БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕҰЛЫ. ӘУЕЗОВТІҢ ҮШ ЛЕКЦИЯСЫ

1960-жылы Қазақстанда жалғыз университет бар еді. Астанадағы, яғни Алматыдағы бас поштаның қасында болатын. Ұмытпасам, Киров көшесіндегі нөмірі 104-үй еді. 75 бала университетінің филология факультетіне түстік, 50 бала қазақ тілі мен әдебиет бөліміне, 25-іміз журналистикаға. Бірен-саранымыз болмаса, көпшілігіміз ашқарақтықпен, бүкіл білім атаулыны басымызға бір-ақ құйып алсақ екен деген құштарлықпен оқыдық. Әдеби немесе мәдени кештер мен кездесулерге,  театр мен киноға күнара дерлік барып тұратын едік.

Тіл мен әдебиетке түскен балалардан мен алғаш танысқанда-ақ сескеніп қалдым: шетінен шешен, білмейтіндері жоқ, бәрі ақын, бәрі жазғыш секілденді; он жылдықты бітірген соң бәрі де екі жыл қызмет жасап, кәдімгідей ысылып қалған; олардың ортасында әлсіз болудың өзі ұят-ты.

Көп ұзамай 2-курсқа Мұхтар Әуезов лекция оқып жүргенін білдік. Біздің кезегіміз келесі жылы келмек, оны күтуге кейбіріміздің шыдамымыз жетпеді. Біразымыз тәуекел деп, сабағымыздан қашып, Әуезов лекция оқитын аудиторияға алдын-ала кіріп, арт жағын ала жайғасып алдық.

Алғаш барған күнді дәптеріме белгілеместен жазып отырған екем. Шамамен не қарашаның аяғы не желтоқсанның басы болуы керек.

Оған дейін де Мұхтар Әуезовті сыртынан көрген едім. Маңдайы жарқырап кіріп келгенде, 2 курс студенттері дүр етіп орнынан түрегелді, ұрланып келген біздер де сөйттік. Келе студенттерін түгендейтін әдеті жоқ екен, бірден лекциясын бастап кетті. Мен ол кезде Әуезовті өте шешен деп, ал шешен деген мүдірмей, тоқтамай сөйлейтін адам деп түсінетінмін. Мұхаң қайта-қайта лебін ішіне тартып, асықпай, демалып-демалып сөйледі. Ірілігіне, етжеңділігіне солай сөйлегеніне  үйлесімділеу еді.

Абайдың өмірі мен шығармашылығын жыл бойынша баяндап, сол жолы 1889 жылға жетіп, 1890 жылға келіп тоқтаған екен. Ағат кетіп қалмас үшін, мен енді тек жазғандарыма ғана жүгінейін.

– Абай 44-45 жаста. Пушкинмен творчестволық ұштасты. Ол кезде Дрепер историясы болған. Кәкітай айтады: «Дреперді сүйіп оқитын еді», – деп. Бұл – Европаның есею тарихы. Ол кездегі Абайдың басы бүкіл академияның ойлау басындай еді.

Мұхаңның бұл айтып отырған кітабы Джон Уйлям Дрепердің «История умственного развития Европы» деген екі томдық кітабы шығар деп ойлаймын. Мұхаңның бір де сөзін қалдырмай жазып отырдым деп айта алмаймын. Дегенмен, 2-3 ай конспект жазып дағдыланып қалған болуым керек, үлгеру үшін кей сөздерді қысқартып жазу әдісін қолданыппын. Алайда екі сағатқа созылған лекциядан 2-ақ конспектілегенім білініп тұр. 1890 жылы Абай жазған өлеңдерінің бәріне Мұхаң жеке-жеке тоқталған тәрізді.

– «Келдік талай жерге енді» - монорифмдік құрылыста жазылған өлең, –  депті. – «Редив ұйқасында» бір сөз ылғи ұйқастың аяғында қайталанып отырады. Интеллект адам – ой түскен адам. Ондай адам Абай мен Шоқан ғана. Пушкин де сондай адам, ілгері ойлайтын, қауымды ойлайтын, жауапты ойдың иесі. Бұл ой Белинскийге «Гогольге хатын» жазғызған. Герценге «Думаны» жаздырған. Батыста интеллект адамдар аз кездеседі, сондықтан әдебиеттеріндегі адамдар көбінесе өз басын ғана ойлайтын адамдар болады. Абай бірте-бірте өрлей береді. Философиялық ойлары өсе бастайды. Мысалы, Достоевкий алғашқы «Идиот», тағы басқаларында өсіп отырады ойлары. Сол сияқты Толстой да, Гете де. Гете философ болып кетеді тіпті. Пантеизм – «Құдай жаратылыстың бәрінде де бар» деген ұғым. «Күн – күйеу, жер – қалыңдық», бұл көзқарас француз ағартушыларының да көзқарасында да болған. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар табиғатта да бар деп ұғады. Жұлдық түнде қырындап жүреді деп, тіпті кәдімгі адамдар арасындағы қатынастардай суреттейді.

Мұхаң бұл арада Абайдың 1890 жылы жазылған «Жазғытұры» өлеңін талдаған. Сондағы:

«Күн – күйеуі, жер – қалыңдық, сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті,

Күн қырындап жүргенде көп қожаңдап,

Күйеу келді, ай, жұлдыз көтін қысты», –  

деген шумаққа тоқталған. Содан кейін: «Ақылбайға» – әнге арналған шығарма, – депті, – Алдыңғы төрт жолынан кейінгі үш жолы қайырмасы есепті. «Ата-анаға көз қуанышты» да Ақылбайға арнауы маған күдіктірек.

Содан соң 1891 жылғы шығармаларына тоқталыпты.

– «Қызарып, сұрланып» пен «Көзімнің қарасын» жырлаған ақын мен «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қаламқасты» жырлаған ақын екеуі екі ақын сияқты. «Ақ күміс», «Қаламқас» ауыл жігіттерінің қолқа өлеңі ғана.

Бұдан кейін «Абыз» деген сөзге қатысты пікір білдіріпті:

– «Абыз» деген сөз хафиз деген сөзден шыққан деуші еді дейді Абайды көргендер, –  депті.

1892-жылға қатысты жазғаным мынау:

- «Бойы бұлғаң» – бір белгілі өлеңі. Әзірбайжан ақындары осы күнге дейін арұз өлшемімен өлең жазады. Арапта кей сөздер өте созылып айтылады. Низами түгел парсыша жазған. С.Вургунның өзінде де арабша жүреді. Аруз өлшеуінде алпыс просенті арап сөзімен келуі керек. Тонический стихты орыстан қазақшаға аударуға болмайды. Біздің өлеңдер силлабикалық өлшемде болады.

Кей сөйлемдердің ара-арасындағы байланыстарды тастап-тастап, тек тұжырым жасаған пікірлерін ғана жазып отырған болуым керек.

Сол 1960 жылдың 3 желтоқсаны күнгі лекциясынан мыналарды жазыппын:

– Әбіш Түменде оқыған. Одан Петербургтегі политехникалық институтқа барады. Әбіш түсе алмайды. Михайловское артиллерийское училищеге түседі. 1895 жылы Алматыда ауырады. Осында жұмыс істейді. Полевой артиллерияның капитаны болып жұмыс істейді. Одессаға емделуге жібереді, ол ыңғайсыз деп Қырымдағы Абессинге жібереді. Верныйға әуелі поручик болып келеді. Ауырып лазаретке түскен соң, әйелі мен қызын ауылға қайтарып жібереді. Мағаш келеді. Қайтыс болады. Сүйегін аманат қып, шешесі Ұлжанның қасына ауылға апарып қояды.

Мұндағы «шешесі» дегенді «әжесі» дегеннің орнына Мұхаң қазақы жалпақ тілмен айтып отыр. Оны оқырман аңғарар деп ойлаймын.

– Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой, –

деген өте күшті метфораны келтіреді. Жұртта қалған күшік қаңғырып қайта айналып келетін. Сол күшікке әкеп көңілді теңеу – үлкен шеберлік.

Үзілістен кейін аудиторияға қайта кірген Мұхаң үстел үстінде жатқан жазбаша сұрақты оқыды да, соған жауап берді.

– Студент жолдастар, – деп бастағаны есімде. Сұрақ Шәкәрім жайында болатын. – Шәкәрім Мағаштардан ірі ақын болған. орысша көп оқымаған кісі. Орыс поэзиясынан нәрі онша болмаған. Мағауия орысша оқыған. «Медғат-Қасым» – романтикалы аса күшті роман. Ол – сол білімнің жемісі. Шәкәрім «Еңлік-Кебекті» қайта өлең етеді. Онда Мағауиялағыдай Кеңгірбайды қабан демейді. Өзінше билердің бұрынғы жолына тартып, Кеңгірбайды ақтайды, заман айыпты, Кеңгірбай айыпты емес дейді. «Қазақ айнасы» дейтін Шәкәрімнің өлеңдері бар. Біраз скучныйлау. Абайдың өткір тілі жоқ. «Қалқаман-Мамыр» деген поэмасы бар. Ол заманды кінәлайды, айыптайды. Бірақ Мағауиядай қатты кінәламайды.

Осы арада біраз нәрселерді жазбай кеткен болуым керек.

– Кейін келіп аударма да жасаған. «Дубровскийді» өлеңмен аударған. «Ләйлі-Мәжнінді» жырлап, «Шолпан» журналында жырладым деуші еді. Кейін тексеріп көрсем, ол олай емес екен. Құшақ жая жүгіргенде, үстіндегі киімдері жана жөнеледі...

Нағыз сопылық үлгісіндегі жыр – Асанкарим варианты (нұсқасы), Шәкәрім жазған – осы вариант. Шәкәрім жай «Физули жырлаған» дегенді естіген ғана болуы керек.

Осы Асанкаримнің (бәлкім, Асан Карим де болар) кім екенін анықтауға ынтам да, мүмкіндігім де болған емес. Зерттеушілер ендігі анықтаған да шығар, кім біледі.

– «Үш анық» деген кітабы бар. Нағыз діни кітап. Қолжазба түрінде ғана қалған. Пьеса жазбақ болған. тек қолжазбада ғана. Қалай жазуды білмейтін. Бірнеше шығарған әні бар. «Сегіз аяқ» үлгісіндегі шығарған өлеңі бар. Кейбіреу оны Абайдыкі деп қайта-қайта ұсынады. «Сегіз аяқты» әуелі мен жазып едім, Абай «Сегіз аяқ» олай емес, былай жазылады, - деп «Сегіз аяқты» сонан соң жазып еді, - дегенін естуші едім.

Бұл сұраққа жауап беріп біткен соң, Мұхаң «Абай қазақ музыкасы жайында» деген тақырыпқа ойысты. «Құлақтан кіріп бойды алар», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Құр айқай бақырған» сияқты өлеңдерінің арқауы ән екенін айта келіп, көсіле сөйлеп кетті.

– Абайдың 16-17 әні бар. Татьянаның әні бар. Онегиннің әні бар. Ленскийдің әні бар, - деді де, әні бар өлеңдерін ары қарай санамалады. – «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Ата-анаға көз қуаныш», «Біреуден біреу артылса». Осы әндерде Абай қатты шырқау ән шығармаған. Сезімге құрған.

– Бақырып айтатын әндерді сүймейтін кісінің бірімін өзім, – деді Мұхаң. – Ондай әннің шығу тарихы да бар сияқты. Ащы айқаймен алтыбақанда, малда жылқышы салады. Оның бәрі ояумын дегенді қасқырға сездіреді. Шырқауың керек болатын жайы да бар.

Қатты шырқауға баспай, сезімталдықпен айтуға бейім әндерді Абай шығара бастанын айта келіп:

– Сол жайды сезе бастаған адамның бірі – Жаяу Мұса, – деді. – Өзгеден ол Абайға жақын, камерный, сезімді, айқайсыз келеді әндері.

Содан қазіргі әндерге ойысты.

– Шәмші Қалдаяқовтың әндерін ел сүйіп айтады. – Осы арада біраз сөзін жаза алмай қалсам керек. – Абай көшесінде тұрсам, «Өзің сәулем!» деп боздап айтып келе жатыр СХИ-дің студенттері. Маусымның аяқ кезінде Фрунзеден (қазіргі Бішкек – Б.Н) келе жатсам, бір топ қол ұстасып алған балалар Ұзынағаштың ар жағына Самсыда «Өзің сәулем! Өзің сәулем!» деп айтып жүр. Білімі болмаса да, халықтың сезім пернесін дәл басқан әндер. Мұның бәрі – Абай бастаған камерная музыка.

Мұхаңның сүйсіне мысалға келтіріп отырған бұл әні – Бекен Жамақаевтың «Ертіс вальсі», өлеңі – Тұманбай Молдағалиевтікі. Шынында, сол алпысыншы жылдары бұл ән бәріміздің де аузымыздан түспеуші еді.

«Көгілдір көктем –

Көңілім менің.

Өзің сәулем! Өзің сәулем! –

Өмірім менің», –

деп өзеурегенде, жүрегіміз үзіліп кете жаздаушы едік.

Бұдан кейін желтоқсанның 12-сі күні тағы да тыңдаппын. Қарасөз деп атаған – Абайдың өзі. Бұл сөзі еш жанрмен үйлеспейді. Абайдың 90 просент сөзі өлеңімен тамырлас. Сатира қара сөзі де бар. 1. Ұғымдырақ айту үшін жазған, соған тырысқан; 2. Қара сөзде молдалардың өз тілдерімен өздеріне қарсы шығады. Бұл жағынан проваславиеге қарсы шыққан Толстойға ұқсайды. «В чем моя вера?» деген кітабын Абай оқыған. Мен осы ескі кітапты қыстаудан тауып алып оқығам. Толстойдың көрме үйінде қолжазбасын көрдім. Бір хат Семейдан жазылыпты. Ол Елікбаевтікі екен. Ол дауласыпты, «Сіз неге Мұхаммедті ұнатпайсыз?» - деп жазыпты.

–Анық қара сөзге кіретіні – 45, – депті Мұхаң. – 46-сы – Әйгерімнің сандығынан табылған, басқарақ, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбек. – Бұл арада да біраз нәрсені жазбай кеткен сияқтымын. Сөйлемдердің байланысуы солай. – Ксенофонның жазғанының ішінде бар екен Аристотель. «Династия великих моголовтың» басы Бабырдан басталады. Оны Абай оқыған. «Ясашынай татар» дегені қазіргі хақастар. «Брут» дейді, онысы – осы күнгі қырғыздар. Абай ел арасындағы ескі аңыздарды тірілтіп тарихқа қолданады. «Бұланайдан үлкен тау болмас, бұланнан үлкен аң болмас».

Бұдан кейінгі біраз жазуымды дұрыс шығара алмадым. Бірақ дінге байланысты айтылғанын байқадым. Соңы: «Абайдың діні – адамгершілік діні», – деумен аяқталыпты.

Келесі жылы Мұхаң бізге лекция оқымады. Бірінші курсты бітіріп жатқанымызда Мәскеуде қайтыс болды.

Ұрланып қатысқан сол үш лекция маған айрықша ыстық. Бәлкім, басқаларды да бей-жай қалдырмас. Кім біледі, бір керегіне де жарап қалар.

 

«Қазақ әдебиеті», № 42, 19.10.01