Ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақынның жаңа жыр кітабы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Кітап «Жанарымда түн сөйлейді» деп аталады. Ақынның жаңа жыр жинағына енген бір неше өлеңін сіздерге ұсынамыз.
МЕН. ОЛ
Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?!
Сырымды айттым ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Оны ертіп кетті ертеңі,
Мені ертіп кетті тағдырым.
ҚҰДАЙ-САҒАТ
Төрімдегі сөйлеп тұрған нән сағат, –
Сырт-сырт етіп бар әлемге жар салад.
Бақылайды ол, жазғанымды қанша өлең,
Бақылайды ол, келгендігін қанша хат.
Ерік берсем жалқаулыққа, бостыққа,
Тіл қатпастан айналады тас пұтқа.
Ренжиді ол ермек іздеп отырсам,
Жылайды ол ерте жатсам жастыққа.
Қуанады бұрын тұрсам өзінен,
Оған әр бір минут сайын кезігем.
Сан ғасырды жұтып алғам дегендей,
Қарайды ол тостағандай көзімен.
Сол көзімен әлдилейді, аяйды,
Оқы дейді, – Шекспирді, Абайды.
Сыр айтады, жетегіме көнбеген
Сүріндіріп жібергем деп талайды.
Қырын қарар ақыл-есі аздарға,
Шабыт берер жалынды жыр жазғанға.
Бағынамын осы иеме шарасыз,
Қорынамын төрден оны қозғауға.
Сол сағатқа ұятты боп қалмауға,
Бет аламын белі бүтін арманға.
Құдай-сағат іліп қойып төріме,
Ілбіп келем иір-қиыр жолдарда.
ҰЙЫҚТАУ
Күн ұйықтайды жалпақ жерге тесіліп,
Түн ұйықтайды көшелерде көсіліп.
Мен ұйықтаймын, тек сәл ғана қалғимын,
Сен ұйықтайсың балғын тәнің шешініп.
Ой ұйықтайды менің сарсаң санамда,
Жол ұйықтайды, жолаушысы аман ба?
Мен ұйықтаймын серт табыстап қаламға,
Сен ұйықтайсың, пысылдайды балаң да.
Атом ұйықтар, мызғар және қылыш та,
Бұлттар ұйықтар бетін бұрып шығысқа.
Шырым алшы, бәрін бір сәт ұмытшы,
Осы сенің жан, жүрегің тыныш па?
Құм ұйықтайды анда-мұнда шашылып,
Мұң ұйықтайды мың бұтаққа асылып.
Мен ұйықтаймын сол дұғамды қайталап,
Сен ұйықтайсың келер күнге асығып.
Көз ұйықтайды, ұйықтар және жас жүрек,
Сөз ұйықтайды салмағымен тас күреп.
Сен ұйықташы менің дала кеудемде,
Мен ұйықтайын иығыңа бас сүйеп.
МАХАББАТ – ТІРІ
Арасынан маған келген хаттардың,
Көріп сені бүгін тағы шаттандым.
Біз жөнінде не дер екен, сұрап көр,
Көшелерге сіңіп бара жатқан түн.
Жетегіне еріп алып жыл-айдың,
Көкірегімде қобыз ойнап, мұңайдым.
Сен туралы білгім келсе, мен барып,
Терезеңе еккен гүлден сұраймын.
Жүрегіме өзің салған іздерді,
Мұрат етем мәңгі бақи іздеуді.
Жүздестірмей зарықтырар еді ғой,
Жаршы Құдай аямаса біздерді.
Жан-қуатым жанарыңда желбіреп,
Үнді мұхит құйсаң да өшпес мендік от.
Біздің аспан жұлдыздары мөлдіреп,
Айтып жатыр ғадауатты өлді деп.
Ақ маңдайым лағыл түсті сүйіп от,
Тәңірінің жерге түскен үні боп,
Біз тұратын бұл қаланың түні кеп,
Айтып жатыр махаббатты тірі деп.
БІЗ
Жүрегім менің ып-ыстық,
Жарылып кетер қуансам.
Түнімнің аты – тыныштық,
Гүлімнің аты – Раушан.
Тоғысты маған жолың дәл,
Ұялап қапты көзіңде ар.
Өзің бар жерде өлең бар,
Өлең бар жерде өзің бар.
Тайсалмай кешіп тасқынды,
Маңайға сурет көп сыздық.
Көлімнің аты – Аққулы,
Сезімнің аты – Шексіздік.
Шағатын мұңын жаңбырға әр,
Табиғат айтқан әнсің сен.
Өзің бар жерде тағдыр бар,
Тағдыр бар жерде барсың сен.
Сынаптай бейне сырғыған,
Қаншама сезім өлтірдік?
Түсімнің аты – Сұр жылан,
Құсымның аты – Еркінідк.
Естелік қайдан табылар?
Жүректің әнін тыңдармыз.
Біз бар жерде бәрі бар,
Бәрі бар жерде біз бармыз.
PARADOX
Шаттығыңды күліп тұрған Күн деймін,
Жоқ күніңді жұлдызы өлген Түн деймін.
Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,
Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін...
Енді ешқашан жығылмас ем, сүйесең.
Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.
Сені ойлайтын батыл Жүрек менде бар,
Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?
Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,
Сені іздейді көшелерден, көліктен.
Саған раушан ұсынатын мен бармын,
Маған ешкім гүл бермейді неліктен?
Көз алдыңда бар ма жарқын елесім...
Мен туралы не білесің, Сен, осы?
Саған арнап қарға сонет жазамын,
Маған ешкім жыр жазбайды О, несі?