Біздің ауылымыз аудан орталығынан 100, облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатыр. Мұнда бар болғаны 50-60 шақты үй, 2 дүкен және жалғыз мектебіміз бар. Бір кездері мұнда үлкен совхоз болған. Кейін Кеңес Одағы құлаған соң тұрғындар бұрын мемлекет меншігінде болған барлық мүлікті талан-таражға салды.
Сол кездегі адамдар коммунистік утопияға шынымен сенді ме екен, әлде Кеңес Одағы мәңгі өмір сүреді деп ойладым ма, білмеймін, әйтеуір шалғайда жатқан осы бір ауылдың шетінен тіпті аэродром да салыпты. Алайда оған ұшақ қонуды жазбаған екен. Әуежай енді салынып бітті дегенде үкімет құлап қалыпты. Енді міне, оның жұрнағы да жоқ. Барлық бетон плиталарды да алып кеткен адамдар. Жеңіс саябағында тұрған Лениннің ескерткішін де құлатып метал сынықтарына өткізіп жіберіпті...
Ауылымыздағы Кеңес заманынан осы күнге дейін бұзылмай аман жеткен жалғыз ғимарат үш қабатты мектеп қана. Иә, мектебіміз қалалардағыдай үш қабатты. Бірақ біз тек бірінші қабатында ғана оқыдық. Ал екінші, үшінші қабаттарына мүлде шығып та көрмеппіз. Тек жоғарғы қабаттардан көгершіндердің ғана дауыстарын еститінбіз. Көтерілетін сатыларын бітеп тастаған. Бірінші қабаттың өзінде кейбір кабинеттер бос тұратын. Кезінде қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты жоямыз деген желікпе саясаттың ықпалымен салған болуы керек шамасы. Әйтпесе тұрғандар саны мыңға да жетпейтін осынау бір меңіреу де жұпыны ауылға үш қабатты мектеп салудың қандай қажеттілігі бар еді?
Үш қабатты мектептен өзге екі қабатты бес тұрғын үй де салыныпты мұнда. Тастан емес, ағаштан. Соның салдарынан болса керек, бес үйдің екеуі өртеніп кетіп, үшеуі ғана қалған. Жерілікті халық оларды екі этаж деп атайтын. Сол екі этаждардың бірінші қабаты адамдардың, ал екінші қабаты көгершін-кептерлердің баспанасына айналған бүгінде. Кеңестік жүйенің тиімсіз саясат жүргізгенін осы жерден де аңғаруға болады. Жә, айтпағым ол емес менің негізі. Айтпағым мүлде басқа нәрсе.
Кеңес Одағынан ескерткіш болып қалған сол үш қабатты мектебіміз 11 жылдық. Әрбір сыныпта 10-15 оқушыдан бар болғаны 11 сынып қана. Аядай ғана ауыл болған соң бәріміз бір-бірімізді жақсы танимыз. Сөйте тұра, мен бір нәрсені түсінбейтінмін бұл жерде. Асылында осы уақытқа дейін түсінбей келдім...
Сыныбымыздағы 15 оқушының екі-үшеуі үздік, бес-алтауы орташа оқитын. Ал қалғандары мүлде ауыздарын да ашпайтын. Аузын ашпайтындардың қатарында қойшы Жылқыаманның баласы Қойшыаман да бар еді. Жұрттың бәрі оны Коля деп атайтын. Ең қызығы сол – сөздерді ежіктеп оқитын бұзық бала маған түсініксіз себептермен математикадан тоқсан соңында төрт бағаға шығатын. 11 бітіргенше жыл сайын осылай қайталанатын. Жалғыз математика ғана емес, тағы бірнеше сабақтан да аузын ашпаса да төртке шығатын. Неге ойлай деген сұрақты апайларға қоюдан тағы қорқатынбыз ол кезде...
Сөйтіп не керек, мектепті де бітірдік, арада біраз уақыт өтті. Математикадан беретін апайымыз да зейнетке шыққан бүгінде. Бір күні көршімнің үйіне бір шаруамен барсам, әлгі апайым сол үйде шай ішіп отыр екен. Көрші кемпірмен айтып отырған қызу өсегінің үстінен түстім. Жақында ғана өмірден өткен Нағиманы ексе алып өсектеп жатыр екен. Есіктің сыртында тұрып әңгімелеріне еріксіз құлақ түрдім:
- Маған ай сайын 5-10 келі сары май, жұмыртқа, құрт, ірімшік әкеліп тастайтын Нағима марқұм. Қажет емес, өзімде де бар ғой десем де тыңдамай әкеле беретін. Содан соң амал жоқ сабақ оқымайтын баласын төртке шығаратынмын – деп сампылдап отырған математика апайымның дауысы маған төбемнен біреу салқын су құйып жібергендей әсер етті. Жылдар бойы басым қатқан сұрақтың жауабы енді табылды. Кім ойлаған, алақандай ғана ауылда осындай жағдайлар болады деп? «Майбергіш» Нағиманың баласы – менің сыныптасым - «төрталғыш» Коля...!
Оралбек Ж. Өтеғұлов
Филолог. Гуманитарлық
ғылымдар магистрі