ЖАҺАНДЫҚ ӘДЕБИ ҚҰБЫЛЫСҚА ҮЗЕҢГІ ҚАҒЫСТЫРҒАН

Бүгінде қазақтың белгілі жазушысы Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романы әдебиеттің Бас бәйгесіне түсіп жатқаны анық. Ол туралы академик Сейіт Қасқабасов, сыншы Әмірхан Меңдеке сияқты ұлттық әдеби таным білгірлері басты басылымдарда сүбелі сөздерін айтып, әділ пікірлерін білдіріп жатқаны белгілі.

Осыған орай, жазушының 30-ға толмай жазған, әдебиетшілер арасында жаңашылдығымен айрықша бағаланған «Алтай балладасы //Алтайдың алқызыл модағайы» романы туралы кезінде ерекше қуанып, таңдана пікір қозғап, әлемдік әдеби үрдіске үн қосқан жаңашылдығы жайында дөп басып, тебірене жазған, бүгінгі әдебиеттің «тамыршысы» атанған ғұлама-ғалым Шерияздан Елеукеновтың мақаласын ұсынып отырмыз. Өйткені бұл мақала көп жұрт көзіне түсе қоймаған, ғылыми басылым кітаптарда ғана жарияланған еді...

Мәртебелі қалың оқырман! Өзгеше мәнерде ой қозғаған айтулы мақаламен таныссын, көңіл аударсын деген оймен ұсынамыз.

Редакция

 

ЖАҺАНДЫҚ ӘДЕБИ ҚҰБЫЛЫСҚА ҮЗЕҢГІ ҚАҒЫСТЫРҒАН

 

Бүгiнгi әдеби процестiң бiр ерекшелiгi, қазақ сөз өнерiнiң таптық әдебиет мiндетiн ада еткендiгi. Ендiгi сөзiн бiр ғана таптың емес, барша ұлт тұрғысынан толғауға көшiп, дүние жүзi рухани мәдениетiнiң сара жолына түстi.

Қазiргi ұлттық әдебиетiмiз жат бағыт, керi ағым дегендi бiлмейдi. Өзгенiң де тәжiрибесiн жатсынбайды. Әлемдік әдебиеттің бар байлығын өз байлығындай пайдаға асырады. Соңғы жылдары бұл процесс айырықша күш ала бастады. Соның бір мысалы – жазушы Асқар Алтайдың «Алтай балладасы (Алтайдың алқызыл модағайы)» атты роман-мифі.

Ұлар деген аңшы жігіт пен Айқоңыр деп аталатын аюдың, адам мен хайуанның арасындағы ала-бөтен тартысқа құрылған бұл роман алға тартқан проблемалары жер жүзі әдеби процесінің әргі-бергі құбылыстарына еріксіз

жетелейді. Біріншіден, туындының роман-миф аталуы мұндай жанрдың бұрын-соңды қазақ көркем сөзінде кезікпегенін еске салады. Шығарманың образ бояуын қанықтыру, қайсыбір ойларды шегелей түсу мақсатында миф қазынасы пайдаланылатын. Ал мына шығарма басынан аяғына дейін жұмбақ бейне, жаратылыстың тылсым, бейсана күштері хақында тебірене толғанады. Екіншіден, «Алтай балладасында» идеал атаулыны мансұқ ететін, ұстаздық тағылымдардан бойын аулақ ұстайтын постмодернизм әсері де жоқ емес.

Үшінші бір ерекшелігі, фрейдизмге, одан бұрынғы жаһандық әдеби құбылыстарға жанасымдылығы. Шығарманың социалистік реализмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын дәлелдеп жатудың қажеті аз.   

Мұндағы бай – Қызыр байдың, оның балаларының роман тартысының ушығуына қатысы тап қырқысы дегеннен тысқары өрбиді. Бір біріне асық, ынтық Бұлабике мен Ұлардың махаббатын тұншықтыру обалы осылардікі болса да, екі жастың қосыла алмауы таза ар-инабат, құлықтылық, ұлттық көне менталитет мәселелеріне тіреледі. Қызыр бай кейіпкер таптық принцип негізінде жасалған бейнеге ұқсамайды. Бұл бай, оның намыскер балалары – ел ішіне сіңген ежелгі әдет-ғұрыптың ең қасарысқан жоқтаушылары десек ләзім. Біреуінің қызы, біреуінің қарындасы Бұлабикенің айттырған жеріне аман-есен аттанудың орнына бөгде біреумен көңіл қосып жүкті болып қалғаны жандарына батады.

Автор позициясы о жақты да, бұ жақты да кінәламайды, болған істі болған күйінде баяндайды. Қыз бен жігітке, екі ғашыққа жан ашу,оқиғаның қайғылы аяқталуына ашыну сезімі ашық айтылмаса да, сезілетіні рас. Ол сезім бақытсыз Бәдиғұл мен тілегі кесілген Ұлардың тағдырын адамгершілік тұрғыдан мүсіркеуден туған. Көнерген ескі тәртіпке назырқанудан аспайды. Романның өзге де бірқыдыру әңгімелері, соның қатарында ұлтқа, елдің жай-күйі мәселелері де қосалқы тақырып есебінде. Айтылған бойда көңіліңді селт еткізгенімен, басты тақырыптан оқшау тұрғандықтан бірте-бірте «ұмытылып» қала береді.

Мифке жатпайтын қосымша эпизодтардан білетініміз, Алтайға келімсек кержақ орыстардың бойлап енуі. Жергілікті елге, экологияға бұлардың зиян, зардабы аз емес. Арғы жақтан қара Қытай. Байғұс қазақтың екі бүйірден қысым көруі сол кездерден ақ басталған. Кержақтар Ұларды тұтқындап, Алтай – ақ патшаның, қазынаның жері, ол жерде өскен аң аулауға рұқсатың жоқ, «салық төлемедің» деген желеумен айырбасқа әкелген тері-терсегін тартып алады. Өзі қамақтан әзерге босайды. Бұның алдында үйден аттанған әкесінің қайтып қарасын көрсетпей жоғалып кетуінің себебін Ұлар енді түсінгендей болады. Мылтық құрған кержақтың оғына шалынған. Ежелден әдебиетімізде сан көтерілген бұл проблемалар романның мифтік өзегінен қашықтау.

Роман қаузайтын басты тақырып – өзге болмыс. Бұлабике тағдыры. Тіршілік заңының әлде не құйтырқы құйынына тап болып, өлігіне дейін қорлануына байланысты... Бұлабике трагедиясы – жазмыш ісі. Бұлғақтап бой жеткен еркешора қыздың жүзі шіркеулі. Шешесі жастай өлген соң бауырына басқан Май апасының «Жүзіқара!» деп жүзін сырт салғаны аяғы ауыр жанға бәрінен ауыр тиді. Ағалары таяққа жыққан ғашық жігітінің қайда кеткені белгісіз, ұштыкүйлі жоқ. Осының бәрі қыз жанына қатты батқан. Шері сызылтқан әнге ұласады.

Алтайдың шулап тұрар қалың нуы,

Атқы боп асып тасар қардың суы,

Қорғасын қара сазын қыстап қалған

Үйірінен бөлінген мен бір қуы...

Қанаты қысқа аққудай,

Қу көңілім жылады-ай!..

Жазмыштың және бір бұйрығы – айтуға тіл жетпейтін бұйрық. Байғұс баланың тәңіріне не жазғанын, бұған тұтқиылдан хайуанның көңлі ауады. Ыстықта ауылдан жырақ жердегі бір сарқыраманың суына шомылып жатқан мезетте аю шабады. Шапқанда жем үшін емес...

Аюды көргенде зәресі зәндемге кеткен тұттай жалаңаш қыз қалтырап есінен танғандай. Аю сұқтана жон арқасын жалай бастайды. Қызды қара тажалдан құтқарған Ұлар атты аңшы жігіт. Ұлардың да табанда Бұлабикеге аңсары ауады. Ақыры екеуара махаббат оты маздап жанады. Амалдары құрып, бұл өмірден татқан ләззаттары көрген түстей болады. Болғанда оқыстан. Ұл тапқан Бұлабике босанған соң көз жұмады. Біреулер улап өлтірді деседі, біреулер босанғанда қан кетіп толастамауынан жан тәсілім еткен деседі...

Сонау Монголияға нағашылап кеткен Ұлар, жолшыбай ғашығының қазасын естіп, таң қараңғысында сүйгенінің моласына келеді. Келген бойда көрдің ақтарылғанын көреді. Сол арада көрге ақырып аю да түскен. Бұл – сарқырамада Ұлар тұмсығының дал-далын шығарып жаралаған Айқоңыр еді. Қапы қала жаздаған Ұлар аюдың ішін селебесімен есіп үлгереді. Өзі де алып хайуанның тырнағынан құтыла алмай, майып болады...

Осының бәрі жұмбақ аңыз, миф. Миф десең де, тамыры пәлсәпасы тереңде жатқан дүние. Оқиғаның астары “ойпыл-тойпыл” ойларға бастайды. Әлемдік әдебиет беттеріне үңілтеді. Атап айтқанда, сонау Х1Х ғасырдағы француз жазушысы Проспер Мерименің «Локис» атты (1869) новелласын парақтатады. Ондағы бас кейіпкер граф Шеметтің анасын бір кезде аю алып қашқан. Аюды ағаш арасынан тауып алып, атып өлтірген. Аяғы сынған әрі есінен танған әйел әрі-сәрі халде жүріп босанады. Ұл табады. Босанған бойда тапқан баласын өлтіріңдер хайуанды деп айқайға басады. Жұрт мұны жынданып кеттіге балайды.

«Локис» деген сөздің баламасы – аю. Бір кезде Мериме новелласы орыс тілінде «Медведь» деген атпен де шыққаны мәлім. Аю деп тақырыпқа шығарып, әңгімеге тиек болып отырған кейіпкер – жас граф Михаил Шемет. Білімі мол, ақылды адам. Бірақ кей тұстарда кісі шошынтатын таңғажайып мінез танытады. Арасы тым жақын көздерінен жүрек қарытар жарқыл шығады. Аюмен алысып астына түссе де, аман қалады. Жыққан аю біраз иіскелеп тайып отырады. Мұны жұрт жыртқыштың өлген адамға тимейтініне балайды. Граф Шемет түн баласы адамша ұйықтамайды. Қорылы ырылға айналып, қасында жатқан кісінің зәре-құтын алады. Нелер қабаған ит мұны көрсе, құйрығын бұтына қысып зыта жөнеледі. Жылқы баласы үркеді. Үйленген бойда қалыңдығын қан жоса ғып талап, граф өзі зым-зия жоғалады. 

Шеметтің сезім-түйсігі елден бөлекше. Үйіне түскен қонағы профессордан: адам жаны неге үнемі екі дай, екіге жарылады? Біздің табиғатымызды неліктен кереғар күштер мазалап езіп жанышады? - деген сауал қояды. – Қолыңызда оқтаулы мылтық. Алдыңызда тұрған ең қымбат досыңызды атып жібергіңіз келеді. Бұл ой сені қатты шошытады. Айналдырған бір сағаттың ішінде сені талай ойлар қамайды. Егер оның бәрін ашық айтсаң, сені не түрмеге не жындыханаға салып қояры сөзсіз, - дейді.

Мұндай ойлардың сырын, жоғарыда айтылғандай, австрия дәрігері Фрейд (1856-1939) ашып берді. Адам ту баста хайуандар әлемінен ажыраған. Ол хайуандық, жыртқыштық мінездерден адамзат қоғамы құрылуының, мәдениет атаулының пайда болуының арқасында құтылды. Адам жаратылысындағы хайуандық нышандарды сол мәдениет атаулы қабыршақ бүркеп тұр. Ол әлі күнге тым жұқалтаң. Оны ұмытпауға, мәдени нәзік тері қабығыңды жыртып алудан абай болуға керек деген. Проспер Мериме аю кiндігінен жаралып адам құрсағында кісікиіктеу боп туған адам туралы аңызға әдебиет нұрын түсірген. Адамның жаңағы дуалистік, хайуандық һәм кісілік екіұшты табиғатына жантүршігерлік материал күшімен назар аударуға тырысқан. Проспер адам жанының ғажайып дуализмін ғылымнан, айталық фрейдизмнен әлде қайда бұрын ашқан.  Сол секілді, соған қалайда жанасымы бар жұмбақ ақиқатқа «Алтай балладасында» да назар аударылған.

Былай қарағанда әңгіме адам мен хайуанның ұрғашыға құмартуы жөнінде болып отырған секілді. Адам жанымен сүйеді. Ал, хайуан құмарлығы – тән инстинктінен әрі аспайды деген сияқты. Шын мәнінде роман тақырыбы күрделірек.

Романға алғысөзде оның авторы Асқар Алтайды «Табиғаты бөлек, танымы терең» жазушы дей келе, ақын Сәкен Иманасов: «Асқардың аюы аюша «ойлайды», аюша «әрекет етеді», оған «имандай ұйып сенесің, иланасың»  деп жазыпты. Адамның әрекеті арқылы іші ашылады. Ішкі ерекшеліктен характер сомдалады. Айқоңырға «адамдық жан», «характер» бітіргенде түп есепте сол адам табиғатының фрейдизм ашқан бейсаналық тағылықтың бүркеулі белгілерінің сыртқа булыға шыққан шынын әшкерелеп көрсету көзделген.

Айқоңыр – кейіпкер ретінде  адамның құпия бейсаналығының айнасы. Бұлан-талан бұлағай салған жүгенсіз тағылық сезім әрекеті. Ондай сезімді ноқталап қана ұстау керек. Ноқта – адамзат мәдениеті, өркениеті, ар-инабат секілді Құдай дарытқан қасиеттер болса керек.

Роман финалынан бір көрініс: «Бесін ауа бейіт басындағы қарбалас та тоқтады... Көрден шығып қалған Бұлабике қабірге қойылды. Ұлар қарағай түбіне көмілді. Айқоңыр болса қос атпен тақымдай сүйреткен бойы орман ішіне апарылып, үстіне таудай қу бұтақ үйліп, өртеліп жіберілді».

Сумылтық – Ұлардың аты үйірге қосылды. Бара-бара иесін ұмытты. Бұлабикенің бейіті жермен жексен. Жалаңаштау жон үнсіз жантайып жатыр. Алтайдың ал қызыл модағайлары ғана жаз шыға тіршілік белгісін береді. Көңілден бәрі ұмыт. Ұмытылмағаны – жұмбақ аңыз, миф. Енді роман беттерінде көркем бейнеге айналды. Ендігі жерде, тіпті ұмытылмақ емес. Өйткені тіршіліктің терең құпияларына көз жіберген талап қағаз бетінде таңбаланды. Өмір көкжиегінің арғы жағында не барға ұмтылды.

 Ал, алқызыл модағайлардың ат тұяғындай ауыр бастарын шұлғытып тұрған жел – романтика желі.

 

Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор 

 «Қазақ әдебиетінің тарихы», 10-т.Тәуелсіздік дәуірі.

А., «ҚАЗақпарат», 2006. 56–60 бб.