«Қазақ халқы – Абайдың халқы»
ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Абайтануға мен қалай келдім? Осыдан тоғыз жыл бұрын, ол кезде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының үшінші курс студентімін, Абайтану пәнінің дәрісі өтті. Дәрісті аға оқытушы, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі Гүлмира Амангелдіқызы оқыды. Апайдың оқытушылық шеберлігі студенттерді Абай әлемінің тұңғиығына жетеледі. Абайтануға деген қызығушылығым артып, әдебиеттану ғылымының табалдырығын имене аттадым. Кейін дипломдық, магистрлік диссертациямның тақырыбы Абай хәкімге қатысты болды.
Жаңа жылмен қоса, жаңа идеяға толы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақала көңілге жылы тиді. Елімізді рухани жетістікке жетелейтін дүниелер зерделенген екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан үш жыл бұрын жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да ел дамуына рухани үлес қосқан, интеллектуалды ұлт тәрбиелеудегі мақсат-міндеттері айқын, маңызды бастама еді. Арагідік жалған есеп беру мен құр науқаншылыққа да ұрынып отырғаны шындық. Жылда болатын конференция, симпозиум, конгресс, дөңгелек үстел, спорттық жарыстар, т.б. жиындардың бәрі «Рухани жаңғыру» аясында деп айдарланды. Бұл туралы талай айтылды, һәм жазылды. Дейтұрғанмен, мақаланың идеялық қуатының мықтылығы Темірқазықтай ұлы Абайдан бағытын түзеуге бас ұрды: хәкімнің 175 жылдығы тойланбақ.
Жоғарыда аталған қателіктер қайталанбау үшін қайтпек керек? Дәстүрлі түрде болатын іс-шараларды Абайдың 175 жылдығына теліп, өтірік есеп беру үшін ғана емес, Президент ұсынған нақты істер аясында ғана жұмыс жасауымыз қажет.
Сөздің шыны, Абай шығармашылығын белгілі топ өкілдері, яғни зиялы қауым ғана түсінеді, оқиды, насихаттайды. Насихаттағандары қалың бұқараға тарап жатқаны шамалы. Абайды еңбектеген баладан, еңкейген қарттарға дейін түсіну үшін көп жариялымды талап етеді. Ол газет, журнал, ғаламтор желісінде ғана жүрмеу керек. Абай туындылары күнделікті өмірімізбен біте қайнауы тиіс. Бұл дегеніміз – үлкен ойын-сауық орталықтары, мекеме, спорттық кешендер, театрлар, мешіт, көше атаулары Абай өлеңдерінің, қарасөздерінің өн бойындағы тіркестерден болса. Мысалы, «Нұрлы ақыл», «Ай менен күн», «Жақсылыққа», «Жәуанмәртлік», «Үш сүю», «Имани гүл». Бұндай атауларды көрген жасы да, кәрісі де «бұл не екен?», «мағынасы қандай екен?» деп ізденеді, оқиды және Абайды табады.
Желтоқсан айының аяғында әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің мақтанышы, Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері үшін арнайы «Dears» деп аталған мейрамхана ашылды деген ақпарат тарады. Осы ақпаратқа Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ф.ғ.д., профессор Ерден Қажыбек ағай фейсбук парақшасында былай деп жазған: «Құтты болсын! Дегенмен аты затына лайық емес сияқты. Димаштың үлгі алар өзгешелігі – қазақ тілі мен төл мәдениетін ұтымды насихаттауында екеніне есте сақтаған жөн. «Айналайын», «Аққуым», «Дайдидау» сықылды бір әдемі қазақ сөзімен атаса дұрысырақ болар еді. Расымен де Димаш арқылы әлемнің миллиондаған халқы Қазақ ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тілін танып, тіпті үйреніп жатқаны рас. Сондықтан кез келген жақсы бастамалардан ұлттың ұпайын түгендеуді ойлауымыз керек.
Мақалада, «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық».
Біздің пайымдауымызша, Абайды әлемдік тұлға деңгейіне көтеру үшін түріктердің Ататүрікке көрсеткен құрметіндей жұмыс істеу керек: Абайдың ескерткішін, нақыл сөздерін әр қаланың, ауданның, ауылдың орталығына, көрікті жерлеріне, мекемелерге, мектептерге, кітапханаларға, барлық рухани ошақтарға, сонымен қатар, шетелдердегі ҚР елшіліктерінің ғимараттарына орнату керек.
Жыл сайын оқушылар арасында өткізілетін «Абай оқулары» байқауының ұйымдастыруын кеңейту керек. Қатысып жатқан оқушыларға Абай өлеңдерін құр жаттатып қана қоймай, оны түсіндіріп, ойға тоқытудың әдістемесін мұғалімдерге үйретсе. Ол үшін ЖОО-лардағы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын студенттерге «Абай тілінің сөздігі» атты арнайы пән оқытса. Абайдың әр туындысын ХХІ ғасыр оқырманы түсінетіндей қысқаша анықтамалықтар әзірленсе. Себебі, сағат сайын өзгеріп жатқан, бір сәт аяндамайтын жүйрік уақытта көп беттік монографияларды ешкім қарамайды.
Президент мақаласында: «Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет», – дейді. Енді осы ашылған орталықтардың міндетіне «Абай оқуларын» Халықаралық деңгейге көтеруге еңбек ету. Байқаудың жүлде қорын көбейту арқылы шетелдік қатысушыларды тарту болу керек деп ойлаймыз.
Жалпы, кез-келген істе жүйелілік, бірізділік болса – нәтиже болады. «Абайтану» пәні мамандығына қарамастан міндетті пәндер қатарына қосса! Әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінде, топтың оқу тіліне қарамастан «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «Абайтану» - осы төрт пән оқытылса. Мектеп, орта білім, жоғары білім деңгейлеріне байланысты оқу бағдарламаларын жаңғыртып, жаппай мемлекеттік ауқымда жүргізілсе деген ниет.
«Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын» - деп Президент айтқандай Абай тойы дарақылықтан, ас та төк іс-шаралардан аулақ болса Абай аңсаған қазақ болуға ұмтылғанымыз.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты
Аслан Есімханұлы