***
Уақыт келіп...
Көңіліңді қуаныш кернегенде.
Жан жарасын жылы сөз емдегенде.
Ұйып тұрған сезімің сезіктеніп,
Жетегіне шаттықтың ермегенде.
Көніп тұрып,
“Ақылдың кеңістігі кең” дегенге.
“Бақыт пен алаңсыздық тең” дегенге.
Көп ішінде біртүрлі жалғызсырап,
Сен де,
Мен де,
Сенбегенге не жетсін, сенбегенге?!
* * *
Өмір
арғымақ арманымды көп тұсады.
Жанымның аянышты өтті шағы.
Нөсерден соң жеті түс төкті бояу,
Айқара ашылды да көкқұшағы.
Жылт етемін сыпайы, шықтай ғана.
Жүрегімді...
Сен мені тіпті ойлама.
Ұлан-асыр өлеңге жетіп жатыр
мейірім құттай ғана.
* * *
Бүгін ғана...
Ойлап едім ...
Шынында да...
Сезім деген - сезім емес ендігі!
Ұғым ғана...
Жаттан да,
Жақыннан да бөлектенем.
Солай...
Қаусаған көңіліме көмек берем.
Жоқ еді...
Айыбым, жазығым да.
Биіктіктің жолын да,
азығын да,
Аянбай төлеп келем...
Сен...
Менің ауқатты жүрегімнің шығынысың.
“Өлең” дейтін ең әсем қылығысың.
Аңғалдықты ең соңғы сақтау керек,
Махаббат ұғымы үшін.
* * *
Жел жұлқынады.
Бұлт бұлқынады.
Өзен кезеді.
Жер сезеді.
Жел - айтылмаған сөзің.
Бұлт - айта алмаған өзің.
Өзен - сендегі сезім.
Жер - өзім.
Қазан айының 2-жұлдызында, сағ 18:00 де Салтанат Қайырбектің youtube арнасында "Барокко болмыс” жыр-жинағы буктрейлерінің премьерасы болады. Арнадағы қоңыраушаны басып, видеоны алғашқылардың бірі болып тамашалаңыз! Буктрейлерден скриншот жасап, рецензия жазған оқырманға автор өз қолтаңбасымен кітап сыйлайды!