«АТЫРАУ МАРЖАНДАРЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТЕДІ

Ақын-аудармашы , филология ғылымдарының кандидаты  Маржан Ершудың «Атырау Маржандары» кітабының тұсаукесері

 

2021жылдың   19 қарашасында сағат 16. 00-де  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  «Атырау Маржандары» кітабының тұсаукесері өтеді.

Іс-шараның мақсаты: Белгілі композитор Әбілахат Еспаев пен ақын Садықбек Адамбековтің  «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толуына орай ән мұрасын насихаттау және әннің прототиві- атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу.

Белгілі композитор Әбілахат Еспаев 1951 жылы «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған –  сатирик ақын Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Атырау  өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18 жасында  1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста еді. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген .«Маржан қыз» әлі күнге дейін көпшіліктің сүйіп айтар әні.

     Атырау облыстық әкімдігі , облыстық  мәдениет ,архив және құжаттама басқармасының қолдауымен ,облыстық  халық шығармашылығы орталығының  ұйымдастыруымен  «Маржан қыз» әніне 70 жыл толуына орай атақты жылқышы ,Социалистік  Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында жарыққа шыққан «Атырау Маржандары» атты кітапта Атырау- Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың еңбегі топтастырылған  бұл кітапта әйел, ана ,қыздардың өмірі мен өнері, тағдыры туралы сыр шертіледі.

      Іс-шараға Маржан Енбаеваның қызы Дариға Енбаева, Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері , Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Айтқали Жайымов, Мәжіліс депутаттары Сәлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаев, Серік Ерубаев  және зиялы қауым өкілдері қатысады. Кеште  Ұлттық Ұлан Оркестрінің әншілері мен Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің күйшілері өнер көрсетеді.

Байланыс ақпараттары: Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан қаласы, Достық көшесі, 11.

e-mail: zharkinbek_1203@mail.ru

+7474880889