Мақсатты да мағыналы ғұмыр кешіп (1927–2014 ж.ж.), қаламынан 69 кітап туған, «Жүз жылдық жалғыздық», «Патриархтың күзі», «Оба кезіндегі махаббат», «Сәтсіз сағат», т.б. әдеби жауһарлардың авторы болған әйгілі суреткер Габриэль Гарсиа Маркестің бүкіл өмірі ұлы мәртебелі әдебиет айдынында өткені белгілі. Сондықтан «малды тапқанға бақтырып, отынды шапқанға жақтыратын» таза қазақы ұғымға сайсақ, қаламгерліктің қыры мен сыры, жазушылық өнердің ащысы мен тұщысы жайында бір айтса, Маркес айтсын дейтіндей-ақ бар. Жазушының «Газеттік жазбалар» (1961–1984 ж.ж.) деп аталатын шығармасында, негізінен алғанда, осы жайлар төңірегінде сөз болады. Оқырмандар назарына содан шағын ғана үзінді ұсынып отырмыз.
Жазушы тартар тауқыметтер
Кітап жазу – өзіңді-өзің өлімге байлағандай тірлік. Дүниеде соншама уақытыңды алып, сондайлық күш-қуатыңды сарқатын және жаныңды жейтін одан асқан ешнәрсе жоқ, әсіресе қолма-қол беретін пайдасымен салыстырғанда солай. Кітапты жапқанда осынау екі жүз бет қалам иесінің қанша азапты сағаттарын алып, үй ішіндегі қаншама қайғы-шеріне себепші болды екен және осы еңбегінің өтеуі қандай болуы мүмкін деп өзінен-өзі сұрап қоятын оқырман көп бола қоймас деп ойлаймын. Бұл тақырыпты тәмамдау үшін осы жайдан бейхабар жандарға айтайық: сатып алушының кітапқа төлегенінің тек он пайызы ғана авторға тиеді. Яғни кітапты, мәселен, жиырма песоға алған оқырманның жазушы дәулетін нығайтуға қосар үлесі екі песоға тең. Қалғанын оның туындысын басып шығаруға тәуекел еткен баспагерлер, таратушылар, кітап саудасымен айналысатындар алады. Егер ең сырбаз жазушылар аз жазып, шылымды көп шегетінін, сол себепті екі жүз беттік кітапқа екі жылын арнап, жиырма тоғыз мың екі жүз сигарет тартатынын еске алсақ, бұл барып тұрған әділетсіздік сияқты көрінеді. Арифметиканың төрт амалынан хабары бар адам олардың есеп айырысарда алатынынан гөрі түтін боп ұшатын шығыны әлдеқайда артық болатынын оп-оңай есептен шығара алады. Сондықтан баспагерлердің, делдалдардың және кітап саудасымен айналысатындардың әмбесі бай, ал біз, жазушылар, – кедейміз деген менің бір танысымның сөзінде шығар күндей шындық бар.
Кітап саудасы әлі тәлтіректеп тұрған дамушы елдерде, тіпті дұрысын айтқанда – дамымай қалған елдерде жағдай бұдан да жаман, әрі десе мәселе тек оларда ғана емес. Керек десеңіз, табысты жазушыларға нағыз жұмақ саналатын Құрама Штаттардың өзінде покетбуктардың лотереясынан сәтті билет суырып, күндердің бір күнінде бай болып оянған әр авторға үнемі бұғауда отырып, өзімен кеткір он пайыздың мұздай тамшысына айтақыр төбелерін тескізген жүздеген әжептәуір әдебиетшіден келеді. Кенеттен және заңды түрде баюдың уақыт бойынша ең соңғы үлгісі роман жазушы Трумен Капоте болды – ол өзінің «Шімірікпей кісі өлтіру» дейтін кітабының алғашқы апталардағы сатылымынан роялти түрінде жарты миллион доллар тапты және оны экрандау құқығын сатудан да шамамен сонша табыс алды. Оның есесіне атышулы Трумен Капотені ешкім есіне де алмайтын кезде кітаптары сатылатын Альбер Камю бұрынғысынша жан қалауымен жазуға мүмкіндік алу үшін (бүркеншік атпен) киносценарийлер жазып күн көрді. Өлерінен бірер жыл бұрын қолы жеткен Нобель сыйлығы бар-жоғы оның үйіндегі ызғырық пен ырың-жырыңға шамалы ғана тыншу болғанымен, әйтеуір қырық мың доллар бала-шағасына бау-бақшасы бар үй сатып әперуіне жағдай жасаған болатын. Сыйлықтан бас тартқан Жан-Поль Сартр, саналы түрде болмаса да, едәуір сәтті қадам жасаған болды – сонысы арқылы ол тәуелсіз жазушы дейтін атаққа лайықты түрде ие болып, өз кітаптарына деген сұранысты біршама арттырды. Көптеген жазушылар өздерін қолдап, жан қалауымен жұмыс істеулеріне жағдай туғызатын шүленгер қамқоршы табуға тырысады. Соңғы кезде кескін-келбеттерін өзгерткенімен, ондай атымтай жомарттар немесе бүгінде «демеуші» деп аталатын шүленгерлер қазір де бар. Салық жеңілдіктерін алу немесе жұртшылықтың көз алдында «капитализм жайындары» дейтін аттан арылу үшін, ал кейде, тіпті өздерінің ар-ұятын жұбату мақсатымен ірі қаржы корпорациялары суретшілерді қолдауға елеулі түрде қаржы бөлетін болып жүр. Алайда, суретшілердің өз білгендерін істейтіндері бар, ал біз – бәлкім, кейде жеткілікті негізіміз болмай-ақ – демеуші суреткердің ой-пікірі мен оны білдіруінің тәуелсіздігіне еріктен тыс болса да ықпал етіп, оны орынсыз ымыраға итермелейді деп сезіктенеміз. Мәселен, мына мен ешқандай қаржылық демеушіліксіз жазғанды қалаймын, оным тек қана әлденеден бой сақтайтын секемшілдігімнен емес, жұмысты қолға ала отырып, оны аяқтағанда кімнің жағында болатынымды мүлдем білмейтіндігімнен де солаймын. Сондықтан өзіңіз айтыңызшы, кенет демеушімнің идеологиясына кереғар келіп қалсам (ал жазушы атаулыда тақыс мінездің шиқаны шығып тұратынын ескерсек, бұл әбден мүмкін нәрсе), менің тарапымнан оным әділетсіздік боларына да дауласа қоймассыз.
Капиталистік патернализм үшін үйреншікті мұндай қамқоршылық жазушыны мемлекеттен ақы алушы қызметші ретінде қарастыратын социалистердің талпынысына жауап тәрізді көрінеді. Түптеп келгенде, социалистік бұл нұсқа дұрыс, өйткені ол әдебиетшіні делдалдардың бұғауынан құтқарады. Алайда, іс жүзінде күні бүгінге дейін және мұның қашанғы созылары да белгісіз – бұл жүйе өзі қарсы бағытталған әділетсіздіктерден де сорақы қауіп-қатер туғызады. Жаман жазғандары үшін емес, өздерінің қамқор демеушісімен кереғар келгені үшін Сібірге жер айдалған мейлінше ортақол кеңестік екі жазушының жақында тап болған жағдайы әлі кемеліне келе қоймаған, тәртіптемесі: біз, жазушылар, қылмыскерлерден де жаманбыз, өйткені қасаңдық, доктринашылдық атаулылар және тіпті жәй ғана заң қалыптары бізді аяқ киімнің тарлығынан бетер қысады дейтін мәңгілік шындықты мойындай алмайтын елде әдебиетпен айналысу қаншалықты қауіпті болатынын көрсетті. Жазушылардың революция алдында жақсы жазу дейтін бір ғана міндеттемесі бар. Кез келген құрылыста және тәртіптемеде оның тарпаңдығы шығармашылығының басты және сөзсіз шарты, өйткені ләппайшыл жазушы – қарақшы болуы мүмкін, әйтеуір нашар жазушы екені даусыз.
Осындай көңілсіз ой-толғаулардың аясында: сонда бұл жазушылар не үшін жазады? – дейтін сауал өзінен-өзі туады. Жауабы қаншалықты шынайы болса, соншалықты сезімтал естілер деймін. Біреудің жөйіт, енді біреудің қара болып туатыны сияқты, сен жазушы болып туғансың. Табыс масайратады, оқырмандардың сүйіспеншілігі қанаттандырады, дегенмен мұның бәрі – қосымша әрі елеусіз нәрсе, өйткені шын жазушы кебісі жамау-жасқаулы болып, кітаптары сатылмай жатса да жаза береді. Бұл дегеніңіз жүйкенің әлдебір ауытқуы, әлеуметтік кемтарлық қой, әйтпесе көптеген еркектер мен әйелдер аштан өлуге бейіл, бірақ шынын айтар болсақ, көк тиын пайдасы жоқ ермектерінен баз кешпейтінін немен түсіндіруге болар еді.
Жазу мәшіңкесінің кермек сиқыры
Қолмен жазатын жазушылар қатары сіз ойлағаннан да көп және өздерінің бұл сыңаржақтығын олар ой мен оның айтылуы арасында әлдеқайда тығыз байланыс пайда болатынымен түсіндіреді, өйткені қағаз бетін үнсіз өрнекпен жабатын сияның біркелкі сыздықтаған ағысы кейде әлдебір сарқылып бітпес арнадан құйылып жатқандай болады. Ал бұл үдерісті механикаландыру жағын құптайтын біз белгілі техникалық артықшылығымыз бен басқаша қалай жазуға болады дейтін аңырысымызды әрдайым әрі толайым жасыра алмай қаламыз. Әлбетте, екі қисынның екеуі де субъективті. Ал ақиқаты – әркім өз білгенінше жазады, неге десеңіз, осы бір қауіпті кәсіптің негізгі қиындығы аспаптарын игеру машығында емес, сөзден соң сөзді тізе білу өнерінде.
Қолмен жазылатын және басылатын мәтіндердің айырмашылығы туралы тау-тау қағаз толтырылған. Ондағы бірден-бір дұрыс байқау – жаманды-жақсылы мәтіндерді оқу барысында олардың айырмашылығын өзің де сезесің, тек соны тұжырымдап айта алмауың мүмкін. Мәшіңкемен жұмыс істейтін Алехо Карпентьердің бірде маған кейбір абзацтарда малтығып, жылжи алмай қалатынын және соларды қолмен жазып шықса ғана қайтадан ілгері басатынын айтқаны бар-ды. Мұны түсінуге де, ұқпай қалуға да болады, сондықтан бұл «кәсіптің құпия сырлары» санатына жатқызылуы тиіс. Мен, тегі, әуелі журналистикадан бастаған жазушылар мәшіңкеге үйірсектігін өмір бойы сақтайды деп есептеймін, ал ондай бақыт бұйырмағандар мектептің асықпай көркем жазатын өнегелі салтына адалдығын сақтайды. Бұл тәртіп ең алдымен француздарға тән. Тіпті француз-журналистерге десе де болар: осы жақында ғана мен Канкунда «Нувель Обсерватердің» бас редакторы Жан Даниэльдің өзіне тиесілі бас мақаласын әсем жазуымен әспеттеп жазып отырғанына назар аударғаным бар. Париждің әйгілі «Флер» дәмханасының абырой-атағы Жан-Поль Сартрдың төрткүл дүние күн сайын шыдамсыздана күтіп отыратын мақалаларын сонда барып жазатынмен аспандаған. Мектеп дәптерін алдына жайып, Вольтердің құс қауырсын жазу құралынан сәл ғана бертіндегі қаламын қолына ұстап, сол жерде ұзақ-ұзақ отырады екен және әйгілі жазушының жұмыс үстіндегі сәтін бір көріп қалу үшін мұхит асып әр түрлі елдерден келген туристер дәмхананың ішін біртіндеп толтыра бастайтынын да байқамайтын болса керек. Дегенмен, оның қажеті де шамалы еді. Сартрдың шығарманы қолмен жазатынын түсіну үшін оның бір бет қағазы да жеткілікті болатын.
Ал енді американ жазушысын мәшіңкесіз көз алдына елестету тіпті де мүмкін емес. Өзінің талай мойындауларына және өмірбаянын жазушылардың дәйексіздеу куәландыруына қарағанда, Хемингуэй, Карпентьер сияқты, олай да, бұлай да жаза бергенге ұқсайды әрі жұмысты мейлінше алабөтен кейіпте: түрегеп тұрып істеген болса керек. Оның Гаванадағы үйінде аналойға (шіркеудегі құлшылық кезінде діни кітаптар, крестер, т.б. қойылатын үстелше – ауд.) ұқсас құрылғы бар, ол бірінші сынып оқушысы сияқты, жазуын соның алдында отырып, қарындашпен жазған әрі онысын сәт сайын ұстараның жүзімен ұштап отыратын болған. Жазуы дөңгеленіп, мейлінше анық, әріптері сурет салғандай боп түсетін болса керек, ал журналистикадан қалған дағдысы – жұмысын аяқтаған соң жазған беттерінің емес, сөздерінің санын есептейді екен. Әлгі аналоймен қатар және сол деңгейлі тағы бір үстелде сау тамтығы жоқ мәшіңке тұрады білем – ол ара-тұра соны да тықылдатып, мәтіндерін басатын болса керек. Не себепті бірде қолмен жазып, бірде мәшіңкеге басатынын анықтаған ешкім жоқ. Ал жұмысты түрегеп тұрып істейтін хикметті дағдысына келсек, оның Хемингуэйге лайықты бір түсіндірмесі бар, бірақ өз басым оған ұйи қоймаймын: «Тегінде, маңызды шаруаны екі аяқта тұрып атқарар болар – мәселен, бокстасуда солай» деседі. «Жазушының ұзақ отыруына мүмкіндік бермейтін бір қауіпсіздеу сырқаты болған» дейтіндер де бар. Қалай болғанда да, оның жазуы мен жазғанын басуына күй таңдамайтынына ғана емес, қай жерде болсын, кез келген жағдайда жұмыс істей алатын қабілетіне қайран қалмасқа әддің жоқ. «Әрдайым өзіңмен бірге болатын мереке» атты ғажайып кітабында ол нұрға бөккен күздің бір күнінде Сильвия Бичтің кітапханасында отырып Джеймс Джойсты күткенін, ал содан соң «Лип» дәмханасына барып, үстел басында кеш қарайғанша жазу жазғанын, дәмханаға адам лық толып, жұмыс істеуге мүмкін болмай қалғанша сол қалпынан аумағанын суреттеп жазады.
Мәшіңке басудың рояльда ойнағанға ұқсайтын өнерін толық дәрежесінде меңгерген жазушылар аз. Түртінектеп отырмай-ақ он саусағымен бірдей басатын әрі сонымен бір мезгілде, төгілген жорғасынан бір жаңылмастан, сұрақтарға жауап беріп те үлгеретін астаналық «Эль Эспектадордың» редакциясындағы естен кетпес Эдуардо Саламеа Борда марқұм еді ғой. Оның кері мысалы клавишті оң қолының сұқ саусағымен түрткілеп отыратын Карлос Фуэнтес болатын. Бұрын оның сол қолында сигареті болушы еді, ал қазір, шылымды қойған соң, қолын қайда қоярын білмей дал болатынды шығарыпты. Тіпті «Terra nostra» романының 2000-дай бетін басып шыққанда сол жалғыз саусақтың қалай аман шыдағанына қайран қаласың.
Әдетте біз, механикаланған жазушылар, екі сұқ саусақпен басып, аулада күл-қоқысты бұрқырата құрт іздеген тауықтар секілді түртінектеп, керекті әріптерді іздеп, клавиатураны сипалаумен боламыз ғой. Қолжазбаларымыздың қателерден, түзетулер мен жөндеулерден көз тұнарлықтай сықпыты кезінде өзімізді кәсіптің соншама сырларына қанықтырған линотипші қыздарды естен тандырушы еді; ал қазір солардың орнын басқан әп-әдемі фототерімшілер де, құдай қаласа, біздің қырқылжың шағымызды әлгіден бір кем түспейтін сырлардан кенде қылмас деп үміттенеміз. Кейбір қолжазбаны оқудың өзі машақатты болатыны сонша, оған кінәлі жазушыны кім-кімнің де шимай-шатпағын ажырата білетін бас линотиписшіге жұмсайтын. Сондай жазушылардың қатарында мен де бар едім, бірақ түпнұсқамның оқылмайтындығынан емес, даңқ тұғырына қонған жылдарымда да соңымнен қалмаған сорым – емле қателерімнің көптігінен солай болатын.
Ең сорақысы – басуға дағдыланып алған соң басқаша жазу мүмкін емеске айналады да, көркем жазудың көкесі мәшіңке болып алады. Құдай біледі бар ғой, жазушының клавишті қалай тоқпақтайтынына қарап оның сыр-сипатын айқындайтын ғылым жетіспейді-ақ. Репортерлық жастық шағымда мен тәуліктің кез келген уақытында жаза беретінмін және редакцияда тас дәуірінің әу басынан келе жатқан кез келген мәшіңкемен ротациялық мәшинеден қалған кез келген қағазға басатынмын. Алғашқы романымның жартысын қапырық бозала таңдарда, картахендік «Эль Универсаль» газетінің бал иісіне балқыған баспаханасында бастаған мен оның қалған жарымын қап-қалың бұжыр қағазға басылатын кеден бланкілерінің екінші бетіне жазып аяқтаған болатынмын. Алғашқы қателігім де содан басталды: одан беріде тек қана сол тектес бұдырлы, қалыңдығына бола 36 грамнан кем түспейтін ақ қағазға ғана жаза алатын болып алдым. Содан соң сорыма қарай, мәтінді өзі басатындай болуымен бірге ойлануыма да көмектесетін сыңайлы электр мәшіңкеге бауыр басып алдым да, бұрынғы әдісіме көшуім мүмкін болмай қалды. Уақыт қиындықты көбейте берді: енді мен белгілі өлшемдегі қарпі бар белгілі бір үлгідегі электр мәшікемен ғана жұмыс істей алатын жағдайға тәуелді боп қалдым; оны аз десеңіз, әр бетте бірде-бір қате болмауы керек, өйткені оның әрқайсысы туындыгердің ойын бұрмалатайтын кеселдей боп жанымды жаралайды. Әйткенмен, өзім жұмыс істеп отырған үстелдің алдынан пайда болуы мүмкін жалғыз сурет – тас жолда жүк көлігі таптап өткен жазу мәшіңкесі ғана. Шіркін, соның өзі қандай бақыт болар еді!
Орыс тілінен аударған Б.ӘДЕТОВ.
«Иностранная литература» журналынан.