САҒИ. СӘУЛЕ-ҒҰМЫР

Ғасырда бір туатын талант бар қазақтың сағынышына айналды. Себебі, ол құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өнер көгінен бір көрінді де қайта оралмасқа, «барсакелмес» сапарға аттанды.

Бір ғана Шоқан бейнесімен-ақ тарихтың қойнауына сүңгіген дарынды азамат. Сағи Әшімов дегенде менің көз алдыма жанарына жарты ғаламның мұңын көшіріп алып, онысын ешкімге көрсетпеуге тырысқан, жаны ауырып тұрса да айналасындағыларға білдірмеген  қамқор жанның бейнесі келеді. Оның мұндай ерек қасиеттерін жақын достары да естеліктерінде айтқан болатын. 1861 жылы дүниеге келген Сағи 1980 жылдан бастап-ақ жасына лайық фильмдерден көріне бастайды.

Нағашы атасы атақты Шәкен Аймановтың өзі бала Сағидың (ағасы Мәдиге қарағанда) пысық, шапшаң екендігін байқап оның болашағынан зор үміт күткен. Шамасы, ойын баласы Сағидың: «Атам народный, әкем народный, шешем де осал емес. Мен солардан қаламын ба?»,- дегенін режиссер жақсылыққа жорыған болар. Иә, өзі айтпақшы, «Анасы да осал емес»... Аспанда Ай жалғыз, жерде Майра жалғыз еді. «Майраның әнін» Шәмші Қалдаяқов жазды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Майра Шәкенқызы ақылына көркі сайы, отбасы үшін, ондағы сахна саңлақтарының биік болуы үшін өзін құрбан еткен кеңпейіл жар, аяулы ана. Сағи үшін анасы идеал болатын. Әрине, әр бала үшін өз анасының алақанан ыстық ештеңе жоқ шығар?! 

      Тұлпардың өршелене шабуы үшін бағы да бабы да қатар жүруі тиіс. Байқауымша, актерлердің арманы жыл өткен сайын үлкейе бастайтын секілді. Актер қиялының төріндегі рөлін сомдағанша тынбайды. Оның миссиясы сол. Студент Сағи қатарластары секілді арманның арғымағын ауыздықтады. Жастық шақтың қызықты оқиғаларын Жан Байжанбаев, Болат Әбділманов сынды группаластары ерекше сағынышпен еске алады.

КӨҢІЛІМДЕГІ  ҚОЛТАҢБА

Айналасына көңіл-күй, қуаныш сыйлап жүретін нұрлы адамдар болады. Олар есіктен кіріп келгенде бөлме жап-жарық боп кеткендей әсер қалдыратыны бар. Бақыт та, қайғы да «жұқпалы» болады деген түсінік бар. Яғни, позитивті адамдар жанындағыларға бақыт пен шаттық жұқтырып жүреді екен. Бұған Сағи Әшімовтың болмысы мысал бола алады. Бірде, үйінде кітабы көп апайымның үйіне қонаққа бардым. Кітап сөресінде тұрған  «Майраның әні» атты жасыл кітапқа көзім түсті. Алғашқы бетінде «Светаға! Свети! Сөнбеу үшін жарқыра!»,- деген автограф пен қыздың суреті салынған. Иә, Сағидың өзі сыйлаған екен. Қатты қызықтым. Іштей: «Шіркін-ай, осындай қолтаңба мен менің шарж-суретім салынған кітапты сыйға алсам ғой»,-деп ойлағанымды несіне жасырайын?! Осыдан бастап маған мәлім де, беймәлім актер әлемі мені тереңіне тартып кетті. Сан қырлы Сағидың достарына әзілдеп шарж суреттер салатын қыры да бар екен...

       Сағи әкесі Асанәлінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ! Әрине, Әшімовтің баласы болу қайдан оңай болсын?! Актер ең соңғы сұхбатында: «Жан дүнием әкемнен айнымай қалған»,- деп ағынан жарылса да, асқар тау әкенің заңғарын тану үшін өзі де биік болуы керектігін өмір бойы ұстаным еткен сыңайлы. Әкесімен бірге ойнауды арман етіп, ол арманы ақиқатқа айналмаса да, әкесі мен ұлы  «Ш.Уалиханов» фильмін бірге жарыққа шығарды. Шоқан рөлін кастинг жасалып, 1000-ға тарта үміткер қатысқан деседі. Дегенмен, режиссер Асанәліге «Шоқанды іздеп несіне әуре боласың? Сенің балаң нағыз дайын Шоқан емес пе?»,-деп Сәбира Майқанова айтып, Сағидың Шоқанға себепкер болады. Режиссердің қаталдығының нәтижесінде фильм «бестікке» қол жеткізеді. Бірақ, Сағи Шоқанның келте ғұмырын қайталады. Мүмкін,бұл бізге беймәлім актер әлеміндегі тылсым  құбылыс шығар. Актерге 1986 жылы Шоқан рөлі үшін Мемлекеттік сыйлық берілген.

ТЕКТІНІҢ  ТҰЯҒЫ

Асанәлі Әшімов әкемтеатрға директор болғаннан кейін, өз ұлын өз еркімен жұмыстан босатады. Әкесі Сағидың шешіміне қарсы болмаған. Өнерге ессіз берілген жас актер театрдан шыққан соң көп ұзамай, киностудияға жұмысқа кіріп, бірнеше киноға түседі. Сағи Шоқан бейнесінен соң ел жадында Тимур Сабыров бейнесімен қалды. Өзі де сұхбатында: «Аса қатты бағалайтыным Шоқан рөлі. Сүйікті рөлім қазір – Тимур Сабыров»,-деген екен. Сағи Асанәліұлы «Тоғысқан тағдырлар»  сериалымен қатар сол мезгілде басқа да жобаларға түскен. Сондықтан, сценарий бойынша көп көрінбей кететін еді. Ертеңгі түсірілімге дайындалған Сағи қайтыс болатын түні әріптесі Жанна Қуанышқызына хабарласып, түсірілімге баратынын да ескерткен. Алайда, сол түні сұңғыла Сағи мәңгілік сапарға аттаныпты. Бұл 1999 жылдың 18 қазаны болатын. Көзі тірі болса биыл 56 жасқа толар еді.

Сағи Әшімов аз ғана ғұмырында 20-ға тарта фильмде басты рөлде ойнап, телеэкраннан жарқын бейнесін таныған көрерменіне сөнбес шырақ қалдырып кетті. Қашан да, жақсылықтың мерзімі қысқа болады, жақсылардың өмірі секілді. Еншісіне берілген аз сәттерді мәнді де, мағыналы ету әркімнің өз қолында.

Оның өнер-ғұмыры ешқашан өшпек емес. Жұлдыздар сөнбейді!

Әлия ІҢКӘРБЕК