МЕЙІРХАН АҚДӘУЛЕТҰЛЫ. «ҚАЗАҚЫ» ДАҒДАРЫС

«Шындық Құдай-қыз дейді

ұқпаған соң жұрт әлі.

Жоқ  болған соң  іздейді,

тауып алса... құртады!..»

Жұмекен Н.

 

...Бізге пайғамбар келген жоқ.

Мурад Аджидің айтуынша, «Тәңірді теріс қаратып алғанбыз». Пайғамбар жіберу «конституция бойынша» (ғаламдық, әрине!), Алланың ғана прерогативасы (құқы). Жібермесе, қимаса... біз сана, болмыс, діл деңгейі секілді  негізгі көрсеткіштер бойынша — әзір дайын емес болғанымыз да...

...Ал, ең айтулы энцикпопедиялардағы «құдай таңдаған халық» деген анықтаманы Түркі қағанаты тұсында-ақ иемденіп қойған жөйттер даурығып, «рух көтеру науқанымен» айналысып жатқан жоқ — өмір сүріп жатыр! — һәм міндетті түрде келуге тиіс су жаңа Пайғамбарын — Мессияны  бір кісідей күтіп жүр...

Мұның өзі сентиментальді ұлттық сананың шамына тиюі әбден мүмкін, бірақ, Пайғамбар енді келмейді, біз — Мухаммед (с.ғ.с.) үмбетіміз. Сонымыздың өзінде... кешірімді қайта-қайта сұрап алып, Жаратқанның өзімен жасырынбақ ойнауға да бармыз.

Келе қалса, Пайғамбарға да көрпе жайып, көпшік тастамаймыз-ау деймін, себебі:

біріншіден, пайғамбарлық — мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ірі әкім, «ұлттық бедел иесі» емес, «Мерседес» мініп те келмейді, жабыла жарнамалаумен «жай  қазақтың» үшеуіне — би, бесеуіне — болыс, жетеуіне — шадияр болып үлгере қоятынның шаруасы емес, елдің бәрінің көңілін қалдыратын, бірақ ажалдай ақиқатты айту арқылы, соның азабын шегу арқылы жасалатын рухани, аспани ерлік;

екіншіден, елу доллары мен екі «модный костюмі» болса, кісіге кеңірдегімен ғана қарайтын «түркілік болмыс иесінің» көзі, расымен, тек қана көкті көреді, онда да, одан Тәңір емес, «гүл толы мамыр» іздейді — адамзат трагедиясына алаң, дәруіш кейіпті пайғамбарды қайтсін, жұмыссыз жүрген біреу деп қалуы «бек мүмкін», әгарәки, о кісі фәлсафа айта бастайтындай болса, «если ты такой умный, то почему не богатый?» деп кеюі ғажап емес...

Со себепті, шежіре түгендеп, даңқты атасының ұлы ісін дәл өзі бітіргеннен бетер бұлданатын, орысша сөйлейтініне дейін «үш жүзге үлес бөлу» пиғылын игере қоятын аборигендердің «арабы торыларының» Аллаға ауыз томпайтуына һеш негіз жоқ. Ал тарихшылар қанша данышпан, «тапқышбек» болса да, Мұхаммедтің (с.ғ.с) қазақ еместігі, арабтардың кұрайыш тайпасынан шыққаны — Әкежан Қажыгелдиннің ақшасы бар екені секілді шындық, ол кісінің 1989 жылы, сіз бен біз әйел мен еркек кездесті-ақ болды, жата кететінін айқайлатып көрсететін фильмдерді «балалардан ұят болады» деп, жасырып көріп жүргенде-ақ, мұхиттың аржағындағы «болашақ аға халықтың» банкісінен 2,5 миллион несие алғаны рас... Одан бері не заман — өзіміз өзгердік, «Ақ босаға» «отсталый» әйелдердің «сауатын» көтеріп жатыр, ақындарымыз эротикалық өлеңдер жазатын болды, өзіміз «сексуальный» боп кеттік... шүкір.

Өзгеріп болдық. «Заманға күйледік» (Абай).

Өзгермеген — өкпеміз. Қылығымыз (стереотип поведения). Қазақы қисынымыз. Қалыбымыз.

Рас, қазақы сана мен ділде едәуір алға басушылық бар. Басы барғысы келмегенмен, аяғы алға сүйреген халдегі алға басушылық. Осыдан аттай бір жыл бұрын, өзім жазған «этнографиялық жасырынбақ» әлі жалғасып жатыр. Қазақтың өзімен-өзі, қазақы сананың өзімен-өзі ойнайтын жасырынбағы. Алдауы. Алдарқатуы.

«Қазаққа кею» Абаймен бітеді. Себебі, одан асырып кеюдің қажеті жоқ. Со себепті, енді кінә іздеп, қабақ шытсақ — «коллективтік Пайғамбардың» — қазақы атқамінер мен қазақы  зиялының адресіне жолдау керек. Қазақ бақташысы — сол. Қалған «қара қазақ» «пайғамбардан» асып қайда барады — оны сомдаған, әлі де «әрнәрсеге» баулып жүрген де сол — «коллективтік пайғамбар». Оған (пайғамбарға) не деп кейисің — жазушы кітабының шықпайтынын, шықса өткізу қияметтігін, ғалым — бюджеттің ғылымды шөміштен қағып отырғанын, актер — театрға кісі аз келерін, редактор — газеттің тиражы құлдырағанын айтады, ал есебі түгел, қалтасы томпақтаулары мемуар жазып, «өзін дәлелдеп» жатыр.

Әбіш Кекілбаев айтпақшы, «миымызға, санамызға қақпан құрып кеткен» өткеніміздің инерциясы, рухани құлдық, рухани мешелдік.

   Баяғыдан бері айтыла-айтыла  ақжем болған қазақы проблемалар мен «біз неткен керемет!»-тен басталатын орынды-орынсыз «одалар» қазір одағай сөз секілді — салмағынан жұрдай болды. Енді күң-қанағат, құл-тоба салтанат құра бастады. Қанағат пен тоба елді ел, ерді ер етері рас шығар. Ал құл мен күңнің (рухани, әрине) болмысы... рухани дағдарысқа апарады.

Сөздің соңы келіп саясатқа, сайлауға, Президентке тіреледі. Қазақы рухани дағдарыстың емін осы үшеуі тауып беретін сияқты. Расында солай ма?

 

*  *  *

Мен ойлаймын: осы жеті жыл бойы Қазақстанды сіз идеал етіп жүрген елдердің, сіз тамсанып жүрген халықтардың басшылары... мәселенки, Билл Клинтон, Жак Ширак немесе Гельмут Коль (Хомейниді айтпай-ақ қоялық, ол классикалық ислам — парсы руханиятының өкілі ғой — біз секілді «модерн-мұсылмандарды» баяғыда-ақ жазалар еді!) келіп басқарып берсе, жағдай қалай болар еді? Шөре-шөре боп кетер едік. Себебі, олар «посткеңестік», қазақы-орысқол кеңістіктің, болмыс пен ділдің, қоғамның қыбын таба алмай, Моника Левинскисіз-ақ қоғамның «любой философтың» миына сыймайтын объективті ақиқаттарына таңданып өлер еді!

«Күбісіне қарай — піспегі». Басқа «піспек» кісінің миына сыймайтын қайшылықтарға толы «күбіні» не аударып, не қиратып тынар еді. Дәметпей-ақ қойыңыз, мен Президент саясатын қолдап, «сайрағалы» отырғам жоқ — әрі әңгіме саясат туралы емес, қазақы болмыс, діл, содан шығатын рухани дағдарыс туралы болып отыр. Оған сайлаудың қатысы қанша?..

«Үйдің жақсы болмағы — ағашынан». Яғни, материалынан. Ұлттың құрылыс материалы — біз, қазақ, дәлірек айтсақ, «қой бастаған көк қошқар ай мүйізді» ұлт серкелері, «коллективтік пайғамбар» (отардың жайылысы мен қоңы соған байланысты). Осылай ұқсақ, осы өлшеммен қарасақ, біз шыққан биік — шамамыздың жеткен жері. Ендеше, несіне налулымыз?

Сонда кім кінәлі?

...Осындай бір «репрессиялық пиғылы бар» сауалды қойып әуре болмай-ақ, бұғып отырған қазақы «дағдарыстың» табиғатына үңіліп көрсек қайтеді?

 

* * *

«Дағдарыс жоқ! » демеңіз — бар және ол «қашан Қызыр келеді, пачка доллар береді» деген проблема емес. Себеп: бізде — капитализм, бұл тұстағы биліктің міндеті — халықты жұмыспен қамтамасыз ету, сол арқылы мал тауып, өзін асырай, емдей, оқыта, адами еңсесін көтере алатын ету, бүкіл мүмкіндігіне жол ашып, тірліктің адал бәсекесіне түсіру һәм қорғау. Әсте, «астық мол шықса, шүлен үлестіріп беру» емес.

Дағдарыс — қазақ ұлты барлық жағынан мойын оздырып өз болмысын сақтап қана қоймай, осы айлапат елдің шын мәніндегі қожасы бола ала ма дегенде... деп сұрағанда, осыған шынайы, оң жауаптың әзір табылмай отырғандығында, ұлттың үмітін семіртетін өзгерістердің аздығы, әлсіздігінде, соның күшейеріне кепілдің жоқтығында. Қазақ ұлттық позициясының интеллектуалдық, рухани, әлеуметтік, мәдени жағынан жеңіле бастауында. Мысал? Қажеті қанша?

Әйтпесе, «ашқан қарын тойынары» (Шер-ағаң) да рас. Бірақ, қарын тойып, шалбардың ышқыры көтерілгенде қазіргі қазақтың болмысы мүлде адасып, Қазақстан Хазариядан да асып жығылса, қайтеміз? Тіл ғана емес, діл жоғалса, сана үндістеуінен арыла алмаған қазақ шаршап, үстем өркениет пен үстем мәдениет үстімізден басып тастап, үйімізді иемденсе ше? «Қарын тоқ — қайғы жоқ» қалады да. Қазір емес, әрине. Ертең. Бүрсігүні.

Жасыратыны жоқ, дәл осы мәселе қазір әлемде бірінші орынға шығып келе жатыр. «Гуманитарлық, мәдени ғасыр» болады деп күтіліп отырған ертеңгі ғасырда бұл проблеманың күшейе түсері хақ — «құдай қалтасынан ешкімді жарылқамайды, біреудікін біреуге әпереді». Тіпті, ұлт болып ұйысу, ұлттық біркелкілікті (идентичность) сақтау, тілді, діл мен мәдениетті сақтау дейтініңіз — қым-қуыт күрес-өмірде күш қосып өмір сүру, тірі жүру (выживание) мақсаты үшін қажет

Көрші Ресейде «күллі билікті қолына апды» деп еврейлерді кінәлау жүріп жатыр. Бұл — шарасыздың ісі, саяси ойынның қатерлі көзірі. «Қазақ бәрін иемденіп алды» деген біздегі байбалам да — сол. Бірақ, бұл да несібеге таласудың — дөрекі болса да, көрінісі.

«Оралының барында ойнап-күліп» жүрген қазақтар мұны ойламауы әбден мүмкін, бірақ, қазіргі ойлы қазақтың еңсесін түсіретін осы дағдарыс — ертеңгі күн алдындағы үрей, рухани қосүрейлік. Энергияның таусылуы, гомеостаз.

Мысап: қазақ өз табиғатына жат нәрсенің бәрін (сексті, порнографияны, тұрпайылық пен қатыгездікті, т.т) амалсыз қабылдап алды — жеңіле бастады. «Тіл үшін күрес» он екі жыл жүргізілгендіктен шаршады ма, рухани емес, ресми, саяси мағынаға, онда да «идеологиялық амал» деңгейіне дейін төмендеді. Қазақ мәдениеті, руханияты жетекшілік роль атқарудан үміт үзіп, этнографиялық белгіні иемденуді місе тұтуға айналды — үстем мәдениет өзін мойындата бастады. Егер, осы қалыптан айнымаса, бірер жылда қазақтар (шамасы жеткені, әрине) балаларын орыс, ағылшын мектептеріне бере бастауы мүмкін. Өздері екібастан...

Жалпы, қазақы сана креолдана (дубәралана) бастады. Бұған дәлел келтірудің қажеті жоқ — байы мен бағланы «евростандартқа» (барлық параметрлері бойынша!) көшті, кедей-кепшік арасында азғындау (қылмыс, жезөкшелік һәм қатерлі аурулар, үмітсіздіктен туған маскүнемдік, алдау-арбау, т.б.) көбейе бастады.

«Өстіп-өстіп ел болып кетерміз» деген үміт көп. Бірақ бізге иллюзия (алдамшы көрініс) емес, жарау ат мінген жадыраңқы үміт керек. Себебі — азбыз. «Кел, балалар, оқылық!» деңгейінде қалғандар саны өте көп. Әлеуметтік сатының да соңғысында тұрмыз (көзіқарақты, жағдайы түзу қала халқының түгелі дерлік — «өнер-білім бар жұрттар», қазақтардың  қалаға көптеп келе бастағаны кеше ғана,  «ауылды сәл түзетіп, пәтерақыны қымбаттатса», табиғи резервациясына қайтып кетуі де мүмкін оның).

Бір қызығы, мұны айтсаң, «білікті» мен биліктіге жақпайсың — «қазаққа бұл аз ба?» деуі де мүмкін. Аз. Себебі, өзге жұртқа жетуге біз үшін он есе терлеу, іздену, ышқыну керек.

Мен мұны «Қазақ халқы жыламасыншы!» деп айтып отырған жоқпын. Ол «стиль» тозды.

Бұл — мемлекеттік, жалпыұлттық мәселе. Бүгін көз жұмғанымызбен, ертең алдымыздан шыға келетін тағдыр...

Мұның түп-тамыры неде?

 

*  *  *

Кемел кісіде кейіс болмайды. Одан түсінушілік қана күту лайық. Кемел ұлтта да. Біз кемелміз деуге ертелеу шығар. Кембағалмыз деуге ауыз бармайды — ешкімнен кем де, артық та емеспіз. Қазақтың өзіміз...

Сонда, әлгі «дағдарыс» қайдан шығады?

Меніңше — заман, қоғам өзгергеніне қарамастан, өзгере алмай, соған ниет те етпей отырғандығымыздан. Әрине, біздің, қазақтың «коллективтік пайғамбарының»!

Мұның себебі — шектеулі, «тұсаулы аттың синдромынан» арылмаған сана, барлық салада тек қана Карлейльдің «киім теориясына» сайып, өзгеріссіз қалған билік тәсілі, қоғамдық атрибуттар, жаңаға, жаңашылға жол бермей, мызғымай отырған, ноқтасыз қалған бюрократия, қысқасы, Әбіш Кекілбаев айтпақшы, «миымызға, санамызға қақпан құрып кеткен» өткеніміздің инерциясы, рухани құлдық, рухани мешелдік. Президентіміздің бұдан төрт-бес жыл бұрын «менде кешегі қоғамнан шыққан бюрократиядан өзге команда жоқ» деуі — содан. Одан бері едәуір алға басу бар. Бірақ, тіпті, билік басындағы жаңашылдардың да қадамын аштырмайтын, рухани, мәдени саладағы сапалық өзгеріске («ерекше» ойлайтындар» мен жастарға) кедергі болып отырған да баяғы қалып, баяғы «қатса, қалпына баратын» көн сана, көн көзқарас, көн ұғым (көне емес!), көн түсінік. Осыдан келіп конфликт — «кінәліні іздеу» туады. («XXI век» газетіндегі «зиялыларға ызалану», «Жас Алаштағы» үлкендерге реніш, т.т.) Ол дәйім «бәрін білетіндер» пайдасына шешіледі...

Осы мәселе шешімін таппағандықтан, сана тоқырап тұр. Себебі, қазақ атқамінері мен зиялысы сапалық өзгеріске түсуге құлықсыз. «Жылы орынды суытпау» ұлт қаймағы үшін өте ыңғайлы.

Ал ұлт үшін ыңғайсыз. «Ұлт, ұлт!» деп, орынды-орынсыз бедел жиып жүргендер мұны емес, тар, корпоративтік мүддені ғана ойлайды. Әйтсе де — сайрағыш...

Себебі, бізде ұлт мүддесінен «пәленшекең» мүддесі жоғарылау тұрады, соның амбициясы ғана түзік болады.

Осы себептен, бізде «Бәрі жақсы!»

Осы себептен, біз әр нәрсені өз атымен атаудан қалып барамыз.

Сонда біз өтірікші ұлтқа айналмақпыз ба? Кемелдікке апарар ауыр соқпақ емес, кері кетіретін, көзтаныс, «даңғыл» жол керек бізге...

Олай болатыны, әуелде тәуелсіздікке шынайы қуанған біздің түзік пиғылымызды «кедей байға, бай құдайға жетуді» ұстанатын қоғамның моралі ұмыт ете бастады, рухани кедейліктен қорықпайтын болдық.

«Ақырзаманды төндіруден» аулақпын. Рас бізде игілік көп. Ал соны құр малдану, айта-айта ақжем етіп, берекесін қашырып, қайырсыз ету одан да басым: біз үрген шарға ұқсап кетеміз бе деп қорқамын.

 

***

Қолымыз бос, бірақ санамыздағы кісеннің кілті білегімізде ілулі жүр.

Себеп?

Біз өз көңілімізге өзіміз қарап жүрміз. ЕШКІМДІ ренжіткіміз жоқ . Осыдан келіп:

— қазақта ғана «жақсы адам» деген қызмет бар, яғни, қазақы кадр мәселесі осы принципті ғана мойындайды.

— Абайды жазса — Абай, Мұхтарды жазса — Мұхтар авторға ұсап кететінін ескертсең, жақсы жазушыны ренжітіп аласың;

— тарихшылардың «ғылыми емес фантастикаға» ауыса бастағанын айтсаң, «ұлттық тарих ғылымына қастандық» болып шығады;

— халық мақтаны деңгейіне көтерілген кісінің кейбір қате, аңғал пікірін айтсаң, басбұзар атанасың;

— «жыланның аяғын көре алар» көреген болсаң да, «пәленшекеңнің адамы» (бажасы, ауылдасы, т.т.) болмайынша, сен көрер жарық жоқ;

— т.с.с және т.б ... қысқасы, қазақы «тупик».

Мемлекет — қазақтікі!

Ақиқат не айнадан, не пікірталастан туады. Біз түгілі, санатқа әлдеқашан кіріп, әлемге өнеге үйретіп отырған ұлттар да «өз көңілін қалдыра біледі», ақиқи бейнесін үнемі іздеп, сыни ақыл (критический ум) үстемдігіне бағынады. Ал біз?.

Қазақстан дейтін мемлекеттің болашағына күмән жоқ, ал қазақтың ше? Бұл саясаттың шаруасы емес. Халық миын шынықтырумен айналысатындардың шаруасы.

.. .Жұрт демократияны «азсынып» жүрген сыңайлы. Бекер. Әркімнің ішкі мәдениеті, еркіндігі ғана жетіспей тұр. Оған да саясат кінәлі ме?

Рухты қызыл сөзбен, жортақы жорғалықпен көтеру мүмкін емес. Біз рухы жаралы халықпыз. Оны ақиқатпен ғана емдеу керек. Егер өзіңе, өзіңнің балаңа, өз ұлтыңа деген адалдығың, жан ашырлығың рас болса...

Мейірімсіз әлем бізден мықты ұлттарды да маңдайынан сипап жатқан жоқ. Бізді қайдам...

                                                                      «Қазақ әдебиеті», 1 қаңтар, 1999 жыл

 

P.S.

Кейде маған осы мәселенің қазақтың «ұлттық күн тәртібінен» түспей тұрғанының басты себебі — бұл туралы ойланудың мүлде жоқтығы сияқты болып көрінеді. Әсіресе «зиялы данышпандар» тарапынан. Ойлы, білікті мамандардың — ұлтты қалыпқа түсіру үшін ғылыми тұжырымдамалар мен соған сәйкес бағдарламалар жасайтын кәсіби мамандардың — әлеуметтік саладағы ғалымдардың, аналитиктердің, ұлтты заманға жақындату үшін амал қылатын білгірлердің мүлде жоқтығы, сондай ғылыми-мемлекеттік құзырлы мекемелердің «қазақ мәселесімен» айналысуды мәселе санамауы біздің ешкімнен кем де, артық та емес ұлтымыздың «адасқанның алды жөн» принципімен тарих ағынындағы ескексіз, тіпті, қайықсыз қалқып бара жатуына «қатты көмектесіп» отыр.

Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Ұлы бағдарлама бұл. Бірақ... «жаман бишіге әлденесі кедергі жасайдының» кебі, атқарушы билік те, саны еселеп өсіп отырған мемлекеттік қызметшілер де «мұндай тәттіні не қосып ішетінін» білмегендіктен, жалаң, қайырсыз «өр-рә!»-ға басып, уақытты бос, мағынасыз өткізіп жатыр...

 

«Адырна» журналы, 2019 жыл, мамыр