ҚАЛАМГЕР РАЙХАН МӘЖЕНҚЫЗЫНЫҢ ҚЫСҚА ӘҢГІМЕЛЕРІ

САҒЫНЫШ ШӨЛІ

 

 « ала құйын дауыл... Арыстан  екеуін де ала құйын дауыл     алды -артына қаратпай ұшырып барады екен.Терге малшынған Бүбіш  әлдекімді дауыстап шақырған күйі сандырақтап жатып оянды ».

Ашылған есіктің сықыры естілді. Әлсіз жанарымен есікке үміттене қарады. Сөмкесін сүйрете ішке кірген Жарқынай екен.

– Апа, шөлдеген жоқсың ба? Шәй демдейін.

– Шөлдедім. Шөл қысқалы қашан... Қанша көктем, қанша күз? Сартапқа айналған сағыныш шөлі.Дидарым... Дидарыңды бір көруге зар болдым-ау. Ана жүрегі сыздап қоя берді.

Көңілі ояу. Көзі жұмулы.

Байқамай өткізіп алған бақытты кезі. Ақкөңіл, адал Арыстаны. Отыз жетіге толмай-ақ... мәңгілік өмірге аттанып кетті. Артында аңырап алты бала қалды. Арыстан өте бауырмал еді. Балажан еді. Іскер еді. Ауылдағы машина, трактор дегендеріңді жөндеуде алдына адам салмаушы еді. Қайсы бірін айтайын. Аң аулауға құмар еді.

Бірде...  Айдармен бірге  аңға шығып содан оралмады. Досы Айдар аң екен деп Арыстанды атып жіберген көрінеді. Дұшпаны емес досының қолынан қаза тапты. Осылайша Бүбіш  бар ауыртпалықты арқалап  жесір атанып қала берді.

Дәрігер Бүбіш ел жарасын емдегенімен өмір бойы өз жарасын емдейтін жан таппады. Бар медеті балалары еді.

Дидары жоғары оқу орнын бітіргендегі қуанғаны... Өркені де өсті.

Бақытсыздықтың бәрі де сол бір ерте көктемде басталып еді. Жол апаты. Мәшине жүргізіп отырған  Өркен болғандықтан да істі болып кете барды. Шын мәнісінде мәшине Өркендікі жүргізген құрбы қызы. Арашалап алмақ болған Дидар көп сенделді. Сот дегеніңді кім білген  сұрақ-жауап әбден  мезі етті.Бармаған есігі жоқ. Дидар жиған-тергенін құтқарып берем дегендерге шашумен болды. Өркенін темір тордың ар жағын а қимады.

Әкеден өлідей, бауырдан тірідей айырылған Дидар ішімдікке салынды. Сосын...

Өркені  айыпталған айыбын өтеп шықты. Ал Дидары әлі жоқ.

Иә, әлі жоқ. Қаңғып кеткен. Біреулер Үржардан, біреулер Семейден, енді біреулер Алматыдан көргендігін айтады. Өлмеген жанға сол да медет.
Өкініштен өзегі өртенген Өркен бірнеше рет Дидарды іздеп тауып келді. Амал не тоқтамайды. Оның айтуынша өзгелер түсінбейтін өз әлемі бар.

Бүбішті ауру меңдегелі бері жақындары жиналып  Дидарды тағы да іздестіре бастады.

Жарқынай Дидарының кіші қызы.Әкесін іздеп жүргенін естігенде жанарына толған жасты ешкімге көрсетпей төгіп-төгіп алады.

Есік сықыры тағы естілді. Есіктен Дидары көрінді. Дидары...

Оған ілесе  Өркен кіріп келеді.

– Анашым!..

–  Анашым!..

Есікке қараған бойы Бүбіш үнсіз қалды. Балаларының дауысына үн қатпады.

Әке құшағына еніп үлгермеген Жарқынай  енді әжесіне қарай ұмтылды.

– Әже! Сартап болған  сағыныш жібі үзіліп ... Есікке қарап баласын күткен бойда Бүбіш мәңгілік өмірге аттанып та кеткен еді...

 

 ЖАРЫҚ ДҮНИЕ

 

« ...Іңгә, іңгә...» мейірбике іңгәлаған нәрестені төсекте жатқан Тыныштықтың кеудесіне жақындатқаны сол еді Ана жүрегі тулап қоя берді. Осы бір сәтті жылдар бойы күтті емес пе?

Ораулы сәбиді мейірлене  ұ-з-а-а-қ иіскеді. Содан соң жөргегін шешіп, сәбидің әр мүшесін сипап, қолымен ұстап, қайта құшағына қысты. Ана қимылын қалт жібермей қарап тұрған мейірбике:

– Қызыңыз өзіңізге тартыпты,–деді.

– Маған ба?..

–       Бәлкім әкесіне тартқан шығар,– деді де үнсіз қалды.

Біраз үнсіздіктен кейін:

– Әкесіз өстім. Өйткені мен өмірге келмей тұрып әкем Алмас майданға аттаныпты. Мен дүниеге келген соң анам сүйінші сұрап әкеме хат жазады. Өзі соғыста жүріп елде тыныштық болғанын  тілеген әкем атымды Тыныштық қойыпты. Және  қызым кімге тартқан?  Өзіме тартса көзі  көк шығар, жасырмай жазып жібер,–деп хат жолдапты. Анам хатқа жауап жаза алмапты. Өйткені...

Аяулы анамның дауысын естісем де жүзін көре алмадым.Тіпті өзімнің де түрімнің қандай екенін білмеймін. Жарымның да... Енді міне тұла бойы тұңғышымның  түрін көре алмай тығырыққа тіреліп отырмын. Ақ пен қараны ажыратып , жарық дүниені көргеннен асқан бақыт бар ма?

Аллаға шексіз рақмет! Шаңырақ көтеріп, сәби сүйдік. Әйел бақытының дәмін татып отырмын. Біз сияқты зағип жандарға ерекше есту қабілеті мен сезімталдық қасиет берген.

Толғақ үстінде толғақтан да ашты сұрақ жанымды жегідей жеді.

– Ол қандай сұрақ ?

– ?

– Мен қызымның маған да әкесіне де ұқсамағанын қалаймын. Сізге, дәл сізге ұқсаса екен. Мына жарық дүниені, өзін дүниеге келтірген ата – анасын өз көзімен көретін. Ақ пен қараны ажырата білетін төрт мүшесі түгел болса екен. Жаратқан иемнен тілейтінім осы.

Не айтарын білмей аңтарылған Мейірбике сәбиді қолына алып, жанарына үңілді. Көк көз...Сәбидің жанарына қайта үңілді. Көк көз...

– Қызыңыздың көзі көк қой,  қуанған мейірбике бар дауысымен  айғайлап жіберді. Көк көз дедіңіз бе? Көзі көре ме? Шынымен көре ме? Толқыған Ана орнынан тұра беріп  қайта отырды. Жарық дүние!  Жанарым! Бетін ащы жас тамшылары жуған Ана бар әлемді ұмытып, сәбиін аймалай берді, аймалай берді...

 

КІТАПТЫҢ ИІСІ ...

 

Келесі аялдама «Кітап фабрикасы» – деген дауысқа қарт ана елең ете қалды. Бұл аялдама бұрын «Баспалар үйі» аталушы еді ғой деп күбір етті де асығыс орнынан тұрып, автобустан түсуге ыңғайланды.

Аялдама... Көзіндегі көзілдірігін  қол орамалымен қайта-қайта сүрткілеп киді де төңірегіне көз салды.

Сол баяғы қалпы ... Қарт ана аялдама тұсындағы алты қабатты ақ ғимаратқа үнсіз ұ-з-а-а-қ  уақыт қарап тұрды. Ақын-жазушылар
ерсілі–қарсылы кіріп, шығып жататын, есігі ешқашан жабылмайтын «Баспалар үйі». Бабалар аманатын  арқалаған  қасиетті қара шаңырақ. Өткен ғасыр мен келер ғасырдың, автор мен оқырманның алтын көпірі. Ізгіліктің ізі...  Орнынан қозғала алар емес.

Есіне 1980 жылдың жазы баспагерлердің осы  ғимаратқа көшіп келген кезі түсті. Қызметке, осы ғимаратқа келуге асығатын. Бір күн бір күнге ұқсамайтын. Кітаптың сүйінші данасын қолға ұстаған әр күн мереке еді ғой. Өзін кітап шығару ісіне баулыған  баспа саласының бағбандары ...

Әлі де... әй, қайдам ...

– Сізге  жол сілтеп жіберейін бе? – деген бейтаныстың үні ойын бөліп жіберді. 

– Жо-о-қ. Рақмет айналайын. Елемеді де.

–Сонау жылдардың қалтарысында қалған қымбатын көңілімен іздеп тұр.

Аялдама... Өзіне қымбат аялдама. Райымжан Бөкейханов, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаевтар аялдаған аялдама.

 – Апай, қайда баратын едіңіз? – бейтаныс жігіт  қолтығынан демеп, қояр емес.

–Қарт ана енді иегімен «Кітап фабрикасын» нұсқады.

– «Кітап фабрикасына» ма? Жүріңіз. Кітап шығартайын деп пе едіңіз?

– ?

«Кітап фабрикасының» есігінің тұтқасына қолын тигізгені сол еді, кәрі тамырларына қан жүгіріп, ерекше бір күйге бөленді. Есігі ашылғаны сол еді ғажап бір иіс жан дүниесін баурап алды. Кітаптың иісі...

 

ҚЫЛ КӨПІР

 

Тасыған су көпірден де көтеріліп кетті. Арғы жағалауға өту өте қауіпті. Бұл жағалауда қалу одан да қауіпті. Өйткені су тасқыны ескі көпірді алып кетсе...

Адам атаулы үрей үстінде. Әр кім өзінің ең жақындарын  құтқару қамына кіріскен. Қадыр мен Қасиетті ерткен Еркінбек те елдің  соңын ала келеді.

– Жылдам. Жылдам қимылдаңдар. Қас қарайып келеді,– деген көпір маңынан әлде кімнің дауысы естілді.

Көпшілікпен бірге Еркінбек те көпір аузына қарай ұмтылды. Иығына асынған қоржынына ақша, құжат  сияқты ең қажеттілерін салып та үлгерген.

Қадыр келе ғой, кел деймін тезірек. Құшағына Қадырды қапсыра қысқан  Еркінбек  алды-артына  қарамай көпір үстіне көтерілді.

Әке, Қасиет ше? Қасиет жағада қалып қойды ғой! Қасиет...

Тасыған өзеннің, бірін бірі іздеген адамдардың дауыстарының жаңғырығына  кішкентай Қадырдың дауысы да қосылып  естілмей кетті.

– Көке! Қадыр! Қайда кеттіңіздер?

Жағада жалғыз қалған кішкентай Қасиет қорыққаннан қалтырап, дауысы қарлыққанша жылады. Өксігін баса алмаған Қасиет өмірден ерте кеткен әке-шешесін іздеді. Сағымға айналған қымбатын сағына еске алды. Күн батып, сұп-сұр дүниені қараңғылық  құшағына алып  та үлгерді.

« ... қыл көпір. Неткен ұзын, неткен нәзік. Қасиет осы қыл көпірмен өзеннен өтіп келеді. Жағаның ар жағында анасы тұр ғой. Анасы. Өзін өзеннен өткізген қыл көпір – Анасының ұп-ұзын, қап-қара бір тал шашы. Өзеннен өткен Қасиетке қолын бұлғады да, шашын жиып алды. Әне, әлі қолын бұлғап тұр. Анашым!..»

Оянып кетті. Түсі екен.

Осы мен қайдамын? Кішкентай Қасиет орнынан тұрып жан-жағына қарады. Үсті малмандай су. Жанында жан адам жоқ.

Түсінің әсерінен әлі арыла алмаған Қасиет көпірге қарады.

Көпірден қалай өткенмін? Кім өткізді? Тағы да жан - жағына қарады.

Жирен жорға жайылып жүр. Әкесінің жирен жорғасы!

Өгей  әке тастап кеткен Қасиетті өткелден өткізген де осы жирен жорға болатын. Көңілін бір сәт қуаныш сезімі билеген Қасиет жирен жорғаға қарай ұмтылды.

 

СОҢҒЫ СӘЛЕМДЕМЕ

 

Базар іші ығы-жығы халық. Күн жексенбі болғандықтан  болар. Астанада туысым болмаса да танысымның көпшілігін осы қара базардан кездестірдім. Аман-саулықтан әріге бармай әрқайсысы өз жөнімен кете барды. Қарапайым халық пен  мемлекеттік қызметкерлердің ара жігі  базарда да байқалады. Барлық нәрсе салыстырмалы ғой. Қызмет көрсету мүмкіндігі әлде қайда жоғары таза да мол өнімі бар Алматым көз алдыма келді.

– Картошкы сатып алыңыз, картошкы сатып алыңыз! – деген дауысқа жалт қарадым.

– «Балам, жас картошкы, өкінбейсің», – деп әжім торлаған  қолдарымен   онсыз да ашық тұрған қаптың аузын аша түсіп, үлбіреген қабығы бар жас картопты көрсете берді.

...Жан дүнием астан-кестең. Әкем... Аяулы Әкем есіме түсті.

Елге барғанымда: «Балам, жас картоптан ала кеткін, – деген еді.

– Ой, әке, сонау Астанаға ма? Сатып-ақ аламын ғой.

– Ай, балам-ай, бұл ерекше дәм ғой. Сонау Көміршінің су бармайтын өңіріне, «Аққора»  қыстағына,  қайқыдан қолмен қазып , су алып келдім. Ол маған оңайға түскен жоқ. Ағаш ектім, әлі-ақ ол жер орманға айналады, балам. Жеміс-жидек ектім, судың тапшылығы болмаса топырағы құнарлы екен. Құдай бұйырса бәрінен бәріңе дәм татқызам. Әкемнің мейірімді жүзі ерекше бір нұрға бөленгендей болды. Бәрі де дәл қазіргідей көз алдымда. Сол жолы қалдырмай жас картопты Астанаға алып келдім. Бұл аяулы әкемнің соңғы сәлемдемесі екен...