БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК: КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІ

 

ОҚИТЫН КІТАПТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙСЫЗ?

Жас ерекшелігіне қарай талғам да өзгеріп отырады. Мектеп жасында шытырман оқиғалы, детектив, фантастика жанрындағы шығармаларға қызығатынмын. Бердібек Соқпақбаев, Жүніс Сахиев, Эдгар По, Жюль Верн, Роберет Стивенсон, Николай Носов секілді авторлар қандай да бір оқушы баланың сырласы, сүйікті жазушысы болған шығар. Бозбала кезімде спорт, нақтырақ айтқанда, шығыс жекпе-жегі жайлы кітаптарды іздеп жүріп оқыдым. Есейе келе психология, жан ілімі, өзіңді жетілдіру, астрология, саясат, экономика, тіпті эзотерикалық әдебиетке деген қызығушылық та болды. Ал қазір тақырып та, оқиға да қуалап оқымаймын, идея іздеймін. Өз әлеміңе және қоғамыңа пайдасы тиетін, өзгеріс алып келе алатын, ойландыратын, жаныңа тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптарды оқуға тырысамын. Поэзияны жақсы көремін. Абайды, Махамбетті, Мұқағалиды, Есенқұл Жақыпбековты үнемі қайталап оқып жүремін.

 

КІТАПТЫҢ СЮЖЕТІ ӘРІ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ ӨМІРІҢІЗГЕ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛГЕН ТҰСЫ БОЛДЫ МА?

«Абай жолындағы» Абай образы, Абайдың адам ретінде, тұлға ретінде қалыптасуы, рухани кемелденуі, саяси және қоғамдық көзқарастарының бекуі, қазақты тануы, ақ пен қараны ажыратуы – кез-келген қазақ баласы жүріп өтуі керек адамдық жолы, өмірлік үлгісі деп түсінемін. Абай дәуірі, Абай мектебі, оның ғақылиясы Алаш қайраткерлерін өзгертті, ал кейінгі Әуезов ашқан Абай әлемі бәрімізді өзгерткен секілді.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБИЕТІ БҮГІНГІ ОҚЫРМАННЫҢ СҰРАНЫСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛА МА?

Мен әдебиетші емеспін, журналиспін әрі қарапайым оқырманмын. Әдебиет миссиясын, бағытын, ол көтеруі керек жүкті әдебиетшілер айтқаны жөн. Ал оқырман, яғни тұтынушы ретінде айтарым – дәстүрлі әдебиет, ауыз әдебиеті, халық жырлары, кешегі классиктер – біздің рухани күретамырымыз. Біз өз халқымыздың арман-аңсарын, мұңы мен зарын, жеңісі мен жеңілісін, мұраттары мен ұмтылған мақсаттарын сол дәстүрлі әдебиет арқылы таныдық. Одан қанағат, тиянақ таппадым деген адам – ата сөзінен безген, ана сүтінен жерінген адам емес пе?!..

 

КІТАП ОҚЫҒАНДА ҰСТАНАТЫН ЖЕКЕ ҚАҒИДАЛАРЫҢЫЗ БАР МА?

Кітапты асығыс, яғни оқу үшін ғана оқымау керек. Кітапқа дайындықпен келген жақсы. Белгілі бір шығарманы оқудың алдында оның авторының өмір жолымен, кешкен тағдыры, көрген азабымен, оның өмір сүрген кезеңімен біршама тынысып, ақпарат алған дұрыс деп ойлаймын.

 

БАСПАГЕРЛЕР МЕН АВТОРЛАР КІТАП НАРЫҒЫНДА МАРКЕТИНГПЕН АЙНАЛЫСА АЛЫП ЖАТЫР МА?

Бізде кітап нарығы қалыптаспаған. Баспалар автормен емес, мемлекеттік тапсырыспен ғана жұмыс істеп жатыр. Батыста авторға қаламақыны тікелей баспа береді. Кітапты басу және тарату құқығын қомақты қаржыға сатып алады. Автор оқылымды болса ғана, артынан оқырман ерте алса ғана, ой мен сезімге әсер ете алса ғана танымал болады. Ал бізде керісінше секілді. Оқырман аудиториясы да соған бейімделген. Кім үлкен газеттерде тапсырыспен мақталады, кім телеарналар арқылы танымал болады, соны ғана оқу, соны ғана жақсы деп ойлайтын дәстүр бар.

 

Дайындаған: Айжан Табарак

2017 жыл, 18 сәуір