«ҚҰДАЙ ЖАЙЛЫ ОЙЛАНАТЫН ҚАЛАДА» ҒАЖАП КЕШ ӨТТІ

12-желтоқсан. Жаңбырлы Түркістан шәрінде Ақынханадағы Алтаудың «Құдай жайлы ойланатын қала» атты антологиясының тұсауы кесіліп, соңы ғажап шығармашылық кешке ұласты. Аталмыш шара Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген заманауи үлгідегі «Farab library» кітапханасында өтті. Кітапхананың карантин режимін сақтаған 200 орыны оқырмандарға толы болды. Олардың ішінде арысы Астанадан, берісі Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент қаласынан келген қонақтар да болды.

 Тұтас шығармашылық кеш төрт сахнадан тұрды.

Қараңғы сахнаны өлеңмен жарқыратып, пианино үнімен бірге нәзік жырларын оқып кешті бастаған Алты ақын көрермендерді бірден өзіне баурап алды. «Біздер-біздер, патшадан да паңдармыз...» деп қосылған гитара үні де Алты ақынның басқалардан бөлек тағдырлы екенін көрсетіп тұрды.

 

Екінші сахнада «Құдай жайлы ойланатын қала» антологиясының жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Президент кубогінің иегері,  Қазақстан Республикасы Президент аппараты сарапшысы Ербол Алшынбай, Түркістан облысы, Сауран ауданының әкімі  Рысбеков Ғани Құрмашұлы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Гүлімжан Жылқыбай Қызметқызы қатарлы кісілер Алты ақынға ақжолтай тілектерін айтып, қазақ поэзиясының болашағына зор сенімдерін білдіріп «Құдай жайлы ойланатын қала» антологиясының тұсауын кесті.

Артық сөзі, жасанды номерлері жоқ поэзия кеші ары қарай Алты ақынның тұсауы кесілген жаңа кітаптан өлең оқуымен жалғасты. Бұл бөлімдегі оқылған жырлар тұтастай Түркістан қаласына арналған циклді өлеңдерден тұрды. Залдағы оқырман Түркістан туралы өлеңдерді таңғала да тамсана да тыңдап отырды.

Төртінші сахнада ақындар сахналық қойылымға бейімделіп, өз өлеңдерін қыздармен бірге сюжетке сыйғызып оқыды. Оқырманға ең қызық болғаны осы кезеңі болды. Алты ақын алты түрлі стиьлде, біреуі қыздың көзін байлап, сахналық көрініс жасаса біреуі гүлмен, қолшатырмен, қуыршақпен шығып кезектесе өлеңдер оқып оқырмандарды қызыққа бөледі. Өлең оқылу барысындағы пианино мен скрипканың сахнадағы жанды сүйемелі, әр өлеңнен кейінгі гитарамен жанды дауыста айтылып отырған әдемі әндер кеш көркін одан сайын ромонтикалы ете бастады. Кеш соңын «Күн қайда асығады» әнімен түйіндеген Ақынхана ұжымы бәрі сахнаға көтеріліп, алдияр оқырманға бас иіп, алғыстарын білдірді. Көрермендер де орындарынан тұрып, қол шапалақтап ризашылығын көрсетті. Ақындар көрермендермен бірге естелік суретке түсіп, оқырманның ақ тілегін ести отырып, өз қолтаңбаларын берді.

Кеш қонақтары кештен кейінгі Ақынхана ұжымының кеш дастарханына жиналып, дәм ауыз тиіп, өз ақ тілектерін сол жерде жалғыстырып, жас ақындарға баталарын берді.

Бұл антология, Ақынхана, шығармашылық кеш қазақ әдебиетінің ізденісі мен жетістігін көрсетеді. Сол үшін де Алты ақынға әрқашан шығармашылық табыс, үлкен жетістіктер тілейміз!