ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕКТІ АҚЫН

Халқымыз әлімсақтан ән-күйге, төкпе жырға әуес болғасын ба, кім білсін, екінің бірі өнерпаз, ақын. Үлкен кісілермен сөйлесе қалсақ «біз де өлең жазғанбыз, егер жаза берсек әйдік ақын болып кетер едік» деп желпініп отырады. Кей кездері «ақындардың көптігінен не пайда, оларды азайту керек, Жазушылар одағына өткізбеу керек» деген сыңайда сөздер естіліп қалады. Иә, қазақта не көп, ақын көп. Бірақ «ақындар көбейіп кетті» деп байбалам салып, оларға қырғидай тиюдің қажеті шамалы. Әркім өзінше жазады. Жақсысын ел таңдап алады, жаманы артта қалады. Ақындық-өнер бәйгесі. «Жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар» демекші, осы бәйгеде ақындардың ақындары ғана озып шығады. Құдайға шүкір, мұндай дарабозымыз бар. Ол-талантты, жолбарыс жүректі, ақиық ақын Мұхтар Шаханов.

Еңбек жолын қарапайым тракторшыдан бастаған Мұхтар журналистика саласында еңбек етті. Кезінде оның «Лениншіл жас» газетінің Шымкент облысындағы өз тілшісі болып істегенін, Алматыда жыл сайын болатын жиналыста бірге бас қосып, сырласатынын Қостанайдағы әріптес, ақын ағамыз Байтұрсын Ілияс тірі кезінде жыр ғып айтатын. Өзіміз мектеп қабырғасында  оқып жүргенде   Мұхтар Шахановтың өлеңдерін баспасөз беттерінен оқып, Қазақ радиосынан тапжылмай тыңдайтынбыз. Ақынның әсіресе «Танакөз» поэмасы «Лениншіл жаста» шыққанда бәрімізге керемет әсер етті. Газетті қолдан-қолға өткізіп, қызыға оқып, үзілістерде кластас құрбыларымызбен  пікір алмасып жатушы едік. Сол сәттерді еске алғанда алаңсыз, уайымсыз күн кешетін балғын балалық шағыңды сағынып кетеді екенсің. Содан былай Мұхтар есімі жұлдыздай жарқырай берді.

   Мен Мұхаңның қай өлеңін оқысам да терең ойлылықты, сыршылдықты сеземін. Бірде-бір артық сөз жоқ, бәрі теп-тегіс, жұп-жұмыр. Қабырғасын балталасаң да бұзылмайды. Нәзік сезім құйлып тұр. Сонысымен оқырманды баурап алады, өзіне үйіріп әкетеді. «Төрт ана» өлеңін оқып көрелікші:

                  ... Әр адамда өз анасынан басқа

                  Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада

                  Болу керек құдіретті төрт ана:

                  Туған жері-түп қазығы, айбыны,

                  Туған тілі-сатылмайтын байлығы,

                  Туған дәстүр, салт-санасы-тірегі,

                  Қадамына шуақ шашар үнемі.

                  Және туған тарихы, еске алуға қаншама

                  Ауыр әрі қасіретті болса да.

 Бұл шын жүректен жарып жарып шыққан ұлағатты сөздер «мен қазақпын» деген әр адамның санасына жетуге тиіс. Әрі оның өмірлік мұратына айналуы керек. Өйткені ақын тілімен айтқанда төрт анасын қорғамаған халықтың ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.

 «Түсінісу теоремасы» өлеңінде ақын былай дейді:

                   Үш өлшем бар:

                   Биіктік пен тереңдік,

                   Кеңдік (яки жазықтық).

                   Бұл үшеуін бағаламау-

                   Көзсіздік пен кереңдік.

 Философиялық керемет түйін емес пе?! Иә, Мұхтар Шаханов-философ,тарихшы, зерттеуші, драматург, этнограф, сазгер, елші, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Бір басына осыншама мамандық пен лауазымдарды иеленген аяулы азаматымызды қалай мақтасақ та жарасып жатыр. Сөзін де, әнін де өзі жазып, шығарған «Мен саған ғашық едім» әні әлі күнге дейін ел аузынан түспей келеді.  Жақсы әннің өміршеңдігі осылай болар.

1986 жылдың желтоқсан айында қызыл империяның озбырлығына шыдамай Алматы көшелеріне шыққан жастарды жазалауға батыл қарсы шығып, ашық пікір білдіріп. Кейін СССР  халық депутаттары съезінде Қазақстаннан сайланған депутат ретінде  әзер дегенде рұқсат алып, 3 минуттың ішінде Желтоқсан оқиғасының мән-жайына тоқталып, қазақ халқына ұлтшыл деп орынсыз айып тағылғанын, солдаттардың қазақ жастарын итпен қудалап, ұрып, тепкілегенін ашына баяндап берді. Кейін Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтау комиссиясын басқарып, жазықсыз соттталған жандарды ақтап шығару үшін қаншама күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткізді десеңізші. Туған халқы үшін басын бәйгеге тігіп, арыстандай арпалысып, жолбарыстай жұлқысып, Кеңес Одағы алдында қазақтың ұлтшыл халық емес екенін дәлелдеп бергені нағыз үлкен ерлік еді.

Мұхтар дүниеге келгеннен-ақ қазақ үшін туғандай көрінеді.  Арал теңізінің қасіреті ақын жүрегіне қатты батты.  Оны қорғау жөнінде қоғамдық комиссия құрып, сол өңірдің халқына  қарлығаш қанатымен су сепкендей жәрдемдесті. «Жалын» журналында Бас редактор қызметін атқарғанда жастарды тәрбиелеп, өлеңдерін шығарып, шынайы қамқорлық жасады. Көптеген таланттардың бағын ашып, әдебиет әлеміне енгізді.

 Мұхтар Шаханов   кезінде Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болғанда екі елдің достығын нығайтып, ынтымағын жарастырып, өзара қарым-қатынасты орнату ісіне белсене атсалысты. Осы қызметті атқара жүріп, ақындықтан қол үзген жоқ. Қазір Мұхтар есімі әлемге белгілі. Өзінің тамаша туындыларымен дүниежүзі жұртшылығының қошаметіне бөленіп, қазақтың атын шығарды, қазақ деген ел бар екенін жаһанға танытты. «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармалары шетелдерде жоғары бағасын алды. Бұл әдебиетіміздегіүлкен құбылыс. Американың А. Эйнштейн, дүниежүзінің Нобель атындағы екі бірдей Алтын медалін алуы күллі Қазақстан үшін зор мәртебе!Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметінде Мұхтар Шаханов өзгелерден ерекше көзге түсті. Ол әсіресе қазақ тілінің шын мәнісінде мемлекеттік тіл ретінде қолданылып, оның аясын кеңейту тұрғысында депутат ретінде Парламент мінберінен орынды ұсыныстар айтып, Үкіметке  және басқа да басқару органдарына талай рет сұрау салып, істің алға қарай жылжуына қозғау салды. Бірқатар заң жобаларының ұлт мүдделеріне сай жасалып, қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Өжет те батыл, кеңпейілді де бауырмал, сұңғыла да зерделі Мұхтар Шаханов ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың ардақты перзенті, жолбарыс жүректі ақыны. Биыл Ұлытау төрінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, омырауына Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденін қадады. Бұл елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен жарқын тұлғаға берілген лайықты баға еді! Расында да, шындық бар екен, әділдік бар екен. Мұхтар Шахановты барлығымыз мақтан тұтамыз, үлгі етеміз! Ұлттың бағы үшін, қазақтың абыройы үшін жанкешті еңбек еткен Мұхтар ағаға біз ризамыз.

 

Есенгелді СҮЙІНОВ,ақын, ҚР Мәдениет қайраткері.

Астана қаласы