Ұланбек Бақытұлы. Өр рух


Алтайдың қазаққа құтты қоныс болғанына сан ғасырлар өткен. Әсілінде қазақ қазақ болғалы тіпті түбі түркі мен сақтың заманынан қара шаңырақ, сары жұрт болған қасиетті Алтай өңірі күллі түркіге ортақ һәм қастерлі ұғым. Осыман  империясының түріктері де өздерін Еуропаға ұлы етіп көрсету үшін, батыстықтар бұрыннан сескенетін, алыстағы ұлы дала мен ұлы таудың ұлдармыз, Алтайдан Анадолыға қоныс аударған текті халықтың тұқымымыз деп өршелене баяндаған ғой. Шынымен ақ таудан қуат алып сар даланы емін еркін кезген «еркін халық», «хас сақтардың» тамырында бір құдіретті тектің ағып жатқанына бұрынғы мен соңғының көзі жеткен.

Шайдай ашық көк аспанға тірелген Қарасеңгірдің тыныш ауасын ұшақтың дауысы күрт өзгертті. Тау етегінде орналасқан шағын ауылдың тұрғындары жамырай, бұрын соңды көрмеген құдіретті тамашалай тамсануда. Үй сыртында күйбең тірлікпен жүрген жұрт, қолдарын маңдайына қойып, күн салып, мойнын көтеріп, күнге шағылысып, гүрілдеген үн шығара ауылға құлдилап келе жатқан мақұлықтан сескене де таңғала да іштей күбірлейді. Жерді дірілдеткен тылсым дауысты естіген үй ішіндегі қатын бала да жапырыла сыртқа жүгіріскен. Бәрінің көздері көкті тіліп, төмендеп келе жатқан қызыл ал ұшақта. Ауыл сыртында бұзау қарап жүрген бір топ бала да бұл суреттен қағыс қалмай, ішінде жүр. Бірақ өзгелерге қарағанда бұлардың тамсануы ерекше. Енесін көрген қозыдай бәрі жалма жан айғай шуға басып, астындағы ағаш аттарын сабалап, ауыл сыртына арнайы тігілген кигіз үйлерге қарай шапқан. Ұшақта бұлар беттеген маңға қарай тұмсығын төмендетіп, түтінін бұлғақтатып, жетіп қалды. Ауыл маңынан  сап түзеп тігілген бұл ақшаңқай ақбоз үйлердің алдында осы қадірлі қонаққа жеткілікті ақ жол дайындалған. Апта бойы бұл маңда әбігер боп, үй тігіп қазан асқан қара халық, кешеден бері осы жолды дайында деген әкімнің бұйрығынан кейін, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін тас теруге жұмылған. Антына адал комунисттер жаппай жұмылдырылғаннан кейін және шаш ал десе бас алатын шолақ басшылардың әкіреңімен маңайда тас қалдырмай, айнадай еткен. Әбігерленіп асыға күткен құрметті қызыл ала ұшақтары дайындалған жолға алды мен артын кезек тигізіп дедектеп келіп баяулай баяулай үнін бәсеңдетіп тоқтады. Тап тұмсығында ербеңдеген мұртшасы бар екен, сол бәле әлі айналып тұр. Жұрт содан қорқып тұр ма әлде ұшаққа қасқая қарап, салмақты да сесті түрде тұрған ортақал бойлы, төртпақ келген, жасынан «Бала Батыр» атанған ел ағасы Кәмәсия әкімнен сескенеме, үнсіз тыныштық ұстап, орындарынан тапжылмады. Ұшақтан шыққан баяу ызың тұмсығында айналған ұзын мұртшаның тоқтауымен басылды. Осы сәтте шаңнан арыла бастаған ұшаққа қарай алғашқы қадамды ширақ қимылдарымен әкім бастады. Маңайында тұрған адамдар, аймақтың басшыларымен хатшылары соңынан еріп келіп, тоқтай қалды да ұшақтың есігінің ашылуын күтті. Тағы да тыныштық. Тағыда алда не боларын білмей аңырайған ауыздар біресе ұшақ есігіне, біресе әкімнің қас қабағына кезек қарайды. Әкім болса сол самақты қалпын сақтап қасқая қарауын тоқтатпаған. Оның бұл көрінісі маңайындағылардың бәріне тек соны қожа секілді көрсеткендей. Бірақ бұл жерде әкімнің тікелей басшылары аудан мен аймақтан келген қадірлі өкілдер тұр. Сонда да әкім мырза оларды көзге ілетін емес, әрине Шығыс Түркістанның ханымен қол алысқан бұл Бала батырға шолақ тәмпіштердің ар жақ бержағы белгілі. Олар да Кәмәсияның осы мінезінен жасқанады. Тезірек жұмыстарын бітіріп билігі өзінен төмен, бірақ беделі әлде қайда жоғары ауыл әкімінен жылдамырақ құтылғысы келеді. Тағы да оларды сескендіретін бір жәйт, бұл ұшақтың ішіндегі ең силы қонақ, осы әкімнің кенже інісі Көкенай балуан. Қалелден тараған ұлдардың бұл үлкені болса ұшақтағы кенжесі. Осы маңда Қалелдің ұлдарының дәурені жүріп тұр. Өзі Оспанның батыры, той думанда күреске салар балуаны болған атақты Қалел балуан, халық жауы атанғанымен кенжесі Қытай Халық Республикасының бетке ұстар балуаны. Талай додада қытай менен жапонды, иран менен парсыны жер қаптырған халық балуаны. Қызыл үкіметтің құйтырқылығында шек жоқтығын осыдан ақ білеміз ғой. Әкесі халық жауы ал ұлы халық балуаны, күлмесіңе шара барма шіркін. Сойылды оңынан да солынан да ұялмай соғатын бұл үкіметтің осы тұста мысы құрыған, бұдан басқа амалы жоқ. Халық жауының баласын аяқтан жасырын да, ашықтан ашық та шалды, бірақ тау тұлғалы текті балуанды жыға алмады. Қайта майданда шынығып, шөп жеп жүрген талай қытай балуанының жұлынын үзді. Бұны көрген қытай балуандары қасқыр көрген қояндай болды. Ақыры міне бүкіл Қытайдың чемпионы және халықаралық дүние жүзілік жарыстардың жеңімпазы боп шықты батырың. Хош, шаң басылар басылмас сәтте көптен күткен қазынаға толы алтын сандықтай болған қызыл-ала ұшақтың есігі сырт етті де желден бе әлде іштегінің итеруінен бе айқара ашылды. Жұрт күткендей бұл есік солға не оңға ашылмай төменге ашылды. Онысымен қоймай баспалдаққа айналып шыға келді. Бұны көргенде ашылған ауыздардың саны көбейе түсті. Сол ақ екен күбірлескен жұрттың алдына кең иықты, төртпақ денелі, әр мүшесі денесіне құйып қойғандай жарасымды келген, қап қара шашын қайқайта тарап қойған, қоңыр барқыт кастюм шалбарлы, ақ көйлекті, аққұба келбетті, дөңгелек жүзді жас жігіт шықты. Жігіт мойнындағы алтынды күмісті медальдар күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Жердегі жұрт «өзгермепті, сол Көкенай екенғой» десіп өз ұлдарына жылы лебіздерін арнап үлгеруде. Балуан ширақ басып ұшақтан түсті де, өзіне ере келген бірнеше үлкенді кішілі серіктерін ертіп тобымен жиылған жұртқа қарай аяңдады. Ел алдында тұрған, әкім бастатқан ақсақал қара сақалдар да бұларға қарай жылжыды. Күлімсіреген екі жақ бір бірімен құшақтай амандасып, ата дәстүрмен төс қағыстырды. Тек әкім ғана іші жылып көкірегіне қуаныш кернегенмен сыртқа шығармады, сол сабырлы тотыққан жүзі міз бағар емес. Жұрт қатарлы амандық саулық білісіп төс қағысқаннан кейін тағы да жоғаржаққа бермей, сөзді өзі бастады. Ширақ әрі нық баяндама жасап жиналған елді ақ үйлерге қарай бастай жөнелді. Осы сәтте барып әкесінен жасқанып топ ішінде ағасына жақындай алмай тұрған жеті жасар әкімнің кенжесі топырлаған жұртты бұзып жара, әупірімдеп жүріп ел қаумалаған ағасына әрең жетті. Ағалап етегін тартқанымен шумен дабырдан ағасы ести қоймады, ақыры болмағансоң кастюмының етегінен қос қолдап ұстап тұрып бар күшімен  іркіп тартып қалды. Талайлармен сілкілескенде екінің бірі ірке алмайтын сом денесін қозғалтқан бұл қарсылықтың не екенін көргісі келген балуан, бар денесімнен артына бұрылып, қыранның көзіндей қос қарашығын артында тұрған қара сирақ тақыр басқа тікірейте сұсты қарады да, күрт түсі жылып күлімсіреп сала берді. Бірден еңкейіп өзіне ренжіп тұрған томпиған қара баланы қосқолдап көтеріп, аспанға атты да, құшағына бір қысып искеп, мойнына мінгізіп алды. Ұшақпен келіп елді бірнеше күннен бері әбігерге салған құдіретті қонақтың мойнына мінген тентектің төбесі көкке бір елі жетпей, ыржиған қалпы желмаяға мінген адамдай сәл тербеліп жұрт арасында әкесінің артынан кете барды. Жас Көкенай мойнындағы жүгірмектің жаңағы өзін бір сілкіп алғанын ойлап, жымия «Қалелдің шаңырағындағы балуандық менімен бітпеген екен ғой» деген ойда кете барды.

Кең тігілген он екі қанаттық ақ орда. Іші сыртын толтырып іліп қоятын қызылды жасылды баулар көрінбейді. Қақ төрде ілінген арланның терісінің жанында ескілеу қазақы қайқы қылыш ілініпті. Осы екі заттан басқа керегеде ілінген өзге зат көрінбейді. Сыртынан қарағанда мен мендеп тұрған ақ боз үйдің құр сырты ғана жылтырайды. Кезінде іші үлде мен бүлдеге оранған қара шаңырағын әкім қанша күтіп сақтағанымен, аттың жалы түйенің қомындағы қазіргі өмірде үй ішінің ұсақ түйектерін сақтап қала алмаған. Бүгінде тек үйдің сүйегімен кигізі ғана қалған. Сонда да билер мен батырлардың иісі сіңген бұл үйдің құты әлі қаша қоймаған сыңайлы. Жихазы аз болсада бұл үйден бір жылылық еседі.  Үй тағанын толық жапқан текемет сырмақтардың үстіне алаша дастарқан жайылған. Оның үстінде шашылған бауырсақтар, бірер жерде құрт ірімшік. Әр жерден ағаш тостағанға салынған қазақтың сары майы. Босаға тұста сырттағы дүбірге құлақ түріп бір жас келіншек тұр. Кезінде бұндай ордалардың іші сыртына симай жататын қазақтың мол мұрасын көре алмайсың. Шебері кеміп шырайы сөніп тұрған қазіргі уақыт, осы аймақтағы қазақ атаулының нақ күйзелген шағы. Осыдан сәл әріде ғана бұл маңда Шығыс Түркістан атты қазақтың мемелекеті һәм хандығы құрылып, иісі қазақтың ісі өрге басқан шағы орнағанды. Бірақ сол құзырлы хандықтың қызыл әскер түбіне жеткен болатын. Түбіне жетіп қана қоймай қазақ атаулыны әсіресе көтеріліс бастап мемелекет құрған Оспан батырдың әулетіне қатты тискен. Ауыз ашып атқа мінерін атты, қалғанын түрмеге жапты. Ел үшін жер үшін деп қара қытаймен алысқан талай батыр бір оқтық қана болып қалды. Бұл бассыздыққа бас көтеріп, қарсылық туғызатындай қазіргі елде қауқар да, қажыр қайратта жоқ. Ат  төбеліндей аз қазақ онсыз да ат түгіндей болған қытай мен орыспен алысам деп талай саңлағынан айрылды. Тұяқ серпіп абырой таппайтынын, елге енді жеңіс әпере алмайтынын білген Кәмәсия сынды есті ел ағалары, қазақты енді қызыл өкімет пен комунизім көлеңкесінде көркейтуге бел байлаған. Сабыр түбі сары алтын деп тар тұсау мен көп қыспаққа көнген. Әлі ақ қазақтың күні туып, тағы да елдік туын көтеретін сәтті күткен...

Сырттағы дауыстар да жақындай түсіп кигіз үйдің ағаш есігі екі жаққа шалқая ашылды. Оң аяғымен табалдырықтан аттай бере, жас келіншекке иек қағып ишарамен бұйрық берген әкім, тіке төрге тартты. Ел толық кіріп болды. Қысылыса орын тапқан жұрт, дастарқанды қоршай отырған. Әкімнен кейін оң жақты ала төртінші отырған жас балуан мен қасындағы жеті жасар інісінен басқаның бәрі ылғай егде тартқан, ел ағалары. Бәрінің жүзінде қуаныштың жымыңы бар.

...Астауға салынған еттің біразы желінген, оппалардан басқасының қолы сүртіліп, ар жақтарына ауыл қонған кейіпте отыр. Әкім мырзаның оң жағында отырған шоқша сақал, шүңірек көз қария, елдің бәріне баяу көз салып сорпасын сүзе сораптауда. Дабыр дұбыр басылып, ел назары төрге ауып, бата сұрауға ыңғайланғанда қария сөзін бастады.

«Оспан мені атқа жеңіл қу мешел деп жанына серік етті» деп іркілді. Отырған шолақ басшылардың көздері шарасынан шығардай боп бақырайып кеткен, мына шал бәрімізді қырғысы келіп отыр ма, Оспанда несі бар, әлде тағы тергелгісі кеп биті семіріп отыр ма дейтіндей көздері.

«Ал Алтаймен Боғда, Құмыл мен Шонжы жерінде балуандығымен танылған Қалел балуанды өзінің арысқа салар балуаны, жорығын бастар батыры еткен. Борқұдықта үш жасар құдықтағы түйені кереге сап, жалғыз өзі шығарғанын көзім көрді. Одан басқа да елдің игілігі, ұлтының намысы үшін көрсеткен өнерін өздерің білесіңдер. Әр сапары ертегіге бергісіз құдіретті жан еді. Бұл құдірет оған ата бабасының қанымен келген ғой шіркін. Мен танитын тұқымнан, мен көрген өлкелерден осындай текті тұқымды, өр рухты таппадым. Арғы аталары қажы, би. Берісі батыр мен балуан. Қасиетіңнен айналайын Жота Қажы осы елдің төртінші атасы екен. Ежелден текті келген Жуанған бабамыз жетіммен жесірге пана болып, бауырына алған дана кісі екен. Сол жетімдерді құр асырап қана қоймай өмірлеріне азық болар білімді де берді. Сонау түріктен ұстаз алдырып, қазақ баласының тілін сындырды. Қазірде құран аударып елге мәлім болып жүрген Ақыт қажыларың сол шәкірттердің бірі. Жарықтық еңгезердей алып денелі еді, сол биік болмысымен Меккедегі қажылықтан «Жота қажы» атанып қайтты.  Одан кейін Алтайды үлкен ұлы Қанжыға би биледі. Қанжыға да жол көрген жөнді би болып, Абақияға аты шықты. Осы Қанжыға марқұмның тұсында Алтай елі есін жиып, бойын жазып бір көсіліп қалды.  Әкесі Қанжығаның көзі тірісінде Сейітбаттал балуан Қобда жерінде аты шығып, батыр мен балуанның бәрін жыққан маңғол қыздың өзін алып ұрып, жүлдесіне тоғыз түйе алып астына асыл текті арғымақ мініп еліне оралғанды. Қазақ пен маңғолға ұлан асыр ас беріп Алтайда той жасап жатқанда, маңғол қыздың інісі Сейітбаттал балуанға келіп өзімен күресуді талап қылған екен. Бұған Сейітбаттал өзінің үлкен ұлы, жас Қалелді, сендердің әкелеріңді шығарған болатын»- деп төрде отырған Кәмасимен Көкенайға күлімдей қарады. Әкім қара жүзі тотыққан қалпы малдасын құрып есікке тесіле қарап отыр. Кейпі ойланған, түнерген қалыпта, терең ойдың тұңғыйығына еніп кеткен. Шамасы өзінің бала кезі көз алдынан өтіп жатқан сыңайлы...

 Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған сол бір заманның көзден бұлбұл ұшқанын ай шіркін. Көк жайлауда бұқа мас, Көктоғайда молқы мас деп тәмсілдеткен керей баласының қазіргі күйі жермен көктей. Тек керей емес Алтаймен Атырау арасындағы иісі қазақтың сол шақта арқасы кеңіп, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін бір бой жазғаны еді. Бірақ дүние шіркін алма кезек. Ағарып атқан таңның қуанышын қызықтаймын дегеніңше қарайып кеш те батады. Сол кеш қазақ баласына қарңғы түннің бодандығын ала келді. Бодандық тұсауы үш жүздің баласын түгел қысып босатпастай етті. Ағалы бауырдың арасын әр елдің шекаралары бөлді. Кейбірі мұхит асып тым алысқа да кетті. Қысқасы көзге түртсе көргісіз қараңғыда басы ауған жаққа жан сақтап тентіреген қазақ ауылдары әлемнің әр еліне шашырап кетті. Халықтың бұл халі бұрынғы жер жүзін тітіренткен айбатты ұлттың, арасына жік түсіріп, бірлікті ұмыттырған жар астындағы жаудардың әккі саясатының салдары еді. Қытаймен орыстың патшалары «Бұл пәлекетті біз құртпасақ, түбі бізді құртады» деді ме, әйтеуір қазақ ұлтының соңына шам алып түсіп, көп қыспаққа алды. Боламын деген ұлының басын алып, жаманын хан жабысын тұлпар етті. Қарт алтайдың жотасынан таспа тілгендей етіп шекараларын сызды да, ол жағын орыс бержағын қытай қамаққа алды. Ауыз жаласқан қос үкімет бірігіп кезінде өздерінің төбелеріне үйрілген қазақтың дүр қамшысымен өзін сабауға көшті. Көз шығарып бас жарған бұлардың сорақылығына шыдамаған текті халық тек жатсын ба, әлсіз болсада әлі жететінін көрсетіп тағы бір сілкінді. Аштығына қарамай бөріше жүнін тікірейтіп аю мен айдаһарға жалғыз шапты. Аз халықтың адуынды шабуылына шыдамаған қос алып, енді ескі тәсілмен жұртты қанауға кірісті.  Онысы сол аңқау халықты айдап салып азаматын қор қылу еді...

      «...Қалел де әке жолымен маңғолды алып ұрып қазақтың мерейін асырған ет шіркін. Бұған таңданған маңғол балуаны Қалелді өз еліне қонаққа шақырып тағы сынағысы келгенді. Қалел балуан маңғол жерінде бір жыл жүріп талай маңғолы бар қазағы бар балуандарды жер қаптырады. Осы келуінде маңғолдағы қазақтардың батыры Көрімбайдың қызы Бұлшанай сұлуға үйленген еді. Міне Кәмәсия інің екеуіңнің әке шешелеріңнің қысқа тарихы осы. Қытайдың мойнын бұрап жапонның жамбасын сындырып жүрген Көкенай аспаннан түсті дейсіңдер ме. Осындай тектілік пен батырлықтың төлі бұл жүгірмек» деп Көкенайға қарап риза кейіпте жымия біраз отырды. Кенет түсі суып, ойына бір алапат қағы орнағандай асыға сөйлеп сөзін жалғады:-  «Әкең оққа ұшқанда мен қасында болып ем» деп төмен қарады. Ендігі жүзі сағыныш пен қайғыға батқан кейіпте: «Қалел марқұмды Оспан да жақсы көретін. Мәрттігі мен жомарттығын бізге сабақ етуші ет жарықтықтың. Үнемі жорықтың алдында жүретін, сүйтіп жүріп 46 жасында оққа ұшты ғой. Норида жерледік» деп тағы тынды. Сәл отырып, ендігі жүзін Кәмәсияға бұрды «Саған да Кәмәсия көңілім толады. Кезінде сен де шүлдір қытайды талай шулаттың. Байғали, Байахмет, Кәмасия үшеуің ғой елді ата жұртқа аттандырған. Әттең өздерің тұзақта қалдыңдар. Сен де бір елім деп оққа ұшқан әкең де бір. Бұл қытай біріңді атты біріңді түрмеге жапты. Қазіргісі құр алдау, ауылдың әкімі ғып қорыққаннан сайлады. Әйтпесе Маузұдұңның басын алуға таяу қалған әскердің сардарынан тағы бір бүлік шықпай ма» деп қарқылдап күліп алды. Жиналғандардың бірен сараны болмаса қалғаны өңі бозарып, шолақ басшыларға жаутаңдай қарайды. Олардың кебі де осы. Шалдың сөзі шаужайларын тесіп барады. Әсілінде бұл шындық бұларға да ұнайды, қазақ қой. Бірақ сойылы қатты қытайдың заңынан қорқады бейшаралар. Ал бұл шалға ол сойыл талай мәрте тиген, түрмесіне де түскен. Сонда да кәрің өз дегенінен танар емес. Қайта ашылып, көзінің оты жанып, құлшынып алған. Көптен бері бұндай сөз айтпаған, қарулас достарының, ұлтының кешкен машақаты жауапсыз қалып, көтеріліс басылып, билік қытайға көшкеніне қапалы. Осының іш құсалығы жанын жеп жүрген еді. Бүгінгі жастардың мерейін көргенде пәленің бәрін ұмытып, Алтайдың тізгінін қазаққа қайта әперген. Қасында Бала Батыр барында бұған ләм дер басшы жоғын шалекең білет.

...Әкім сол баяғы тұтқыр жүзбен есік жаққа тіке қарап ойланып отырған қалпы.  Бейне бұрынғы Бала Батырлығына оралғандай. Қаракерін астына мініп, сай саланы кезген толағай шағын еске алғандай. Інісіне қарады. Көкенай балаң мінезбен қарттың хикаясын тыңдаған қалпында тапжылмай отыр екен. Түр келбетінде еш өзгеріс жоқ, тек тыңдаушының кебі сыңайлы.  Бірақ, оның да ішкі сыры өзінше бір қисса. Жоғар жақтың жеңіп тұрса да жүлдені бермегені, басшылардың бұған салқын қарайтыны, басқа балуандарға көрсетілген көмектің неге үнемі бұған жетпей қалатынын бәрін бәрін түсініп отқан сыңайлы. Тек, өзі бұрыннан білетін аталарының ерліктерін мынау шалдың мақтана баяндауын, балуан түсінер емес.    Мүмкін қазақтың ескі хәлін сағынған болар деп жылы жаба салды. Кәмәсия көзін келесі тыңдарманға салды. Көкенайдың қасында кенжесі Бақытбек отыр. Ол тіпті әңгімеге кіріп кеткен, екі көзі жәудірей шалдың жыбырлаған аузына телміруде. Айтылып жатқан аталарының атын естігенде бетінде бір қызыл жүгіреді. Жеті атасын жатқа білетін бұның, кеудесі мақтанышқа толып отқаны әкесіне мәлім. Әттең қасында мақтанар достары жоқ әйтпесе, аузы көпіргенше бірін біріне соғатынның өзі. Әкім қарияға қайта бет бұрды. Ол жаңа бір әңгіме бастаған екен. «Алдарыңдағы астарыңды әкеп берген де осы Кәмәсия. Сонау аштықта қазақтың аша тұяғын жиып алып айдап кеткен орысқа ешкім ештеңе дей алмады. Олар да біздің қырылатынымызды біле тұра талғажау қалдырмай түгел әкетті. Сол кезде он жеті жасар боз бала өзінен үлкен қырық жігітті ертіп барып, орыстың қызыл әскерін топан тигендей етіп, тоқсан қора қойды айдап әкелген болатын. Сол жорықта біз бұны «Бала Батыр» атындырдық. Құдайға шүкір, одан бері сан қыспақта елімен бірге. Түрмені де көрді, таяқты да жеді, сол қызыл әскерден. Ал қазір міне біздің аяғымызды басып, елге тұтқа боп жүр. Естілер өлгелі, жасы кіші демей мен ақылды осыдан сұраймын. Әйтпесе көзі тірі үлкендердің бәрі бос белбеу, тексіздер. Өз ақылы өзіне жетпей жүрген жаман шалдар». Осы тұста жөткірініп төмен қараған ақсақалдар, сөйлеуші қарианың жүзіне қарай алмады. Қарсы келер қауқары жоқ бұлардың да басына кигендері сол қап, бейшаралық қабы. Ал әкім болса міз бағар емес, терең ойға шомып кеткен. Бақытбек қана әкесіне тесірейе қарап, шынымен ақ менің әкем осындай ма дейтіндей. Сөзі аз, үнемі сыртта жүретін әкесінің бұндай батыр екенін бұл бұрын білмеген секілді.

Қария тағы біраз үлкенді кішілі оқиғаларды орағыта келіп «Әумин» деп қолын жайды. Қазақы батаның бес алты тармағын айттып бетін сипады да әй су әкел деп шаңқ етті. Жұрт есін жиып болмай, үйге құманы мен тегешін ұстаған екі жігіт кірді. Иықтарында қол сүртетін орамал. Төрдегі қариядан бастап жағалай отырғанның бәрі қолдарын жуып бола бере тыныш қалған жұрттың назарын аудармақ болды ма әлде осы жердегі өкіметтің жоғарғы өкілі өзі екені енді есіне түсті ме, Кәмәсия әкімнен кейін отырған май қарын ыңырана сөз бастады « ата дұрыс айтты. Не де болса қазақтың ерлігі мен кеңдігі ғой. Қазақтың қазірде көркейіп тұрғаны да сол комунис аталарымыз бен апаларымыздың ерен еңбегі» дей беріп ет маңайындағылар бұған үрке қарады. Тіпті өзіне ере келген комунисттік партияның өкілдерінің  көздері шарасынан шығып «мына қасқырлардың үйірінің ортасында отырып, комунизимді мақтағаныңа жол болсын, беделің мен билігіңе қарамай итше тепкілеп ауданыңа шығарып салады ғой енді» дегендей сорлыға. Аңдамай сөйлегенін енді білген май қарын, сасқанынан қып қызыл болып кетті. Бала кезінді осы отырған қазақтардың сол комунис қытайларды қойша қырғаны есіне түсіп, өлген жерім осы болды ау деді. Қапыда не дерін білмей, жалма жан, «Кәкеңнің өзінің ерлігі неге жетсін» деп сөзді бұра сөйлеп жан сауғаға көшті. «Інісі Бопай мырзамен бірігіп жас кезінде, аш жалаңаш қалған ауылын бағып еді. Аман қалу үшін аң да аулады, соғысқа да түсті, орыс пен қытайдан мал да барымталады. Екеуінің астында ағайынды ақ боз аттары болушы еді. Бұл екеуін көрген орыс пен қытай әскері жан сауғалап қашушы еді ғой шіркін»  деп өзінше мәймөңкелеген болды. Сонда да бұған қараған көздер жыли қоймады. Аузына құм құйылып не дерін білмей қалған аудан әкімі енді, өз басын алып қашу мақсатында басқа өкілдерге қарап «өй сендер де бірдеңе деп отсаңдаршы, Кәкеңе, жас балуан Көкенайға тілек айтыңдар» деп ұрыса сөйледі. Отырғандар сенімсіз бірер ыңыранып, сақтана сөйлеп, тілектерін жаудыртып жатты.

         ...Шаңқиған күн Қара сеңгірге барып тіреліп қалғандай тау етегіндегі ауылға шұқшия қарап, аппақ қарға сағымын ойнатып, көз қарықтырады. Ауыл етегіндегі үйлерден шыққан баяу ақ түтін аспанға тік көтеріліп, ақ бұлттарға ауыл мен аспанды жөрмегендей күй көрсетеді. Көк тіреген сұңғақ теректерді түгел қар басқан. Терегі мол бұл ауыл шоғырлна жиі орналасқан. Тек ауылдан әрірек тауға тақай барып жалғыз үй қыстаған. Жұпыны ғана қарапайым баспананың қорасы да шағын. Өріске шыққан малдың ізі де сондай жиі емес шашыраңқы. Соған қарап жирма отыз тұяқты үй екенін аңғаруға болады. Ұсақ мадың ізінің ішінде анда санда бір басқан осы үйдің қызыл сиырының ізі де ұшырасады. Сүтті қызыл сиырдың үлкен қара тайыншасы жақында соғымға сойылған. Ұсақ мал мен сиыр қораның қорасынан бөлек, еңселі ат қора тұр. Ішінде кепкен жоңышқаны күтірлеткен әкімнің "Қарагері". Қарт  бұл жылқыны өзге малдан артық көреді. Жемі мен суын бабымен беріп, жастайынан астында жүрген кәрі досына қимастықпен қарайды. Бестісінде Бала Батрдың тақымына түскен Қаргер талай соғыс пен брымтаны көрді. Қашса құтылды, қуса жетті. Алпамстың Байшұбарындай болмағанмен Қабанбайдың Қубасының ерліктерін қайталады. Қазір иесі де өзі де қартайды. Арқасы ерден босап, демалғалы біраз болып қалды. Тек анда санда түлкі мен қарсақ соғып тұратын кездері болат. Жасы келсе де иесіне тартқан бұл жануар әлі қуатты.

 Маздай жанған пеш түбінде, алдындағы жұрналға шұқшия қарап, көз алмай, жұдырықтай шал отыр. Бір қолымен жасқа толып қалған немере қызының бесігін тербетуде. Қарт аттан түскелі кітап құмар болып алған. Басында қара күш пен тәжірибеге сенген басы кітап атаулыны менсінбейтін. Бірақ Қажығұмардың «Қылмысын» оқығалы кітап пен білім атаулыға көз қарасы мүлдем өзгерген. Кезінде Батыр (Оспанды өз араларында осылай атаған) жақындары мен күллі әскеріне білім алуды насихаттап, тіпті кей бір зерек туған жақындарын шетел асырып жоғары оқытқанда бұлар түсінбейтін. Алысты ойлар басшыларының сөзін қартайғанда ұққан Бала Батыр, кеш кіріскен ісіне тианақты ден қойған. Әсіресе жауынгерлік тақырыпты жаны сүйеді. Кезінде інісі Көкенай марқұм тірі кезінде жарыстағы жәйін біліп отыру үшін жаңалықтар жұрналына да жазылған. Бірақ бұл жұрналдар  жағымды жаңалық айта қоймады. Бопайдың өлімін ғалымынан айрылып зарлай жазғаны мен, оның қалай және не себепті о дүниелік болғанын ашып жазбады. Бандының тұқымының ғылым саласында жарқырай жанып, ел көлемінде танылғанын көре алмаған биліктің ісінен қарт қан құсқан болатын. Есін енді жиып көңілі өзгеге ауғанда кенже інісі, өзінің еркесі болған әйгілі Көкенай балуанды да өлтірді. Бұл да белгісіз күйде жан тапсырған боздақтар қатарына қосылды. Өлерінен біраз бұрын жапон балуанымен алысып біріншілікке таласқанында, ережесіз күрескен жапондық үш қабырғасын сындырған еді. Соған қарамай ел намысы үшін жарысқа қайта шыққан қазақтың құрыш құрсауы жапонның өз тәсілін өзіне қолданып бұғанасын сындырып, шыбын жанын шырылдатып еді. Сол ерліктерінің бәрін «жуанның ұрқы», «бандының тұқымы» деген атақтары басып, ақыры айлалы жау ақырына жетті. Бұл қаза Кәмәсияны қатты қамықтырып, кеудесіндегі кектің отын қайта жаққанды. Бірақ қайтара ұрар қауқар жоқ сол сорлы кепе әлі бастарынан түспегенсоң, тауға қарап ұлып қала берген. Содан бері бар ісі тыныштықта кітәбін оқу мен жұрттан жасырып бес парызын өтеу. Кезінде Оспанның бастауымен ұлт пен дін үшін шыққан көтерілісшілерді дінсіз өкімет құдай жоқтыққа баулып, ұран салдырған болатын. Бірақ жаралғалы хақтың құлы болып келе жатқан қазақтардың тек аузы ғана Алла жоқты айтты. Ал ниет пиғылдары іштей кәлимасын күбірлеп, әлемнің Раббысынан сабыр сұраған. Бұл қарттың да дұғасы ел жұрттың амандығы мен қазақтың басынан екі үш ғасыр бұрын ұшқан егемендік құсының оралуы. Ес білгелі талай қыс пен жазды өткерген қарт жыл құстары арасынан осы бір бағасыз, теңдесіз құсты көре алмай келеді. Білектің күшімен қайтарамын деген ерік жігерлері мұқалып, еткен еңбектері құмға сіңген судай зая кетті. Тек ел жұрттың аузында қалғаны кеуде қағар тұстары ғана. Үш төрт  жыл бұрын ғана ата қоныс қазақ даласында сондай серпіннің тағы біреуі болғанын қарт газет пен жұрналдан тәптіштей оқыған. Өздері қазір әнге қосып сағына еске алатын Алматының ортасында бір топ қазақ жастары ереуілге шығыпты. Ұрандары қазақ басшы мен қазақтың теңдігі болыпты. Бірқ олардың сыртынан айтылатын дақпырт көп. Көбі ереуілшілерді жамандай сөйлейді. Қадағалауы мен тексерісі қатал қытай журналистері толық ақпарат бермей тек, болғанын баяндағанды. Бәлкім қазақ даласында қазақтар көтерілді, қалаулары тәуелсіздік екен дейін десе әр елдегі қазақтар рухтанып кетеме деп қорыққан болар. Сонда да ел құлағы елу. Алматыда болған дүмпудің басшылары кім, неге шықты, қандай жаза тартты бәрін бәрін естігенді. Естіп қана қоймай естілері қолдау көрсеткен. Алыс ты білмедім бірақ осы қарттың ауылының өзінен қазақтарды қанап жатыр, біз барып құтқармасақ көмек бермесек болмайды деген ұшпа кідік сөз тарап, ауыл жастарының бәрі бір серпіліп қалған. Тіпті кей бірі ат жаратып, сойыл қамдап, оқ жасап нақ шешімге де келген. Бірақ қазақстан жағы тынышталғаннан кейін бұл жақтың елі де уф деп орынға отырған. Сонда да қара халық жаңа туған сәбилеріне: Ербол, Ләзат, Қайрат деп ат қойысып, қазақтың рухын жаңғыртқанды. Ата қоныстағы ел жастарының орысқа бодан болып отарына айналғанымен санасының сәулесі сөнбегеніне батыр қартта риза болып қалған. Шынымен ақ жер жаһанға шашылып кеткен барша қазақ иістіні селт еткізген жайыт болды бұл.

         Ауыз үйде ене мен келін түстіктің қамын жасап еппен басып, сыбдырсыз жүр. Кимешекті ененің жүзі қуаңқы. Бойында бір сырқаттың барын ажары байқатады. Сүйекті денесі ауыр қозғалып, күйбең тірліктегі келініне болысқан болып жүр. Жинақы киінген орта бойлы келіншектің қимылы ширақ. Ас бөлменің әр жұмысын дөңгелетіп әкетіп, енесінің алды артын орап жүр. Ара кідік бесікте жатқан тұңғышына көзін салып, немересін тербеткен атасына сәл жымиып қояды. Жақында сойылған семіз тайыншаның етінен қуырдақ қуырып, қазанын шыжғырып жүгіріп жүр. Ыдыс аяқтың сылдырынан басқа үйде өзге дыбыс естілмейді. Бәрі оқыс қимыл жасаудан аулақ. Бесіктегі періштесін күзеткен атаның қабағынан жасқанады. Кенет сыртқы есікті қоршай самалдық тәрізді істелген лапастан тарсылдаған дыбыс шықты. Үйдегілердің бәрі үдірейе есікке үңілді. Есік сыртындағы дыбыс жиілене, күшейе кеіліп сарт етіп ағаш есік айқара ашылды. Ар жағынан түсі жылы, кең иықты, сұңғақ келген жігіт көрінді. Өңінде қуаныштың күлкісі ба. Табалдырықтан аттай бере «Сүйінші! Сүйінші!»- деп қуаныштан айғайлап жіберді. Үйдегілер де бұның кейпіне кіріп, күлімсірей сәлемін алып жатып бұл не қуаныш болды екен деген сұраулы түрмен жігіт бетіне үңілісті. Сол кезде қолын майлыққа сүртіп жатқан кимешекті кемпір: « ал сүйіншіңді! Нендей қуанышың бар айналайын? Айтсаңшы дереу» деп жігіттің қуанышын сұрай жатып қолымен төрді нұсқап, арғы бөлмедегі шалына қарай жол сілтеді. Шәшін қайқайта тарап қалалықтарша киінген жігіт, жол сөмкесін босағаға қоя салып төргі бөлмеде бұған жымия қарап, сұраулы түрмен тағатсыздана отырған қарияға қарай жүріп бара жатып: «Қазақ мемелекеті құрылды! Қазақтардың енді өз патшасы бар! Орыстан бөлініп шығыпты! Енді ешкімге кіріптар емес аға!» деп аузына тығылып асығыс келген қуанышын асығыс айта бере шалға қарай жақындай түсті. Өңі қуарып, аппақ боп кеткен қария, орнынан атып тұрып, жас жігіттің жағасынан ал түсіп «не деп тұрсың? Кім айтты? Қашан?» деп шеңгелімен қыса түсті. Қарт ағасының шын таңғалып сене алмай жатқанын сезе қойған алғыр жігіт, құшақтай түсіп: «Кеше радиодан естідім, бүгін газетке де шықты дейді. Қаладағылар шулап жүр. Рас айтам» деп ағынан жарылды. Бұны естігенде есін енді жиғандай болған қарияның бетінде қызыл ойнап сала берді. Түсі бір жылып бір суып, шын қуантқан інісін қатты қысып тұрып жылап жіберді. Бір бірін құшақтаған іні мен егде ағаға қарап тұрған ене мен келіннің де көзіне жас келді. Кемпір ішінен «жеттік ау, көрдік ау бұл күнді де» деп тұрған орнында кәлимәсін айтып екі рет сәжде жасады. Атасының жылағанын енесінің сәжде жасап егіліп отырғанын көрген келін мәселенің байыбына бармаса да әйтеуір біздің үйге бір қуаныш келді деп ішінен бұл да бірдемесін күбірлейді. Сұңқылдап жылап алған жас пен кәрі құшақтарын жазбай тағы біраз тұрып, қайтадан сұрақ жауапқа көшті. Қария жігітке қарап «бұл қашан болыпты? Патшасы кім» екен деп сұрай бере тымағы мен шапанына қарай жүгірді. «өткен аптаның аяғында құрылыпты дейт нақ қашан екенін сұрамадым, патшасы Нұрсұлтан Назарбаев деген кісі дейді. Сол кісі орыстан бөлінгенін және бөлек тәуелсіз ел болғанын жариялапты дейді» деді. Баласымен қатарлас інісіне қадала қарап «Нұрсұлтан, Нұрсұлтан Хан» деп күбірлеген қария қуаныштан қатты күліп жіберді де. «Кемпір! Жүр қораға! Құрбан шаламыз! Келін айналайын көп қонақ келеді қамдана ғой!» деп інісінің қолынан ұстады да далаға қарай ұмтылды. Кемпір үшеуі қораға кіре бере шөпте қамаулы жүрген екі еркек қойды көре сала тоқтай қалды да «анау үлкен ақ сарбас қойды бүгін құрбанға, анау қызылды ертең саған сойып салып берем» деп қуанышты үнмен асығыс айтты да жігітті әрмен қарай қолынан тартып сүйрей жөнеліп ат қора жаққа апрды да «кемпір Қарагерді алып шық деді». Не ойлағанын сезген кемпірі сәл қипақтап шалына қарады да, оның сондай бір қуанып, алағызып тұрғанын көріп ішінен «көптен бері бір қуанды ау, ех мейлі» деп ат қорада тықыршып тұрған жалғыз аты Қарагерді шылбырынан ұстап сыртқа алып шықты. Көптен бері далаға шықпай ерігіп, тойып тұрған кәрі арғымақ оқыранып желе жортып, ойнақтап, басын шұлғып қояды. Арғымағының қылығына қарсы қарап сүйсініп тұрған қарт мақтанышты үнмен жігітке қарап « мына Қарагерді сен сүйіншіңе ал!» деп жігіттің жүрегін зу еткізді. Сұлу мүсінді ойнақтаған арғымаққа қарап қызығып тұрған малсақ, атқұмар жігіттің жүзіне жаңаша бір қуаныш ұялай бастады да. Бұл Қарагердің қарияға қандай ыстық, әрі бағалы екені есіне түсіп алар алмасын ойлап, не дерін білмей қалды. Қарияның жүзіне қарап еді, қуаныштан тұла бойы балқып, бейне сол жаңа құрылған жас елдің жолына нені болса да құрбан ететіндей күйде тұрғанын көріп, жұдырықтай шалдың бойындағы таудай өр рухты көрді. Кәмәсия қарт туралы талай батырлық әңгімелер мен қызықты оқиғаларды естіп өскен балаң жігіт, бүгін міне сол батырдың мәртігі мен тектілігіне өзі куә болып, осы бір жомарттыққа не дерін білмей тұрып қалды.

...Басын шұлғып тастап, төрт аяғы жерге тимей сарт-сарт желген Қарагердің үстінде күлімдеген жас жігіт кетіп барады. Қос көзі астындағы аттың сұлулығы мен жүрісіне тоймай келе жатыр. Бұл арғымақтың енді өзінікі болатынына да сенеалар емес. Екі күн қарттың үйінде қонақ болып, қазақтың елдігін тойлаған жігітке, үшінші күні қария астына ат міңгізіп, қой сойып артына бөктеріп жіберген. Аттандырып жатып қария жігітке «Айналайын, менің көңіліме қайғы орнағалы қашан. Тас боп, шер боп қатып қалған сол мұңды сен келіп жібіттің. Сен келіп мені арманыма жеткіздің, иләйім алдыңнан жарылқағай. Бірақ пенденің арманы бітер ме шіркін. Алға қойған тағы бір ойым бар. Сен соған көмегіңді тигізіп, жол көрсет, қалада жүрген есті ұл қазірде сен ғанасың ғой. Ата жұртты ойласам іші бауырым езіліп, сол жаққа аңсарым ауадыда тұрады. Аңсаған азаттықты алғанмен ел аржақта біз бержақта қалдық. Мұндағы мал-жан мен атақ-даңқ әдірем қалсын. Елге барып қазақтың бес ешкісін қайырысып, бір уығын болсын көтеріссем мына қара шалда арман болмас еді. Сен бала мені енді қара қытайға кіріптар қылмай сол жаққа қарай баста, кәпірлерге енді асыл сүйегімізді таптатпайық.  Ата жұрттан топырақ бұйырса Алланың маған берген жәннәті сол болар еді...» деп тебірене жас жігітке қараған еді. Жігіт ішінен «Мына кісіге көмектеспесем болмас» деп күбірледі де, дауыстап «шу» деп қалды. Сол ақ екен тыпыршып келе жатқан қарагер қос құлағын бір жымырайтып алды да құйрығын шаншып тастап қалаға қарай шаба жөнелді. Артында қарагердің қалдырған шаңымен қарияның арманы қала берді. Қарияның арманының орындалмағанына кезінде Оспанға ергені, жуанның тұқымы атанғаны, ішкі сыртқы саясаттың жылымық құпия тұстарын білгені тәсірін тигізді. Қытай үкіметі қауіпті болып саналған тек бұл кісіні ғана емес, басқа да қазақтарды түрлі сылтаулар тауып өз териториясында қалдыруға тырысты. Көне көздермен бірге қазаққа байланысты біраз маңызды тарих сол қариялармен бірге қытай топырағына көмілді. Бірақ мың өліп мың тірілген қазақтың түбіне жаман шүршіттің  жетуі мүмкін емес еді. Қара қытай түбіне жетіп арманы орындалмай кеткен қарияның ұл қызы қазіргі күні ата жұрт қазақ елінде ғұмыр кешуде. Осының өзі таудан қуат даладан рух алған ұлы халықтың ешқашан сөнбейтінінің дәлелі шығар...