Қолыма жұп-жұмыр шар ұстап отырмын, айналдырамын, дөңгелетемін. Дөңгелек пішінді әлем. Төбеде осылай бір шарды айналдырып отырған біреу бар. Оның қолындағы жұмыр әлем ішінде дөңгеленіп, домаланып жатқан бүкіл жүйе бір-бірімен құрамдасып, құраласып, байланысып, айналып жатыр. Айналыс заңы – бумеранг. «Айналайын» дегені – Тәңірдің сөзіндей естіледі. Сол дөңгеленген әлемнің ішінде жүйелерді байлап тұрған ілгек бар. Оқиғалардың басталу тарихы мен аяқталуы, тұйықталуы да бар. Шар ішіндегі жүйеден шығу үшін айналыс заңына бағыну керек. Және сол айналуға тиек ілгекті қию керек немесе тұйықтау керек.
«Жылқы атылған жаз» романы – тарихи-жағрафиялық оқиғаларды фон ретінде алғанымен, негізгі фонда психологиялық талдауға құрылған. Тағдырлы жылдардың қасіреті туралы аз жазылған жоқ. Жазылуында сан көп. Әсіресе, өткен ғасырға сапар шегуге роман жанрының жасауы алда. Сондықтан, романға бет алған қаламгер әдебиеттің классикалық принципін ұстануға бел буады. Эпикалық тіл, баяндау машығы, диалогтік оралымдар, сөйлемдер құрылысы, кейіпкердің ойлау жүйесі – Әбіштердің, Әбдіжәмілдердің, Шерханның жазу стилін құбыланамасындай ұстанатыны бар. Ырысбек Дәбей – осы тұрғыда романға беттерде, саналы түрде сол соқпаққа түсіп алып жөңкіледі. Онысын өзі де аңғартып қойып, құнарлы тілдің, аталы ойдың орамдарын асықпай-жалықпай төгеді. Жөн-ақ. Қазақтың басынан өткерген тарихи қасіретті һәм елдің еңсесі түсе қоймаған Алласы аузындағы заманды суреттеуде соны соқпақ салып, өңге стиль табу – Ы.Дәбейге қойылатын жауапкершілік те емес. Қаламгердің бұдан бұрынғы шығармаларының шырайлы әңгімешілдігін еске алсақ, Ырысбек прозаның ішкі ағысына ден қоюдан бұрын, поэзияның поэтикалық қуатын прозаға бағындыра білгендігімен көзге түседі. Сондықтан да, автордың роман басында тілі күлбілтеленіп, ыңыршығы айналған арбадай ырғаққа түсе алмай, романның өзек тілін таба алмай тежелгені байқалады. Роман басталды-ау дегенде де Есберген қажының айналасының аурасын әспеттеймін деп діни қиссашылдыққа бір ұрынса, басы артық би-болыстың мырзашылдығына мысал келтіріп ауа жайыла жаздайды. Кейін Есберген болыс қажылық сапарға шығысымен-ақ, автордың қаламына тән таңдайды тақылдатқан әңгімешілдігі жорғадай желіп сала береді. Ы.Дәбейдің мөлтілдеген аядай әңгімелерінің шұрайлы тілі һәм ұлттық таныммен таразыланатын, бағаланатын, өлшенетін әлемі өтімді болғаны анық. Тақұл тілге, маңызсыз мазмұнға көп қақалған оқырман – «Әкелеріміз айтатын әңгімеден» нәрленіп, шырайланып қалғаны рас еді. Сөйте тұра, роман жанрындағы алғашқы дағдысын қалыптастырған шығарманың жазылуы сәтсіз деуге келмейді. Өйткені, романның өз құрылымы, тектоникасы бар. Романның ішіне дөңгеленіп кірігіп кететін дүниенің бәрін қосатын ілгек үзілмеуі тиіс. Міне, сол ілгек тұтастықты, идеялық шеңберді құрайды. Ырысбек осы шеңбердің негізін ұстай алған, содан қол үзбеуге жанталасқан. Ол қандай шеңбер?
Роман жанры, меніңше, үш бірлікті сақтайды. Ол – сурет өнері секілді, фон, фон алдындағы кейіпкер және кейіпкер мен фонның байланысы. «Жылқы атылған жазда» фон – алағай да бұлағай заманды басынан кешкен бір ғасырлық дәуір. Сол фондағы үш буын. Ол үш буынның заманнан алғаны, бергені, қалыптасқаны.
Егер Бағашар айтқандай, бұл романды «тарихи қасіреттердің зардаптарын айтуға арналған, бір отбасы арқылы бүкіл бір ғасырлық қасіретті қамтығанмдеп тұжырым жасасақ, қателескеніміз.» Бұл – біріншіден, қазақтың бүгінгі күйге қалай, неліктен түскенінің биографиялық тарихы, екіншіден, бір ұрпақтың генетикалық биографиясы. Тақырып тұрғысынан сараптауға бағытталған психологиялық тұжырымдық роман.
Романның берілу формасы жағынан Х.Хоссейнидің «Батпырауық қуған баласын» еске түсіргендей болды. Тұтас өміріңнің концепциясын шешіп тастайтын сәттік мезеттер болады. Сол мезетте жүректегі екі дауласқан күштің бірін тыңдап шешім қабылдайсың. Екі күш – екі бөрі – қайсысын көп азықтандырған болсаң, әрине, бейсаналы түрде, саналы түрде болсын соның ымбалына көнесің. Есберген қажының жол сапарындағы ниеті, сынақтардың ауырлығына қарамай қажыр-қайрат танытуы, адамшылығы сыналған қатерлі сәттерде де арын сақтаған адам ретінде – көне қазақ болмысының образы ретінде жақсы әспеттелген. Есбергеннің қажылық сапарының баяны неге керек деп басында бас қатырдық. Өйткені, жазушы бір әулеттің тарихының түйінін осы сапармен ашып бергісі келген. Ары қарай Есберген болмысының түп тарихын қаузауға құлшына да қоймаған. Демек, осы сын сағаттағы тілеген дұғаның қабыл болуы, тіптен, бұл қаймана қазақтың дұғашыл ниетінің сын сағаттарда қабыл болуы – ұлт тектілігінің сақталу тарихының көзі, жойылып кетпеуінің негізі десе, болғандай...
Осы тұста автор Есберген қажының ғұмырын судыртып баяндауды ғана көздеп, желдіртіп өткендей сезім қалдырды. Ұлы Тарғынның ғұмырын, сол заманның ауыртпалығын суреттеуге көп қуатын сарқиды. Осы тұсқа келгенде автордың қаламы жазыла түседі. Ел мен жердің сұлу табиғаты, сыр қойнауы ашылады. Бір қызығы – Есберген қажы да, ұлы Тарғын да, Ғалымжан да кісі қолынан емес, өз қазасымен өледі. Яғни, генетикалық тарихта өзгенің қолынан қаза табу фактісі жоқ. Демек, ондай өлім бұл ұрпақтың түп-тұқиянына дейін болмақ емес. Өйткені, ата-бабаларымыздың кешіп өткен тағдырындағы ситуациялар ғана біздің өмірімізді шиырлайды. Бір кездері Есберген қажыға да өз туған жеріне жетпей айдалада көмусіз қалу қаупі төнген еді. Тарғын да, Ғалымжан да өз елінде жерленеді. Тек Ғалымжанның сыртта жерленген ұлы жат ұрпақ секілді...
Роман ұлттық танымдағы детальдарға толы. Мысалы, аштық жайлаған жылдары беліне ақ кебінін орап жүретін қазақтардың ғадеті, ішкі байламы. Қанша аштықтың азабын тартса да, беліндегі ақ кебінін тиынға да сатпай, өлсем, бетім жабылсын деп ақ бөзін беліне орап жүретін қазақтың бұл дүниеден о дүниенің мейманасын ойлаған дүниетаным діңгегін жақсы аңдатқан. Ал, қазақтың жылқыға деген махаббатын алабөтен көрсетеді. Тарғынның үкіметке бермей, ақыры сотталып, ауыр дертке шалдығып құрбан болуына бір жылқының құны тұра ма? Жылқы ұлттың жанындай, ұлттық болмыстың символындай дәрежеге көтерілген. Ол жылқыны қандай ауыр сәттерде де союға қимай, аштықтан бұратылып жатса да, жылқыға көз алартпай, көшерде көлік қылып мініп келе жатып жолда қарақшылар шабуылдап, атып тастап бауыздап алып кетуі де қандай ауыр. Адамның ең аяулы қызғыштай қорыған асыл заты болады емес пе? Сол асыл зат ұлт үшін – жылқы еді. Одан айырылғандағы күйді бейнелеуде қаламгердің аса ұстамдылықпен суреттеуі, жұмыр сөйлемдері жан қозғайды. Қылдырықтай тағдыры қыл үстінде тұрған, қазақтың үзілмей тұрған жанын былай суреттейді: «Зілмауыр тыныштық. Жапан даланың дәл осы тұсында уақыт тоқтап қалған тәрізді. Алда өмір, қайнаған тіршілік боларынан күдер үзіп, тоқырап тозған топ адамның орнынан тұрғысы жоқ... Босқын, шарасыз жұрттың кеудесі тіршілікке тырбындырар құдіреттен мүлде айырылып, даңғырап босап, босаған кеңістік шүңетіне шым батырған-ды...».
«Жалқы атылған жаз»... Сол жаздың суреттері қазақтың жадында, генінде мәңгі сақталып қалды. «Алты күн аш болғаннан алты ай ақыл сұрама» деген мақал сол кезде шықса керек. Ашыққан адамда сау ақыл бола ма? «Ораза, намаз – тоқтықта» деп неге айтқан? Алдыңда айдаған малың болмаса, елге сөз айтар қай қауқарың болады? Бірақ, сын сағатта «мал жанның садағасын» ету – ерлердің ісі. Ғалымжан, Тарғынның ата-бабасы – тектілердің жалғасы. Дүниенің боғына жұбанбайтын бағзы қазақтың жалғасы. Олардың дұғасы Ғалымжанның талай жер қойны ақтарылған қанмайданда оқ дарымай, аман сау қалуына себеп болды. Аштықтың, қуғын-қудалаудың ауыр сынынан өткен Ғалымжан үш соғысқа қатысып, мың сан адамды жалмаған оқтан аман қалады. Аман қалғаны бір жөн, бірақ, енді басқа соғыс басталады. Орыс қызына үйленген ол – өз туған жеріне табан тірей алмай, сонау Украина еліне барып тұрады. Үлкен ұлының басына қойылған кресттен кейін талай өткен сынақтан да ауыр сынақ, шешуші сынақ тұрғанын байқайды. Не елдігін сақтауы керек, не безуі керек. Құдайтағала адам тірі тұрғанда сынақтан өткізе беруін, шыңдай беруін тоқтатпайды екен. Оң шешімнің ішіндегі екі оң шешімді де алға тартаныны қалай? Екеуі де дұрыс. Бірақ, біреуі дұрысырақ. Екеуі де бақытсыздыққа апармайды. Бірақ, біреуі әсіресе бақытты жол. Ақылы сау адам да мұны танып біле бермейді. Ғалымжан елге қайтуға бел буады. Тамыры туған жерінде көктеп өседі. Мұны біз оның ұлынан естіп білеміз.
Роман формасы жағынан «Батпырауық қуған баланы» еске түсіреді дедік. Өйткені, осы романның формасы үлгі ретінде алынғандай, эпилогы мен прологындағы авторлық алғысөз бен сөз соңындағы байламына дейін ұқсас. Һәм ортасындағы оқиғаға автордың қатысы жоқ та, қатысы бар да... Оқып шыққан сипатты болғанымен, жазған да – автор, басынан көпті өткерген де – автор. Ал, соңғы прологында Ғалымжанның өмірі туралы ұлы Ғазиз Ғалымжановичтің баяндауымен аяқтайды. Х.Хоссейнидің кейіпкері – елден кеткен америкалық эммигрант тұрғын, ал, Ғалымжан – елге оралған адам. Тек мұнда сол баяғы аштық жылдары ата-бабасы қоныс аударған, бүгінде атамекенге оралып, тұрақ тепкен – автор жазып отыр. Санасы зақымданған, ақылы тұсауланған жергілікті қазаққа қарағанда комплекстерден ада, санасы езгіге түсе қоймаған «оралман» қазақтардың бүгінгі ұлт дертінің диагностикалық тарихын шешуі, анализ жасауы – ақылға сыйымды. Өйткені, дертті жан еңкілдеп еңіреуін ғана айтады. Сондықтан да шығар, қазақтың арғы тарихи теперіш жылдары айтылғанда қансаулаған сөздердің градациялық өрісі не басылмайды да, не өршімейді де. Роман қай сарында басталса, сол сарында бітетіні әбден мезі етсе керек. Ы.Дәбей осындай ұзынсонарлық баяндауларға ұрынбай, әр кезеңнің сөйлеу, ойлай стилімен жаза білген. Тіпті, роман соңына қарай тақа-тұқ тілге оңай көшкен автордың оқиғаны оңай айтып баяндай салуы да бүгінгі сананың қабылдауымен жазылған. Бірақ, автор бізге Ғалымжанович туралы тіс жармайды. Оның әйелі туралы, жұмысы туралы... Біз жұмысбасты, кең сарайдай үйі бар бүгінгі қала қазағының ғана бейнесін шолып өтеміз. Есберген, Тарғын, Ғалымжан... Үш буын деп айтып өттік. Бізге автор ашқан үш буынның тағдыры – бүгінгі Ғалымжановичтің де тағдырын түсінуге жетерлік сияқты. Негізі, біз ол кісіні танитын сияқтымыз. Білетін сияқтымыз. Ол – санасы кеңестік комплекстерден шықпаған, өзінің ата-бабасының тарихын тануға, жарыққа шығаруға талпынса да, өзін тануға тырыспаған ұйқыдағы қазақ. Ғалымжанович қайсы құндылықтар үшін бәс түгуі керек? Саяси һәм рухани тұрғыда қай ұстанымда болуы тиіс? Ол ұлтшыл ма, ұраншыл ма? Қайсы қайықтың басын ұстаса, ұтады? Ғалымжановичтің бойына анализ жасамаған автор «көп көргенің сөз емес, көргеніңнен түйгенің, мән тапқаның, сол тапқаныңды өз бойыңда асырғаның, өзіңді өзгерткенің» деген түйін жасайды. Бұл, әсіресе, еш нәрсе айтпайтын, айта алмайтын романдарға үлгі боларлық түйін. Бір жағынан, деректілікке құрылған роман суық көзқараста жазылса, осы түйінді өз аузынан айтқысы келмей, авторлық жорамал жасауға, әлденені нұсқауға, ақыл айтуға белсенбегені мақұлдарлық.
Ал, біз осы тұста, психологиялық талдау жасап көрсек. «Әкелері жасаған күнәнің жазасын – ұрпақтары тартады» немесе «әкесі өте алмаған сынақ – баласына беріледі» деген тәмсілге сенетін болсақ, генетикалық тарихи шеңбер Ғалымжанның шешімімен тұйықталған болып шығады. Есберген қажыдан арыда басталуы мүмкін бір сынақтың үш буын, тіпті жеті буынға көшіп отыруы да мүмкін. Біздің Ғалымжановичтің өмірін білмедік дегеніміз – осы. Жеті ұрпаққа дейін жалғасып жатқан гендік сынақты түйіндеу үшін тағдыр кешу керек һәм шешім қабылдау керек болады. Одан кейін бұл ауыр сынақтың көшірмесі ұрпағына берілмейді. Ұрпағына басқа шеңбердегі таңдаулар келеді.
Қолымдағы шарға қарап отырмын, ішіндегі құрамы біртұтас жүйе сияқты, сол жүйенің ішінен шикілік шығып, жарылуы, не болмаса тесілуі тиіс. Бүліне бастаған бір молекула, бір жүйе – бүкіл әлемдік жүйені өзгертуі мүмкін, шардан сыртқа шығып, шеңберден тыс ғұмыр кешуі мүмкін... Ол қайсы молекула болуы мүмкін?! Автор бүгінгі қазақтың қайдан шыққан, неден өсіп шыққан өнім екенін айтады һәм рух оятарлық ұран тастайды. Бүгінгі қазақтың рухани дәрежесі құлдыраңдап, етегін жаба алмай елпеңдеп кеткен болмысына түптеп келгенде ешкім кінәлі емес...
Төбеде де осылай шарды айналдырып қарап отырған біреу бар...
Сағадат Ордашева