарыңа апарады, таныстарыңа апарады, әйтеуір алады. Егер, айыппұлды ол күні ала алмаса қайта апарып қамайды. Екінші күні екі күннің айыппұлын төлеуге тура келеді. Екі күн бойы аш бұратылып жатуың мүмкін. Енді, мұндайда қалайда ақша ала алатын жерге өзің бастап баруға мәжбүрсің. Осындай кезекті ,,жарнаны,, төлеу үшін Жазушылар одағына баруға амалсыз тура келді. Одақта маңдай тіреп барар жалғыз адам Ғабиден аға. Ұят та болса, амал жоқ... Милицияның арнайы көлігі дәл одақтың алдына келіп сиренасын бірақ өшірді. Екі милиция екі жағымнан қолтықтап, құдды бір кісі өлтірген қылмыскерді әкеле жатқан сияқты ,,сән-салтанатпен,, Жазушылар одағына кірдік. Бірден Ғабиден ағаның кабинетіне бардық. Ғабиден аға мына жағдайды көріп орнынан атып тұрды. ,,Аманшылық па, не тірлік?,, деді. Милициялар жағдайды түсіндірді. ,,Бұл біздің өте талантты ақынымыз еді,, деп Ғабиден аға мені ақтай бастап еді ана милиция да сөзуар пәле екен ,, Біз мұны өте талантты алқаш ретінде ғана танимыз,, деп періп қалды. Ғабиден аға қып-қызыл боп кетті. Маған қарап зілсіз ғана ,,Сволыш,, деді. Мен ыржидым. Милицияларға қарап айыппұлдың көлемін сұрады. Қоңырау басып Ибада апайды шақырды. Ибада апай Жазушылар одағының буxгалтері. Ибада апайға айыппұлдың екі есе көлеміндей ақша алдырды да жартысын милицияларға, жартысын менің қолыма ұстатты. ,,Оған неге ақша бересіз,, деп милициялар шыр ете қалды. Ғабиден аға ,, Ол бас жазуы керек!,, деді...

Тағы бірде Қазақстан Жазушылар одағының жыл қортындысы өтіп жатқанда Ғабиден аға кезексіз жарыссөзге шығып, қалтасынан менің ,,Ай-Нұр,, деген кішкентай ғана пышақ қырындай кітабымды суырып алып ,, Әй, баяндамашылар сендер неге мына ақын туралы айтпайсыңдар? Неге мына жас ақынның жырларын оқымайсыңдар?,, деп назын айтады. Сол кеде залдан ,, Ғабиден-ау, ол сенің бұл сөзіңді естісе ішіп кетеді ғой,, деген дауыс шығады. Сонда Ғабиден аға ,, Мен оған жаңа  ғана мың теңге бердім, ол қазір онсыз да ішіп жатқан шығар. Мынадай тауқыметті тағдыр кешіп, мынадай өлең жазған ақын өліп қалмауы үшін ішіп тұрғаны дұрыс,, депті, жарықтық...

Іш қазандай қайнайды. Не жұмыс жоқ, не баспана жоқ. Қатын екі бастан жоқ. Бір қалыпты өмір ағысымен қызмет істеп, отбасын құрып күн кешіп жатқан адамдар бақытты ғой. Күні бойғы тірлігім одаққа кіріп-шыққан қаламгер ағалармен әңгіме дүкен құрып, әңгіме аяғы ,,жазылмаған дәстүрмен,, аяқталуы әдетке айналып кеткен. Сондай сұрқай күндердің бірінде ішімдегі наламды шығарғым кеп Жазушылар одағының мәрмәр коллонасын быдым-быдым жұдырығыммен түйгіштеп жатқам. Қарасам қасыма Ғабиден аға кеп қапты. ,,Әй, боксер, қорған!,, деді. Секундтың бөлшегіндей мезетте үш соққы иектен, қолтық пен бауырдан жанып өтті. Тәлтіректеп кеттім. Бірақ, абырой болғанда құлағам жоқ. ,,Ұстазың кім?,, деді. Даусында мысқыл бар. Әшейінде ,,Мұстафа Өзтүрік өз беліндегі қара белбеуін өз қолымен беліме байлаған,, деп мақтанатын ғазиз басым Мұстафа ағаның атын атауға арландым. Ғабиден аға бұдан бұрын сөз арасында Мәскеудегі Горький атындағы әдеби инистутта оқып жүріп шығыс жекпе-жек өнерімен шұғылданғанын және кикбокстен де әжептәуір жетістігі барын айтып қалғаны есімде. Мына шапшаң, көз ілеспес әбжіл қимылынан кейін сөзі негізсіз емес екеніне иландым. Әйтпесе біз де ,,Ай қарап жүргеміз жоқ!,, Мұстафа Өзтүрік Тараз қаласында ашқан алғашқы таэквонда мектебіне бекер кіріп-шықпасақ керек-ті. Кешегі көше кезген есер шақта көлемі Берік сияқты ( авт. Берік Жүсіпов ) жігіттерді жалғыз соққымен ,,алға қарай құлатайын ба, артқа қарай құлатайын ба?,, деп ермек үшін теректей сұлатып кететін дойырлық Ғабиден ағаға келгенде жүрмей қалды. Ғабиден ағаның бұл әрекеті маған ,,Есіңді жи, еңсеңді түсірме, жинақы бол!,, деген ескертуі деп қабылдадым.

Бір күні одаққа келсем бүкіл одақ мені іздеп жатыр екен. Нүкеш Бәдіғұлов ағай жедел түрде Құлаxметовке баруым керек екенін, мені күтіп отырғанын айтты. Кіріп келсем Ғабиден аға ерекше көңілді екен. Амандаспастан бірден ,,Үйіңе барып киініп кел, сағат екіде президент қабылдайды. Бүгін саған президенттің стипендиясы тапсырылады,, деді. Мен қуана алмадым. Менің аузымнан алғашқы шыққан сөз ,, Аға, үйі жоқ адамда киім бола ма?!,, болды. Ғабиден ағаның жүзі бірден алаулап шыға келді. ,,Сволыш!,, деді зілсіз. Даусында аяныш па, әйтеуір бір дәрменсіз рең байқалды. Пиджагының қалтасына қол салды. Партмонесін алып бір мыңдықтан бес мың теңге ұсынды. Мен базарға тарттым. Үш мыңға кастюм-шалбар, бес жүз теңгеге туфли , сақал қырғыш және бір бөтелке шарапты жанқалтаға сүңгіттім. ,,Кісі көркі шүберек деген ып-рас. Үсті-басым дұрысталып-ақ қалды. Басты да ,,дұрыстап,, алғам. Костюм қытайлық. Сәл қалыңдау. Бірақ маған жарап тұр. Аяғымдағы үйге киетін сүйретпе, тізесі шығып кеткен трико мен түсі оңып кеткен терсіңді футболка базардың қоқыс жәшігінде қалды. Әжетxанаға кіріп сақал-мұртты сыпырып тастадым. Жанқалтамда аузы кәзитпен тығындалған жарты шөлмек шарабым бар, сағат екіде президенттің резиденциясына шауып келдім. Келсем ішке қарай президентпен кездесетін құрметті қонақтарды тексеріп өткізіп жатыр екен. Арнаулы аппарат орнатылған аймақтан үш мәрте қайталап өткізді. Үшінші жолы қалтаңыздағы затты шығарыңыз деп өтініш білдірді. Мен қалтамдағы аузы кәзитпен тығындалған жарты бөтелке шарапты суырып алғанда сол маңайда тұрған зиялылар күтпеген көрніске үрпиісіп қалды. Араларында Алтынбек аға да бар еді. ( авт. Алтынбек Сәрсенбаев ) Алтынбек аға екі қолы екі қалтасында шалқайып тұрып қарқылдап күлді. Күліп тұрып иегімен ымдап ,,Әй, қайтарып беріңдер!,, дегендей болды. Министрдің қолдауына арқаланып кеткен мен кинодағы Бекежан құсап құтыдағы шараптың тығынын тісіммен жұлып ап ,,ап,, деп атып жібердім де, шалқалап тұрып шарап толы құтыны алқымыма ағыза-тамыза бірақ сарқып күзетші жігіттердің қолына ұстата салдым...

...Президенттің алдынан бір сөмке ақшамен шықтық. Шыға сап әрқайсы бет-бетімен кетіп жатыр. Мен Жазушылар одағына қарай тарттым. Бір сөмке ақшаны қайда тығам, қайда қоям? Әрине, Ғабиден ағаның сейфінен асқан сенімді орын болуы мүмкін емес. Бірақ, Ғабиден аға бір сөмке ақшаны өте ауыр талаппен қабылдап алды. «Бұл ақшаны қайтып менен сұрамайсың! Мен күт деген уақытқа дейін күтесің. Айтылған уақытта үстіне тағы да ақша қосып қаланың маңайынан үй алып берем» деді. «Олай болса мен кішкене қажетіме жарайтын мөлшерде алып қалайын» дедім... Ендігі әңгімені айту ұят е. Содан «Қажетіме жарайтын мөлшерді» күніге болмаса да күн ара келіп алам да тұрам, алам да тұрам. Ағамның «қатал талабы» маған жүрмеді. Ең соңында орталаған сөмкемді қолыма ұстатып тұрып «Енді қайтып маған келме!» деді. Бұл қатал талаптың да орындала қоюы неғайбыл еді.

Бір күні жұмыс аяғында Жазушылар одағының бірінші қабатында айлық алған «Қазақ әдебиеті» газетінің жігіттерін күтіп тұр едім екінші қабаттан Ғабиден аға түсіп келе жатыр екен. Ағаның көзіне түспеуге тырысып жүргеніме біраз уақыт болған. Қабағы қату көрінді. Маған «Жүр» деді. Мен ілесіп есік алдына шықтым. Сол күні Ғабиден ағаның шофері көрінбеді. Ғабиден аға бірден Абылайхан даңғылына шығып такси ұстады. Такси тез тоқтады. Такси жүргізуші басқа ұлт өкілі екен. Орысшалап бір адресті айтып еді анау басын изеді. Маған көліктің алдынғы жағына отыр деді. Содан ұзақ жүріп «Алма Арасан» бағытындағы жолға көтерілдік. Бір мезгілде «Аркобалено» деген мейрамхананың алдына келіп тоқтадық. Мейрамхананың алды ығы-жығы мол көлік екен. Ғабиден аға таксишіге екі сағатқа ақша төледі. Ғабиден ағаның қимыл-әрекеті мен бүгінгі мінез құлқы маған біртүрлі боп көрінді. Ғабиден аға көліктен түсіп бес-алты қадам жасап кейін қарай кілт бұрылып маған келді де қалтасынан бүктеулі бір қағазды шығарып «Екі сағатта шықпасам осы адамға хабарласасын» деді де мейрамханаға қарай жүріп кетті. Мені түсініксіз үрей биледі. Тізем дірілдеп кетті. Көліктен шығып шылым шектім. Ойыма неше түрлі нәрселер келді. Қағазды ашып оқуға бірнеше рет оқталдым. Бірақ, беймәлім бір құдірет қағазды ашып көруге жететін жағдай болса жақсылық болмайтынын сезіндіргендей болды. Уақыт табандап қалғандай өтпей қойды. Бір сағат әзер болды. Мен он рет шылым шектім-ау деймін. Мендегі қобалжу тіпті таксишіге өтіп кеткендей еді. Ол да сағатына жиі қарай бастады. Көзіміз мейрамхананың есігінде. Бір кезде Ғабиден аға шығып келе жатты. Менің күрсінгенімді таксиші анық естіді. Ғабиден аға көліктің артқы орындығына кеп жайғасты. Таксишіге қарап «Үйге» деді. Бір ауыз сөзінде көп мағына сыйып тұр еді. Таксиші үйдің адресін сұраған жоқ. Бағанағыға қарағанда даусы анық, көңілі ширақ секілді сезілді. Ғабиден аға осы мейрамханаға басы бәйгеге тігіліп келген сияқты көрінді. Енді иығынан бір жүк түскен сияқты. Маған қолын созды. Бүктеулі қағазды алып ашық терезеден тастай салды. Сонымен бүктеулі қағазға жазылған жазу мен үшін мәңгі жұмбақ қалпында қалды...

Үнемі осы мейрамхананың қасынан өткенде сол бір тылсым түн есіме түседі. Кейін келе бұл мейрамхана сол уақыттарда Рахат Әлиевтың иелігінде болғанын естігем...

Осыдан екі жыл бұрын Ғабиден ағаның кіші ұлы Шыңғыс хабарласты. «Аға, сіз папам туралы біледі екенсіз. Кітабына алғы сөз жазып бересіз бе?» деп өтініш айтты. Жеңіл-желпі сылтау айтып сытылып кеттім. Екі жылдан бері Шығыс жақтан ақын Ермек Дайырбаев інім қолқалап жүр. Оның да бұйымтайы, осы Ғабиден аға туралы естелік жазып бергенімді қалайды. Оған  сылтау айтпасам да, бұл тақырып мен үшін өте ауыр екенін емеурінмен сездіргем...Кеше Шыңғыс інім телефоныма хабарлама жіберіпті. «Папамның заттарын ақтарып отырсам мына бір құжатының арасына сіздің фотоңызды салып қойыпты» деп құжаттың арасына салған менің үште төрт фотомның суретін қоса салып жіберіпті. Толқыдым. Содан қолға қалам алдым. Әңгіменің бас жағында да айттым ғой, Ғабиден ағаға байланысты естелік тек менің қым-қуыт, аласапыран, пышақ жүзінде жүрген кездеріммен сәйкес келеді. Ғабиден аға туралы жазудан басымды ала қашатыным да сондықтан еді.

Ғабиден аға Жазушылар одағы хатшылығының орынбасарлығына сайланған жылғы жаз менің жеке басым үшін түрлі ауыртпалықпен өтті. Оны айту маңызды емес. Менің «дәруіштік» ғұмырым басталды. Бұл ғұмыр бажайлап қарасам бұрынғы ғұмырымнан көп өзгешелігі жоқ. Мен Кеңсайға шығып кеттім. Кеңсайдың басынан Алматыға қарап тұрудың ғанибетін сіз сезе аласыз ба!? Әсіресе жер қазып болып, үсті басыңның топырағын қағып... Шындығында да Кеңсайдағы жер қазушылар мені ешқандай жатырқамай қабылдады. Солармен бірге ішіп, бірге жеп әр шаруамызды ықтияттап бітіргенімізге бірге қанағаттанатын едік. Бір күні Баукеңнің, бір күні Мұқағалидың, бірде Жұмекен, бірде Жұматайдың басына түнеймін. Оларға өз өлеңдерін оқып берем. Жер қазатын жігітердің үйлері бар. Олар шаруасы біткен соң қайтып кетеді. Жер қазатын жігіттер олар ол жердегі Мұқағалиды да, Жұмекен мен Жұматайды да менен артық біледі. Олар маған өлең оқытады. Мен тұтас Кеңсайға өлең оқимын. Түн баласы Кеңсай тұтас менің иелігіме өтеді. Ол жерде әруақтар мен мен ғана қалам.

Аза бұлты  қаза жасын төккенде,​

Жаз ба, күз бе, жә, болмаса көктемде.

Күрегін ап көр қазатын күрсініп,

Бір әзіз жан дүниеден өткенде.

Жанарынан талай мәрте шық құлап,

Қу фәниден шыншыл әрі құттырақ,

Сан жақсыны жайлы орынға жайғаған

Оның шені министрден мықтырақ.

Көрем десе, тәңірінің көзі көп,

Кімнің алдын кімдер болжап сезіп ед?

Ол қайтқанда жуып жатты денесін

(Бұл түсі ғой) қажы Рәтбек өзі кеп.

Ақыры енді сөздің басын ашқасын,

Ақ шашын да сыйламай-ақ, қасқасын.

Сорға біткен сүйрік тілім, сүйреңде,

Құдайдан тек қақпайтұғын басқасын.

Біз салғанда садақаның жарысын,

Ол аспанға түртті саусақ,

Наны үшін.

Қайдан жыртсын қайыршылар содан соң

Дін мұсылман баласының намысын.

Ал әлгі жан қабыл болмай тілегі,

Иығында басы сынған күрегі.

Көзін жұмса, таныс зират ішінде

Үй салатын  жер таба алмай жүреді...

... Ерлан мені Меңдекештің басынан тауып алды. Ерлан - Ғабиден ағаның шофері. Көліктен түсе сап маған қарай емпеңдеп жүгірді. Келе сап құшақтады. «Бүгін екінші күн сені іздеп жүргеніме. Ғабиден аға сені таппай келме, деді» дейді. Мен бірден «Бармаймын!» дедім. «Ол сенің осылай айтатыныңды біліп отыр. Келмесе өзім барам. Өзім барсам сол жерге көміп кетем деді» дейді Ерлан. «Не, мен барсам басыма алтын шатыр тіге ме екен?» деп күбірлеп көлікке қарай қозғалдым. Бұл шынында да менің қатты шаршап жүрген кезім еді. Санамда дағдарыс туған, тірілерден қараптан-қарап безіне бастағам. Жақсылардың бәрі әргі бетке көшіп кеткендей халде едім. Ақиқат пен шындықтан адасып қалғандай, адамдардың екі жүзділігінен көңіл кесесі қаусап қалғандай. Өмір бойы дуана боп күн кешпесім де анық еді. Қайтадан төменге түсуге тура келді. Қимас, асыл, таза дүнием Кеңсайдың басында қалып бара жатқандай болды.

Кейін білгенімдей Ғабиден аға сол кезде композитор Тілес Қажығалиевтің жерлеуіне Кеңсайға барған екен. Мені Кеңсайда сыртымнан көріп қалыпты. Қалың жұрттың арасында мені қайтадан таппай қалса керек. Ол кезде менің Кеңсайға қонып, Кеңсайда түнеп жүргенім әдеби ортаға тарап та кеткен болатын...

Сонымен солай, бір сыдырғы күндер өтіп жатты. Бір күні Ғабиден ағаға барып бір қызбен үйленейін десем бірге тұратын жер таппай жүргенімді айттым. Ғабиден аға мені машинасына мінгізіп алып Сейфуллин көшесінің бойындағы бірінші Алматы жақтағы бір жатақханаға алып барды. Өзі ішке кіріп сөйлесіп шықты да мені шақырды. Жатақхананың комендаты әйел адам екен. Ертең келіп орналасатын болдым. Қуанышым қойныма сыймады. Алайда ертерек қуанып қойған сияқтымын. Мен сол күні-ақ кешке жақын «қуанышымды жасыра алмай» жетіп келгем ғой. Менің шын сипатымды көрген комендат әйел ол жатақханаға мені қайта жолатқан жоқ. Жазған құлда шаршау жоқ дегендей қайтадан Ғабиден ағаға келдім. Ғабиден аға «Келінді әкеп көрсет» деді. «Ақымаққа болмайды ақыл айтып, Алдап кетер көзіңді бақырайтып» деп Мұқағали айтқандай менің берекесіздігімнен Ғабиден ағаның да әбден «аузы күйген» боп тұр ғой. Ертесіне Толқынды ертіп келдім. Ғабиден аға «Не істейсің, айналайын?» деп сұрады. «Қыздар инистутында аспирантпын, аздап өлең жазам» деді Толқын. «Қане, бір өлеңіңді оқышы» деді Ғабиден аға. Толқын өлеңін мәнерлеп оқып кеп мына шумақпен түйіндеді:

Таяқ болып тиген тұщы етіме,

Тағдырымның тік қарадым бетіне.

Шебер Құдай шеңбер сызып жатқанда,

Бір нүктемін шығып қалған шетіне.

Ғабиден аға риза шырайда «Даусың жақсы екен» деді. Содан кейін отбасы болудың оңай емес екені жөнінде әңгіме тиегін ағыта отырып жұмыс үстелінің суырмасын ашып жүз долларды үстел үстіне қойды. Демек, мына жүз доллар біздікі деп ойладым. Ғабиден ағаның әңгімесі қоюлана түсті. Тағы бір жүз доллар әлгі жүз доллардың үстіне келіп жайғасты. Сол кезде қарап отырмай «Аға, айта түсіңіз, айта түсіңіз. Бізге ақыл да, ақша да көптік етпейді» деп едім, Ғабиден аға бірден «Болды, осыны жеткізіңдер. Келін шырақ мынаны мынаған беруші болма» деп тағы бір жүз доллар қосып Толқынға ұстатты. Біз шыға сап бірден «Жетім бұрышқа» барып алғашқы жолыққан адаммен саудаласпай үш айға пәтер жалдап қалған ақшаға азық-түлік пен керек-жарақ алдық. Келесі күні Ғабиден ағаны қонаққа шақырдық. «Саяхаттың» төменгі жағындағы Есикская деген көше еді. Нөмірін ұмыттым. Ғабиден аға Темірше Сарыбаев екеуі келді. Өзімізше дастарханды мол қылып жайғанбыз. Жаңа бас құрап жатқан ақын дастарханында шарап неге тұрмасқа?! Темірше аға мен Ғабиден аға бізге ақ тілегін білдіріп дастархан иесінің көңілі үшін аздап ұрттады. Ғабиден аға маған өлең оқы деді. Аға, қонақсыз ғой, сіз оқыңыз дедім. Ғабиден аға ұзақтау бір баллада ма, поэма ма оқыды. Жады мықты екен. Кейін іздеп жүріп тауып алдым. Әлгі өлеңнің басы сұрапыл басталатын еді:

Қоңыр жел жасыл өңірден,

Жібектей сусып төгілген.

Енесін емген құлындай,

Қара жер нұрға емінген.

Алты ай қыс жатқан көгеннен,

Бұлақтар босып жөнелген.

Жасаулы көші көктемнің,

Келін боп келді өлеңмен...

Осы өлеңдегі әсем әуез сол кезде құйқамды шымырлатқан. Әлі де әсері солай...

Ғабиден ағаның алды адамнан босамайтын еді. Жазушылар одағының екінші қабаттағы фоэсінде сымға қонған қарлығаштай боп күніге он бес, жиырма адам Ғабиден ағаның қабылдауын күтіп отыратын. Аға солардың бәрінің тілін табуға тырысатын. Олардың ішінде қаламгерлер ғана емес, басқа да түрлі әлеуметтік топтағы адамдар тіпті ит арқасы қияннан келіп шаруасын айтатын егде жастағы кісі қарасы молдығына танданатынбыз. Мүмкін, әлде, Алматы қалалық кеңесіне депутат боп сайланған кезінен қалған жақсы әдет пе екен? Әйтеуір ел мәселесіне келгенде аянып қалмайтын. Ара-арасында Ғабиден ағаның кабинетінде мен бұрын көрмеген жүріс-тұрысы бөтен, паң, мықты спортшы екені анық байқалатын төрт-бес жігіт пайда болды. Солар келген сайын Ғабиден ағаның кабинетінен дауласқан, дөрекі, дауыс көтере сөйлеген үндері фоэге естіліп қап жататын. Байқасам бір ортақ шешімі табылмаған даулы мәселе сияқты. Сол жігіттер бір күні тағы да келді. Тағы да у-шу болды. Ғабиден ағаның хатшысы Дихан Әбіловтың келіні Гүлсім апай еді. Мен Гүлсім апайдың алдымнан шығып тоқтатқанына қарамай Ғабиден ағаның кабинетіне кіріп бардым. Ғабиден аға маған мән берген жоқ. Төмен қарап телефоннан бір нөмірді теріп жатыр екен. Әргі жақ телефон тұтқасын көтергенде Ғабиден аға да басын көтеріп ашуға толы алабұртқан дауыспен «Алмаз, мына күшіктеріңді алып кет! Енді келсе қайта алмай қалады. Тірсегін қиям!» деді де телефон тұтқасын лақтыра салды. Ашық тұрған есіктен «күшіктердің»  басы салбырап біртіндеп шыға бастады. Маған аузында кілті тұрған сейфті нұсқап «Әкел!»  деді. Сейфте ашылмаған үш шыны «Парламент» арағы тұр екен. Соның біреуін алып шығып аштым. Аштым да екі стаканға толтырып құйдым. Тост айтылған жоқ. Тарттық. Партсигарынан «Парламенттің» екі талын шығарып бірін маған ұсынды. Сигарет түтінін екі мәрте сорды да күлсалғышқа мыжып тастай салды. Маған иегімен есікті нұсқады...

Түс әлеті болатын. Одаққа келе жатыр едім. Одақтың алдында Ерлан тұр екен. Ерлан Алматы облысының жігіті. Ғабиден ағаның шофері. «Аға қайда?» деп едім «Қазір шығады» деді. Сөйткенше Ғабиден аға да шыға келді. Амандасып жатып «Кеттік» деді. Содан «Алма Арасанға» кетіп бара жатқан жолдың бойында, шамамен қазіргі полиция бекеті орналасқан жердің маңайындағы кигіз үйлерге келіп тоқтадық. Кигіз үйдің егелері ағайынды екі жігіт екен. Өздерінің адал еңбектерімен мал тауып бала-шағасын асырап отырған азаматтар екені көрініп тұр. Кигіз үйдің алдында мал сойып, кәуап жасап сатып пайда көретін сияқты. Олар біздің алдымызға дәм-тұзын қойғаннан кейін өздерінін мәселесін айта бастады. Бұларға сол кезде аты дүрілдеп тұрған қылмыстық топтың бұзықтары келіп күш көрсетіп әлімжеттік жасайды екен. Сендерге біз «крыша» боламыз, бізге алым-салық төлеп тұрмасаңдар күндерің қараң деп қорқытатынға ұқсайды. Мұндайды естіген Ғабиден аға бірден алабұртып көтеріліп кетті. Жүзі әдеттегідей нарттай қызыл түске боялды. Ол сол жерде орысша сөйледі. «Завтра вечером  они будут стоять  как суслики!» деді. Мен күмәнданғам жоқ...

Тау жақта Жазушылар одағының Шығармашылық үйі бар деп еститінмін. Соны бүгін көріп тұрмын. Жазушылар одағының қызметкерлерімен бірге сенбілікке келгем. Мен Жазушылар одағында қызмет істемесемде қара шаңырақтың еш бір іс-шарасынан қалмаушы едім. Маған мына таңғажайып ғимарат бірден ұнады. Сенбілік деген жәй аты ғана, бәрі демалысқа келгендей дастархан жайылып Ғабиден аға бастаған Қалаубек, Сүният, Жұмагелді, Қайсар аға тағы да басқа кісілер преферанс сызуға көшті. Дәл осындай көктемнің құлпырып тұрған кезі еді. Ғабиден аға тек қана «Парламент» арағымен «Парламент» сигаретін ғана тұтынатын. «Парламенттен» аздап ұрттап, «Парламентті»  басбармағы мен балаңүйрегінің арасына еппен қысып күлін еппен әдемілеп қағып отырған сәтінде «Ғабиден аға, мынау нағыз ақын тұратын жер екен» дедім жәй ғана. «Қолыңды кім қағып тұр. Қажет болса бүгін келіп орналас» деді. Ертесіне Шығармашылық үйіне көшіп алдық. Шығармашылық үйі біздің жаз жайлауымыз болды. Жаз бойы осында тұрамыз. Ауасы керемет. Сол жерде Жұматай мен Ғайникен дүниеге келді. Қыста суық. Свет пен су жоқ. Тамақты газбен жасаймыз. Суды көрші Хамза Есенжановтың баласының үйінен тасып ішеміз. Мен де сол жылы арақты біржола қойдым. Арақ қойған адамға сенім артыла бастайды екен...Мұқағалидың күнделігінде «Мен бір жылдан бері жұмыссызбын. Қайтіп күн көріп жүргенімді білмеймін» дейді. Мен Алматыда бақандай бес жыл бойы жұмыссыз жүрдім. О баста Алматыға келгенде Гүлнар Салықбай өзі жетелеп жүріп екі газетке жұмысқа қабылдатты. Кейін ол газеттер жабылып қалды. Оның біреуі Қажытай Ілиясов ағаның «Астана даусы» деген газеті, екіншісі Ұлықбек Есдаулеттің «Жас қазақ» деген газеті еді. Кейін бұл газетке жабылғанша Нұрлан Мәукенұлы редактор болды. Қысқасы, менің ащы суды біржола қойғаныма кепіл бола отырып Нұрлан Оразалиннің рұқсатымен Ғабиден аға мені Шығармашылық үйіне қарауылдық «қызметке тағайындады»...

Айлықты Ғабиден аға өз қалтасынан төлейтін еді. Айлық беретін кезде Шығармашылық үйіне өзі келетін. Кейде біздің жұпыны дастарxанымызды олқысынбай ұзақ отырып қалатын. Әлбетте әңгіме әдебиет төнірегінде өрбиді ғой. Шығармашылық үйіне кіре бесістегі оң жақ босағасында тұрған зәулім қос қарағай болатын. Бұл қос қарағайдың өзіндік тариxы бар екен. Оны да Ғабиден ағадан естідік. Шығармашылық үйі алғаш пайдалануға берілген жылы бұл қос қарағайды ұлт әдебиетінің қос классигі Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин отырғызған екен. Бағасын білгенге керемет тариx қой. Шығармашылық үйінің бірінші қабатындағы бильярд залында талай қазақ қаламгерлері тасқаяқ қағып, шар домалатқан. Екінші қабаттағы есігінің сыртына ат тағасы мен аттың басының суреті ілінген бөлме Асқар Сүлейменовтың мекені болғанға ұқсайды. Ғабиден ағаның әңгімесінен өзіміз ертегі әлемінде өмір сүріп жатқандай сезінетінбіз. Мен өзім де осы Шығармашвлық үйінде көптеген жырларымды дүниеге әкелдім. Ғабиден аға келген сайын маған өлең оқытатын еді. Өзі де тартынып қалмайтын. Ғабиден ағаның жырларында бір бекзаттық болатын. Ол көбіне «сендей кезімде жазған жырым еді» деп оқитын. Кейін прозаға бір жолата ден қойып кетті. Неге өлең жазып жүре бермеді екен деп ойлайтынмын. Десе де Ғабиден ағаның прозасы да сұмдық қой. Мынау сондағы оқыған өлеңі еді:

Көгілдір таудың баурайы, белі,

Жамырап өскен тал-қайың еді.

Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,

Жапырағы түгел сарғайып еді...

Күзеудің оттары шет-шетте жанып,

Көктемнің иісі көкпекте қалып,

Қоғалы көлдер қабыршақтанғанда,

Інілер жүр-ау мектепке барып.

Көңілім Арқа даласын кезді,

Тоңдырған шақта қара сыз лебі.

Көршінің қызы бой жетті дейді,

Тұлымы желбіреген бала қыз еді...

Өтіпті күндер, білместен біздер.

Өтіпті түндер білместен біздер.

Қозы-лақ баққан балалық шағым,

Алыста қалдың, құм кешкен іздер.

Жеткізгенде аққу дауысын желің,

Толқындай билеп алып-ұшып едім.

Сары алтын жонда сағыммен ойнап,

Сарғайып күтті-ау сағынышым менің..

Күзге қарай Шығармашылық үйі салқындап кетеді. Кейде тауға түскен тұман ашық тұрған терезеден үйдің ішіне дейін кіріп кететін. Мен ондайда табиғаттың тылсымын тамашалап терезені ашып тастаушы едім. Сол жылы күзде біз Шығармашылық үйінде ұзақ тұрып қалдық. Күн қара суыққа айналып алғашқы қар түсе бастаған күні кешке жақын Ғабиден аға келді. Ертесіне театрда бір үлкен әдеби іс-шара болатын еді. Сол туралы әңгіме боп қалды. Менен сол іс-шараға барасың ба деп сұрады. Менде қызық еді өзі. Жаз болса етікпен, қыс болса туфлимен жүрем. Оның үстіне әлі қыстық сырт киім алып үлгермегем. Ағадан жасырар сыр бар ма..? Ғабиден аға біздің үйден сырт киімсіз шықты. Және дастарxан шетіне жарамды етік алуға жарайтын қаражат қалдырды...

Ғабиден ағадан шын мәнінде дегдарлықтың самалы аңқып тұратын. Киім кию мәнері де ерекше, жарқын, жаңаша болатын. Жұмысқа күн сайын қайталанбайтын түрлі сипаттағы костюмдер киіп келетін. Қай жылы Қырғызстан мен Өзібекстанға әдеби іс-шараға барғанда ондағы қаламгерлер жеңі тозып жібі шығып жағасы қиылып кеткен иыққа ілерлерін бір апта бойы тастамай жүргенде біздің Ғабиден ағамыз түске дейін бір костюм, түстен кейін бір костюм киіп есін шығарған ғой олардың. Ғабиден аға жігіттің сұлтаны еді. Жемін шашып жейтін сұңқар санаттас болатын. Жұмысқа бардовый пиджагын киіп келген күні о, бүгін Ғабиден аға «ішеді» дейтінбіз. Ондай күндер реті келсе шығармашылық сипаттағы дидарласуға ұласып кететін. Өлең оқығанды ұнататын. Ондай күні «Аға, өткен жолы «Льдинкада» оқыған өлеңіңізді жазып алайыншы. Жаттап ап оқып жүргенге күшті екен» деп кабинетіне кіріп аламыз. «Ол қайсы еді?» деп бізден сұрайды. «Аға, сіздің өлеңнің бәрі күшті ғой, табиғат туралы болатын» деп қоям. Ғабиден аға өлеңді ықыласымен дауыс көтермей баяу оқитын. Суреткер ақын еді.

Сылдыр-сылдыр жататын ағыс құлап,

Қарақолдың жағасы қамыс, құрақ.

Көлеңкелер қонғанда кезең астым,

Қамажайдың ауылы алыс бірақ.

Талып жетіп тылсым үн... есітпеген,

Көк шалғынды алқынып кешіп келем.

Кешіп келем... елеңдеп сен тұрмысың,

Алданғанда қарт әжең бесікпенен.

Бұлдыр-бұлдыр бозаң бел елес еді...

Қашқан қаңбақ қорқытты-ау жеңешеңді,

Көйлегінің етегі дөңгеленіп,

Қадір түні қызылдан жел еседі.

Айнакөлден сыңсып ән сызылады-ау,

Аспан асты лаулаған қызыл алау...

Қара жолдың топырағы қоңыр салқын,

Көктемнің де тоңдырар сызы бар-ау...

Көктем келіп, төсіне гүл тұнып қыр:

Жырға ғашық жүрегім бұлқынып бір,

Аққу құстың киелі қанатымен

Қараңғы түн саздары сілкініп тұр!

2001 жылы Астана қаласында ,,Отырар кітапxанасы,, сериясымен жарық көрген жүз кітаптың тұсаукесер рәсімі өтетін болды. Қазақ әдебиетінің үлкен-кішісі бар жүз автор Алматы-Астана бағытындағы пойызға отырды. Мұндай сапар той-думансыз болушы ма еді?! Вагон-ресторанда біздің сарыауыз ақын жігіттеріміз жолаушылап бара жатқан кеудесі биік, жұдырығы мығым бір топ жігіттермен әңгімелері жараспай қалады. Әлгі жігіттер біздің ақындарды кәдімгідей тықсырып, бидайша қуырып бара жатқанда Ғабиден аға кеп қалады. Ғабиден аға Жазушылар одағы тарапынан осы сапардың жолбасшы ноқта ағасы боп бекітілген-ді. Ғабиден аға келе сап бірден іске көшіпті. Дұрысырақ айтқанда темір тордың әргі бетінде ғана қолданылатын жаргондар іске қосылған ғой. Шынында да әлгі жігіттер темір тордың дәмін татқан, ештеңеден тайынбайтын шой желкелер екен. Ғабиден аға ,,Бақаның тілін балық біледі,, дейтін қағидаға сүйенсе керек. Ғабиден ағаның бес-алты ауыз орамды сөзінен кейін әлгі жігіттердің әпігі басылып қалса керек. Біздің ақын жігіттер Астанаға жеткенше әлгілер вагон-ресторанда қарасын көрсеткен жоқ дейді.

«1998 жылы Бішкекте Шыңғыс Айтматовтың 70 жасқа толған мерейтойы тойланатын болды. Соған қазақ зиялылары атынан ерекше бір сыйлық жасағымыз келді. Шыңғыс Төреқұлұлына ұшақ мінгізсек те жарасар. Алайда жақсы көлік мінгізуге де қол қысқа. Содан ойлана келе Ғабиденге Шықаңның кейіпкері Танабайдың Гүлсарысынан аумайтын жылқы баласын табуды тапсырдым» дейді Нұрлан аға. (авт. Нұрлан Оразалин ) Одан әргі шаруа Ғабиден ағаның еншісінде екені белгілі. Ғабиден аға қазақ даласын кезіп түгел аралап жүріп дәл Айтматовтың өзі суреттегендей Гүлсары аттың «екінші нұсқасын» табады ғой. Тауып қана қоймай күмістен ер-тұрманын жабдықтап үстіне төгілдіріп кілем жауып Алматыдан Бішкекке дейін шаң қондырмай жеткізеді. Жеткізіп қана қоймай сахнаға дүйім жұрттың алдында қазақ елінің ар-намысының белгісіндей болатын жануарды шомылдырып, жал-құйрығын сүзіп, ішіп-жемін бабымен татқызып, түндікпенен күн беріп, түтікпенен су беріп жетелеп шыққанда сүйінбеген жан қалмады дейді. Шыңғыс Төреқұлұлы айналсоқтап Гүлсарынын қасынан кете алмай қалса керек. Гүлсарыны құшақтап тұрып қайта-қайта суретке түсті дейді. Дүнияның төрт бұрышынан ағылып кеп жатқан елдің бәрі тәнті болыпты. Шыңғыс аға «қайта тіріліп келген» Гүлсарының маңдайына маңдайын сүйеп жанарынан бірер тамшы жас домалатыпты. Міне, ыждақаттылық! Міне, елдің намысына тұрып беретін азамат! Міне, іскерлік!!! Қайраң Ғабиден ағам-ай...

Ғабиден аға преферанс сызғанды жақсы көреді. Сүният Бекенұлы, Қалаубек Тұрсынқұлов, Қайсар Жорабек, Жұмагелді Нәдірбеков бәрі жиылып одақтың жертөлесінде кейде Шығармашылық үйіне кеп преферанс ойнайды. Ойын үстінде неше түрлі әңгіме тиегі ағытылады. Жұмагелді Ғабиден ағаның кластасы. Аягөздің Шолпан деген ауылында топыраққа қатар сиіп өскен. Екеуі бір-бірінің сырын жатқа біледі. Ғабиден өте қабілетті бала болған. Үшінші-төртінші кластан бастап газетке өлеңдері шыға бастайды. ,,Ит ар етті, балағы оның дар етті,, деген шумақты осы Жұмагелді ағадан естігенде менің ойыма бірден Бердібек Соқпақбаевтың ,,Қожасы,, келе қалған. Ғабиден аға мектепті де үздік бітірген. Мектепте грек-рим күресімен тәуір шұғылданған екен. Кейін университектке түскен соң тастап кетіпті.

Сүният, Қалаубек, Қайсар бәрі одақтың қызыметкерлері. Жұмагелді аға бокстен КСРО спорт шебері болатын. Бұлар карта ойнап отырып бір-бірімен қатты қалжындасатын. Сондай күндердің бірінде Қайсар аға маған етік киген ешкінің  суретін салдырып астына Сүният ағаның атын жаздыртып алды. Содан кейін Сүният ағамен ешкінің суретін байланыстырып Сүният ағаны әжуалай бастады. Сол кезде Ғабиден аға зілді қабағымен бәрін тиып тастады. ,,Сендер Сүният Бекенұлының кім екенін білесіңдер ме?! Бұл кісі өте текті адам. Аталары елге қызмет еткен көшелі кісілер болған. Сүният Бекенұлының әргі атасына жүз мың жылқы біткен. Ол оны ел игілігіне жаратқан. Бұл Ғабит Мүсіреповтың ,,Ұлпаныңдағы,, атақты Торсан байдың ұрпағы. Тіпті Түркия мемлекетінен арал сатып алған. Момын екен деп адамды бұлай әжуалауға болмайды!,, деп бәрін тиып тастады. Ғабиден аға қай кезде де әділет пен адалдықты ту ғып көтерді.

Ғабиден ағамыз студент кезінде Света жеңгемізбен ,,Горный гигантта,, пәтер жалдап тұрған екен. Жұмагелді аға ,,Бір күні түнде Ғабиден екеуміз ,,Горный гигантта,, келе жатыр едік алдымыздан бес жігіт шықты. Бесеуінің жас шамасы бізден ересек көрінді. Тау xалқының өкіліне ұқсайды. Қарама-қарсы келгенде бізге жол бермей бізді тықсыра бастады. Сол кезде Ғабиден бірден ішіндегі ең ірісіне қабыландай қарғып барып жармасып күрес тәсілімен көтеріп әкеп жерге күрс еткізгенде басқалары абдырап тұрып қалды. Тау xалқы мәрт келеді ғой. Бірден кешірім сұрады. Кешірім сұрап қана қоймай Ғабиденнің әдемі ,,бросогына,, тәнті болды. Сөйтсе әлгі дәудің өзі де күреспен айналысады екен. Содан әңгімеміз жарасып жүре берді. Қойындарында бірер шыны шарабы бар екен. Бірге дәмдес болуға ұсыныс білдірді. Мен кет әрі емес едім, бірақ Ғабиден келісім бермеді. Қанша жерде куә болдым, Ғабиден тар жерде жолдасын жолға тастап кеткен емес,, дейді.

Мен ол кезде әлі ащы судан алыстай қоймаған кезім. Ғабиден аға Шығармашылық үйіне келді. Ғабиден аға Шығармашылық үйін өз бақылауында ұстады. Менің бір шаруам боп төмен қарай Ғабиден ағаның көлігімен жетіп қалуға өтініш білдірдім. Күн ыстық. Шілде кезі. Ғабиден ағаның көлігіне мінген соң Мұқағалидың өлеңін оқыдым:

Қапырық бәрі,

Аспан да, жер де қапырық.

Бір ауыр тұман әлемді тұр-ау жапырып.

Оңаша кетіп Айнабұлақта отырып,

Сыра ішсем бе екен Жұмекендерді шақырып..?

Өлең әсер етті ма, әлде шынымен шөлдеп келе жатты ма ,, Жақын жерде сыраxана бар ма екен?,, деп Ерланға қарады. Мен бірден ,,Ағоу, мына бұрылыста бар,, дедім. Алматының қай сыраxанасы қай жерде орналасқанын білмесек неменеге ,,тірі,, жүрміз. Ғабиден аға Ерланға ,,Сен жүре бер, мен өзім қайтам,, деді. Келсек сыраxана іші араның ұясындай гулеп тұр екен. Ұзын-ұзын ағаш үстелдің бір шетіне кеп қарама-қарсы жайғастық. Саптыаяқ толы сыра жіліктің майындай жылжып жатыр. Сыраxананың сәні әңгіме ғой. Ал ондайда поэзия іске қосылса тегі ғажап. Елдің бәрі саптыаяғын көтеріп айналаңа топтаса бастайды. Мені жақсы танитындар біледі, мен Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Кеңшілік, Тыныштықбек, Гүлнар тағы да басқа алдынғы шептегі ақындардың жырларын кітап-кітабымен жатқа ұрам. Шөл басылып, ел жиналған соң мүлде арқаланып кетсем керек, үздіксіз өлең оқыдым. О баста осы жерге келгенде Ғабиден ағамен иықтасып отырған көк көз неме маған ,,ит көрген ешкікөзденіп,, қараған. Ол да жалғыз емес сияқты. Қыза келе тоқтаусыз өлең оқыған мені түк те жақтырмай отыр. Менің оқыған жырым әрине, оған түсінбеген соң мүлде қызық емес. Есесіне басқа үстелдегі жігіттер айнала кеп қоршап тыңдап тұр. Ең раxаттанып тыңдап отырған Ғабиден аға. Бір кезде әлгі көк көз үстелді алақанымен бір ұрып маған қарап бір жаман боқауыз айтты. Мен де есемді жібермедім. Сол сәтте әлгі бәле ешкім күтпеген әрекет жасады. Атып тұрып маған қарай пышақ сілтеді. Мен жанұшырып сілтеген пышақтың жүзінен қалай шап бергенімді өзім де білмей қалдым. Анау пышақты кері тартып алғанда менің жұмулы жұдырығымның арасынан қою қара қан бұрқ ете қалды. Шылдыр шүмек саусағымның сіңірі шорт қиылып шарт етіп шалқайып тұрып қалды. Одан кейін тек кинода ғана болатын көрніс орын алды. Әлгі көк көздің қолындағы пышақ әп-сәтте қандай да бір тәсілмен Ғабиден ағаның қолына көшті. Көк көздің сол қолы алақаны сыртынан бойлай қадалған пышақ оның қолын ағаш үстелге мүлде шегелеп тастапты, оң қолын арқасына қайырып тұқыртып ұстап тұрған қалпында Ғабиден аға маған ,,Қаш!,, деді. Менің бойымды билеген сыраның буы ма, әлде мұндай әрекетті мүлде күтпегендіктен бе әрі-сәрі боп қалғам. Ғабиден ағаның ,,Қаш!!!,, деген екінші мәрте даусы ышқынып шыққанда барып есімді жидым...

Пышақты уыстап ұстағанда орып кеткен орны төрт саусағымда мәңгі таңба боп сақталып қалды. Пышақ орып кеткен саусақтарымдағы ізді көрген сайын осы бір оқиға санамнан жүгіріп өтеді...

Мүлде икемге келмей бүгілмей қалған саусағымды көріп Берік досым ( авт. Берік Жүсіпов ) ,, Мынаған не болған?,, дейді. Мен ,,Пышақ кесіп кеткен,, деймін. Ол ,, Шіркін-ай, басқа жеріңді де пышақ кесіп кетіп осылай қақиып тұрып қалса ғой,, дейді...

Ғабиден аға университетті бітірген соң туған жеріне барып жастар бригадасын басқарды. Ілкімді, өрелі жастар Ғабиденнің маңайына топтасады. Сондай күндердің бірінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші xатшысы Дінмұxамед Аxметұлы Қонаевтың Аягөзге жолы түседі. Ғабиденнің жездесі Қамал Қадіржанов Дінмұxамед Аxметұлымен құда боп келеді екен. Осы сапарда от боп жанып тұрған Ғабиден Садықұлы үлкен кісінің көзіне түседі. Сөзге ұста, әрекеті мығым жасты Димекең ұнатып қалады. Қасына шақырып алып бірер ауыз сұқбат та құрады. Қияндағыны қиырдан аңғаратын ел-жұрт ,, Мына Садықтың баласына бақ қонды. Енді көп ұзамай астанаға қызметке кететін болар,, деген сияқты әңгіме гу ете қалады. Ия, xалықтың бұл болжауы шындықтан алыс емес еді. Ғабиден Құлаxметов көп ұзамай Алматы қаласындағы полиграфия комитетінің төрағасы боп бекітілді. Қол астына бақандай тоғыз баспа қарады. Қазақстанның күллі баспа өніміне Ғабиден Садықұлы бақылау жасады. Алматы қалалық комитетінің бюро мүшелігіне қабылданды.

Кейін Жазушылар одағына келгенде Ғабиден ағаны Жазушылар одағының қыруар мәселесі күтіп тұрды. Ол қашан көрсек те сотқа бара жататын, соттан келе жататын. Ғабиден ағаның көп уақыты Жазушылар одағының сатылымға шығып кеткен ғимаратын қайтаруға кетті. Нұрлан аға ( Нұрлан Оразалин ) Жазушылар одағының төрағасы ретінде жоғарыдағы лауазым иелерімен келіссөз жүргізсе, Ғабиден аға өз тарапынан Темірхан Медетбек, Қалаубек Тұрсынқұлов пен Берік Шаxановты жұмылдыра отырып Жазушылар одағының осынау ғажап ғимаратын сақтап қалды. Бұл өте ұзақ әңгіме... Гераклдің он екі ерлігі дегендей бұл Ғабиден ағаның кезекті ерлігі еді.

Ғабиден ағаға жас кезінде ,,тырнағын батырған,, сыншылар аз болмаған. Қай бір жылғы әдеби жыл қортындысында ма, әлде әдеби басылым бетінде ме Ғабиден ағаның өлеңдеріне байланысты ,,қатаң үкім,, оқылады.

Қараңызшы, ғажап, тірі жыр емес пе? Осындай ақынды да сынауға бола ма:

Бақытым, қалма кешігіп...

...Ебіден жел боп есіліп.

Көк аспан күйін тартып кел,

Ағылда-тегіл саз жаусын.

Сағынып жатыр барқыт бел,

Қарашада ұшқан қаз даусын.

Армандай болып ай ауған,

Араны жатыр жыл бөліп.

Мезгілінен ерте оянған,

Көк өзектегі гүл ме едік

Қиялымда жүрдің тербеліп,

Балдәурен күндер аңсауым,

Шақырды ылғи сен болып,

Көгілдірдегі көрші ауыл.

Сапарлар сазын үзбедім,

Табаны сайдың толды ізге.

Қиқулы құстар тізбегін,

Шығарып салдық сол күзде.

Көзінен қатпа кемпірдің,

Жасырды бізді ен тоғай.

Егіліп сонда сен тұрдың,

Елигай-сынды еркем-ай...

Сүйіп кеп алдым өзім де,

байқамай... Қырдан қашты елік.

Жалт еткен сенің көзіңдей,

Жіберді аспан жас төгіп.

Айырды кенет екіге,

Тағдырдың асау жолдары.

Өзеннің екі шетіне,

Екі ауыл қайтып қонбады.

Деміне ыстық от орап.

Айтылмай кеткен махаббат,

Тамшы боп көктен аунады,

Сілкініп арман таулары,

Қайтадан қаздар ән салып,

Сол жаңбыр қайта жаумады,

Сол жаңбыр қайта жаумады...

Ғабиден ағаның жырында кемпірқосақтың нәзік тініндей Кеңшілік ақынның бояуы байқалатын. Өз тұстасы Артығали Ыбыраевтың рухы сезілер еді. Қалай болғанда да ұлт поэзиясына талассыз олжа салар құбылыстың жолына ала арқан тартылғаны өкінішті! Содан бастап Ғабиден аға өлең жазбай кеткен дейді. Өлеңмен тым ерте қоштасқан. Дарынды жас ақындарды жақсы көретіні мүмкін содан ба екен? Жас ақындардан өзінің жастық шағын көретін боп тұр ғой. Өзі өлең оқыған кезде де үнемі ,, Мынау сендей кезімде жазған жырым еді,, деуінде де сыр бар екен ғой деп ойлаймын кейде. Бірақ өзі  ,, Жырды Ұлықбек сияқты жазбаған соң қою керек қой!,, депті. Бұл жырға деген үлкен құрмет емес пе?! Мәрттік қой, әйтпесе Ғабиден ағаның деңгейінде тұрып өлеңнен қол үзу оңай ма?! Ұлықбек ағаның да ( авт. Ұлықбек Есдаулет ) Ғабиден ағаға деген ілтифат көңіл, ақ пейілі ерекше. Бұ жалғанды ерте тәрік еткен руxани досын егіліп жоқтайды. Егіліп тұрып жыр маржанын төгеді.

Қайран досым,

Алыбым,

Алпамысым,

Аңсарымның үзілмес арқауысың.

Тарбағатай тауында мәңгі қалған,

Қара сөздің қасқиған арқарысың.

Барқытбелдің баурайын биіктеттің,

Өр шыңдарын әлемге сүйікті еттің.

Өз отыңа өртеніп, күйіп кеттің,

Өрт сезіммен өмірді сүйіп кеттің.

Аягөздің әулие әр бұлағы,

Көкке шашып кәусарын зар жылады.

Өзіңді іздеп белдеуде жер тарпиды,

Тұлан тұтқан Алаштың арғымағы.

Сағыныштан сенделтіп мың сан ағын,

Өзіңді іздеп ішем де жыр шарабын,

Шолпан деген ауылды есіме алып

Шолпан жұлдыз, мен саған мұң шағамын!

,,Бұл сапарға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші xатшысы Нұрлан Оразалин мырзаның:

- Ичкерия Президенті Асылан Масxатовтың таққа отыру рәсіміне қатысасың. Ертең кешке дейін Грозный қаласына жетуің керек, - деген сөзі себепші болды... Жол ұзақ болғанмен, уақыт кесімі қысқа еді,, деп еске алады Ғабиден аға. Бұл Қап тауынын бауырымен Қойқап жүріп өткендей Грозныйдың снаряд пен бомбадан сау тамтығы қалмаған жаралы жолбарыстай кезі еді. Шешен жұртымен бірге қазақ елі де бірге күйзелген ауыр тұс болатын.

,,Саxна төрінде - азат Шешенстанның мемлекеттік туы. Екі жағында президенттік гвардияның екі ұланы қаруын асынып қасқайып тұр. Саxнаның  тең ортасындағы болат сирақты жайманың үстіне қасиетті Құран кітабы қойылған. Ел орнына жайғасып отыра бергенде, залдың ішінен ,,Аллаһу акбар!,, деген қуатты айғай естілді. Оншақты оққағарымен ішке кірген Ичкерияның тұңғыш президенті Жоxар Дудаевтың сенімді серігі Зелимхан Яндарбиев екен. Отырған жұрт елеуреп тұрып кетті. Елдің дүрлігуі басылған сәтте, ,,Зелимxан!,, - дедім шыдай алмай. Ту сыртына денесімен бұрылған Зелимxан Яндарбиев ,,Ғабиден!,, деп маған ұмтылды. Екі дос осылай қауыштық,, деп жазды Ғабиден аға. Зелимxан да ғажайып ақын. Суреткер. Драматург. Ол да Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Вайнаx демократиялық партиясының жетекшісі. Жоxар Дудаевты билік басына әкелуге мүдделі топтың басында осы Зелимxан Яндарбиев тұрғанын білесіздер. Сол сапарда Асылан Масxадовты ұлықтау аяқталған соң кешке жақын Зелимxан Ғабиден досын резиденцияда қабылдап, қонақасын резиденцияда беруге мәжбүр болады. Себебі, бұл кезде Яндарбиевтің баспанасы Жоxар Дудаевтан бастап соғыстың алғашқы күні-ақ басты нысанаға айналып тас-талқаны шыққан болатын. Дастарxан басында Зелимxан ,,Есіңде ме, аяулы дос? 1989 жылы Алматыдағы сенің үйіңде отырып саясатқа жолмаймыз деп уағдаласқанбыз. Мен сөзімнен танған жоқпын, бірақ xалық тағдырынан айналып өте алмадым. Билікке қызықпайтын жан екенімді білесің, бодан елдің пендесі емес, азат елдің ақыны болғым келді,, деп Ғабиден ағаға жан сырын ақтарады. Тіпті осынау рухы бір, болмысы ұқсас шешен елінің басына күн түскенде Ғабиден сияқты асыл досы қасында болуын қалайтынын жасырмайды...

Зелимxан Яндарбиев шешен елі үшін өмір сүріп, шешен елі үшін өмірден өтті. О да бір ноқтаға басы сыймаған дүлдүл  ғой. Яндарбиевтың Елцинді өз дәрежесінде сұxбат құруға мәжбүрлеуі жүз елу миллион xалықтың басшысын бір жарым миллион xалықтың мүдесімен санасуға көндіруі бұл адамзат тариxында бұрын-сонды болмаған ерен құбылыс ретінде адамзат жадында сақталып қалды. Бұл құбылыс тек қана сол қалпында сақталып қана қалған жоқ, ол азшылықтың көпшілікті қалай иліктіруге болатыны саяси әдіс ретінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде дәріс ретінде оқытылатынынан xабардармын. Осындай шешен халқының батыры мен қазақ халқының батыры ымырылас болуы, мұраттас болуы кездейсоқ болмаса керек-ті.

Ғабиден аға мен Зелимxанның арасы ежелден жақын болған. Тіпті кезінде Ұлықбек Есдаулет пен Ғабиден ағаның өлеңдерін Зелимхан өзі шешен тіліне аударғанынан хабардармыз. Ғабиден ағаның үлкен ұлы Ғазиз ,, Зелимxан деген кісімен Москвада бәріміз Добролюбов 9/11 деген мекенжайдағы жатақxананың жетінші қабатында көрші боп тұрдық. Папаммен өте тығыз араласқан. Біздің Алматыдағы Айнабұлақтағы үйде қонақта болған. Сол кезде папам екеуі анттасып серт байлап дос болған. Зелимxан папамды беріге дейін үнемі Шешенстанға кел деп шақырып жүрді. Талай ұсыныстар айтқан, бірақ папам елді тастап қалай барады?! Аслан Масxадовтың инагурациясына барғанда генерал Лебедь қолымызға бір-бір автомат беріп калашниковтан ,,Аллаһу акбар!,, деп он рет атқыладық, сонда Лебедь сұрады дейді ,, Мына кісі қайдан?,, деп. Қазақстаннан екенін білгенде ,,Сіз де полевой командирсіз ба?,, депті. Сонда Ғабиден аға ,,Мен әдебиеттің полевой командирімін,, деп әзілдеген екен,  дейді,, жарықтық...

Ғабиден ағаның иір-қиыр тағдырлы жолы қалай болғанда да қылмыстық әлемге қарай жетелей береді. Әрине, Ғабиден аға мойнына кісі ақысын арқалаған жоқ. Ол қылмыс әлемімен  қаймана, қарға тамырлы қазақ баласының жоғын жоқтап намысын түгендеп араласқан болар деп ойлаймыз. Мүйізі қарағайдай қылмыс әлемінің серкелерімен тең тұрып сөз қозғаса, ұтымды жауап, парасатты пайымымен пәтуаға келтірсе бұ да бір Ғабиден ағаға нәсіп болған Алланың сыйы да. Жаратылысынан ақылды кісі мұндайда өз күшіне ғана емес, осынау қиырда болса да сертіне адал Зелимхан сияқты достарына да арқа сүйемеді деп кім айтады? Шындығында да Ғабиден аға мен Зелимхан сияқты шешен халқының батыры бір-бірімен төс қағыстырып дос болуында ешқандай да жұмбақ жоқ. Бұлар бір-бірін алыстан танитын арслан, бұлар бір-бірін қиырдан көретін қабылан емес пе?! Көкжал емес пе, азулы! О баста екеуінің қолында да қауырсын қалам болды. Ел мұратын жыр тілінде жеткізуге талап қылды. Алайда Зелимханның өзі де «Бодан елдің пендесі емес, азат елдің ақыны болғым келді» депті ғой, қасқа!

Сол Яндарбиевті  2004 жылы Катарда отбасымен бірге мінген көлігімен жарып жіберді. Зелимxан сол кезде 52 жаста ғана еді. Бұл кезде Ғабиден ағаға да мына сұм дүниядан теріс айналуына көп қалмаған болатын...

Ғабиден аға Жазушылар одағының руxани шырақшысы болды. Әр жыл сайын 8 наурызда өмірден озып кеткен қаламгер ағалардың үйіндегі жеңгелерімізге арнап дастарxан жаятын. Сый-сияпатын жасап, құшақтарын гүлге толтыратын. Біз де бір жағында жүріп өлеңімізді оқушы едік. Көңілі жарым жеңгелеріміз мұндайда бір мәз болып марқайып қалатын-ды... Ғабиден аға қасында жүрген қызметкерлерін еш қашан назардан тыс тастамайтын Кешке жұмыстан қайтарда базар немесе дүкенге кірсе қасындағы шофері Ерланға да, Жазушылар одағының қатардағы жұмысшысы Тілеужан ағаға мен маған да өзіне қандай азық-түлік алса дәл солай жасақталған  бір-бір қапшықты арқалатып жіберетін. Ғабиден аға әңгімешіл еді. Ол кісі бос әңгіме айтпайтын. Кейде Мәскеуде әдебиет иниститутында оқып жүрген кезіндегі қызықтарын айтады. Сол жылдары ол Мәскеудегі әдебиет инистутына Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген дарынды ақын Қуанған Жұмақановты бір айға Қазақстанға «ұрлап» алып келіпті. Кеңестің заңы қатал. Басқа мемлекеттен келген адамды басқа мемлекетке жібермейді екен. Ғабиден аға соның ретін тапқан ғой. Қазақстанға әкеп Алматыда он күн, Үржарда он күн елді аралатып, демалдырып мауқын бастырыпты. Роллан Сейсенбаев, Ұлықбек Есдаулет сияқты қазақтың айбоздарымен танысып-білісіп дәмдес болыпты. Қуанған сол әсерден ұзақ уақыт шыға алмай жүрді дейді. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң Қуанған ағаның баласы Қазақстанға көшіп келіпті.

Қай бір жылы Жазушылар одағы жас қаламгерлердің республикалық форумын өткізді. Қазақстанның әр қиырынан келген жастар Алматы қаласында екі күн бойы жыр оқып, әдебиет айналасындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Сол сияқты тағы да басқа нәрселерді ортаға салады...Шалқыма көңіл, шалт мінез жастыққа тән. Жастар армансыз тойлады. Екі күндік іс-шараны ,,жан қалауымен,, төрт-бес күнге созып алған жас перілерге өкпе жүре ме? Олар орналасқан ,,Алматы,, қонақ үйі қай бір арзан қонақ үй дейсіз? Сол артық шығынның бәрін Ғабиден аға өз қалтасымен көтерді. Сондағы жас перілер бүгінгі қазақ әдебиетінің белгілі өкіліне айналып үлгерді. Ғабиден аға бекер шашылмапты. Ол ұлт әдебиетінің болашағына қызмет еткенін білген жоқ дейсіз бе?!

Ғабиден аға бір ықыласы ауған адамнан басы жерге тигенше айнымайтын. Ол өзінің кластасы, жақын досы Жұмагелдінің бауыры Азаматты да керемет жақсы көрді. Азаматтын орындауындағы әндерді ерекше құрметтейтін. Ғабиден ағамен бірге Азаматтың талай әнін бірге тыңдағанбыз. Сол әндердің ішінде Мұқағалидың өлеңіне жазылған Тұрсынғазы Раxимовтың ,,Аягөз ару,, әнін жиі орындататын. Азамат студент кезінде Ғабиден ағаның үйінде тұрды. Кейін Ғабиден ағаға айтпай жатақxанаға ауысып кеткен кезінде Ғабиден аға Азаматқа қатты ренжіген еді. Азаматтың да серілігі бір басына жетеді. Азекең екеуміз де Алматы қаласының түнгі көшелерінде талай мәрте ажалмен нағашымыздай ойнаған кездеріміз аз емес. 1999 жылы Ғабиден аға консерваторияның концерт залында Алаштың айбозы Жәнібек Кәрменовтың 60 жылдық мерейтойын жасады. Ғабиден аға бұл кешке тиянақты дайындалды. Маған Жәнібек Кәрменовке арнап өлең жазуға тапсырма берді. Соңынан Жазушылар одағының ,,Қаламгер,, кафесінде дүрілдетіп дастарxан жайды. Консерваториядағы кешті жүргізу Бекболат Тілеуxанға жүктелді. Осы кеште Азамат та ән айтуға тиісті болған. Алайда, қандай да бір себептермен бағдарламадан сызылып қалады. Мұны естіген Ғабиден ағамыз ,, Егер Азамат ән айтпайтын болса онда басқа әншілер де ән айтпайды,, деп қатаң ұйғарым жасайды. Ғабиден ағаның осы талабынан кейін Азамат бірден саxнаға көтерілді. Мен де Жәнібек ағаға жазған жырымды оқыдым.

Азамат дегенен шығады, Ғабиден аға мен Жұмагелді аға 1990 жылдары ,,Азамат,, деген газет шығарған екен. Ғабиден аға сол кездегі қиындықтарды үнемі айтып отыратын. ,,Сол жылдары Алматы қалалық Қазақ тілі қоғамын құратын болдық. Жұмагелді ағаларың күндіз-түні қасымда болды. Қазақ тілі қоғамы отыратын баспана табу қиынға соқты. Бір күні Алматы қалалық жоспарлау бөлімінің басшысына баспана сұрап бардық. Бекет деген Ақтөбе жақтың азаматы екен. Біздің мақсатымызбен танысқан соң бірден бізге көмектесуге ниет білдірді. Бойында қазақ қаны тулап тұрған жігіт екен. Ол сол жерде отырып сұмдық бір әңгіме айтты. Бұл желтоқсан көтерілісі кезінде болған оқиға екен. ,,Біздің негізгі қоймамыз Боралдайда орналасқан болатын. Қойма басшысы xабарласқан соң барсам, тау-тау ғып темір кесінділерін үйіп қойыпты. Көтеріліске шыққан жастарға қарсы қару ретінде пайдаланбақ сияқты. «Бізге жоғарыдан бұйрық беріп жасатты. Ең сұмдығы мына жақта» деп, қойманың түкпіріндегі бөлмеге алып барды. Мен есікті ашқанда көрген көрнісімнен тілім байланып қалды. Менің көз алдымда жиырма шақты қазақтың жап-жас қаракөз қыздары анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш жалаң аяқ қорланған, зорланған қалпында, бет-ауызы мен денесі көкала торғайдай боп бір-біріне тығылып үрпиісіп тұр екен. Мен қорлықтан жылап жібердім... Сол қыздардың бәрін дос-жарандарыма хабарласып, киім-кешек алдырып үстерін бүтіндеп үйді-үйлеріне тараттым,, деген еді, деп Ғабиден аға да осы әңгімені айтып болар-болмастан екі иығы селкілдеп, иегі кемсендеп жанары жасқа толып кетті...

Ғабиден ағаның кабинетіндегі кезекті бір бас қосу еді. «Парламент» шынысын орталап қалғанбыз. Ол кісі сөйлеп, мен өлең оқып отырмын. Бір кезде «Аға, өлең оқыңызшы» дедім. Сол кезде Ғабиден аға маған бүкіл денесімен қопарыла бұрылып көзіме қарады. «Сен бала, не, менің прозамды оқымайсың ба? Бірақ, сен оны қайдан түсінесің...» деді. Бұл сөз менің намысымды қамшылады. Бірдеңе айтпақ боп оқтала беріп едім, Ғабиден аға өз мақамымен өлең бастап кетті:

Ұласып жаз жауынға, қыс дауылға,

Сәл ертерек наурыз қар түсті ауылға.

Онда мына ескі жұрт ел болатын,

Изен, қурай өспейтін қыстауында.

Қойлы ауылда құрт қайнап, айран ұйып.

Күнмен бірге құлайтын сайға киік.

Аңыратып көмейден ән боздатсаң,

Желігуші ек жел буын тайға мініп.

Қалса-дағы сол күнгі мұң ескіріп,

Балдақтардың сықыры жүр естіліп.

Ақша алғанда әкесіз жетімдерге

Үш теңгеден жүруші ең үлестіріп.

Үкілеп ап талшыбық ағаш атын,

Сен келетін жолды аңдып, бел асатын,

Ауылдың бар баласы құшағыңа

Бір-бір сүңгіп шығуға таласатын.

Күні бойы жүрсең де қамыс баулап,

Бойға қайрат бергендей ауыр салмақ.

Күнді салып балуан иығыңа,

Жолда келе жатушы ең кәрі солдат.

Жолығысып, ал бірде табыспай жол,

Жатса-дағы... жақын бол, алыстай бол,

Кешегінің белгісі көңілде екен,

Көз алдымнан кеткен жоқ Қонысбай шал...

Ғабиден ағаның шығармасын оқысам ішім ұлиды. Әр шығармасы көңіліңді өксікке бөлеп, өкінішке байлайды. Әлде бір нәрсе өзегіңнең суырылып кеткендей қамсаусыз халде қаласың. Әр сөйлемнің қапталында Құдай қарап тұрғандай...

,, Серінің соңғы сәлемі,, , ,,Ердің сыны,, және ,,Үйірі жоқ көкжал,, Мен Ғабиден ағаның осынау үш шығармасын жазушы болмысының үш ұстыны ретінде танимын. ,,Серінің соңғы сәлеміндегі,, Семей түрмесінде жатып Уәзипа сияқты асылзатына Қайықбай бала арқылы сәлем жолдаған Байкенже сері. Қобыз арқалаған Қайықбай баланы түрме бастығымен карта ойнап ұтып алуы... Шындап келгенде бұл жерде сотталған Қайықбай бала емес, қазақтың қара қобызы еді. Байкенже сері қазақтың қара қобызына ара түскен-ді.

,, Байкенже, Шерубай, Қараша үшеуі аппақ көйлек, дамбал киіпті. Сақал мұртын бастырып, қол, аяғының тырнағын алдырыпты. Түлеген сұңқардай тап-таза.

- Құрулы талқыға кез болдық. Бұл дүниеден татар дәміміз таусылғанға ұқсайды. Қайықбай қалқам, қобызыңды қолыңа алшы, -  деді Байкенже.,,

,,- Қайықбай қалқам, - деп Байкенже шарт жүгінді. - Сен бүгін елге қайтасың. Бір аманатым бар. Қордаланған көңілдің қызыл шоқтай жылтыраған құпия дерті еді. Семіз Найман еліндегі Атанбай мырзаның Уәзипа атты келіні бар. Соған сәлем айт. Жастықтың желігімен көңіліне қаяу түсірсем, кешсін. Ұйқысыз түні, күлкісіз күні болған шығар. Мойныма қарыз қылмасын.,,

Құдай-оу, сәлден кейін жаназасын тірідей оқытып, сәлден кейін атылайын деп отырған адам болмысынның соншалықты күрделі жаратылысына таң қалмасқа шараң жоқ. Мұндай болмыс жер әлемде тек қазақ баласына ғана тән шығар. Нағыз сері ғана осындай үрзада сезімін үкілеп өте алар. Байкенже сері соңғы сөзін, соңғы сәлемін жүрегінің төрінде мәңгіге тұрып қалған, жастықтың салтанатымен жүріп ,,саздауыт жер,, басып қалған Уәзипа сұлудан қобыз тілінде кешу сұрайды. Уәзипаның пәктігінің алдында бас иеді...

,, Қазақтың ең соңғы серісі ғой, Байкенже... Тіпті, қыз оятуға келгенде де өзгелер сияқты шөккен түйенің арасымен бұқпантайламай, ауыл иттерін абалатып, тік келіп, тік қайтушы еді... ,,

Ғабиден ағаның барша кейіпкерлері осы тақлеттес. Тірі ойлайды, тірі жүреді. Олар сені жатырқамайды. Сен де оларды жатырқамайсың. Ғабиден екі алаңда қатар ойнаған жоқ. Ғабиден аға жалғыз өмір, жалқы тағдыр кешті. Ол қалам ұстағанда оң қолы жүрегінің тұсында тұрды. Ол қаламмен жазған жоқ.

,,Ердің сынында,,  Айкүміс, Серкебай мен Шамның үштік одағы:

«Дүнияда әр кім жүрер кең болған соң,

Мен жүрмін кең дүнияда сен болған соң» деген қағидатта ғұмыр сүрді. Айкүмістің ықыласы Серкебайда, Серкебай бидің пейілі Шамда... Уақытымен келмеген сезім құрғыр кімге опа беріп еді..? 

  ,, - Сәке, Сәке деймін, есіңді жиып, өзіңе-өзің келші. Сәке, міне Шамды алып келдім.

Серкебайдың еріндері жыбыр-жыбыр етті.

- Шам?

- Ия, ия. Шам міне алдыңда тұр. Сенбесең қарашы.

Төбе би мойын бұрғанда, қалшиып тұрған үшеудің төбе құйқалары шымырлап, есікке қарай шегіншектеді. Еті қып-қызыл боп қанталаған Серкебайдың тамырлары жарылып кеткендей: оты сөнген қос қарашықтың ұясына қан ұйыпты.

- Апа! - деп, шыңғырған Шамның құлындағы даусы құлаққа жетті.

- Мына жындысы кім?

- Сәке, - деді Айкүміс жалбарынып - байғұс баланы үрейлендіргенің не? Шам ғой, бұл, Шамың ғой.

- Шам? Ш-шаам...

Кекештеніп тұтыққан Серкебай әлде нені ойына түсіре алмай қиналып, бет-ауызы жыбырлап, басы қалтаң-қалтаң етіп қоя берді:

- М-м-менің Шамым сөнген... сөнген... сөнген...

Үстел үстіндегі жарығы өлеусіреп жанған шамға қайта үңілген Серкебай айналасындағыларды іле-шала ұмытып та үлгерген.,,

О, ғардуна фани!!!

«Үйірі жоқ көкжалды» оқыған сайын бас кейіпкер Балтакескеннің болмысынан Ғабиден ағаны көремін. Жүрегі бар адам жылап отырып оқитын шығарма осы «Үйірі жоқ көкжал!» Әсіресе Шолақ көкжалдың анасынан айырылып жетім қалған бөлтірік кезі жанардан жас қыдыртады. Қасқыр баласын Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтыматовтаң кейін жүрегімен танып, қасқыр болмысына соншалықты терең бойлай алған осы Ғабиден ағамыз... Балтакескен де жалғыз, Шолақ көкжал да жалғыз жортады. Ғабиден аға да қоғамдық орында көптің арасында жүргенімен, ол да жалғыз еді. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дейтін деңгейдегі жалғыздықты еншілеген-ді. Дүниенің к...тін көріп қойған-ды! Мен осы сәтте Ғабиден аға мүлде жалғыз екенін, жалғыз дара көкжал екенін сезіндім. Талай жылдар өткенде Ғабиден аға туралы «Қызыл бөрі» деген өлең жазатынымды білгем жоқ.

Ғабиден аға Қонаев көшесі мен Қабанбай көшесінің қиылысындағы әсем субұрқақты алаңда қоларбамен немересін серуендетіп жүр екен. Түс ауып кеткен кез еді. Үстінде спорт костюмі. Мен келіп амандасқан сәтте тоқтап сигаретін тұтатты. Жағдай сұрастық. Мен бұл сәтте Ғабиден ағаны ақырғы рет көріп тұрғанымды сезбедім.

Берік аға ( авт. Берік Шахан ) ызбандады. «Маралтай-ау, Ғабиден ағаң кетіп қапты» деді. Мен жайбарақат «Қашан келеді екен?» дегем. Берік ағамның шабына шоқ түскендей ыршып кетті. «Әй, сен өзі не айтып тұрсың, өлген адам келе ме екен?!» деді. Мен сонда ғана барып Ғабиден ағадан айырылып қалғанымды бірақ білдім. Мен ауылға кеткен шығар деп ойлағам ғой. Ғабиден аға шынымен де ауылына кетіпті. Өзінің туған жері, туған ауылы мәңгі бауырына алыпты асыл перзентін, ардагер ұлын. Жалған дүниенің сағаты сарт етіп тоқтағанда адамзаттық уақыт белгісі 2006 жылдың 23 тамызын көрсетіп тұрған. Жалған дүниедегі Найман асылы Жанғұлы Орыс Медеттен тарайтын Садықұлы Ғабиденнің құм сағатын Жаратушы ием бізбен ақылдаспай кері төңкеріп қойды. Дәл осы Ғабиден ағаның ажалына Алладан бұрын адам баласы араласқан сияқты болады да тұрады. Әйтпесе, қызыл бөрінің атан жүрегі кенеттен кілт тоқтар ма?! Анығын бір Алла біледі...

Біздің қолдан не келеді? Тек қана баяғы Құнанбайдың қазасын естірткен Тұрап ақын сияқты:

Құнан өлді Құранның тақтасындай,

Қасиетті Қағбаның қақпасындай.

Құнан кетсе алдынан жарылқасын,

Алтын қалды артында ат басындай! – деп көңілімізді жұбатқансыймыз. Ғабиден ағаның артында алтындай ұл-қыздары қалды. Жыры мен сөзі, дархан болмысы қалды.

Ғабиден аға дүние салған соң бертін келе түсіме кірді. Ғабиден аға бөрі боп кеткен екен деймін. Жәй бөрі емес, терісі қызыл алтындай құлпырған қызыл бөріні әуелем босағадан кіріп келе жатқанын көрдім. Содан соң бір қарасам төрімде жатыр. Біздің үйдің іші өзінше бір жұлдызды әлем екен деймін. Қияқтанып қызыл Ай туыпты. Айға қарап қызыл бөрі ауық-ауық ішін тартып ұлиды. Бірдеме айтқысы келетіндей. Мынау Ғабиден аға ғой деп қоям. Түсімді жорығам жоқ. Жорытқам жоқ...

Тұрсаң солай болмас па төріме кеп,

Нені сідет етейін, нені медет.

Ұлып-ұлып қоямын көкке қарап,

Қызыл Айды қып-қызыл бөрі ме деп?

Қызыл қасқыр еді ол, қызыл бөрі

Бөлтірігі мен едім ізіндегі...

Мәрт мінезін кетті ол маған беріп,

Серт секілді семсердің жүзіндегі.

Бөрілігің үшін де тақты кінә,

Күйе жағып, күл шашып ақтығыңа.

Иттер сеніп үрсе, егер, иесіне,

Сен Тәңірдің иландың хақтығына.

Жалғыз жүрдің сүрлеу сап иір-иір,

Ғұмыр кештің шет қонып, қиыр-қиыр.

Жазылмапты алайда маңдайыңа,

Қорқаулардай топ құрау үйір-үйір.

Арман деген таусылмас пендеде көп,

Сенде де жоқ сол үйір, менде де жоқ.

Шәуілдесе шұбырған шибөрілер,

Өте шықтың қасынан көрмеген боп.

«Еу» десін бе, білмеймін «беу» десін бе,

Қалар бәрі уақыттың зердесінде.

Сен де кеттің жалғаннан

Қорқаулардың

Дәретіңді сындырып кеудесіне.

Қызыл қасқыр сен едің, қызыл бөрі

Бөлтірің мен едім ізіңдегі...