Абай даңғылының бойынан түсіп, көшенің келесі бетіне өтейін деп, троллейбусты айнала беріп еді... Аялдамының ығы-жығы қозғалысы мен қым-қуыт дыбысын басып, құлағына бір таныс үн келгендей болды. Жоқ, үн емес, әлдеқандай бір үздіксіз сарын, жанына соншалықты жақын, бірақ өте алыстан жет-кендей. Қыз тоқтай қалып, жан-жағына қарады. Анадай жерде, аялдамадағы зәулім ағаштың көлеңкесінде бір жігіт өлең оқып тұр екен.
Өлеңнің сөзін де, мәнін де ұғып жарытпады. Шынын айтқанда аялдаманың шуы оны естіртпеді. Тек соңында көтеріңкі айтылған «Махамбет» деген жалғыз сөзді анық естілді. Қыздың құлағына алыста қалған, балалық шағында қалған сағыныштай сарын келген. Аялдағаны да сол екен...
– Қарындас, бір саптыаяқ сыра алып беріңізші...
Дәл құлағының түбінен естілді. Қарсы алдында сұлба пайда болды. Ағаш көлеңкесінде өлең оқып тұрған жігіт. Жігіттен гөрі жігітағасы деген дұрысырақ. Қырынбаған, көзі көкшіл, кісіге кірпік қақпай тура қарайды екен. Шалбары мықыннан түсіңкіреген, жейдесі де дәл кеше-бүгін жуыла қоймағандай. Мәссаған, аяғында қоңылтаяқ киген шабата. Өмірінде бірінші рет қалада жалаңаяқ шабата киген еркекті көріп тұр. Оның үстіне танымайтын адамнан сыра сұрайды. Есі дұрыс емес шығар...
– Күн өте ысып кетті ғой, қатты шөлдеп тұрмын, қарындас!
Шөлдесе шөлдеп тұрған шығар. Бірақ барлығы бес-ақ сом ақшасы бар, оны да дүкеннен ет алып, тамақ істеп қоямын деп пәтерде бірге тұратын құрбысынан алған. Сол үшін де «Южный» гастрономынан түсіп еді...
– Өзіңіз де гастрономға бара жатсыз ғой...
Жігіт мұның шынтағынан демеп, көшенің келесі бетіне қарай қадам басты. Мынаның дөрекілігіне қыздың жыны келді. Әрі «Ойпырмай, Сараға не деймін, ол ғой үйде ет асулы тұр деп келеді, ақшама танымайтын біреуге сыра алып бердім десем, шашымды жұлар» деген ой маза берер емес.
«Южныйдың» бүкіл сатушысымен таныс екен, жетектеп жүріп сырасын, колбасасын, нанын, пиязын, қартобын, оны қуыратын майына дейін алдырды. «Бәрін жұмсама, подругаң ұрсады ғой. Жә,мен тағы бір бөтелке сыра алайын, мә, қалған ақшаңды мұқият салып қой». «Ой, шіркін-ай, менің қамымды ойлап тұр екенсің ғой». Қыздың әбден жыны келді. Бәрінен бұрын әншейіндегі «орыс мінезі» қайда кеткен? Танымайтын біреуді сырамен сыйлағаны аздай, енді оның мәнсіз мылжыңын тыңда-а-а-п келе жатыр.
– Шалбарыңыз әдемі екен, қолдан тіккені көрініп тұр, бірақ өте жарасады. Жоқ бұдан әрі шыдау мүмкін емес еді.
– Я не нуждаюсь в ваших комплиментах. Кстати, штаны, не смотря на фирменный знак, висят на вас как у старца!
– Ойбай!
Жігіт қарқылдап күліп жіберді. Көзінен жас аққанша рақаттанып күлді.
– Ойбай, тілі бар екен ғой! Дұрыс, қазақтың қыздары осындай мінезді болу керек.
– Қазақ қыздарының мінезін зерттеп жүрсіз бе?
– Жоқ. Қазақ қыздарының қасиетін тарихқа қалдырып жүрмін. Бұрылып оның бетіне тура қарады. Қайтер екен дегендей, ол да міз бақпады. Не айтқандарын, қанша жүргендерін білмейді, әйтеуір «Южный» гастономынан 10-шы ықшам ауданға дейін жаяу келді. Картобы мен пиязын, оны қуыратын тоң майын көтеріп, ел орынға отыра үйге жетті.
– Сара мен бір жігітпен... Шаймардан Сариев деген суретшімен таныстым.
– Ой, ол жігіт емес, үлкен кісі ғой.
– Оны танисың ба?
– Жо-ға. Өткенде Сахи аға «Сариев деген біздегі мүлде жаңа тұлға, бірақ мінезі шатақ, одан кейінгілер алдын орап кетті» деп айтып отырған. Соған қарағанда үлкен шығар дегенім ғой. Екі қыз етке бергісіз қуырған картоппен шай ішіп отырып, біреуінің тағдырындағы жаңа белеске өтіп кеткендерін де білмей қалды.
* * *
Шаймардан Тілемісұлы Сариев Атырау облысында 1937 жылы дүниеге келді. Ол туған топырақта қоңыр үнді домбырамен үндестіріп қоңыр өлең жазатын, қазақтың тағы бір қоңырқай баласы Жұмекен Нәжімеденов дүниеге келген және де сол жылдары...
Иә, қазақтың сүт бетінде қаймақтарын тағы бір мәрте сыпырып әкеткен сол бір жылдары іркес-тіркес талай ұл дүниеге келген. Олар ертелі-кеш ат жалын тартып азамат болып, әрқайсысы өз орнында қазақтың ортайған қазанын толтыру үшін еңбек етті. Солардің бірі – Жұмекен.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге...
Сол үстелде «қоңырайып» отыратын қоңыр баланың өлеңі күндердің күні болғанда тәуелсіз елінің ән ұранына айналып шыға келді. Іштей тентек теңіздей көкке шапшыған, сырттай құмдай ауыр мінезді қоңыр баланың тереңдегі ойы халқының ғасырлар бойғы арманымен үндес келді. Сонау боздақтардың құрбандығы да өтеусіз қалмады. Солардың бірі – Шаймардан.
Қызғылт-қоңыр, қоңыр-сары, қоңыр-қошқыл, сарғылт-қызыл бояулармен туған жерін суретке салды. Бұйрат-бұйрат құм шағылдар, сол шағылдардың арасында отырған шағын-шағын ауылдар. Бір бөлтектен асып түссең адасып кететін, содан соң айқайлап жүріп, дауысқа қарап тауып алатын алақандай ауылы болашақ суретшінің көкірек көзінде мәңгі-бақи сағыныш болып қалды. Сол сағыныш әркезде әртүрлі бейнеде қағазға түсті. Ол суреттеріне «Біздің ауыл», «Менің отаным», «Балықшылар», «Қыздар», «Шопанның отбасы» деп ат қояды. Аты әртүрлі болғанымен заты сол – аспаны биік, даласы кең, теңізі телегей шалқыған, өзені күркірей толқыған туған жерінің әрқилы көрінісі. Сол жерді жаз жайлап, қыс қыстайтын, ыстық-суыққа мойымайтын, қандай жағдайда да «Иә, Алла, топырақты туған жерден бұйырт!» деген тілегінен жазбайтын адамдары. Бұл жердің ақсақалдары әңгімені қоңырлатып әріден бастайды. «Орынборда оқыған, Кетрампорды да көрген Мақаш деген правитель болған, анау-мынау биіңе дес бермейтін шешен, оны-мұны дауыңды өзі шешетін көсем болған. Талай- талай заман болып, қарағай басын шортан шалған кезеңде де әділдігінен таймаған азамат болған. Сонысы емес пе, ақпатшаның кәрінен қорықпай «Жалдының» өзіне араша түскені» деп бір қайырады.Алдыңғы көп әңгімеден жөнді ештеңе ұқпай ата-әжелерінің о жақ, бұ жағында қалғып-мүлгіп отырған балалар «Жалды» дегенде елең ете қалады. Өйткені «Жалды» деп бұл елде күй атасы Құрманғазыны айтады. Домбыра ұстаған адам «Жалдының» шығармаларынан бастайды. Оның аты «Бісмілләмен» қатар жүреді, әйтпесе аруаққа шет санайды. «Жалды» деген соң-ақ әңгімеге күй араласатынын білетін балалар, ұйқылы көздері жылтырап, «Енді кім не айтар екен?» деп құлақтары қалқая қалады. Десе дегендей, елдік туралы, ерлік туралы, қажет болса қатынына дейін қару ұстаған қазақтың небір қасиеті жайлы әңгіме енді ағытылады.Арасында кейбір естілмеген күй ақтарылады. Таңның атысы, күннің батысы шаруадан қолы тимейтін, бір-бірінен «Әу!» дейтіндей қашықтықта құм ішінде отырған ауыл адамдары ымырт үйіріле, мал жайлап болған соң әртүрлі себеппен кезек-кезек бас қосқандағы мәжіліс осылайша қайталана береді. Бірақ жалықтырмайды. Олардың басқа қызық ермегі болмаған соң ба, әлде құм баласының табиғаты осындай біртоға салмақты, ойынынан ойы көп әңгімелерге жақын бола ма? Әйтеуір сол балалардың көпшілігіне құмдай ауыр, теңіздей тентек, арыны қатты өзендей ақжарма мінез тән болды. Оқу іздеп, өнер іздеп алысқа жол тартқанда өздері туған жылдары арманда опат болғандардың елім деп еңіреп өткен мүддесін қайта-қайта қозғай береді. Сарала сағымның сәулесі жүзіне түсіп тұрған қоңыр орамалды қараторы қыздарды салады Сариев. Жоқ, бұлар періште де, мадонна да емес. Кәдімгі қазақтың балықшы ма, қойшы ма, қарапайым қыздары. Мүмкін аяқтары сәл қисықтау шығар. Бірақ Сариев үшін Махамбеттен өткен ақын жоқ, Қыз Жібектен өткен сұлу жоқ, қазақтан өткен қасиетті халық жоқ, осы даладан өткен кеңдік, осы тұңғиық аспаннан өткен биіктік жоқ. Осы осылай деп қана қоймайды, осының бәрін бейнелейді. Оның кейіпкерлері тек қана ұлттық шеңберге сыймайды, сәл биіктеу, сәл көлемдірек, әнтек қомақтылау болып келеді. Әйтпесе белі талшыбықтай балықшыны, еліктің лағындай сауыншыны елестетіп көріңіз.
Мүмкін емес қой ол! Бірақ сол қол-аяғы балғадай кейіпкерлердің көзіндегі ұшқынға қараңыз, жүзіндегі байқалар-байқалмас арман мен мұңға қараңыз. Әне, құммінездес қыздардың қылығы содан көрінеді. Сәл-пәл артық сызықпен, айқын бояумен, көтеріңкі кеңістікпен суретші ішкі толғанысты, тесіп шығар қуатты, айтылмайтын армандарды береді. Өзі биік армандарға жетелейтін кең далада өсті, одан шахтаға түсіп жұмыс істеді, одан Харьковтың көркемсурет институтында оқыды. Қандай контраст. Азаматтық көзқарастың қалыптасуы, сананың саралануы үшін іздесе таптырмайтын өмір жолы. Кең даладағы еркіндіктен кейін шахтаға шыдау қандай қиын болса, бүкіл тарихында бірі батысқа, бірі шығысқа, бірі фашизмге, бірі большивизмге, енді бірі жебірейге іштартып тұратын мемлекет ішіндегі мемлекет Харьковке сыю тіпті қиын болды. Оның үстіне өзі дарынды болса, оның үстіне өзіндік көзқарасы, әрі өз халқын өлердей сүйеді, онысын және айғайлап айтып жүреді. Жұдырықпен дәлелдеуден де тайынбайды. Ең бастысы суреттерінде баттиып тұрады. Бейнелеу – жасырып қалатын сөз емес, айтпай қалатын әуен емес, тасқа ма, қағазға ма, кенепке ме, түсті ме, өмір-бақи баттияды да тұрады ғой. «Бояуды қазақша араластыру керек» дейтін ол. Әрине, оны кеңестік идеологияда да түсінетіндер де болы. Тиісті орындарға түсіндіретіндер болады. Сариевтің суреттерін әлдеқалай көріп қалған шетелдіктер бұл не деген ғаламат деп аузын ашып, көзін жұмып жатқанда, өзінің үлкен отанында мінезі сенімсіз, пиғылы түсініксіз, қоғамдық орында өзін ұстай алмайтын тәртіпсіз деп ағаш аттың басына мінгізді. Шет елге баруға ұшақтың ішінде отырған жерінен түсіріп алды. КСРО суретшілер одағының мүшелігінен шығартты. Соның бәріне дәлел қылатыны – «ішеді!» дейді. О, тоба! Туғанынан қымызға бөртіп өскен қазақтың баласын ішеді деп айыптайды. Композитор болса – атақты көтере алмай, ақын болса – таныла алмай, суретші болса – ешкім түсінбегеннен «ішіп кетеді». Сонда оларға кім ішкізіп жатыр деп ешкім сұрай алмайды. Шетінен тізіп айтып тастайтын уақыт өтіп кетті. Күндіз тауып, кешке сәл масаңдау ғана айтқан жолдан шықпай, қаңтарулы аттай шеңбердің ішімен тыныш қана жүре бер десе, бұл жылқы мінез халық көнбейді. Бірі болмаса бірі «ішіп алып» қоршаудан секіреді де жатады. Соның бірі – Сариев. Одақтан шыққан соң оған мемлекеттік тапсырма берілмейтін болды. Еңбектерін де сатып алмайды. Немесе ең төменгі бағамен облыстық музейлерге жіберіледі. Ол баға кейде кенеп пен бояуға шыққан шығынды да өтемейді. Отбасы да бүлінді. Шеберхана ұжымдық тұраққа айналды. Махамбеттің жырымен бейтаныс қызға сыра алдырып тұрғаны осы кез еді. Алматыны көлденеңінен жарып өтетін оқтай түзу Абай даңғылының бойында суретші осылайша өз тағдырының жаңа жолына кезікті.
Жоғары жақта көкке шаншылған, басын мәңгі қар шалған Алатау, төменгі жақта тіршілігі қайнаған астана. Бұл қолында екі бөтелке сырасы бар, жаңа ғана танысқан қызбен әңгімелесіп, қаланы жарып өтті.
* * *
Күлпаштың арқасында Қазақстанды түгел жайладым дейтін Шәкең. Десе дегендей: бес ұл бес қалада дүниеге келді. Екеуінің тұңғыш ұлы дүниеге келгенде, «Құлпытас» деп ат қоямын ұлыма, адамдар өтеді, жер бетінде тек құлпытастары қалады. Енді Сариевті ешкім де өлтіре алмайды» деп жар салады. Өмірі ештеңеге таң қалмайтын суретшілердің өзі: «Ты что, старик, народ шокируешь?!» деп шоршып түсті. Енесі ғана: «Үйсіз-күйсіз қалу ер-азаматқа оңай дейсіңдер ме? Күдер үзе бастаған соң қуанғаны ғой. Балаға ауыр болады, «Еріктас» деп атай беріңдер», –деді ақырын ғана. Небір атақты мен азулыға бой бермейтін Шәкең шүйкедей кемпірдің алдында «Солай ма, тәте» деп сылқ түсті. Енді әлгі ұжымдық мекен-шеберхана тіпті тар болды. Басталған, аяқталмаған, нобайлаған суреттер, жас бала және екі бірдей шығармашылық иесі. Өйткені Күлпаштың ғылыми ізденісі бар еді. Ең бастысы – Сариев өндіріп жұмыс істей бастады.Ақысын да сұрай бастады.
– Өй, жігіттер, мен қатарға қосылдым, мынау әйелім, мынау балам, үй бере алмасаңдар шеберхананы кеңітіп беріңдер, – деп Одаққа барады. Бәрі тік тұрып қолпаштайды, жағдайын түсінеді, ниеттері түзу. Бірақ... содан әрі жылжымайды: Бір күні: Күлпаш, Қарағандыға барайық, шеберхана береміз, кейін үй де болады, – деп келді. Несі бар, Қарағанды да орталық. Күлпаш Еріктасты шешесіне қалдырып, екі чемоданды жинастырып дайын болды. Бірақ әңгіме тез айтылады. Ал іс біткенше. Әсіресе біздің елде... Қарағандылық жолдастар қолдауға тырысты. Тапсырыс та түсті. Өзіне де қанат біткендей. «Осы баланың тұсындағы ісімнің бәрі жайлы болды, ойым орнығып, алаңсыз жұмыс істей бастадым, соған қарағанда қыз болатын шығар, аты «Жайлы лебіз» қоямын» деп мәлімдеді Шәкең. Тағы дау. «Адамды түсінікпен атағанды қайдан көрдің, оны кім іркес-тіркестіріп жүреді...» Қойшы әйтеуір қыз да болмады, шет елдіктердің үрдісі де қонбады, бала «Лебіз» атанды. Алатаудың бауырында туған Күлпашқа Қарағандының ауасы қиын болды, әрі үлкен балаларын сағынды, қысқасы Алматыға қайтты. Жыл ортасы, мектептерде сабақ басталып кеткен, жұмыстың ыңғайымен Кегенде, Күлпаштың төркіндерінде қыстап шығуға ұйғарды. Жоғары білімді суретші күйеудің қызығын Мәдениет үйі көрді. Шәкең Мәдениет үйін «Қыз Жібек» жырының желісімен безендіріп шықты. Естіген жұрт Кегеннің Мәдениет үйіне арнайы барып көретін болды. Бірақ жұмыс істеген соң бояу таусылады, қалам мұқалады. Ал Кегенде олар сатылмайды. Соны іздеп Алматыға келген Шаймарданға ой түсті. «Күшік күйеу болып Кегенде жүргенше өз еліме кетпеймін бе?» Ойдың келгені жұмыстың жартылай біткені. Бір жақсысы екі чемоданнан артық дүние жимағаны жақсы болды. Обалы не керек, ел құшақ жая қарсы алды. Махамбет ауданының орталығынан үй, орта мектептен екеуіне де жұмыс берді. Шаймарданға қалам ұстатқан ұстазы өз баласы келгендей қуанды. Шын суретшіден сабақ алып, ауданның балалары бір жарылқап қалды. Алматыдан келген апайдың сабағынан кейін қыздардың бәрі орыс тілі мен әдебиеттің маманы болғысы келді. Әсіресе әрі білікті, әрі білімді әрі немерелерін алып келген келінге Шәкеңнің анасы разы. Бүкіл ауыл разы. Бірақ... Иә, тағы бояу іздеу керек, қалам керек. Оны іздеп Шәкең теңіз асып Астрахань, Дағыстанға кететін болды. Енді Күлпаш ойланды. «Қой, берсе де, бермесе де баспанасын, астанаға қайтқан дұрыс шығар». Бұл кезде дүниеге Қуаныш, Жайдарлы, Нұрдәулет атты балалар келді. «Қазақ мадоннасы», «Рада» (екі нұсқасы), «Лебіз», «Натюрморт», «Біздің ауыл» т.б. картиналар ең бастысы мыңға жуық графикалық жұмыстар келді. Сариевтің графикасы дегенді ешкім айтпайтын. Суретшінің өзі де оны елемейтін. Әншейін ермек үшін шимайлай салатындай. Тіпті отырған жерінде сызып тастап кете беретін. «Күлпаш, осы жұмыстарым балаларымды асырайды, сен қам жеме», – дейтін шаршаған, ауру меңдеген суретші. Оған Күлпаштың күмәні жоқ. Бірақ «құлақ естігенді көз көргені» жақсы да. Дегенмен Күлпаштың бірінші мақсаты Сариевтің суретшілер одағына мүшелігін қалпына келтіру болды. Әбден ауру меңдеген Шәкең туған жерге оралды. Күлпаш шенеуніктермен шайқасуға Алматыда қалды. «Ойпырмай, 15 минутта мүшеліктен шығарып жібергенде бірауызды болған әріптестердің басы бірікпей-ақ қойды. Ақыры ашынған бір ақсақал: «Өй, жігіттер, Одаққа мүшеліктің енді Сариевке түкке қажеті жоқ. Ол енді бізге керек, оның балаларының алдында жүзіміз жарқын болу үшін керек», – деді. Күлпаш сол күнге жетті.
– Шәке! Единогласно! – деді телефонға айғайлап.
– Қойшы біреуі де қарсы болмады ма?
– Жоқ, бірауыздан қолдады.
– Сариев жеңді! – деді аржақтағы дауыс сампылдап.
– Даусының сау кезіндегідей ширақ шыққаны сол-ақ болды, – деді кейін қайнысы Күлпашқа.
– Бұл 1988 жылдың көктемі еді. Оның артында жүздеген жұмысы, мыңдаған графикасы, 5 ұлы, «Сариевтің мінезі» деген сипаттамасы, туған жерге мәңгі ғашық рухы, Күлпаштай асыл жары қалды.
** *
Атыраудың әкімі іздеп жатыр дегенге әуелі түсіне алмады. «Әкімнің менде не жұмысы бар?» Атыраудың Иманғали Тасмағамбетов деген әкімі бар деп, жұрт аңыз қылып еді. Шаруашылықты түсінетін, бірақ өзінің бар ниеті өнер мен мәдениетте жатыр дегенді көзі көрді.
– Аға биыл 60-қа толады екеннен бастады әкім әңгімесін. Оның мұрасы елдің байлығы ғой. Атырау аймағының қасиетті даласында туған тағы бір қоңыр бала сол даланы мекендеген халықтың қазынасын іздеп отыр.
Қоңырқай үні де құлаққа жағымды екен, шын ілтипатпен әйгілі болуға тиісті-ақ суретшінің жоғын жоқтап отыр. Күлпаштың ұққаны осы болды. Тәйірі, қазақтың тірісінде мойындалмай кеткені аз ба?! Сонау Құрманғазыдан бері қаншама ұланын ит қосып қумады. Е-е, айта берсе. Дегенмен тәуелсіздіктің лебі байқалады. Енді Күлпаш қозғалды. Сариевтің 22 жұмысын алып, екі баласын ертіп Атырауға жетті. Әкім азаматтығын көрсетті. Қаланың қақ ортасында жарқыратып көрмесін жасатты. Бала-шағасымен сый-сияпаттап қарсы алды. Болашақта жергілікті өнер музейіне Сариевтің атын беру жөнінде жұмыс жасау керектігін айтты. Тиісті адамдарға тапсырма берді. Әңгіме бұнымен аяқталмайтынын аңғартты. Күлпаш күйеуін де, халқын да қайта танығандай болды. Туған жерінде төбе болып жатқан жарының қасына барып: «Шәке! Сенің айтқаның келді, өзің тірілдің. Іздейтін елің, түсінетін халқың бар екен!» деп дауыстап айтты. Құлпытастар үнсіз тыңдайды екен. Иә, әңгіме ғана тез айтылады. Әсіресе біздің елде... Дегенмен елім деген ұрпақ болса, құлақ естігенді көз көреді екен. «Атырау облыстық өнер музейіне Шаймардан Сариевтің аты берілсін!» пәрменді көретін кезге Күлпаш та жетті. Оған дейін өзі де педагогика ғылымының докторы атағын қорғап үлгерді. Балалары да ел қатарлы. Ең бастысы өнер бәріне қонған. Атасында болған ботасында шығады-ақ. Қоғалы көлдер, қоңыр күйлер, қоңыр-сарғыш құм даланы кезіп жүрген қоңыр әуен. Бәрі де баяғыдай сияқты. Жоқ. Алдыңғы толқын өтіп, кейінгі толқын жетіп жатыр. Тек өткен мен келешекті жалғайтын мәңгілік сағыныш сарыны өзгермейді. Жердің өзіндей, жүректің діріліндей мәңгі сағыныш. Дарынды өнерпаздың бейнелеуіндей мәңгілікке жазылып қалған Сағыныш!
САРА ЛАТИЕВА