МЕЙІР ОРАЗҒАЛИ. ҚАЛАМҰШ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАРАША

(Қайсар Бауыржанұлы поэзиясы хақында)

 

Поэзия - сұлулық пен ақиқат, жақсылық пен парасат, жарасым-гармонияны мұрат тұтқан біртұтас рух майданы.

Тұрсынжан Шапай

 

Түркістан. Ақан Сері көшесі.

17:46. Сағат тілі осылай. Дала дымқыл. Ызыңдаған жел. Ауа таза. Жүйесіз жаңбыр. Қыршынынан үзілген тамшылар. Жазу үстелімнің алдында Тұрсынжан Шапайдың таңдамалы шығармалар томдығы жатыр. Енді не істеу керек?! Жазу керек...

Абай айтады:

"Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім күн емес" деп. Солай шығар...

Уақыт өтіп барады, қаздар кетіп. Бұлыңғыр сәуленің ымыртпен үндесер тұсы осы кез.

Көз алдым көк тұман, белгісіз дүние,

Тыңдасам ғазалым сенгісіз дүние.

Кенезе кептірмес ақындар ордасы,

Батыстық ләззатқа бергісіз дүние.

Тұлғаның тұтас, яғни ақынның поэтикалық әлемі. Тегеранның тылсымына, Хорезм шаhарындағы тіршілікке, Шираздың айлы түніне қалықтаған ойлар шеруі ақынның әлеміне еніп кеткен. Өзінің ішкі "Меніне" сұрақ қояды. Антуан де Сент-Экзюпери секілді. "Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда барамын?!". Адамның оралып тұруға тиісті бастаулары болса, Қайсар өлеңге оралады. Поэзия туралы өлеңіне. Санадағы ұмыт бола бастаған, ұмытуға тиісті емес сезімдерінен аяулы сұлулық сазын іздеген дәрменсіздің хәлі жазуға итермелейді. Түннің құшағындағы түсініксіз күбірлер көлеңкеге айналып, елсізде қалған естеліктер сұлбасы іңір бояуларымен тілдеседі.

Ұларбек Дәлейдің" Күз жауған соқпағы" Түркістанның қарашасы. Дәлірек айтқанда, Қарашадағы Түркістан ғазалы. Қараша айы, шыныңызды айтыңызшы, көңілсіз, біртүрлі суық ай емес пе?! Бірақ, "Бұл ай - сағыныш айы" болуға әбден лайық. Қураған қурайлар, сүреңсіз көшелер, құбылмалы ауа-райы, бәрі-бәрі жалғыздыққа жұтылып, тағдырлы өлеңдердің бастауына айналады. Түйсікпен тұтасып, сезіммен ымыраға келетін түндердің ләззат сыйлайтын дертті шақтарын бір білсе, Қайсар біледі. Білмесе бұлай жазбас еді...

Барлық сөзін тағдыр жайлы айтатын,

Күз менің - қоңыр мұңым.

Дәл осы сәт

Сен жанарыңнан жалғыз моншақ үздің,

Ал мен ше, көңілдімін.

Дұрыс, басқа ештеңе емес. Табиғат ақындарды жаратады дейді. Ақындар табиғатты жаратса ше?! Қызық құбылыс секілді. Түркістанның төрт маусымы осы қараша шығар дейді, "адамның кейбір  кездері". Күз менің -қоңыр мұңым. Иә, күз оның қоңыр мұңы. Табиғаттың төрт маусымы, төрт түрлі қиял шексіздігіне апаратыны және де белгілі метафизикалық кеңістік. Поэзия - ойдан бұрын туатын өнер болса, өнер тудырушының өзіндік қолтаңбасы қағазда емес, ойда жатыр. Арғы-бергі әдеби авторлардың ойлары осыған саяды.

Ардақ Нұрғазы "Мұқағали Мақатаев поэзиясы туралы" мақаласында "Тіпті барлық күйретушілердің жарнамасындай болған өлімнің өзімен бетпе-бет келгенде де поэзия қараңғыдан жарыққа ұшып шығатын қарлығашқа ұқсайды" дейді. Поэзия - таным. Танымның түбі - өмірмен, одан қалса, о дүниелік әлеммен ұштасып, астасып жатқан күрделі де қарапайым термин секілді. Қайсар Бауыржанұлы өзімен өзі, өліммен бетпе-бет келсе:

Сен асқақ армандарыңа қанат қаққанда,

Жолыңда болса егер кедергі-кесір.

Ол менің күнәларымның кегі,

Сол үшін әкеңді кешір.

Өмірді кешір, өлеңді кешір деген болмыстың жауабы.

Қазан мен қарашада не жын бар екенін білмеймін, Қайсардың поэзиясы жарау жылқыдай осы күзде түлеп, түрленіп шыға келетінін кейде таңданамын. Күздің қасиеті мен қадірін түсінгендіктен, түйсінгендіктен деген жорамалым бар іштей. Поэзия теориясындағы Беллинскийдің лирикасына жауап беретін бірден-бір поэзия Бауыржанның ұлының поэзиясы. Күз айларының қара суық жанарымен сары жапырақтарға көмілген реңін, бұлыңғыр түннің бұлдыр бейнесін бір кісідей сүйген адам, әлбетте Ес-Аға, Есенғали Раушанов екеніне шүбә келтірмейміз. Тағы да Қайсар былай дейді:

Есенғали,

Жаз кетті, орынында жапырақ қалды,

Сарғыш түспен орады атыраптарды.

Жалғыз жанның ғазалын жаңбыр білер,

Ол да бүгін қалаға шашырап тамды.

Иә, жаз да өтті сұлу салған ән сыңайлы. Тағы да Абай айтады «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр, Жалынсаң қайтып келер ме?» дейді. Сағыну, аңсау, елегізу, жоқты іздеу лириканың бір парағы ғана. Қарашаның өзі, ақиқатында, лирика емей немене?! Айтыңызшы...

Қайыр-қош. Қайсар Бауыржанұлының Алтай туралы, Алматыдағы аңсарлы әуендері, Түркістанның тұманды көшелеріндегі елестері ақ қағаздың парақтарында парақталып жатыр. Парақтала береді де.

Мекен ауыстыратын жыл құстары қарашаға қалмай, түгелі кетіп болды. Кім қалды, кім кетті?! Сол құстар кетерінде не айтқысы келді, не демек еді, оны тағы да білмейміз. Алтайдың ақбас шыңдарынан Түркістанға ұшарында Қайсар не ойлады екен, туған топыраққа деген сағынышын санасының қай түкпіріне, жүрегінің қай қиырына сақтады екен. Оны да білмеймін. Бірақ, Өлең боп Алтайдан ұшып, Өлең боп Алтайға баратыны анық. Ертіс те үнсіз. Оралханның Алтайы бар, Қайсардың Мұзтауы. Ол енді басқа әңгіме...

Шайыр Ерлан Нұрдықанұлы:

Бәрін де соның аңдаймын,

Жанымды Нұрлы ой масайтып.

Аспанды ғана таңдаймын,

Алтайға үнсіз қош айтып.

 

Сол-ақ па, жо-жоқ. Біздің автор былай дейді:

 

Бейуақыт күңіренер, құрысар жан,

Ұмытып кетер, бәлкім, ұмытар жат.

Түбі бір мені Алтайға апарады,

Санамнан өшкіндеген үміт-арман.

 

...дәл сол жылы. Қарашаның қатқыл қабағымен түнерген айдың соңғы күндері іңгәлаған сәби дауысымен түндердің түні Алтай деп кісінейді.

...дәл сол жылы. Қарашаның қарлы боранында ұйытқыған желмен жанталаса өлең гуілдейді. Бұрқасынмен арпалысқан жан дауысы құс тіліндегі жырмен сөйлейді.

 

...дәл сол жылы. Әрине, дәл сол жылы.