«БІРТУАР» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазіргі қазақстандық танымал жазушы, ұлттың өзекті мәселелерін қозғаған бірнеше романдардың авторы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжанның тағы бір деректі романы жарық көрді. Жазушының бұл іргелі еңбегі  грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық және Еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, пандемия індеті арамыздан мезгілсіз алып кеткен Жақсылық Үшкемпіровтың үлкен спорт жолында қиындық пен күреске толы өмір жолына арналады.

Кітап Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде «Біртуар» және «Уникальный» деген атпен   «Баянжүрек» баспасынан шықты. Ұлт мақтанышы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров ағаның ғұмыржолынан жазылған бұл кітап «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау» жылына орай шығарылған. "Көзі тірісінде қатты араласып, жақын сыйласқан Жақсылық ағаның мезгілсіз өмірден озуы біздің отбасымыздың да қабырғасын қайыстырып кетті. Жақсылық ағаның өнегелі өмірі әр қазаққа үлгі болуы керек әрі қазақтың спортқа жақын жасөспірім балалары Жақсылық аталарындай табанды, қайсар болсын деген оймен аз уақытта осы романды жазып шықтым. Алда, кітаптарымның таныстырылымы өтпекші.

Орыс тіліне аударған З.Кенжеахметова деген білікті аудармашы", - дейді жазушы Сәуле Досжан.
Кітап тұсаукесері Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, арқалы ақын Бауыржан Жақып, белгілі ғалым Айгүл Ісмақова, т.б. зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтті.