РОЗА ЕСБАЛАЕВА. ӘДЕБИЕТКЕ ҚОСЫЛҒАН ЖАҢА ЖАНР

(М.Байғұттың «Түркілер төрі  ̶ Түркістан» кітабы жайында) 

 

Әдебиетте «Жақсы кітап – ақылдың кені, кісіліктің кілті» дейтін даналық сөз бар. Қазақ әдебиетінде түрлі тақырыпты ғана емес әр түрлі ғылым саласын байыпты зерттеп, терең талдау жасаған құнды еңбектер аз емес. Бір ғана еңбектен бүтін елдің тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылығын танытқан жазушылар да жоқ емес. Оқсыз бен Отырардың ортасындағы шағын ауылдан басталған сыр соқпақ Түркістанның түкпір-түкпірін аралап, Ұлы Жібек жолына жалғасатын М. Байғұттың  «Түркілер төрі ̶ Түркістан» атты кітабы бүгінгі мақаламыздың маңызын танытпақ. Жарыққа шыққанына жыл толмаса да назарымызға іліккен «Түркілер төрі Түркістан» кітабы – күллі түркі жұртының басын біріктірген Түркістанның құпиясын ашып, құндылығын дәріптейді. Тарихпен үндес көш-керуен Түркістан өңірінің түп-тұқиянынан бүгінге дейінгі аралықты жүріп өтеді. Қазақ қаламгерлері көп қалам тарта бермеген эссе жанрындағы бұл еңбекте маңызды ақпараттар мен толғамды ойлар жинақталған.

Кітап мазмұны түрлі тарих, тіл, әдебиет, мәдениет, саясат, өлкетану, географиялық жағдай, археологиялық қазба ескеткіштер, музей ісі, түркологиялық зерттеулер жайлы деректі материалдармен қамтылған. Еңбектің авторы бұған дейін әдебиетке жазушылық қырымен талай рет олжа салған жазушы. Сондықтан бұл мақаламызда да жоғарыда аталған кітаптың әдеби бағытын айқындап, жанрына, мазмұны мен көркемдік қырларына талдау жасап көрмекпіз.

Автордың «Түркілер төрі  ̶ Түркістан» кітабы өзі бас кейіпкерге айнала отырып баяндау үлгісінде жазылған. Туынды 19 эсседен құралған. Жанры эссе болғандықтан әр эссені жекелеп, бөліп оқуға да болады. Еңбектің жазылу формасы мен стилі, идеясы, мазмұны  роман жүгін көтеріп тұр. Әдебиетте роман туралы теориялық анықтамада «роман – күрделі  сюжетті, көбіне қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кең көлемді эпикалық түр. Романда өмір құбылыстары, адамдар арасындағы қарым-қатынастар молынан қамтылған, композициялық күрделі құрылымнан тұрады. Романда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады, әңгіме мен повеске қарағанда онда түрлі оқиғалар жүйесі, сюжеттік желі, қаһармандар қатары кеңірек қамтылады. Роман адамдар тағдырын, замана шындығын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамды, салт пен сананы бейнелейді. Романның жекелеген нұсқалары ерте дәуірден белгілі. Дегенмен оның жаңалық сипаттары бертінде қалыптасты»-делінген. Сондай-ақ қазақ романын зерттеуші ғалым Р.Бердібай бүгінде романдардың көбейгені сонша, оларды тарихи, публицистикалық, психологиялық т.б.-деп бірнеше түрге болады деген болатын.

Біз қарастырып отырған жазушы еңбегінде де әл-Фараби заманынан бүгінге дейінгі тарихи дәуірлер, танымал тұлғалар мен ойшылдар, Түркістан өңіріндегі тарихи орындар, қасиетті мекендер, құнды жәдігерлер мен ғылыми еңбектер, ғалымдар туралы деректер шығарма оқиғасына кіріктіріліп, негізгі оқиғамен байланысады. Мұнда да шығарма оқиғасы басталады, дамиды, ситуациялық жағдайлар мен шиелістер болып, шарықтау шегіне жетеді. Шығарманың тұтас оқиғасы оқу залынан басталып, оқу залынан аяқталады. Әдебиетте әр оқиғаны сюжеттік желіге баласақ, композициялық құрылымына қарай талдау жасауға болады. Әдебиет зерттеушісі М.Атымов романдардың композициялық құрылымын бірнеше түрге бөледі. Соның бірі айналмалы композициялы роман. М.Байғұттың көлемді туындысында да оқиға Елдостың оқу залына келгеннен кейінгі эмоциялық көңіл күйі өткен күндерге оралады. Бәрі де түсінікті болу үшін автор - кейіпкер өткенге шегініс жасап Оқсыз бен Отырардың арасындағы кішкентай ауылдан Елдостың үш бала болып оқуға аттануы, ауыл мұғалімі Мошқал ағайдың әңгімелері, Қиыр Шығыстағы әскери борышын өтеу кезіндегі оқиғалар, Айкенже хикаясы сынды оқиғаларды көркем әңгімелейді. Бұл көркемдік тәсілдер шығарманың композициялық құрылымына қызмет етіп, негізгі автор идеясы шегініс арқылы деректермен толықтырылып отырады. Автор құрғақ баяндаумен жалықтырмай, оқырманына сонау түркілер заманынан бүгінге  жалғасқан құндылықтарымыз жайында әңгімелеп, тура сюжетпен байланыстырады.

Туындының бас кейіпкері Елдос Елжанұлы - автордың псевдонимі. Кейіпкердің Елдос аталуы ел мен елді елдестіретін, достастырушы деген автор идеясынан туған есім. Мұндай есім алғаш С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романындағы Рахметтің Дәуірұлы атанғанындай Елдостың да Елжанұлы деп берілуі «елдің қамын ер ойлар» азаматтың атына лайық болсын деген оймен таңдалған болуы бек мүмкін.

Қазақ әдебиетінің тарихында М.Әуезов «Абай жолы» туындысына тұңғыш рет қос жанрлы атау беріп «роман – эпопея»- деп атады. Одан кейін Ә.Нұршайықов өзінің «Ақиқат пен аңыз» романын жазып, әдебиетке «роман-диалог» деген жанрлық түр енгізді. М.Байғұттың сиясы кеппеген «Түркілер төрі Түркістан» шығармасы да әдебиетке  қосылған жаңа жанр «роман-эссе».

ХХ ғасыр әдебиетінде баяндау барысын кілт үзіп, қаһармандардың түрлі кезеңдегі өмірін суреттеп кету, кенет күтпеген философиялық пайымдауларға бару, кейінге, алыс өткен күндерге лириалық шегініс жасау, болмаса болашаққа "озып ету", күнделікті өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеу кеңінен тараған. Лирикалық шегіністер – ең алдымен, автордың жеке суреткерлік тұлғасы, ішкі сезімдері, дүниені қабылдауы көрініс беретін, автордың өз дүниетанымын бейнелейтін поэтикалық форма. Кейде баяндаушы шығармада оқиғаны әңгімелеп қана қоймай, өзінің оқиғаға қатысын, сезім-күйлерін, қуанышы мен ренішін білдіреді, оқиғаны кейіпкерлермен бірге өз басынан кешіреді және кейіпкерлерінің тағдырына селқос, немқұрайлы қарай алмайтынын аңғартып қояды.

Кітапта даналықтың ой өлшемі болған ғұламалар мен ойшылдардың өмірі жайлы құнды деректерге толы. Тарихта есімі қалған даналар туралы тағылымды еңбектер мен әр жылдары жазылған жазбаларға сүйене отырып, бүгінгі күн тұрғысынан баға беріледі. Түркістан өңіріндегі ескерткіштер, мавзолейлер мен қорған, қалалардың өткені мен бүгіні жайында сыр шертеді. Кітап әдеби көркем тілмен жазылғандықтан жеңіл оқылады. Қызықты оқиғалармен байланыстырып ақын-жазушылардың шығармаларына сюжет болған ескі аңыздар пен әпсаналар, деректі романдар мен  арнаулардан үзінді келтіріп, тартымды баяндайды. Тарихи жәдігерлер мен бүгінде топыраққа айналған қорған-қорымдардың біркездегі гүлденген дәуірі мен жұрт назарын аударған келбетіне үңіледі. Әсіресе ЮНЕСКО-ның «Мәдени мұра» тізіміне енген әйгілі Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы, ішкі-сыртқы келбеті, кесене құрылысы мен олардың тарихи сипаты, кесенедегі жәдігерлер, Тайқазан тарихы арнайы сөз болады. Кесененің айналасындағы жойылып кеткен қамал-қорғандардың сырына үңіліп, ескерткіштер жайына да тоқталып, Қазақстанның ғана емес, әлем назарын аударған мәдени-тарихи, рухани құндылықтарымыз кеңінен сөз болады.

Жазушы еңбегінің кемеңгерлік келбетін танытатын ойлары Әл-Фарабиден басталып Отырар мен Дамаскке дейінгі аралықты қамтиды. А.Машанидың «Әл-Фараби және Абай», А.Көбесовтің «Әл-Фараби» атты зерттеу еңбектері, Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы, Ә.Дербісәлінің «Дәуір данышпаны», А.Ысмақованың «Мемлекеттік қайраткерлердің афоризмдері», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғалымдардың классификациялануы» сынды бірнеше мақалалары мен көптеген ғалымдардың еңбектері автор назарынан тыс қалмай концептуалдық тұрғыдан талданады. Конфуций, Аристотель, Әл-Фарабиден басталған даналықтың Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Абай мен Шәкәрім сияқты титан тұлғалардың мұралары жайында ұзақ толғанады.

«Түркілер төрі Түркістан» кітабында ұлттық өнер де шынайы дәріптелген. Әсіресе Сібір мен Забайкалье әскери окургінде жауынгерлік қызметке Елдоспен бірге барған Көркемтай образы мен Көркемтайдан қалған ешкінің ішегінен жасалған қазақтың қара домбырасына тәнті болған  долған мен саха жігіттерінің таласуы жайдан-жай емес. Осы тұста кітап кейіпкері Елдостың айтатыны бар «Атымды бекер-босқа Елдос қоймаған болар. Ел мен елді достастырсын деген шығар. Қоңырқай домбыраны қимағам. Жанымды қатты қинағам...»-деп, іштей қимаған домбырасын, қос елдің достығы үшін, әрі домбыра туралы көп дерек айтқан саха жігітіне сыйлап жіберуі өнердің құндылығын тағы бір паш еткендей. Автор домбыраның шығу тегі туралы ғалымдар пікірін саралай отырып, ертеректегі ортекенің ішегінен дайындалатын қоңыр әуенді домбыраның бүгінде балық аулайтын қармақбау – леска деген химиялық жіпке ауысқанын айтып қынжылады.

Кітаптың әр бетін парақтаған сайын көңілдегі көлеңкелі ойларды емес, көңіл көкжиегін кеңейтетін маңызды мағлұматтарға ұшырасасыз. Авторға ілескен дала жиһанкезіндей оңтүстік өңірінің таулы-қыратты, ойпаңды-ойпаңсыз таңғажайып табиғатын аралап, археологиялық құбылыстармен бетпе-бет жолығасыз.  Бір ғана Сайрамның тамаша табиғаты мен тарихын баяндау үшін Сырдария мен Арысты бойлап Қаратау мен Қазығұртқа жалғасқан Кедер, Сығанақ, Сауран, Ясы-Түркістан, Баладж-Бабата, Құмкент, Созақ, Берукей, сондай-ақ шығыс-оңтүстікке қарата Тараз, Құлан, Мерке, Суяб сияқты қалаларды қатыстырып мол мағлұматқа қанықтырады.

Жазушы танымындағы әл-Фараби, Ясауи, Абай феномені ұзақ зерттеліп, ғұмырлық ізденістің нәтижесінде қол жеткені айқын. Бұл тұлғалар туралы зерттеу, тану ісі бүгінмен тоқталмайды, ғасырды ғасырға жалғап ұлттың өзегіне мәйек болары анық. Еліміз бен жерімізді әлемге танытқан тұлғалар туралы жазушының бірде тарихшы, бірде әдебиетші, бірде философ, бірде сыншы, бірде публицист болып бірнеше мыңжылдықтар бұрынғы деректерге үңілуі бабалар аманатын арқалаған азаматтың ісі.

Ойымызды қорытар болсақ, М.Байғұттың «Түркілер төрі  ̶  Түркістан» кітабындағы көп ойларға интерпретациялық талдау жасауға тырыстық, концепциясына үңілдік. Сөз сүлейі А.Сүлейменов «Жақсы кітап — ұлттың антологиясы»-дейді. Ұлтымызды ұлықтар еңбектер ұрпаққа аманат болсын деген ниетпен көз майын тауысып, көңіл дәптерімен сусындатқан жазушы Мархабат Байғұт ағамызға шығармашылық табыстар тілейміз!