Құрметті оқырмандар, «Өнер» баспасынан ақын Роза Аспанқызының «47» атты кітабы жарыққа шықты. Аты да, мұқабасы да айрықша кітап туралы ақынның өзі «жұмбағын оқырманның өзі шешіп, бағалайды деп сенемін» - дейді. Кітаптың алғысөзінің де өз тарихы бар. Ал мұқабасын Мейірбеков Ермек пен халықаралық деңгейдегі суретші Ербосын Мельдибеков жасаған.
Ақынды және зерделі оқырмандарды қуанышты хабармен құттықтай отыра, жинаққа енген бірнеше өлеңді назарларыңызға ұсынамыз.
* * *
Былдыр-былдыр ғаламды сөз етеміз.
Бұлдыр-бұлдыр жаңа елді күзетеміз.
Өмір сөніп барады сөз ішінде
Үндемей-ақ қоялық біз екеуміз.
Мен нұрды аңсаған намазшам секілденіп,
Сен ғұмырға тұрғандай кепіл болып.
Қос жүрекке бір сырды жасырамыз
Қос жанарда өмірдің өкінгені...
Жан мұңаяр жасаусыз жарын айтып.
Кеткен олар, келеді кері қайтып.
Жалған көшіп барады жолсызбенен
Сүйген, күйген жүрекке бəрін артып.
Бұдан бұрын не болған, не болады.
Қай шеңберден басталған ғалам əні?
Тілекті айтып қайтесің орындалмас
Жүрек керек екен ғой Маған əлі.
Былдыр-былдыр ғаламды сөз етеміз.
Бұлдыр-бұлдыр жаңа елді күзетеміз.
Сезім сөніп барады... өмірге еріп
Үнсіз ғана сүйелік біз екеуміз...
* * *
Сен менің суретімді салшы...
Ерінімді,
Көзімді,
Қасымды,
Кірпігімді де сал.
Ашуланып қалғанымды,
Өкпелеп тұрғанымды,
Еркелеп те алғанымды сал.
Әппақ көйлекпен де салшы.
Қызыл көйлекпен де сал.
Әппақ, қызыл көйлексіз де сал...
Мұңайып тұрғанымды салшы,
Қуанып тұрғанымды да сал.
Ойланып қалғанымды салып,
Ойланбай тұрғанымды да сал...
Ең алғашқы суреттей салшы,
Ең соңғы суреттей сал.
Ең соңғы суретті ең алғаш көріп тұрғандай сал...
Менің суретімді тек сен салшы!
Менің суретімді ғана сал!
* * *
Ақ көбелек, таныс па сізге жылау?!
Ақ көбелек, таныс қой бізге жылау.
Ақ жаңбырдың тілінде дір-дір етіп
Қараңызшы...
Жылаған Күз бе мынау?!
Жан жүдеген сары бақ ішінде ме?
Тағдырыңа ұқсайды түсің неге.
Жанарымда жылт етер ақ көбелек
Қаламымда қартайған мүсіндеме.
Өкінішсіз қарайтын өткен ізге.
Құмартатын құм сіңген көк теңізге.
Қанатыңнан сипайтын ақ қол күтіп
Сен де оны жүрмісің көктен іздеп...
Ақ көбелек жылау да сізге таныс.
Ақ көбелек жылау да бізге таныс.
Бұл қашанғы бітпейтін бөтен өмір
Қанат қағып кетейік Күзден алыс...
* * *
Оның әтірінің исі шығатын жаңбырмен
Оның дауысын қайталайтын найзағай күркірі
Бүгін менің көшеме қонақ болып келіпті.
Тым тәкаппар қонақ.
Тура оның өзіндей.
Менің исім шығатын
гүлдермен
Менің үнсіздігімді қайталайтын аспан
Құшақ жая қарсы алды оны.
Дәл алғаш келген күніндей.
Оның махаббатының исі шығатын ауамен
Менің махаббатымның исі шығатын топырақ
Бір-бірін үнсіз түсініп жатты.
Дәл баяғыдай.
Ауа топырақтан
Топырақ ауадан кешірім сұрап