Ұлттық мінез! Көбіне оны зиялы қауым арасынан іздейміз. Ал, зиялылар кімдер десек, тілі мен ділін сақтап қалуда өздерін құрбан еткен алаштың намысты азаматтарымен бірге, мәдениет пен өнердің озық ойлы қайраткерлерін айтуға болады. Қашанда ұлы істің басын тыныштықпен, соңында шаттықпен бітіретін, ірілігі мол кісілерді өз айналаңнан іздейтінің де рас. Ардың ісі арзандап бара жатқан мына заманда, ондай парасатты жандардың өз ортаңда сиреп бара жатқандай көрінері түкте жасырын емес. Бірақ, бұл жағынан менің айым оңынан туды деп батыл айта аламын. Жазушы-драматург Роза Мұқановамен бүгінгі күнде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде онымен әріптес болып жүрген бақытты жанмын. Ол білгенін басқаларға үйретуден еш жалықпайтын, үнемі үлгі-өнегесін уағыздап, бар білгенін шәкірттеріне бағыштап келе жатқан еңбекқор жан.
Мен, Роза Мұқанованы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Болат Атабаевтың режиссурасымен қойылған «Мәңгілік бала бейне» атты шығармасы арқылы таныдым. Тағдырдың тәлкегіне түскен бейкүнә Ләйла қыздың ауыр халі мені қатты толқытты. Аталмыш қойылымды қанша рет тамашаласам да көзіме жас алмай кете алмайтынмын. Қойылымды көрген сайын, табиғат зардабынан жапа шекен талай балалардың мүшкіл тағдырын бір кейіпкердің бойына сиғызып, шебер шығарманы қалай тудырды екен деп әржолы терең ойда қалатынмын. Талай жандарды аса ауыр халде қалдырған сол бір қарғыс атқыр Семей полигонының қасірет-қайғысы еді. Аяқ-қолы өссе де, жас баланың түр-әлпетін сақтап қалған жасөспірім қыздың аянышты жүзі сезімтал жазушының жан-дүниесін қозғамауы әсте де мүмкін емес еді-ау! Атом сынақтарынан қара жамылған полигон құрбандарының өмірін ғана емес, күллі адамзаттың мұң-шерін аударыстырар үлкен туынды тек, ел-жұртының жан айқайын бүкіл болмысымен ұға алатын зерек қаламгердің қолынан келер күрделі дүние.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ұлттық драматургияда өмірдің өзекті мәселелерін көтерген Ә.Тарази, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Б.Мұқай, Т.Ахметжан, Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақ, И.Сапарбай, Т.Әбдік т.б қаламгерлер замандастары тап болған өмір құбылыстарын әртүрлі аспектіде қарастырды.
Әлі де қоғамдық дертке айналған келеңсіз жағдайларды шамалары жеткенше, қағазға түсіріп жатыр. Сол ардақты ағаларының қатарында Роза Мұқанова да қоғамымыздың толғақты мәселелеріне дер кезінде үн қосып, бүгінгі күннің өте зәру тақырыптарын батыл қозғауда. Атап айтсақ, «Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы Мен», «Муза», «Сен», «Ешкім де кінәлі емес» атты драмалары адамдарды сын тезіне салар бар шындығымен атойлаған уытты пьесалар. "Мысықтар патшалығы" мен "Шатыр астындағы Мен" пьесаларында билік маңындағы мансапқорлық, сыбайластық, көре алмаушылық, жәдігөйлік, екі жүзділік, сатқындық деген кеселді дертке ұрынған науқас жандар кейіпін шебер бейнелейді. Қоғамда адам қандай іс атқарса да, соңында оның өздеріне не игілік, не індет боп қайтарын драматург шығармаларынан аңғару аса қиын емес. Осындай, ішкі қайшылықтары ұшқыр аттың тұяғынан ұшқан шаңдай будақталып жатар драматизмге мол өткір пьесалардың сахнада салтанат құра алмай жүргеніне таңымыз бар. Кісі жалықтыратын жаттанды сарында жазылған шығармаларға әбден әуес болып алған режиссерлеріміз «драматургтер жоқ, жазбайды» деп, дамылсыз дабыл қаға бермей, жоғарыда аталған тәуір дүниелерге түйсік-таныммен көз салса дұрыс болар еді.
Қазіргі қазақ прозасында Роза ханымның қарымды қаламынан туған “Тұтқын”, «Мұң», “Патша қатын У”, “Мұқағали”, “Құбыжық”, «Күнә» секілді тағы да басқа әңгімелерінен тентек бола тұра тектілерді, ақымақ бола тұра ақылдыларға мұрнын шүйіре қарайтынын қызғылықты кейіпкерлер тағдырына селсоқ қарай алмайсыз. Кезкелген жазушы өз кейіпкерін өзінің биік талғамымнан өткізіп, оған өзінше мінез-құлық, қимыл-әрекет беріп, әртүлі тағдыр сыйлап, жан бітіреді. Өзінің менін өзгеден жоғары қоятын әңгімелерінде Роза ханым адам өмірінің өзгеше қырларын философиялық түйіндер арқылы шешуге тырысады. Өз қатесін мойындап, оны жоюға бет бұрмауы, білмегенді біле тұра, білуге талпынбағаны – адамның кемшілігі емес, оның сауатсыздығы, нағыз надандығы екенін өз туындыларында баса көрсетеді.
Сұлу өнер жалқаулардың қанжығасында қор болмауы тиіс, көркем әдебиет оларға жат дүние – деп, бекем ой түйген қаламгердің батыл пікірімен келіспеске шарамыз жоқ. Себебі, білікті маман қай салада жұмыс жасаса да өзіндік қолтаңбасын қалдыруға қарқынды еңбек етерін кім болса да белсене құптайды. Ой түбін қопсытып, қопарып, тереңдей түсу арқылы өмірдің табиғи қалпын шығармада шынайы көрсете алғаның – мақсатыңа жеткенің дейді, Роза Қажығалымқызы. Кез келген өнер адамы шығармашылық жұмыста шабыттануы тиіс екенін айқын түсінер Роза Мұқанова күнделікті өз тіршілігінде де үнемі шығармашылық көңіл-күй үстінде жүрерін жиі аңғарасыз. Роза өз бойындағы бар қабілеті мен адалдығын әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайнар қазынасына, асыл қорына арнары көзі ашық жанға айдан анық.
Өнер жолы – имандылық жолы. Өнерде өз кәсібіңе адал болғаның жөн. Р.Мұқанова да осынау ізгі ойларын жүзеге асыру мақсатында адамдықта да, мамандықта да адал болу ізгіліктерін бойына сіңіріп, көкейіне қондырып, өмірде де, өнерде де алға өрлеуді мұрат тұтады. «Өнерді сүймегеннің өнегесі ілгері баспайды» демекші, Роза рухани байлықты игеру жолында көркем шығарманы дамыту қисындарын кемеңгерлікпен жүзеге асырып келеді. Өзінен кейінгі әдебиетке, соның ішінде, драмаға шын беріліп, шынайы жұмыс істейтін, кәсібіне адал, алғыр жастардың қатары көбейе түссе деген ізгі тілегі бар. Өйткені, драма заңдылықтарының негізін білмеген адам сауатсыз, яғни ол нәрлі де мағыналы әдеби тұрғыда терең тұлға жасай алмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан, ұлттық өнер университетінде «Кинотеледраматургия» мамандандығы бойынша өзінен дәріс тыңдап жүрген төл шәкірттеріне білім-тәрбиесімен бірге, қасиетті өнер туын биік ұстап, шынайы шеберлік шыңына өрлеулеріне бек атсалысып жүр. Бақ-дәулет - еңбекшілге ағып, еріншекке тамып келетінін өзінің ғибратты ой-тұжырымдарымен олардың бойларына сіңіруде. Болашақ мамандардың жан-дүниелеріндегі қайсыбір таңғажайып толғаныстарын өнер жолына бағыштауларына себепкер болып жүргені өзінен кейінгі жас ұстаздар қауымына үлкен өнеге.
Бұны неге айтып отырмыз, «жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» демекші, «Өнертану» кафедрасына қарайтын қызметкерлердің дені жастар болғандықтан, Роза Қажығалымқызы сынды құрметті апаларымызға қарап бой, ой түзейтініміз рас. Оның аңғарымпаздылығы, ақылға салып асықпауы, сабырлы әрекеті, әр нәрсенің байыбына бармай шешім айтпайтын байсалдылығы яғни сыпайылық тәрізді әдеп нышандарын көрсететін ұлттық мінездері біздерге қашанда үлгі. Айналасына көл-көсір көркемдік құятын мұндай мінезден сезімтал жастар қашанда ғибрат алады. Тіпті, мына тіршілікте болмай тұрмайтын жүйкеңді құртуға даяр қиын-қыстау шақтарда (сабақ барысында) ұжым арасында сыр бермес сабырлылығы, ұстамдылығы өзге әріптестеріне де ой салар ғажап құбылыс дерсіз. Адамға әдетте тез жұғатын іштарлық, менмендік, тәккапарлық, көреалмаушылық мінездерден алыс жүруімізді, кісіге абырой әпермейтін сол жайсыз дағдылармен үнемі күресіп отыруымызды есімізге салып жүреді. Сондықтан да, мағыналы істен гөрі, ұсақ-түйек тірліктерге сұранып тұрар мынадай сусымалы заманда ұстаз Розаның адами қасиеттерін сақтап қалудағы белсенділігі оның кісілік бейнесін кемелдендіре түскендей.
Роза Қажығалымқызы өз тағдырларын өнер жолына түгелдей бағыштағысы келіп жүрген талантты жастармен жолысқан тұстарда, оларды іші-бауырына тартып, емен-жарқын сөйлесе кетеді. Ал, жақсылардың жолын бөгеп, астыртын күбірлеп-сыбырлап жүргендерді құздан құлатып жіберердей қатулы қабағы тағы бар. Әлбетте, іштарлық пен бақталастық кім-кімге болса да үйлеспейтін мінез болғандықтан да, ондай тексіздерге бей-жай қарай алмайтын Розаның әділеттілігі, шыншылдығы басым-ақ. Өйткені, өмірдің мәні – оның шыншылдығында деп ұғады, ұлағатты ұстаз-қаламгер.
Қазақтың даласындай шегі мен шеті жоқ ұланғайыр өнер әлемінде бір өзінің ғана атақ-даңқы дүркіреп тұрғанын қалайтын, өзгені мойындағысы келмейтін өзімшіл де тәкаппар пенделердің әр жерде қылаң берер жымысқы әрекеттеріне баяғыдан-ақ тіксіне қараушы еді Роза. Қәзір бәрі ашық, кісінің ауызы бара бермейтін сұмдық істердің тура өзінің көз алдыңда қасақана өтіп жатқанына жазушының жаны жасығандай болады. Ар-ұяттарына дақ түсіріп жүрген арсыздардың етек жая бастаған арам тамырын бүгін балтамен шаппаса, ертең «ар», «ұят» деген жақсы қасиеттердің түбірімен жоғалмасына кім кепіл деген күдікті ойларының барын да жасырмайды. Соларың күн, ай, жылдардың өткеніне қуанады, бірақ өздерінің «ажал құшағына» жақындай түскеніне титтей де мән бермейді, сүйтіп, қолыннан келе тұра бір жанға пайдасын тигізбей, атақ, мәнсап, ақша деп жүріп, қалай көз жұмғандарын да білмей қалады-ау деп, әржолы терең күрсініп қояды қарымды қаламгер.
Әрине, жазушылар да ет пен сүйектен жаратылған жандар. Олардың да ғұмырында өрлеу, құлазу, құлдырау болады. Өйткені бұл - өмір. Жазушы Роза да сол қилы заманның қиындықтарына шыдас беріп, сын тезімен әр істің оң шешімін тауып жүргендіктен де бүгінгі тұлғалық дәрежеге жетіп отыр. Бәріміз ақылды болмасақ та, ақымақтан безетіндей түйсігіміз болсын деп, ар-ұятының тазалығын сақтап, адал ғұмыр кешуді мақсат тұту жолында. Майда тірліктердің маңайына да жуымайтын Роза Қажығалымқызы сонысымен де біздерге бағалы.
Қарапайымдылықты қалқан еткен жазушы тек қалам сиясымен сырласып қана қалмай, өнер тауарға айналған заманда ұлттық өнердің жыртығын жамап, оның ертеңіне елеңдеп, өз ойын, ұсынысын ортаға салып, бар ынта-жігерімен оны адалымен насихаттап жүрер елгезек қасиетімен қымбат. Ұлттық өнердің жаршысы, жанашыры ең бастысы тілеушісі болып, әдебиет әлемінде кәсіби шеберлігімен шынайы суреткер болып жүрген әзиз жанның тілегі қашанда қабыл болмақ.
Қашанда еңбек сапарында жүрер көрікті де көңілді Мұқанова Роза Қажығалымқызы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Себебі, Жазушының жазғандары жақұттай жарқырайды...
Айзат Қадырәлиева
театртанушы