Еліміздің әрбір парасатты азаматы, ең алдымен өз халқының тілін, дінін, өткенін білуі қажет, себебі өзін, өз халқының жақсысын түсіне білген адам ғана өзгені де сыйлай алады. Туған елінің асыл қазынасының тұнығынан тұшынып іше білген, оның інжу - маржанын мөлдіретіп тізіп ала білген ұрпақ қана халқын сүйеді, елінің ертеңін ойлайды. Байтақ далада сан ғасыр көші – қонды күндер кешкен қазақ халқы талай қилы кезеңдерден өтті. Сол уақыттарда өз халқының жарқын болашағын ойлаған, жеке дара тұлғаларымыздың бірі әрі бірегейі – Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт – азаттық қозғалыстың көшбасшысы, қоғамдық – саяси қызметпен белсенді түрде айналысқан. Әлихан Бөкейханның түпкі мақсаты ұлттық мемлекет құру болды. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде Бірінші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай – ақ «Алаш» партиясы құрылды. 25 орыннан тұрған бұл өкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. «Алаш» партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының балама жолын ұсынды. Сол арқылы Алаш қозғалысы буржуазиялық – демократиялық, ұлт – азаттық төңкерісті аяқтауға бағытталған реформаторлық жолды нұсқады. Қойылған нақты мақсатқа жету барысында қаншама тер төгілген үлкен еңбек жатыр.
Біздің қазіргі таңда «Мәңгілік ел» болғанымыз осындай үлкен жауапты істер мен сол істердің көшін бастап тұрған зиялыларымыздың ерен еңбектерінің арқасы деп білеміз. Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі қазақ халқының тұтас ұрпақтарын отан сүйгіштікке, азаматтыққа және абзал қасиеттерге баулуға негіз бола алады. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өмірінің соңына дейін ұлты үшін жүрген ұлы тұлғамызға биыл 154 жыл. Әлихан атамыздың мерейтойын ұлықтау әр жыл сайын үнсіз қалып көрмеген, көрмек емес. Осы себепті Алаш қозғалысына оның тарихына байланысты мәліметтерді, оның кейіпкерлерін елімізге белгілі Ұлттық теледидар арналарының бағдарламаларында көрсетуде, БАҚ-ына мақалалар жарияланып, сонымен бірге оқулықтарда кеңінен берілуде. Осындай үлкен тұлғаларымыздың арқасында Тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Сол асылдардан қалған аманаттарды жалғастырып, бізден кейінгі ұрпақтарға жеткізу біздің парызымыз. Танымы мол, тағылымы терең тарихымыздың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады. Кәміл шындық осы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих,
археология және этнология факультетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты
Қозыбақова Фатима Ақынбаевна,
филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті Назерке Бауыржанқызы.