Тектік нышан
Жер кіндігі Жидебайда қазақ жыры тас қайнардан шыққандай толас таппауы заңдылық. Қарауылда тапжылмай отырып, үлкен әдебиеттен қол үзбеу әдебиет энергетикасына, вибрация заңдылығына, қисынға сай процесс. Елдегі қара өлеңнің иесі әрі шырақшысы Төлеген Жанғалиев Абай дәстүрін жалғастырып отыр. Сөз қасиетін жас ұрпаққа сіңіре түсіп, көркем сөзге құштар шәкірттер даярлау мәртебесі Төлеген ағанікі. О-дағы сақ заманынан үзілмеген далалық дәстүрге беріктік, ескіде халық мәдениетінен көзі бар бұлақ тәрізді буырқанып шығып, уақыт тілі бері ойысқанда Абай салған сара жол ел мен жер шежіресіне ауысты. Әдебиетке адалдық киелі аруақтардан дарыған –абыз жазушы Кәмен Оразалиннен (Мұратбек Оспанов: «Ұстазым Оразалин Кәмен аға, / Беретін Құнекеңе тек оң баға. / «Ол болмаса ұлы Абай қайдан келді», / Деуші еді осы сөзді құй санаңа!»), қабырғалы ұстаз Нысанбек Омашевтан бергіде эстафета болып үзілмей келе жатыр.
Тайбурыл жырмен тақымдас,
Тарпаңнан құтын қашырмас.
Ұлы Абай туған елденмін,
Ұлыға басқа бас ұрмас.
Ақын «Мен» атты өлеңде өз тегін, шежіресін айқара танытуға әсте құқылы. Идеясын дана Абай беріп, әулие Шәкерім поэма жазған, алып Мұхтар Әуезов драма жанрына Шекспир дәстүрімен ұмытылмас тарихи-трагедиялық бейне етіп, ұшпаққа шығарып жіберген «Еңлік-Кебек» трагедиясының бас кейіпкері Кебек ердің ұрпағы екенін айтпаса несі сән! Адам топырағына тартады дейді. Арғы-бергісін, текті аруақтарды жадтан өшірмеу елдіктің түп негізі. Барлық азулы елдер мен мемлекеттер айтулы тұлғаларын ешқашан ұмытпайды, ұмыттырмайды, әлем тұрғанша ұлықтай береді. Өткені өшпеген елдің ертеңі жарық, игі дәстүрден айныған ел құриды.
Сұсынан шошып «Шор» қашқан,
Жоңғарды шапқан – алдаспан
Тоқтамыс батыр бабамдай,
Тот баспай өстім, әу бастан.
Жаугершілік заманда ел қорғаған азулы ердің бірі Тоқтамыс батыр – «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы, / Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі». Тоқтамыс батырға осы эпитетті берген Шәкерім қажы. Шәкір Әбенов жазған «Тоқтамыс батыр» – шежірелі, ру-тайпа және деректі кісі аттары анық, тарихи батырлық жыр дастан.
Ер Кебек асыл-арғы атам,
Ездікпен күнде жауласам.
Қайда барсам, тәнді қиды қыл арқан,
Қайда барсам қайғы менен мұң артам.
Еңлік болып тоқтады сабырлық,
болып жауға жалғыз сыбансам!
Тобықты-Жуантаяқ руынан шыққан Кебек аңыз кейіпкері емес, ақтабан-шұбырындыдан соңғы Кеңгірбай би заманында өмір сүрген деректі адам; Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын, / Ұядан садақалап тастаған ба?» – деп Ақан серіні жоқтағандай патриархальды ескі қазақ қоғамының жер дауы, жесір дауынан жастай құрбан болған трагедиялық бейне. Арғы бабасын ақын айтпақ керек: «Ұрпағы болғаннан соң ер Кебектің, / Елуге келгенімше ел деп өттім. / Қайран ісім қайраңдап көрінеді. / Беті мен бедерінде бел-белестің».
Қос құрбан Еңлік-Кебек образының бағзы қоғам қайшылығын танытқан маңызы, жадтан өшпес құсаға айналған тартымдылығынан бұл тақырыпты әуелде Абай баласы Мағауияға жаз деп ой салған, Шәкерім поэма жазған, одан 20 жасар Мұхтар бөтен жанр драматургияға астар еткенде қазақ даласында сахна өнері туған еді. Біздің елде бұл сарынға елту үзілмейді, тегі рух дүниесі соны қалайды. Өз басым «Мұхтардың жастық шағы» атты киносценарийді 10 жыл ішінде бас алмай отыруға тұрмыс билеп бопсалап, зарығып тиіп-қашып істегенде 10 айда жазған едім. Айтулы бір әдеби оқиғаға байланысты елге бара жаттық. Еңлік-Кебек зиратының басында 29 қазан 2010 жылы бізді құрметпен қарсы алды. Сценарий жазу туралы керемет идея сол ескерткіш басында туды. Қазақ мұны аруақ дейді. 2016 жылғы тамыз айынан 2021 жылдың ақпанына шейін жазып бітірдім. Бірінші бөлім жас Мұхтардың Абайдың немересі Ақылияның ұзатылу тойына тарту ретінде қос киіз үйден сахна жасаған драмасы суреттелсе, екінші бөлім Еңлік-Кебек оқиғасы. Ендеше, Кебек менің де кейіпкерім.
Мерғали Ибраев (ағасы)
Мерғали
Төлеген Жанғалиевтың ақын шәкірті Арман Шеризат: «Кеудесінде даламның бабам көшіп барады, / Кеудесінде бабамның далам көшіп барады. / Тұлпар серік жанына, тақымына жел серік / Салқар көші келеді сары даланың теңселіп», – деп жазады. Тегінде өткенді, бабаларды, аруақты ұмыттырмас құдірет шексіз даланың қасиеті емес пе екен!
Төлеген Мерғалиды баба деген. Төлеген туған ағасы Мерғали Ибраевты «Ал, бабам ше, жалғыз ағам – бабашым» деп атайды. «Мерғалиға оралу» атты өлеңде ол аға рухымен диалог құруға бейім, оның бейнесі көкейден өшпейтіні айқын:
Арыңа болып еді ұят бесік,
Ау, Баба, аша алдың ба, жұмаққа есік?
Орныңда қап оңалтқан түріміз сол,
Бас мүжіп, біз отырмыз құлақ кесіп.
Мына этнографиялық суреттеу ел өмірінің қарапайым бір көрінісі болғанымен, Төлеген ақын рухани құлдырауға ұрынған өлара қоғамға наразылық буып, өз тірлігіне тұшынбай, көңілі алай-түлей ұйытқып отырған сәтінде Баба аруағы алдында ақталғандай ой толғайды. Негізгі себеп нарық қысқан, ақын-жазушылар өз еңбегіне қаламақы ала алмай, күнкөрістен аса алмай, рухани құндылықтар ауысып, арзандап үлгерген – «Қарабайдың заманы қайта туып келеді»; «Қайыршының қалтасы әлі тесік, / Қарабайға әлі де мал бітеді»; «Бұл күнде ауыл толған Асанқайғы», – деп налыған Төлеген ақын даңғаза, меңіреу қоғамға өгей боп, ақша билеген сатулы қоғамнан түңіліп, іштей булығып марқұм ағаның асыл мұрасын жарыққа шығара алмай қыстығады: «Күн түспеген көңілден күнгей көшкен, / Қу тірлік құрып жүрміз қу бейнетпен. / «Мерғалидың кітабы шыққан жоқ па?», / Деп сұрайды үйіме кірген-кеткен».
Жыр жазу ма, жыр жазу не теңіміз,
Дәл қазір көп мақтанның көкегіміз.
Қай көктемде, қай жазда ериді екен,
Қатып қалған жүректе екі елі мұз.
Ақындар әулетінен шыққан ақын немересі туғанда жазған «Мертай» атты өлеңде асыл ағаның есімінің түбірінен алып есім берген ұрпағына («Мерғалидың атын беріп мен саған, / Мерғалиды тірілтемін қайтадан») марқұм ағаның рухына тағзым етіп, бата беріп, аруақпен тілдестім дейді.
Атаң – ақын, бабаң – ақын, мен ақын,
Жайың да жоқ сенің осал болатын.
Жалғап жатқан жалғыз көпір өзіңсің,
Өлілермен тірілердің арасын!
«Мақтымқұлы – сөйлер тілі түркменнің» – өз бағасын анық білген Мақтымқұлының әкесі Дәулетмамед Азады суфий, ғалым, ақын болған. Шығыс дәстүрінде бұл тектік нышан. «Шыңғыстау туған өңірім / Төлеген ақын ұстазым, / Батырып айтсам тілімді – / бағытын соның ұстадым» деп жырға қосқан Мұратбек Оспанов «Ұлы дала ұлдары, / Текке тартпай тұрмайды» дейді. Бір әулеттен кілең ақындар шығу Шыңғыстау-Құндызды өңірінде ежелден бар құбылыс. Сыбан Ақтайлақ-Байғарадан шыққан он жеті ақын, бұл ретте Түбек пен Әріп мықтысы, қазақ асқан Абай мен Шәкерім.
Әкем – ақын, ағам – ақын, мен – ақын,
Тіліп түсер тілден тартқан жазасын.
Өлең жазып жарық сәуле түсірген,
Қара ниет кеуделерге қара түн.
2024 жылдың мамыр айының ортасында 62 жасында дүниеден озған Мұратбек ақын «Өрнегі бар өзіндік» атты арнау өлеңде Төлеген ағасын «Ағызып жырдың бұлағын, / Ашқан көзін тұманың» деп шәкірттігін атай кетеді.
Қарауылда тұратын,
Қалды жалғыз бір ақын.
Шыңғыстаудың шыңына,
Шындық іздеп шығатын.
Ақын қашанда қоғамын сынайды. Мұратбек оған «Жасыма, аға, жасыма, / Өлең қалар қасыңда. / Есіміңді жеткізер, / Ғасырлардан – ғасырға!» деп баталы сөз дарытады. Мұратбек Оспанов «Туған жердің қуаты немесе Шәкер ата, Төлеген және мен» атты сюжетті өлеңде бірі студент, бірі шал, бір орта буын жерлес үш ақынның Алматы аэропортында басынан өткен бір қызық эпизодын, Мұратбек басқа бір өлеңінде «Тоқсан асқан тобықтының еркесі» деп қастер тұтқан шындықтан таймаған, ешкімге жалынбай өткен Шәкер атаның кітабын баспаға өткізе алмай қайтқан сәтін, қос ақынға бірдей біткен юмормен қоса қырсық мінезін қоса суреттейді.
Төлеген Жанғалиев «Ағаға ақталу» атты өлеңде аға аруағы алдында ақталғаны, марқұм ағадан қалған мұрасын кітап қылып шығара алмай жүргеніне күйініп, соған уайымдап тарылғаны сияқты.
Түсіме кірдің жан аға,
Түксиіп бұлттай түнеріп.
Қолымнан келмес шараға,
Қорланам мен де тірі өліп.
...Өзіңе деген құрметті,
Өзіңмен бірге көміппін.
Не дейін жұртқа нем кетті,
Сөкеттеу шығар сөз енді.
Өзіңмен бірге жерлеппін,
Өзіңнен қалған өлеңді.
...Кейімей бірақ келемін,
Келер деп кеңдеу замана.
Тектілеу жырға сенемін,
Тек сізден туған жан аға!
Ақын аға рухы ақын інінің жанына тыныштық бермейді, түсінен шықпайды. «Автобус келді қаладан, / Сен жоқсың бірақ ішінде. / Ақ көйлек киіп ағажан, / Ауылда жүрсің түсімде». Бұл бауырға сағыныш толы өлеңге эпиграф қылып Мерғали ақынның «Менен ғөрі бақыттырақ секілді, / Абай жаққа бара жатқан автобус» деп қос жолын алған.
Қарауыл поэзия символына айналғалы қашан. Қалқаман Сарин шежіре қуса ата тегі жақтан Мұхтарға бауыр, нағашы жұрты Ырғызбай руынан, Абайға туыс болғасын шығар: «Қара өлеңнің мекені – Қарауылға келемін, / Қара өлеңнің қамы еді, қарап жүрмей жегенім. / Қарағанның ішіне көп тығылып ойнайтын, / Қара өлеңге құмартқан қара бала мен едім» – деп жыр жазады.
Семейде Мерғали Ибраев Ырысхан Мұсаұлы бастаған зиялы қауым ішінде орны бөлек тұлға болатын. Кіші буыннан Мұратбек Оспанов «Ағаны аңсау» атты Мерғали ақын рухына арнау жырында күздің қарасуығында беймезгіл кеткен жақсыны жоқтайды:
Жан аға, аңсаттың ғой наз үніңді,
Семейдің қыс кетіп, жазы кірді.
Сағындым самайдағы ақ шашыңды,
Сағындым маңдайдағы әжіміңді.
...Осы жер, осы өлкені жыр қылып ең,
Сыртына шыққан ішті кеміргені.
Таусылып елің кеше еңіреді,
Қаусырып жатыр бүгін жерің сені.
...Өлген соң айтып жатыр, амал нешік,
Тіріңде жылы сөзін қимағандар!
Үзілер шағы келді жырдың осы,
Менің де алдымда өмір тұр күресі.
Ақынын халқы міне, ұмытпапты,
Деуші едің елді ойлайық, бізді қойшы!
2024 жылдың мамыр айы сәл орталағанда Семейде, Абай атындағы кітапханадағы қаралы жиында Төлеген ағасы ақын інісі Мұратбекті жоқтап жан тебірентер қаралы жыр оқыды. Дүние жалған деп қазақ содан айтқан.
Мұратбек Мерғали ағаның боямасыз портретін «Саяжайда немесе ақын ағаның айтқаны атты өлеңде берген:
...Қимылына анадайдан қараған,
Марқұм менің ақын ағам, Мерағам.
Қолын бұлғап шақырып ап қасына,
Бір әңгіме бастап кетер жаңадан.
Күрек қалып, жұмыс қалып жайына,
Үйіреді тілінен бал ағыза.
Арғы-бергі тарихыңды ақтарса,
Сияқты еді бір өзі – бір қазына.
Айналаға қабақ шыта қараған,
Қайран менің, ақын ағам, жан ағам.
– Қара жерді қаза беріп қайтеміз,
Онсыз дағы жауыр болған жарадан...
Деген сөзі көңілімді құлатып,
Өкінумен өткіземіз уақыт.
Қала жаққа қажып-шаршап қайтамыз,
Қара тасты келгендей боп уатып!
Мұратбек Мерғали ағасына тірісінде де шаттық жыр арнаған екен. «Қарауыл мен қаланың, / Арасында өсіп ең. / Суретін даланың, / Сұлу сөзге көшірген. / Бір ағам бар, айтамын, / Сұрағанға жауабын, / Қазақ үшін ұштаған, / Қанжар етіп қаламын! / Күйбең тірлік күй бермей, / Тартса дағы балағын, / Ақындықты ардақтап,/ Анық басқан қадамын. / «Темір тұлпар» Мекеңді, / «Күміс таудан» – табамын!../ Аруағы Абайдың, / Қолтығынан демеді. / Тектілерге бас иіп, / Тек өзіне сенеді. /... Одан асқан бақ бар ма, / Бағаласа ел сені?! / Тойыңда адал тілекпен, / Арнау жазды аға деп, / Өзіңнің бір бөлшегің!!!».
Төлеген ақын «Тыныштық күз де келді күңіреніп» атты өлеңде аға бейнесін талмай жырлай түседі.
Тал түсім ауды бүгін ақшам жасқа,
Ұқсаймын ұйқы құшып жатқан баққа.
Мерғалимен қоштасқан қоңырқай күз,
Бізге де білек түріп кеп қалмақ па?
Марқұм Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойын Қатон-Қарағай ауданы республикалық деңгейде атап өтті, үлкен жазушының шығармашылығына арналған жинаққа менің үш мақалам енді. Әр жылдары жазылған кесек үш жазбаның басын қосып, біреу қылып берген екен. Әдебиет айналасында, оның ішкі иірімдерінде не жоқ дейсіз, кішірейтудің осы тектес көріністері де бола береді. Мерғали Ибраев (1942-1997) Оралханнан бір жыл бұрын туған, таланттардың арманы болған Алматыға көшкен жоқ, бірақ көк дөнендей тарпаң көңіл шіркін сол бір дуылдасқан әдеби ортаны аңсап өмір кешкені анық. Мерғали ағаның шығармашылығы туралы кезінде екі эссе жазыппын. (“Аққудың адал мекені...” Ақын Мерғали Ыбыраевтың бір өлеңінен туған ой орам. “Жас қазақ” № 10. 16.03.2007; / «Тұлпар-тағдыр Мерғали ақын поэмасында». “Абай”. № 1. 2007).
«Ангулоя» атты әңгімем «Жас Алаш» газетінде №51. 5.07.2022 жылы, соынмен қатар Абай облысы 2023 жылы жарыққа шығарған таңдаулы прозамның II томында жарық көрді. Бұл әңгімеде Мерғали ағаның образы бар, өз атымен бердім.
Ағасы Мерғали Ибраевтың проза жанрында жазылған «Жоғалған өзен» атты роман-дилогиясын 2007 жылы інісі Төлеген Жанғалиев елдес-жерлес кәсіпкер Медғат Құтжановтың демеушілігімен жарыққа шығарды. Таралымы 500 дана. 2007 жылдың 7 мамыры күні редакцияда бұл кітапты маған Мұратбек табыстады, Төлеген аға маған қолтаңба жазып қалдырып кетіпті.
Мерғали ағаның бұл кітабы Семей полигоны маңындағы елдің беймаза өмірі, полигон қасіретін әншейін фон етіп алып, аты дардай, заты қылдай қылып иемденуден аулақ. «Атом деген алапаттың у-дерті, / Улап жатыр ұлы Абайдың ұлы елін...» деп іні ақын Төлеген бұл қайғыны өлеңге салды. Бұл көркем прозаның зерттелуі алдағы күндер еншісінде. Негізі осы тақырыпқа зерттеу жасаушылар Мерғали Ибраевтың қос томдығы және Медеу Сәрсекенің 800 беттік «Семей қасіреті» деректі туындысын назарға алуы керек. Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» атты поэмасы полигон туралы реквием. «О, менің Туған жерім – дертім ішкі, / Сендегі қасіреттің өрті күшті. / Кешегі қырық жылғы жарылыстың, / Жарасы жанды ауыртар қорқынышты» (Қалқаман Сарин).
Пір
Туысқа адалдық кей адамға атымен жат. Сөз қонған тектік қасиет Төлеген ағаны аласартпайды. Қазақ үшін шежірелік таным өз алдына бір әлеуметтік институт. Өнер жолына түскен ақын-жазушы пір тұтатын тұлғаны өзіне меншіктейді. 13 жасар бала Абайдан қалған үлгі. Абай «Жылайын, жырлайын, / Ағызып көз майын» деп көз жасын лирикалық деталь етіп шегелеп бергенін күллі дүниені жүрекпен қабылдайтын ақындар неге ұмытсын.
Мерғали – пірім, өз ағам,
Жыртығын жырдың жамаған.
Үйге кеп жылап аламын,
Далиып кіріп даладан...
Абайды сүю Төлеген Жанғалиевтың азаматтық лирикасына тән мінез. Ол Абайдың төл шәкірті – «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой» дейтұғын Көкбай Жанатайұлын пір тұтады.
Ол дерек – Шыңғыстаудың әр тасында,
Қасиетті халқының ортасында
Көкбай, Тайыр, Есентай, Ағашаяқ,
Шыққан жердің киесін тауысасың ба?
Теңдесі жоқ шежіреші (Әбубәкір Смайылов: «Шежіре шал бүгінде тозған ұғым»), өткеннің жылнамасын ауызша айтудан алдына жан салмаған дала академигі Бекен Исабаевқа арнаған өлеңде Төлеген ақын оны «Ұлылардың ең соңғы сарқыты» деп атайды:
Абай, Мұхтар, Шәкерім, Көкбайларды,
Бабында жырлай алмас басқа «дана»,
...Алламнан оны берген айналайын,
Ол болмаса қалар ек масқараға!
Таңдайын «таң асырып» жаратып ап,
Үш саусағын жүзге қаратып ап,
Ол көсіліп кеткенде ойхой шіркін,
Далада қалар еді, дана-сымақ.
«Топырағында бұл елдің ұлылық бар, / Толғағын Тобықтының тығып ұстар. / Толғағы қасиетті болмаса егер, / Қайдан келді ұлы Абай, ұлы Мұхтар. / Емшек ембей, сөз емген ел ұлдары, / Жақ біткеннен жасып бір жаңылмады. / ..Бір өзі бірнеше өнер тұтқасындай, / Семсер тіл, ұстара сөз ұстасындай. / Ең осалы солардың – Исабаев, / Құрық оймен отырмас құт қашырмай».
Төлеген ақын өзіне қатал, сын көзбен қарауы орынды, алдында «Мен келмеске кетермін түк бітірмей» – деп налыған дана Абайдың дүниетанымы бар. Абай салған жолдан таймаған ақын тоқмейілсуден аулақ, өзін-өзі бүкпесіз сынайды: «Түк бітпеді, түгім жоқ мақтанардай, / Талапты едім, тау бұзып, тас жарардай, / Қалам ба деп қамығам халық берген. / «Ақын» деген атты ақтай алмай! / Қоңыраулы сағаттай шырыл қаққан, / Жүректі жүдетеді жүгім – батпан. / Көңілім көншімейді жазғаныма, / Талайдың таптауырын ізін басқан, / Жау емес, жауап алғыш тергеуші емес, / Құдай-ау, өзді-өзіме қыдыңдатқан!». Бұл расында тоғышар надан, псевдоавтор, жалған тұлғалар айтар сөз емес, керісінше, ізденуден талмайтын күштілерге бұйырған беймаза хал. Жүрек соғысы, оны есту творчестволық невроз іске қосылғанын аңдатады, оның үстіне бұл игі нышан. Сакральды сана арқылы қалам иелерінің батасын алған.
Көкбай – бабам, түсіме көп кіреді,
(Білмеймін қандай тағдыр тосты мені)
Тілімді қайрап беріп жатыр екен,
Тілі түскір онсыз да өткір еді...
Аруақ түсінде елдік мәселелерді көтергенін уайым-шер торлаған ақын жүрегімен ашына жазады:
«...Жер сатылса, ел – дағы сатылмай ма,
Орнамай ма, басыңа ақырзаман.
Жер сатып, жем болмақпыз енді кімге?
Жер сатсақ, кім береді төрді бізге.
Қазақ тағы мәңгүртке айналмақ па,
Өз тілінде сөйлеген, өз дінінде»...
Табиғат лирикасында антропологиялық мүсіндеу: «Тағы бір таң атты, тау оянды, / Күн көзі күміс шықты жалап алды». Қазақ қоғамындағы небір құбылыс ақынды бей-жай қалдырмайды, тұрмысқа шығуы кешеуілдеген қызға жаны ашып, «Жастық шақ та жаздың бір өлген гүлі,/ Өлген гүлді қалайша тірілте алам!» десе де, оның бағын тілейді. Ақын жаны пасықтыққа қарсы: «Біреулер маған өлім тілейді екен» – құлаққа түрпідей естілсе де, күншілдік дерт ішін күйдірген «тараңдау көзді» сорлылар өлім тілейтіні рас, падишах қос жанр – қарасөз бен өлеңге таласы бар, бірақ дарыны жоқтар қалам адамының түп мұратын біліп те бекер қарғап-сілеп күйінері тағы айқын: «Ақын боп қалсам арман жоқ, / Артқы ұрпақ айтып жүретін...».
Абаймен үндестік мол. «Абаймен сырласу» атты циклде ой терең, диалог сипатты. Абай өз руы тобықтыны, онан қалса қалың елі қазағын сынаған, кері кетпей, етек жауып, ес жиып, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, еңсесі биік ел болсын деп сүйген жүрекпен жазған өсиетін түсінбегенсіп, бірі шамданып, бірі айыптап, кейбіреу шын ұқпай, өзінше қырық құбылтып, қаралайтындар қатары азаяр емес. Оның түбінде өзгеше тоғышарлық зіл жатыр. Төлеген аға «Ру деген ұғым жоқ ақындарда» деп туған халқын алаламай, бөліп-жармай сүйетін үлкен жүрек біткен қалам иелерін айтады.
Абайдың көзін көрген әріптесі әрі досы Көкбай ақын рухына бас иген Төлеген аға шалқар көңіл шабытын, ар ілімін, өмір философиясын тектілік феномен арқылы астарлай суреттеуге ниетті.
Көкбай – бабам тағы да аян берді,
Жазылар жүректегі жарам да енді.
Аққу құстай таранып тұр екенмін,
Таңқалдырып тараңдау тамам көзді.
Дертіне шипа таппай өткен – бабам,
Көкнәр әкеп ішкізді көктен маған.
Құлан-таза жазылып кетті сонсоң,
Көптен бері көп бейнет шеккен жарам.
Өмірге қомағайлау қос жанарым,
Жасаурап, жарықтыққа көп қарадым.
Ол да менен көз алмай отыр екен,
Таппағандай дертімнің басқа амалын,
«Өз құлқыны – адамның өзіне жау,
Айта алмассың сен-дағы сөзіме дау.
Адам өзі жасайды өз өлімін,
Өзі есіп түсетін көріне бау».
Ұлы аруақтардың түске кіретіні нағыз шындық. «Көкбай құсап бере салам орнымды, / «Мә, ағайын, егер егін ексең» деп». Мұны да бір шеті Абай үлгісі десе болар. Абай «Сорлы Көкбай жылайды, / Жылайды да жырлайды» дегенде Көкбай қылып негізі өзін айтқан болатын. Мен ескінің артымын дейтін Абай нағыз реформатор, ұлттық сөз өнеріне небір стильдік үлгілерді сіңірді. Шәкерім қажы түңілген шатақ діндер қайта өршіген қиын мезетте Төлеген ақын ұпайы түгел молдаға сын айтудан қорықпайды. «Иланбайтын құранға / Имам бүгін баскесер. / Көрмей ме оны бұл Алла, / Көру керек, жоқ, бекер! / Құдай үйі – мешітте / Адам болса құрбандық, / Бала жатқан бесікке / Бас сұқпайды имандық»; «Діндарларың дін ұстар / Ділмарсиды құрансыз. / Молдаға да күдік бар, / Молда болмас күмәнсіз»; «Хатшыға емес, қазір халық қарайды, / Моншағына мойынсұнған молдаға»; «Хатым қағаз – өлгендердің тізімі, / Бұл қағазда бір әулеттің күйігі. / Бұл қағазда жайбарақат жатыр ғой, / Бірі – әке, бірі – аға, бірі – іні. / Хатым қағаз – қарақағаз қайғылы, / Қайсымызды жазасың сен қай күні./ Молдалардың моншағындай тізіліп, / Кетіп жатыр керектердің барлығы» – ол таспиықты молданың моншағы деп сарказммен атайды. «Сақалына сайта ұя салғандар, /Санадан да аласталар харам боп... » – дегенде ақын өмірді мәнсіз сүрген нашарларды айтқаны ма, бірақ қазір сапсиған қауға сақалын қасиет көретін, бірақ өз балаларын шімірікпей өлтіре салатын діншіл көбейіп кеткені өте қорқынышты.
Төлеген Жанғалиевтың азаматтық лирикасында тәуелсіздік жылдарында оңалудың орнына кері кеткен әлеуметтік мәселелер қордаланғаны, соның ауыр суреттерін жаны түршігіп айнытпай салғаны көрінеді. Араққа салынған жас ата-ана, қылтамақ дерттен өлуге үкім етілген мүскін, базарда жатқа қор болған қазақ қыздары, жұмыссыз жастар, бай мен кедейдің арасы алшақтауы, соның бәрі ақын кеудесін зілдей басып, қайғымен улайды.
P.S. Төлеген ағаның «Қарқуар» атты құнды өлеңі бар. Жаратылысқа залал тигізе беретін адамзат тұқымын құртқан көктемде келер жыл құсы болар. Эпос жырлардан белгілі қарабай, қарқара құс сияқты, тегі түбірі бір көрінеді, үшеуі түбі бір құс болуы да ғажап емес. Ақын-жазушының құдай берген қасиеті сонда, замана көшінде ұмытылып қалған тілді тірілту, рух құндылықтарын іздеу, киелі ұғымдарды жоғалттырмау.
Менің «Археолог» атты әңгімем 2015 жылы жазылып, республикалық қос басылымда жарық көрді. «Абай» журналында бірге қызмет істегенде әңгіменің бас қаһарманын тауып берген Мұратбек Оспанов болатын. Проза кейіпкері – Кәкен Шұлғаубаев. Ол Абай ауданын жаяу кезіп, көктей өтіп, небір ескі қазынаны ғалымдарға тауып берген. Әңгіме идеясын, ішкі мазмұн-астарын ашатын қос эпиграфты поэзиядан іздеп тауып алып өте қуанғанмын. «Бозда жүрген бұландай, / Үйде отырмас ойқастап» (Дулат Бабатайұлы); «Шәукен ғана қорғаған Шәкәрімдей / Кетейін бе мен де осы дала кезіп...» (Төлеген Жанғалиев). Кейіннен ғана көріп эпиграфқа «Кәкен деген жігіт бар ауылда өскен, / Жаяу шарлап Шыңғыстың тауын тескен. / Бес саусақтай бедерлеп Сарыкөлді, / Талай мұра кезінде тауып еді» деп басталатын Мұратбектің өз өлеңінен және қостым, осы нұсқамен жаңа шыққан I томға енді. Суреткер жазушы Несіпбек Дәутайұлы бұл әңгімені «Жамбыл» журналына (№4.2015) жариялап, телефоннан: «Япырау, мына әңгімеңде Абай ауданының картасы сызылып тұр ғой! Соған таң қалдым» деп бағалаған. Топонимдер тегіс Кәкен айтқан ауызекі әңгімеден алынған ғой. Жазушы тірі кейіпкер тапса, одан өткен творчестволық бақ қайда. Осы әңгімемді «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыған Төлеген аға бір кездескенде балаша риза болып, «Көркем шығарманың мазмұнын дәл ашатын эпиграфтарды қайдан тауып аласың осы?!» деп күлген еді. Расында поэзия мен проза құстың қос қанатындай құдірет тегі бір жаратылыс емес пе!
14-17.12 2024.