ӨЛЕҢ БОЛЫП ҚАЛҒАН АҚЫН ӨЛМЕЙДІ...

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

***

(Марқұм нағашым Аманхан Әлімге)

 

Індет кезінде түсіпті жарлық аспаннан,

Аманханға дейін Адам Атадан басталған,–

«Халық қамы үшін балыққа жем болсын» деп,

Құрбандықтайсың теңізге терең тасталған.

 

Жақсының жанын алыпсың,

тілек берші Алла,

Езіліп қалған ел-жұртқа енді шер салма.

Қошқардай қожаң құрбандық болып шалынса,

Беті қайтар, халқым, індеттің мына, иншалла.

 

Ширығып ылғи жөнсіздіктерге жан-жүйең,

Жиен, – деп айтар кім қалды енді, Әулием?!

Жолыңның үлкен, қолыңның қысқа болғаны,

Жібермегені  көп нәрселерге Ар-Киең. 

 

Рас болды ғой шыққаны кеудеңнен анық дем, 

Жүріппіз-ау  алаңсыз, –деп, –әлі  уақыт кең.

Қадірін білер Оразбай тірі кезінде

Кетіп  қалған  Абайдай, мүмкін, бақытты ең...

 

 

Әлібек Шегебай

ҚОШТАСУ

 

Дүние қалды қаңырап,

Ұл-қызы қалды аңырап.

«Жақсы адам ба еді» дегенде,

«Жақсы адам» дедік жамырап.

 

Салғандай сүрең қарттыққа із,

Жұбату сөзін айттық біз.

Ақкөңіл, адал, аңғалақ,

Ақынды жерлеп қайттық біз.

 

Топырақ салдық асыға,

Қарайды демде басы да.

Қанатын кеткен қайырып,

Қызының жатты қасына.

 

Көңілдер нені тоқыды,

Ажалдың болмас соқыры...

«Азығың енді осы» деп,

Молдекең құран оқыды.

 

Жүректер жылап жүздеген,

Өмірін солай үзді өлең.

Аманат етіп Аллаға,

Қайттық біз барған ізбенен.

 

Келместей бейне кезек түк,

Атқарып міндет мезеттік.

Әлімнің ұлын...

Болған соң,

Әлемнің дертін сөз еттік.

 

Көрінбес кейде алды-арты,

Кептеліс те жоқ албаты.

Қайғылы көзбен қарайды,

Қоршауда қалған Алматы! 

 

Асылбек Жаңбырбай

 

БІРІНШІ СӘУІР

 

Өзгелер мәз, қалжыңдайтын күн дейді,

Бүгін жаным тек жылайды, күлмейді.

Бұл жалғаннан қайтты кеше ақ көкем,

Ауру әлем, дертті көктем білмейді.

 

Жас досым деп сырласатын ағам жоқ,

Кімім қалды алаңдайтын маған көп?

Бір кездеспей кеткен бейне секілді ол,

Өмір өтті-ау лезде тәмат-тәмам боп.

 

Көбейді енді жүректегі аз қайғы,

Көңілімде сағыныш қана маздайды.

Түн ішінде Айға қарап жыр арнап,

Өлең оқиық дегенді ақын жазбайды.

 

Сынық қанат құстан аумай қажыдым,

Тым алыста жүргенім бе жазығым?

Ақымақ басым түсінбейді ешқашан,

Пенде түгіл, Әзірейілдің де әзілін.

 

Көрдім талай арсыздығын жалғанның,

Ақиқат-дүр - алдаспаны арманның.

Өтіріктерің өздеріңе ас болсын,

Мен онсыз да қу дүниеге алдандым...

 

 

Дәуіржан Қамбаров

 

КӨКЕМ ӨТТІ ӨМІРДЕН...

 

Көке деймін

Қызығы жоқ бұл маңда,

қалды ма екен өзге ештеңе арманнан?

Бір жылы сөз айту үшін тыңдарға,

бір адам жоқ жалғаннан.

 

Неге керек

Кең сарайдай білімім,

болмаса егер пайдасы.

Күні ертең - ақ шығарады жұлымын,

әлсіздердің айласы.

 

Ақырзаман

көрші ауылым сияқты,

не дей алам сенімі жоқ кескінге.

Тым болмаса бір - ақ шөкім ұятты,

сатпаса екен ешкімге.

 

Бәрі осылай,

Сеніп өтер әлемнің,

Түсінігі жоқ әлі.

Таң алдында шетінеген өлеңнің,

Обалы ше..?

обалы...

 

Кірлесе де

Көңіл шіркін табылған,

қалып қойған арманда.

бір жылы сөз есту үшін сағынған,

бір адам жоқ жалғанда...

 

 

Айгүл Жұмаділ

 

***

Кіді көңіл, мазаң кеш, түс ауғанын

Жазушы еді өмірден мысалға алып.

Жүріп келіп жалт беріп шалыс мінез

Көрсеткенін ұға алмай құса-ау жаным.

 

Жаназада жылтырақ шәйі құнсыз,

Әзірейілдің дегендей жайы: "кімсіз?" -

Бір жақсыны жұтып ап, міз бақпайды.

Мысық көзді, кебіс бас Айы да үнсіз.

 

Кербез Көктем туғанда, қайың ісіп,

Жеңгем берген бестінің шайын ішіп.

Ел тұрғанша орнынан, ағатайым,

Аңсап жүрген кеттің бе Айыңа ұшып?...

 

Дәурен Айманбет

***

Өлді дей ме? Үйінде отыр ол қазір,

Ернінде темекісі, қолда жыр.

Немесе өзі көп айтатын жан досы

Есағаңмен өзен бойлап жолда жүр.

 

Өлгені несі? Кім айтып жүр өлді деп?

"Көк базардан" көріпті оны ел соңғы рет.

Бір міскінге санап соңғы тиынын

Бере өтіпті мейірімге мол жүрек.

 

Өлген жоқ ол! Хат жазған-ды жақында,

Ауылына қайтатыны хақында.

Қоңырау да шалған ренжіп: "Шымкентте

көше жоқ", - деп, Тоқаш көкесі атында.

 

Өлсе, қане? Өлді дейсің неге сен,

Хабарды өзі берсе нетті жеңешем?!

Сенбеймін мен, сендірмеңдер, сенбеймін!

Өтірік айтқан мыналарға не десем?..

 

...Сұрамай ма алдыменен адам хал,

Өлділемей Әлімұлы Аманхан?

Өлең болып қалған ақын өлмейді,

Ес жиыңдар, оқырман жұрт, оу, аң-таң!

 

*Есаға - Е.Раушанов

*Тоқаш - Т.Бердияров

 

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

 

АМАНХАН ӘЛІМҰЛЫ ҚАЗАСЫНА

 

Тұрғызған ақын өтіп жыр дауылын,

Көңілдің көмілгені-ай мұңға бүгін...

Өзіңмен әкеттің-ау жайсаң аға,

Жұп-жұмыр әдебиеттің бір дәуірін.

 

Қаралы ел... жетім жүрек... жаралы өңір,

Соққыны қабылдауда сана небір...

Қайғырып Алаш жұрты қамығуда,

Айрылып ақынынан бала көңіл.

 

Күрсінді әлем, жан жоқ-ау мұңаймаған,

Тағдыр салды көнеді Құдайға адам.

Еркелеп, арқасүйеп жүргенімде,

Жазам деп қазанама кім ойлаған?!

 

Арқау ғып жаңа жырға шайыр бала,

Тіл бітсе, - жырыңды оқыр, - қайыңға да.

Бұлт боздап, тау мең-зең боп, теңіз жылап,

Өзіңді жоқтап жатыр сайын дала.

 

Ұқтырып қамыт-тірлік, қайғы екенін,

Айтып әрі ауылдың жайлы екенін,-

"Алаңсыз өлең жазып жатам-деуші ең,-

Жұртына қоржынтам сап Майлыекеңнің".

 

Ақжарқын болмысыңнан тұлғаланып,

Жүректе зәулім сарай, жыр қаланып,-

Қайтқанда сұхбат құрып өзіңменен,

Болушы ем сүңгігендей Сырға барып...

 

Құйындай зулап жатқан Қарагер күн,

Көрнекті алды өкілін дара өнердің.

Артында елі қалды жетімсіреп,

Қайрылып бір қанаты қара өлеңнің.

 

Ағаның мол жастарға тағылымы,

Енді жыр ғып айтады бәрі мұны...

Әр кеудеде өлең боп бүршік жарып,

Мәңгі көктей береді ӘЛІМҰЛЫ.

 

Ерғали Бақаш

 

ҚАЗАНАМА...

 

Ей, ажал құлқыныңа құрық болмай,

Тұзағын жақсы адамға құрыпты, Алла-ай.

Қара өлең... қаралы көш Кеңсай жаққа,

Тағы да бет түзеді құрып қалмай...

 

Жан еді, көңілі таза аңқылдаған,

Жүйрік ең ер-тұрманын алтындаған.

Жақсы жыр, жақсы әңгіме оқи қалса,

Жазғандай өзі соны жарқылдаған.

 

Көш басы ақ бурадай бұйдаланған,

Мақсатқа жеткізе ме шудалы арман?

Жақсыға құшағы кең ажалдың да,

Жалғаннан байыз таппай қудаланған.

 

Кең еді, ен даладай құшағыңыз,

Хор қызы мүмкін енді құшарыңыз

Аңқылдап келіп мынау лас өмірге,

Аңқылдап ұшты көкке ұшағыңыз.

 

Жырлап ең  жеті қызды желкілдеген,

Бұл күнде кемпір олар селкілдеген.

Көрісіп, бір-біріне көңіл айтып,

Көзіне мөлдір жасы көлкілдеген.

 

Айдын Байыс

 

ҚАЗАНАМА

 

Жел болып сыбырлармын құлағыңа,

Менен сәлем айтқын деп көзкөргенге.

Аманхан Әлім

 

Мен бүгін мың жылға қартайдым.

Кеп-кеше бүтін ем, ортайдым.

Іркілген қаралы бұлтпын мен,

Білмеймін, әй қашан тарқаймын?

 

Ағадан айрылдым, жалған-ай!

Төбеме тиді ауыр балғадай!

Еркек басымменен, кемсеңдеп

Көз жасы көл құсап тамғаны-ай!

 

Сақалды басына қарамай,

Тап-таза, аңқылдақ баладай!

Қара жер, не деген қомағай?

Ойсырап қалды орны даладай!

 

Тас болған бауырым езілді!

Жақыным, жақсы адам көз ілді.

Балқашқа батырсам бола ма,

Жүрекке жүк болған сезімді?!

 

Көңіл айтамын-ау, кімге айтам?

Дарияға айтам, көлге айтам.

Кітаптарға айтам, содан соң,

Есенғалиға айтам, елге айтам.

 

Қош, аға, кеттің-ау жыраққа!

Сене алмай, сенделем бірақ та.

Жиі кеп тұрғайсың, жырыңды

Жел болып сыбырлап құлаққа.

 

Көкбөрі Мүбарак

 

АҚЫНДАРДЫҢ ӨЛІМІ

(Аманхан Әлімұлына)

 

Әрбір өлген ақынға жүрек талып,

Өліміне өлеңім дір етті ағып...

Қиырдан сабаланып ұшқан құстың,

Құйрығынан жұлдызды жүрем жағып.

 

Көл бетінде ағызған қайық құсап,

Өлімнен соң қозғалар қайырлы шақ.

Өмірімізді алдаймыз жылдар бойы,

Өліміміз қонады ауыл құсап.

 

Ауыл құсап жыпырлай қонған өлім,

Қаралы мал қасында толған өмір.

Мың бір қолдар жайылып, күрсініске

іңірдей боп қызарып орнады өңір.

 

Әрбір өлген ақынға тырна ауады,

Қабыланның тырнағы жыр қағады...

Ойшыл орман бөленіп күңіреніске,

Тебіреністі ағамыз жым болады.

 

Жым-жырт шөгіп ағамның әруағы,

Бұл дүниеден уақытша жалығады...

Бір күн қайта оралар өлең болып,

Сол өлеңнің келуін сағынамын.