Әуелi әруақтарға тағзым! Өткен жылы қазақ әдебиетiнiң салқар көшiне әр жылдары ақтылы қазыналарымен келiп қосылған бiр шоғыр қабырғалы сақи қаламгер бақилық болды. Олар – соғыс көрген Сағынғали Сейiтов, Желтоқсанда аузының дуасы дуанбасыларды дiлгiр еткен Сафуан Шәймерден, әңгiме сүлейi Сайын Мұратбеков,әдеби сынның титан таланты Сайлаубек Жұмабеков, түгел сөздiң түбiн Түркiстаннан қайырған Жұмабай Әбiлов, қоғамның езуiне мысқыл қыстырып кеткен Естай Мырзахметов, әдеби ошағын Моңғалияда маздатқан Биқұмар Қамалашұлы, елде қалған еңбек торысы Оңалбек Кенжебек, қазақ пен өзбектiң арасынан әдеби аула жасаған Ырысалы Жұманов, Таңжарықты тасқа жазып қалдырған Оразанбай Егеубай және Нысанбек Төреқұлов. Сол қаламгерлердiң бүтiн бiр фотогалереясын қалыптастырған Сайлаубек Пернебаев та көштi бұл жалғаннан. Күнi кеше балалар әдебиетiнiң айтулы өкiлi Өтепберген Ақыпбеков сәби қалпында сағынышқа айналып кете барды. Тышқан жылы iргеден iн қаза бастаған шақта орны ойсырап қалған сол қаламгерлердiң есiмi жадымызға қайта оралды. Алла нұрларын пейiштiң бағында жамыратқай! Ендi негiзгi әңгiмемiзге келейiк. Сонау ерте көктемде «Жас қазақ» ұлттық апталығы арнайы қаламгер қауымға арнап «әдеби рейтинг» дейтiн айдар ашқан. Басты мақсат – жазушылардың өздерiне төмендегi сауалдарды көлденең тарта отырып, тәуелсiздiктен бергi қазақ әдебиетiнiң жалпы жағдайына сараптама жасау және ең көп оқылымды авторларды анықтау едi.
1. Тәуелсiздiк жылдарынан кейiн қазақ әдебиетiне өзгеше серпiн алып келдi деген бес шығарманы атап бере аласыз ба? Прозада,поэзияда айрықша аңсарыңызды аударған сол туындылар несiмен ерекшелендi?
2. Тәуелсiздiк жылдары қазақтың қоғамдық, рухани, әдеби ойына ықпал еткен жекелеген тұлғаларды атап бере аласыз ба?
3. Соңғы оқыған кiтабыңыз?
Жасы бар, жасамысы бар, бiраз қаламгерлерге сауал жолдап, сауын айттық. Ұлт әдебиетiнiң көрнектi қайраткерлерiнiң қақпасын қақтық. Қаламгерлердi өзара пiкiр алмасуға, әдеби өмiрдiң ағысына баға беруге шақырдық. Жеке шығармашылықтарының шетiне шалғы тиiп кетсе шабаланып сала беретiн, «оқырманыма өрт қойды» деп соттың босағасын тоздыруға уақыт табатын ағалар әдеби алаңға келуден бас тартты. Тiрi қаламгерлердi қойып, әлдеқашан әруаққа айналып кеткен жазушыларды жерден алып, жерге салып, соңына шырақ алып түскен сыншысымақтардан да арзу аңсадық. Аллаху акпар, бұйырмасын! Қазақ әдебиетiнiң сырқаты мен сымбаты жайлы сындарлы сөздi аға һәм орта буыннан күттiк. Ондағы емеурiн – әдебиетке кейiн келiп қосылған толқынның қалам қағысын, қуатын, артық-кем тұстарын аңдау, ақыл-кеңестерiне құлақ асу едi. Сынап бағанасы нөлдi көрсеттi.
Әрине, бұл айдар белгiлi бiр мөлшерде дiттеген мақсатына бiртабан жақындады деуге де болады. Әдеби өмiр мен қоғамдық құбылыстардың ағымын жiтi бақылап, жеке шығармашылығынан бiр сәт қолы қалт еткенде саналарында шайқалып жүрген ойларын әлеуметтiң талқысына салуды жөн көрген сөз ұсталарының атын атап, түсiн түстеп кетелiк. Олар: елiмiзге белгiлi жазушылар – Герольд Бельгер, Мархабат Байғұт, Қуандық Түменбай, Дидахмет Әшiмханұлы, Дидар Амантай, белгiлi сыншы Бақыт Сарбалаұлы, белгiлi ақындар – Жәркен Бөдеш, Байбота Серiкбайұлы Қошым-Ноғай, Рафаэль Ниязбек, Аманхан Әлiм, Нұртас Исабаев, әдебиетшi Жанұзақ Аязбеков. Өз ойларын ортаға салған осы он екi қаламгердiң әртүрлi пiкiрлерi оқырман күткен бiраз сауалға жауап бердi. Жыл бойы жарияланған пiкiрлердiң кейбiрi оқырман жадынан шығып та қалған шығар. Дегенмен, бiз редакцияға телефон шалған оқырмандардың пiкiрлерiн түртiп жүрдiк. Жарияланған пiкiрлерге қатысты келiспеушiлiктерiн де ашық айтты. Қуаттайтын тұстары да көп. Емiс-емiс еске түсiрiп көрелiк.
Қазақ әдебиетiнiң қазанында қырық төрт жылдан берi қайнап келе жатқан Герольд Бельгер салған жерден «қазақ әдебиетi құлдырады» деп бастап, Аслан Жақсылықов, Дүйсенбек Нақыпов, Роллан Сейсенбаев (рас, Роллан Сейсенбаевтың орыс тiлiнде жарық көрген «Өлiк кезген құм белдер» атты романы кәрi құрлықтағы әдебиетшiлердi едәуiр қауқылдастырып қойған) сынды қаламгерлердi алға тарта отырып, қазақ жазушыларын орыстiлдi қаламгерлерден төмен қоятынын айтқан-ды. Iле-шала бiраз «соққы» алып қалды. Қарсы шабуылға бiрiншi болып шыққан – ақын Байбота Серiкбайұлы Қошым-Ноғай. Көп ұзамай Аманхан Әлiм қолына қалам алды. Сосын: «Сонау Пушкин заманында да «әдебиет өлдi» дегендер болған. Және қазақ тiлiнде жазатын қаламгерлердiң ешкiмнен кем еместiгiне бәс тiгем», – дедi. Байбота ақын қаламгер қауым өресiн шартты түрде үш деңгейге бөлiп қарастырып барып, кешендi түрде баға берудi алға тартты. Және әдеби сын тоқырап тұрғанын айтып қалды. Белгiлi сыншы Бақыт Сарбалаұлы Байбота Серiкбайұлының сынға қатысты көзқарасымен мүлде келiспейтiнiн жеткiздi. Әлгi бiр Абайдың шаужайына, Мұқағалидың етегiне жармасқандарды меңзеген болу керек, Бақыт Сарбалаұлы «Сын бар да, пын бар» деп бiр-ақ қайырды.
Осылай басталған пiкiр-талас алаңы әдеби өмiрiмiздегi бiраз аужайдан хабар бердi. Шерхан Мұртазаның қайраткерлiгiне тәнтi екенiн айтқан Шымқаладағы көрнектi жазушы ағамыз Мархабат Байғұт Жұмабай Шаштайұлының «Жаңғырық» романы әлi өз бағасын ала алмай келе жатқанын қынжылыспен жеткiзген. Дидахмет Әшiмханұлы тәуелсiздiктен бергi уақытта жазылған шығармалардың iшiнде Мұхтар Мағауиннiң «Ұлтсыздану ұраны» мен Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жанын» жоғары бағалады. Пiкiрiн интеллектуалдық жағынан пiшiндеген белгiлi жазушы Қуандық Түменбай өзге елдердiң тарихын қазақша сөйлетiп жатқан Қадыр Мырза Әлидi рухани тұлға ретiнде бағалай келе, бұл еңбегiн мектептерге тарату туралы ұсыныс айтыпты. Сосын: «Компьютердiң отаны – Жапония кiтап оқуға құштар. Муракамидiң кiтабы неге 150 миллионмен тарайды? Бiз не iстеуiмiз керек?» – деген сауал тастайды.
Салмағы зiл-батпан сұрақ...
Дидар Амантай Алдан Айымбетов пен Ғалымжан Мұқановтың ұлттық мұраларына ие болатын ұрпақты жоқтайды. Нұртас Исабаев аға буынмен қатар, кейiнгi iнi-қарындастары туралы да жылы лебiз бiлдiрдi. Сонау Қостанайдан хат жолдаған әдебиетшi Жанұзақ Аязбеков бiр кездерi студенттiк өмiр табыстырған, бүгiнде қабырғалы қаламгерге айналған өз тұрғыластарының шығармашылығы жайлы сарабын ұсынды. Алмағайып дәуiрлердi бастан өткерген Қазақстанды Шандор Петефидiң «Қасқыр жырындағы» жаралы көк бөрiге теңеген белгiлi ақын Рафаэль Ниязбектiң Азаттыққа қатысты ұғымдары талай жанды сыздатары анық. Сауалнамаға Жәркен Бөдеш жаупкершiлiктi һәм тыңғылықты жауап бердi. Расында, Мұхтар Мағауиннiң жаншылған ұлттарды меңзеген «Құмырсқа қырғыны» – әлемдiк зобалаң. Қаптаған қара шымал құмырсқаларға жем болған, ақыр соңында илеуiн тастап үдере көшiп, жол-жөнекей қырылып қалған қоңыр құмырсқалардың әр кәлләға бiр үрей ұялатып қойды... Бiз рейтингтiк мақсатты көздеген соң айтып өтейiк, жалпы жарияланған мақалалардың iшiнде сауалнаманың алғашқы сұрағына байланысты аты-жөнi мен туындылары ең көп аталған қаламгерлер – Мұхтар Мағауин («Ұлтсыздану ұраны» және «Құмырсқа қырғыны») және Төлен Әбдiков («Парасат майданы»). Демек, осы авторлардың шығармалары әдеби ортада үлкен сұранысқа ие деген сөз. Әрине,сауалнамаға жауап берген қаламгерлердiң бiразы Шерхан Мұртаза, Оразбек Сәрсенбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Нұрлан Оразалин, Әкiм Тарази, Баққожа Мұқай, Дулат Исабеков, Әлiбек Асқаров, Жәркен Бөдеш, Темiрхан Медетбек, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Иран- Ғайып, Қуандық Түменбай, Есенбай Дүйсенбаев, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Сайлаубек Жұмабек, Тұрысбек Сәукетай, Жұмабай Шаштайұлы, Несiпбек Дәутаев, Тоқтар Бейiсқұлов, Жүсiпбек Қорғасбек, Жәлел Кеттебек, Асқар Алтай, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып, Сабыр Адай, Светқали Нұржанов, Серiк Байхонов, Қансейiт Әбдезұлы, Тұрсынжан Шапай, Нұрғали Ораз, Таласбек Әсемқұлов, Амангелдi Кеңшiлiкұлы, Дидар Амантай, Әмiрхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Айгүл Кемелбаевалардың шығармашылығы туралы да едәуiр пiкiрлер айтты. Алайда, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшiлiгi Мағауин мен Әбдiктовтiң шығармалары туралы баса тоқталғанын айта кеткен жөн.
Қазақтың қоғамдық һәм рухани ой-санасына ықпал еткен жекелеген тұлғаларға қатысты қаламгерлердiң пiкiрi әркелкi болып түзiлдi. Бұл ретте жазушылар Мұхтар Мағауиннiң ұлт тарихына байланысты ұшан-теңiз еңбегiн, Олжас Сүлейменовтiң рухани ықпалын, белгiлi мемлекет қайраткерi Иманғали Тасмағамбетовтiң мәдениетке қатысты ұстанымдары мен саяси сонардан қайтпай қалған Алтынбек Сәрсенбайұлының «Таңдау жасар сәт туды» және «Тәуелсiз елде тәумендi тұлғалар болмау керек» атты қос кiтабындағы ұлттық көзқарастарды жоғары бағалайтынын ашық бiлдiрдi. Ең қызығы, бiз қаламгерлерден 90 жылдары әдебиетке келген буын және кейiнгi жастар туралы едәуiр пiкiр күткен едiк. Қос кезең бiр- бiрiне өткел бермей тұрған тұстағы және кейiнгi толқын туралы қысқа қайырған үш-ақ қаламгер болды. Олар: Мархабат Байғұт, Жәркен Бөдеш және Аманхан Әлiмұлы. Әлiбек Асқаровтың бүтiн бiр дәуiрдi бiр-ақ тәулiкке сыйғызып суреттеген «Социализм хикаяты» дейтiн психологиялық повесiнде Базарқан деген кейiпкер бар емес пе? Не әскерде жолы болмай, не оқуға iлiне алмай, ақыр соңында не елiне қайта алмай шақшадай басы шарадай болып, темiр жол бекетiнде қалып кететiн Базарқан.
Коммунистiк режимнiң ботқасы әбден бойына сiңiп қалған Ләззат. Бұл – уақыттың алдауына түскен бүтiн ұрпақтың жанайқайы, қасiретi. Сол Базарқан бiз жоғарыда айтқан 90 жылы әдебиетке келген маңдайы тайқы толқынның құрдасы болуға керек. Оқығаны – басқа кезең, тап болғаны – басқа қоғам.
Ал 90 жылдары әдебиетке келген толқын сондай алмағайып тааласапыран кезеңге тап келдi. Қос қоғам көбелерiне ши жүгiртiп, тақымына қылбұрау салып шыңғыртып жатқан тұста олар қолдарына қалам алды. Бұл – мәдениет үйлерi мал қораға айналып, кiтапханалардың есiгiне нән қара құлыптар түскен тұс болатын.
Түлкi құрсақ, түбiт көңiлмен әлеуметтiк тауқыметке белшесiнен батып жүрiп шама-шарқыларынша шығармалар жазды. Жұрт жаппай наубайханаға ағылғанда олар әдебиет ауылының адал қарауылдарына айналды. Уақыттың асау толқынына қарсы жүздi. Олар: Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева, Амангелдi Кеңшiлiкұлы, Роза Қараева, Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Болат Жетекбай, Әмiрхан Балқыбек, Дидар Амантай, Бауыржан Бабажанұлы, Әдiл Ботпанов, Күнсая Ерғазиева, Амангелдi Бұғыбаев, Сәбетай Сыпатаев, Нұржан Қуантайұлы, Сәндiбек Жұбаниязов, Батырболат Айтболатұлы, Жанат Әскербекқызы. Бұл – әдебиетте «алтын көпiр» деген атқа ие болып қалатын тағдырлы толқынның жадымызға түскендерi ғана.
Әмiрхан Балқыбек жауынгерлiк рухтағы поэзиясымен қатар, әдеби сында соны түрен салды. Сөздердiң этимологиясын зерттеу арқылы ұлттық әдебиеттiң көкжиегiн кеңейтуге күш салды. Осыдан бiраз жылдар бұрын ерлiк атаулы мен бекзадалықтың, ұлы мәдениеттiң түркiлерден бастау алатынын көне аңыз-әфсаналар, нақтылы тарихи деректер арқылы дәлелдеп жазған кешендi зерттеу еңбектерi – ұлт тарихының оңай олжасы емес болатын. Әдеби жорығын ежелгi Эллада елiнен бастаған Әмiрханның бұл қадамы жемiссiз болған жоқ. Жемiстi жерде дау да қоса жүредi... Амангелдi Кеңшiлiкұлы қоғамның бет-пердесiн бiр-ақ сыпырып тастады. Аға буынның диагнозын нақ қойды. Емi жоқ сырқат! Маралтай поэзияға өзiндiк мақам әкелдi. Жарас жадау көңiлдердi оймен емдеуге кiрiстi. «Көтерiл, Дештi Қыпшақ!» деп ұран салды Дидар. Бекболаттың қобыз ысқышына қол созғаны сол тұс болатын. Амангелдi мен Айгүл есiк-терезесi аңғал-саңғал әдеби сынның тұтқаларына қол созды. Батырболат пен Сәндiбектiң лирикалық ағыстары қоғамның тамырына қан жүгiрттi. Талантты ақын Әдiл Ботпанов сол сұрапыл бiр жорықтарда iз-түссiз жоғалды... Олар қазiр есiн жинады, етегiн жапты. Өздерiнен кейiнгi iнi- қарындастарына бұл буын тамаша жағдай жасады. Ауыртпалықты мойындарымен көтердi. Ептеп өзгердi де... Белгiлi бiр уақыттың жауапкершiлiгiн көтерген сол буын ендi әдебиетке iрi дүниелер ұсынатын кезеңге келдi. Тәуелiз елдiң әдеби шежiресi солардың мойнында. Күтейiк! Әдебиетке бұлардан кейiн келiп қосылған толқын әл-әзiр тыңғылықты дайындықта. Бiразы аудармаға бас қойды. Жарымы жазу үстелiнде. Жасөспiрiмдерге арналған екi кинофильмге сценарий жазған (бiрi жарыққа шықты), көлемдi кiтабын баспаға әзiрлеп тапсырып, дәл қазiр елiмiздегi ең iрi театрға арнап «Сен...» атты екi актiлi мюзикл (тың жанр) дайындап жатқан Бақыт Беделханның шығармашылық еңбегiн алабөтен атаған абзал.
Қазақ мәдениетiнде академик Алдан Айымбетовтiң алатын орны – төрде. Сол Алданның iсiн жалғастырып жүрген бiр жанкештi бар, ол – «Шетел әдебиетi» басылымын шығарып жатқан талантты қаламгер Ардақ Нұрғазыұлы. Осы басылымды шығару жолында шығармашылық Һәм психологиялық күш-қуатын сарп етiп жүрген (өзi құрылтайшы, өзi терiмшi, өзi беттеушi, өзi аудармашы, өзi корректор, өзi журналист, өзi жүргiзушi) Ардақтың еңбегi бағалануға тиiс. Төрдегi ақжағалылар оңды-солды таратып жатқан тендерлiк қаржының бiр пұшпағын осы «Шетел әдебиетi» үшiн бөлiп берсе, ұрпақ алдындағы бiр борышын өтер ме едi?..
Айтпақшы, «рейтингке» жанкүйер оқырмандардың көбi елде жүрген ақындар – Арман Қаниды, Шәкизада Әбдiкәрiмовты, Тыныштықбек Әбдiкәкiмовты, Ертай Ашықбаевты, Серiк Ақсұңқарұлын, Сабыр Адайды, Светқали Нұржановты жиi сұрайды. Аманатты жеткiзу – парыз!
Рейтинг алдағы уақытта ептеп өзге сипатта жалғасады.
P.S. Мағауиннiң сегiз жасында «Тапқыр торай» атты роман жазып атаққа шыққан Мүслима есiмдi вундеркинд немересi есiңiзде ме? Екi жасында Абайды жаттаған, үш жасында хат танып, бiр жылда үш сынып аттап оқыған. Тоғыз жасына дейiн «Робинзон Крузоны», «Қазына аралын», «Абай жолының» төрт кiтабын тауысқан, сосынТургенев пен Чеховқа ауыз салған Мүслима! Мағауинге қалай «жазып, сызу керек екенiн»үйрететiн Мүслима! Бiздiң түйсiгiмiз – «Мүслима –жазушылыққа, әдебиетке кешендi түрде дайындалып келетiн ұрпақтың көшбасшысы» дейдi. Демек, кiтап ат басындай алтыннан да артық бағаланатын күмiс дәуiр қайта тумақ. Туады сол дәуiр. Кiтап қайта патшалық құру керек. Сол кезде халтура iнiне қайта кiредi.
Панда жылаған жаз кітабынан