ТАҒДЫРЛЫ АҚЫННЫҢ «ТАҒДЫРЛАРЫ»

 

 

Бүгін – жасөспірім шағында елдікті жырлап, азаттықты ту етіп, күрес жолына түскен тағдырлы ақын Арман Қанидың туған күні. Осы күнде аяулы ағаны, ардақты ақынды, қайраткер тұлғаны өлең-жырлары арқылы еске алуды жөн санадық.

 

Арман Қани мектеп оқушысы кезінде-ақ егемендік идеясын көтеріп, жыр жолдарымен Кеңес одағының аз ұлттарға қатысты ассимиляциялау саясатын айыптап, жұртшылықты тәуелсіздікке үндеген еді. Өлеңдеріндегі осы берік өзек азамат болып атқа мінген, мемлекетшілдікті талап етіп мінберден сөйлеген, сый-құрметке бөленіп, төрге шыққан шағында да өзгерген емес. Ол «Ертіс бойынан Қазақстанның лүпілдеп соққан жүрек» үнін естіртіп, Керекудің «Қазкрайында» «төбелесте де адалдық керек алдымен» дейтін қаһарман шалдардың қалыбынан шығып, шарығында шыңдалды. Бүгінде  қыран шәулідей «әлі де өзінің орнын іздеп, көк пен жер арасында шарқ ұрып», жыр көгінде еркін самғап келеді.

...Сенің үнің – ғарыштан келетін үн,

Сенің бейнең сағымнан көретінім.

Менің қазан-басымда

Өзің жайлы

Өлең бұрқ-сарқ қайнайды, Керекуім!..

 

...Бұрқақ сезім табады неге тыным,

Бұрқасын күн менің де сенетінім.

Заман, қоғам, ұлттық рух кетті ұласып,

Енді өзің де өзгерші, Керекуім..., – деп жырлайды «Өзгеріс» атты өлеңінде.

Ұлттық намыс, ел болашағы, туған жер туралы толғаныстан туған мұндай әрі мұңды, әрі жігеріңді қамшылайтын қайсар жырлар Арман Қани талантына тәнті етері сөзсіз.

Қазақ поэзиясындағы халықтық рух пен азаматтық үн – лирикалық өлеңдердің өзегіне от беріп тұратын, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын поэзияның үлкен бір саласы. Арман Қани жырларын осы саланың аясында қарастырар болсақ, өмір туралы, қазақ халқының талайлы тағдыры жайлы, әлеуметтік-саяси жағдайларға қатысты ақынның өзіндік көзқарас-пайымын, көңіл-күйін терең зерделей аламыз. Лирикалық кейіпкер өзіндік мені арқылы өзі өмір сүріп жатқан дәуір хақындағы ой-арманын, мақсат-мұратын жырлайды, әлеуметтік мәселелерді толғайды; қазіргі қазақ қоғамындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді ашып көрсетеді; шындықтың шым бұлағына шабыт семсерін суарады.

...Тән емес періште мен адамға да,

Бір мінез тиесілі маған ғана!

Ащы үнмен ыңыранса Ұлы Ақиқат,

Барамын мешітке де,

Алаңға да! («Жәрдем тілеу»).

Жас ақын 1970 жылдың қаңтар айында өзімен идеялас серіктерімен бірге мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қолына түсіп, жазалау шараларына ұшырады. Атап айтқанда, комсомол қатарынан қуылды, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, мектептен де шығарылды. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей қудалауға түскен Арманның ақындық арманы көзінен бұлбұл ұшқан еді. Тіпті аудандық газеттің редакциясы да: «КГБ-ның қара тізімінде тұрған адамның туындыларын жариялау саяси қателік», – деп шешті. Сол бір сүргінді сүреңсіз күндер есіне түскенде:

Шақ еді ол жұлдыздардан ұшқын үзген,

Түн түнек арпалысқа түсті бізбен.

Прокурор баппен елу сегізінші

Қылмыстық іс қозғады үстімізден!...

 

...Табармын көкжалға ұқсап тән азығын,

Қан қызыл қар үстінде қалады ізім!

Қараңғы мұрағатта есімімді

Сақтайды күн көзінен қара тізім... («Он бес жасты еске алу») – деп кеткен күнге қамықпай, келер күнге жігерлене қарайды.

...Бұлқындым бұғауында кеңкелестің,

Сонда да тайдырған жоқ серттен ешкім!

Серке күн кетті айналып көкпарына

Комсомол жиыны мен педкеңестің... («Ұстаз»).

Қаршадай бозбаланың бойына мұнша қайыспас қайсарлық қайдан бітті десек, шыққан тегіне үңіле келе қанында бар қасиет екенін ұғамыз.

«Мен – Баянтау қызының жатырынан

Жырлап шыққан қазақтың  баласымын! – дейді. «Жырға әуес жас баласына үміт артқан» анасы әйгілі Жаяу Мұсаның Кәсіп деген қызынан тараса, әкесі Мәди Бәпиұлымен аталас. Қуатты қос арнадан бастау алған жыр тасқыны осылай оны ХХІ ғасырдың күрескер ақынына айналдырған.

Бірақ ол бұл биікке бірден көтеріле салған жоқ.

Бағына қарай, 1980 жылдардың бас кезінде талантты ақынның өлеңдері қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары: «жұмбақ ақын» Жұмекен Нәжімеденов, кез келгенге түс бермейтін Қуандық Шаңғытбаев, мұхит жырдың мұзжарғышы Мұзафар Әлімбаевтың назарына ілініп, солардың сәт сапар тілеуімен республикалық әдеби басылымдарда жарияланды. Топтама өлеңі Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына (Алматы, «Жалын» – 1984 ж.) енді. Кеңестік қоғамның өгей баласы сынды күн кешсе де сағы сынбаған күрескер ақын «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамының құрамына еніп, бойындағы қажыр-қуатын ұлттық мұрат-мүдде жолына жұмсады. Қара жұмыс істеп жүріп орта мектеп пен жоғары оқу орнын сырттай оқып тәмамдады. Корленко базарында қол еңбегімен айналысса да қаламнан қол үзген жоқ. Керісінше, күнделікті өмір картиналарын өнер тілінде құлпырта жырлады.

Ел-жұртының асқақ арман, мұратын,

Қастер тұтып, қасиетiн ұғатын,

Максим Горький тәрiзденiп көшеде

Келе жатыр қап арқалап бiр ақын…

 

Күндiз жүкшi, түн ішінде жыр жазар

Ол да бүгiн өзгелердей пұлға зар.

Бiрақ осы қиын кезде демеп тұр

Зиялының өздерiн де бұл базар! («Зиялы жұмысшылар»).

Ұлттық поэзиямызда табиғат суреттері, жаратылыс көріністері үлкен орын алады. Бұл ерекшелік салқар далада, сайын сахарада көшіп-қонып жүрген халқымыздың аспанды шатыр, тауды бақан, жерді бесік еткен байырғы ұғымымен астасып жатыр. Табиғат ананы жырламаған ақын кемде-кем. Арман Бақтанұлы бұл тақырыпқа саналы түрде барған. Жүрек жанартауында бұлқынған сезімдерін жыр кестесіне табиғат лирикасы арқылы түсірді. Себебі, тоталитарлық жүйе баспасөз беттерінде ұлттық, саяси, азаматтық рухта жазылған өлеңдерді жариялауға жол бермейтін.

Өлеңдерінің басым бөлігі азаматтық лирикадан тұратын Арман Қани шығармашылығында да табиғат шалқар шабытпен жырланады. Соны суреттер мен бейнелі оралымдар мол кездеседі. Солардың бірнешеуін оқып көрейік.

...Дегенмен толқып көңiлiм,

Сенi ойлап алаңдадым-ау,

Тамшыдай болған өмiрiм,

Нөсерлi ғаламда мынау... («Тамшылар»)

***

...Сарыала күз-ау, сәбимiн жетегiңдегi,

Iлесiп саған мен ертең кетемiн, тегi.

Отаным менiң со-на-у-у бiр сарғыштау жұлдыз,

Сол жұлдыз, бiлсең, сенiң де мекенiң едi.

Осы өлең тармақтарында сан түрлі құбылыстар сәт сайын ауысып жататын ғаламдағы адам болмысы шебер бейнеленген. Тамшыдай өмір нөсердей ғаламның кішкентай бөлшегі екені терең философиялық түйінмен берілген. Ал ғұмырдың жазы мен қысы, көктемі мен күзі болатыны әмбеге аян нәрсе. Жұлдыздың тозаңынан жаралған ақын жаны сарыала күзде сарғыштау жұлдызды түбі бір оралатын мекенім деп меңзейді.

...Тағы бір жыр тармақтарына үңілейікші:

Сарыала әндер сусылдап ұшады алыс,

Жапырақтарға жазылған тағдырлары...

немесе 

...Өкінішсіз, өксіксіз ғажап өмір

Бізден де өтіп барады-ау қарашада...(«Қараша айы»)

Ақынның табиғат, махаббат лирикаларының сөздік бояуы, сазды нақышы, мөлдір суреттеулері, поэтикалық ізденістері, тың бейнелеулері өлеңін ажарландырып, оқырманын бірден баурап алады.

...Сары ала бақ сыр ашты шақта осынау

Үкі мамық үміттер жауып тұрған! («Тамыздағы той»)

 

...Құс жолында төгiлген уыз нұр мен

Ақ сүтiнде анамның бар ұқсастық… («Ақшабике»)

 

...Қаңтарда, қарашы, әне,  қала үстінен

Ақ  жұпар исі аңқыған гүл жауып тұр!   («Қаңтардағы гүл»)

 

Арман Қаниды сөз басында тағдырлы ақын дедік. Он бесінде идеология машинасының табанында тапталған көкөрім тағдыры, 15 жасында опат болған ұлының қазасы – ақынның басынан кешкен трагедиясы. Сондықтан да қаламгердің «құс көңілі құсадан күрсінеді».  Ақын табиғат құбылыстарын шерлі тағдырының көріністеріне теңейді. Оның өмірбаяны өлеңдерінде өріліп жатыр.

...Кемпірқосақ жеті түсті шашқан нұр

Ғайып болды ұлым сынды ерте өлген.

Тас төбемнен жай ойнатып аспан тұр,

Он бестегі өндір күнім өртенген («Ымырт»).

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезең Арман ақынның жұлдызы жанып,  айы оңынан туған шақ. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері болды. Павлодар қаласының, Баянауыл, Май аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Лермонтов комитеті Қайсын Құлиев медалының, «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Өмірінің соңына дейін жазу үстелінің басында отырды. Қаламын қолынан тастаған емес. Әр жылдары «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды  тұман», «Сен және мен», «Үйлесім», «Баянауыл жырлары», «Қарашығымдағы бейнелер», «Кереку жырлары», «Туған жер төсінде», «Замандастар» сияқты оннан астам жыр жинағы жарық көрді. Өмірінің соңғы сағаты соққан сәтттерде «Тағдырлар» деп аталатын жыр жинағын бспаға әзірлеп кетті. Ақынның сыршыл өлеңдерін ақындар Виктор Семерьянов, Константин Лунин, Масғұт Нұрмағамбетов, т.б. орыс тіліне аударды.

Шығармашылық еңбегі көпшілікке қатарластарынан кештеу танылған керекулік ақын үшін тәуелсіздік ұғымы ерекше құнды. Идеология майданында орыс шовинистерімен жылдар бойы шайқасып, шамырқанған бір шағында ол:

Павлодарда Павел және Кутузовтың елесiн,

Қос көзiңдi тас жұмсаң да көресiң...

...Ескiлiктiң көбесiн

Бұзу бiрақ келмесе егер қолыңнан,

Мойынсұнып құлдыққа осы рухани,

Тiрiдей-ақ өлесiң! – деп жырлады («Ханзада мен фельдмаршал, қызыл көсем мен қызыл комиссар және депутат мырзалар туралы жыр»). Аталмыш  Кутузов көшесі  «Тәуелсіздік даңғылы» деп өзгертілгендегі өрекпіген көңіл әкім-қаралардың бір ғана қаулысымен құм қауып, басқаша аталғанда жергілікті билікті батыл сынаған да Арман Бақтанұлы болатын.

...Кейде еріксіз үйірлі итпен таластым,

Қасқырша ұлып көкжалмен де жарастым!

Дарда соңғы демі үзілген

Студент

Рысқұлбеков рухы еді ғой Алаштың!

 

Жүйкем әлсіз, бәлкім ертең сыр берер,

Біз кетерміз – орнымызға кім келер?

Шындықты іздеп жүрген жанның алдынан

Шықса егер де автозак пен түрмелер!..

 

Сындарлы шақ жібермейді есесін,

Сұмдық оймен түрлі қиял кешесің!

Тыныштығын түннің дар-дар айырып,

Іздеп келем «Тәуелсіздік» көшесін! («Мазасыздық»).

Соңғы 30 жылда ақындар мен әкімдердің ұстанымы ұлттық идеология тұрғысында тоқайласпай, теке-тіреске түсіп келе жатқаны жасырын емес. Алайда үстемдік тетігі қолында тұрғанда төрелермен тартысқа түсетін ақындар аз. Сол аздың ардагері – Арман Қани.

Ауылнайлар, поштабайлар – бәрі де

Кеткен дейді Ит жеккеннен әріге!..

Әйтсе де елде ақындары көр соқыр

Аузы қисық әкім сөйлер әлі де! («Ақындар мен әкімдер»).

Тіл торға маталған тұрымтайдай тұсалып, ой абаққа кірген аңдай тұтқындалған тұста, шындық шырғаға түскен қырандай топшысын қайырғанда, сөз саудаға, саясат сайқалдыққа салынған тоқырау жылдарында да Арман ақын ақиқат жолынан айнымады. Тоталитарлық тәртіп қысымымен айта алмаған тақырыптық желілер оның жырларынан жиі жалау көтереді. Ақын ұлттық мүддені, ұлттық намыс, ұлттық мінез, ұлттық рухты, ана тілімізді жырлау азаматтықтың басты белгісі деп біледі.

Аңсаған ұлттық сана азаттығын

Ағалар қалған шығар аз-ақ бүгін.

Шіркін-ай, күн туар ма ту биікке

Самғатар тұғырдағы қазақ тілін!

Егемендік алғанда қазақ тілі осыншама көп көкайыл көк аттының көкпарына түседі деп кім ойлаған. Елімізде тіл тағдыры қазіргі таңда басты мәселенің бірі болып тұр. Өз тілін тәрк етуден танбайтын, тобырға айналған «туыстарымыздың» арын ояту үшін арынды ақын әрідегі арыстардың аруағына бас иіп, берідегі ағаларының мұраларынан қуат алады, «Ағалардың орны» өлеңінде Ертістің Кереку-Баянауыл өңірінен шыққан белгілі ақын-жазушылары Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мейрам Асылғазиндерді жырына арқау ете отырып:

...Олардың орны қалды үңірейіп,

Әйтсе де, «Рухы өлмейді , тірі...» – дейік.

Енді өзім бас-көз болып Керекуге,

Отырмын төрде желкем күдірейіп... – деп алдыңғы буынның миссиясын өз мойнына артады. Бұл – оның ұрпақ алдындағы зор жауапкершілікті сезінуі, ізбасар інілеріне үміт артуы.

Аруақты ердің жолымен жосылар лек,

Дұға оқиды моламаосылар тек.

Келеді іздеп үйімді жас ақындар,

Өлең-жырдың ордасы осы ма?, – деп («Іздеу»). Заман да, қоғам да сәт сайын құбылып, соған орай тұрмыс та, адам да өзгерген шақта Арман ақынның асыл ағаларымен тілдесуі әбден орынды деп білеміз.

Ақын өлеңдерінде өнер мен саясаттың, билік пен бұқараның  ымыраға келмес күресі  және содан туған қасіреттер сипатталады.

...Сұмдықты сезбей бейтаныстардың жүзiнен

Бейқам көл қарсы алыпты дейді тұзымен.

Жеттi iле майор Лихарев Ресей картасын

Жаңадан сызып зеңбiректердiң iзiмен!.. («Ежелгі дұшпан шашқанда ызбар»).

...Генералдардың лампастарындай қып-қызыл

Қалады қанды жолақтар жендет соңында... («Кландар қайтып келмейді»).

...Ақ үйге анау хат жазып, хат алғанша,

Құба жонда күрең күн батар қанша! («Қарсы пікір»).

...Тақтағы ібілісті таниды жұрт,

Табытта жатқанында жақсы адам... («Есерлік»).

Қоғамның кереғарлығы, демократия дәуірінде Қазақстан деген алып елде жасалып жатқан қиянаттар, жұртымыздың өзегін өртеген өксікті запырандар, шамырқанған шайыр Арманнан қайраткер Арман Қаниды туғызғаны анық. Күні кеше ақталған арыстарымыздың бәрі – саясат құрбандары. Күні бүгін сотталғандардың да дені саясат құрбандары. Осының бәрі ақын назарынан тыс қалмайды, жүрегін қанжардай қақ тіледі.

Мәскеуге үш сағатта ұшып жеткен

Ұшақта қалың ойға түсіп кеткем.

Бұлттардың арасында будақ-будақ

Бір қабір қалғандай-ау Жүсіпбектен...

 

Мәңгілік кең дүниеге қарап тұрып,

Ол кетті тар жалғанды талақ қылып!

Сабалап темір торын Бутырканың

Топшысын сындырғанда қанатты үміт!... («Төзімділік»)

...Тамұқ отын лақтырған үйге енерде,

Әзәзіл топ Тәңірден именер ме?

Қазір олар кеңсенің төрінде отыр,

Кебін пішіп кебенек киген ерге!..

 

Биік дуал үстінде жанған шырақ,

Ширек айдай себездер жанға шуақ...

«Жетім бұрыш» ішінен жетімектер

Ақ ордаға қарайды сауға сұрап... («Арон Атабекке»).

Май ауданының Семей полигонының зардабы тиген экологиялық апатты аймақ екенін дәлелдеуде аянбай тер төккен қоғам қайраткерінің осы тақырыпта жазылған туындылары лирикалық қуатымен, философиялық сипатымен бірден баурап алады. Мысалы,

Бізге дейін қаншама өтті күндер,

Өтті күндер, күркіреп отты күндер!

Жоқ әзірге өмірде ертеңгі ұрпақ,

Кешегі өткен ұрпақ та жоқ бүгіндер.

 

Тыншымастан көңілің алаңдасын,

Сен де мынау тынымсыз ғаламдасың.

Жер Ананы жылатпау, замандасым,

Маған да сын бұл шақта, саған да сын! («Тынымсыздық». 1980ж.).

...Ақырғы рет ғаламшар ышқынады-ау,

Адамзаттың үнінен арыларда... («Қауіп»).

Нағыз ақын халқының ары мен беделінің борометрі, ізгілікке жөн сілтейтін маяк-манары. Ақын жүрегі қара өлеңнің тағдырын ойлап қан жылайды. Өлең үшін өзін құрбандыққа шалуға да әзір.

Жаңғырып тас үңгірде тынғанда үнім,

Таниды буалдырлау тұлғамды кім?..

Беу, өлең, ертең бағың жанар ма екен,

Мен бүгін болып кетсем құрбандығың? («Құрбандық»).

Арман Қанидың жыр қоржынында поэмалар көп емес. Аңыз желісінің негізінде жазылған «Ақшабике» поэмасында руаралық қақтығысқа жол бермеу мақсатында өзінің сүйген жігітін мерт қылып, іле өзіне қол салған қаһарман қыздың образы сомдалады. Ал «Алтынның буы» лирикалық поэмасында  дүниеқоңыздыққа салынған әйелдің  өз күйеуі мен баласынан жерініп, ақыры опынып қалуы көркем бейнеленген.

Шынымен қысылғаның ба,

Ығыстың үнсiз алдымнан.

Өзiңе ұсынғанымда

Сырғаңды ұмыт қалдырған.

 

Қызық қой, шiркiн, кейде өмiр,

Арсызға тұрсам теңеп мен,

Көргендей жылан бейне бiр

Бозарып кеттiң кенеттен.

 

Күтпедiм ерлiк мен мүлде,

Сол сәтте жүзiң сұрланды.

Ошаққа таяп келдiң де,

Лақтырдың отқа сырғаңды.

 

Жоқсың сен бұған қайғырған,

Тұрғанмен көзiң мөлтiлдеп.

Ақ жолдан менi тайдырған

Осы ғой! Осы! Алтын! – деп,

 

Бiлмеймiн қайда бет алдың,

Кеудеңе сөнбес шоқ түсiп.

Балқыған алтын металдың

Барады буы көкке ұшып… («Алтынның буы»).

Ақынның лирикалық туындылары жан дүниесін, толғанысын ғана емес, талайлы тұлғалардың тағдырын бейнелейді; халық қадір тұтқан тұлғалардың жарқын бейнесі күндердің қордасында қалмаса екен дейді. Өйткені, «Қаншама тағдырларды желге ұшырды, Жұлынған күнтізбенің парақтары?» Музейдегі домбыралар»).

Арман Қани өзі өмір сүретін қоғамдық ортаның қуанышы мен қайғысын, кемшілігі мен кесапатын, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырын сабақтастыра алған. Сол арқылы күллі қазақ қоғамын, жаһандану заманын сипаттап береді. Өлеңдеріндегі шындық өміріндегі шындықпен астасып жатады. Ал, шындық мәңгі жасайды!

Айбек ОРАЛХАН,

Қазақстан Жазушылар одағы және

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.