Жүрегімнің соғысы жиілеп, көңілім алып-ұшып дәрісханаға қарай бет алдым. Көкірегімде қуаныш пен қобалжу сезімдері қатар өрбіп, арпалысып жатқандай еді. Осындай күйде болуымның себебі де жоқ емес. Бұл күні академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 1 курс докторанттарына жүргізетін алғашқы дәріс сабағы болатын. Сол күнгі күйімді сөзбен айтып жеткізу қиын-ақ. Өмірлік мамандығымды таңдаған сәттен бастап, қазақ фольклорына қатысты жазған зерттеу еңбектерін жастана оқыған, сырттай сүйсіне, тамсана қараған, ғылыми ортада абыройы асқақ, беделі биік, ғалым, академик Сейіт Асқарұлымен жүздесу, оның үстіне жай ғана жүздесу емес, аптасына 3 сағат бойы дәрісін тыңдап, алдында шәкірт болу қандай жауапты іс десеңізші! Кезінде Алаштың астанасы болып, бүгінде еліміздің рухани орталығына айналған қарт Семейден тәуелсіз Қазақстанның бас қаласындағы іргелі білім ордасы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білімімді шыңдау бақыты бұйырыпты. Ал, Сейіт Асқарұлының дәрісін тыңдау – Тәңірдің сыйы болса керек. Халық фольклорын, қазақтың халық прозасын терең зерттеген ғалымның аузынан естіген аңыз-әңгімелер сөз өнеріне деген құштарлығымды бұрынғыдан бетер арттыра түсті.
Сейіт Асқарұлының ұстаздық болмысы да үлкен тағылым. Байқағаным, өзі іргесін қалаған қазақ фольклорына қатысты жүргізетін дәріс сабағына үнемі үлкен жауапкершілікпен қарап, керек десеңіз, әр жүргізетін дәрісінде айтатын ойларын қағаз бетіне түсіріп, алдын-ала дайындап әкелетін. Бұл – өзінің мамандығына, шәкірттеріне деген құрметі болса керек.
Еңбек жолында ұстаздық пен ғылыми ізденісті қатар өре білген, талай шәкіртінің ғылым көкжиегінде қанат қағып кетуіне бағыт берген Сейіт Асқарұлының шәкірті болу – мен үшін зор жауапкершілік, әрі үлкен бақыт.
«Фольклор – ұлттың жаны» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған ұстазым Сейіт Асқарұлының шаңырағынан шаттық үзілмей, ұзақ ғұмыр кешуін тілеймін.
Мөлдір Аманғазықызы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
PhD докторанты