ТОҒЫЗЫНШЫ ТОЛҚЫНДАҒЫ ТОЛҒАНЫС...

 

Файзолла Төлтайдың поэзиясы хақында

Сұлулық, Ақыл, Рух, Сезім және олардан кейін дүниеге келген мәңгілік түстер әлемі. Әлем әдебиеті процессінің әлі күнге дейін бағытын айқындап отырған ХХ ғасырдың басында көркем сөзге ұйқысыз түндерден кейінгі түс-аян сипаты келіп еді. ХХ ғасыр әдебиеті ХХ ғасыр күнтізбесінен ертерек басталғаны анық. Бұған себеп болған екі есімнің бірі – Ф.Ницше, екіншісі – З.Фройд. «Құдайдың өлімі» (Ницше) әдебиеттің қағидасын ауыстырды, ал Фройдтың түс жоруы өнердің бар саласына әпсәтте жыланның уындай тарап үлгерді. Ролан Барт құдайдың өлімін автордың өлімімен жалғайды. ХХ ғасырдың соңына қарай (1967 ж.) Бартша айтқанда: ендігі оқырманның дүниеге келуі – автордың өлімінен басталады...

Антикалық дәуір жырлаған Сұлулық, ағартушылықты насихаттаған Ақыл, романтизм төрге шығарған Рух, символизм сүйген Сезім – осының бәрі жиырмасыншы ғасырға жылжып келіп, ақыры дүниенің кемдігін толтыра алмаған декаданс көңіл-күйін орнатты. Алда мәңгілік ұйқы... мәңгілік түс-аяндар күтіп тұрғандай... Сюрреализм!

Көз алдыңызға Сальвадор Далидің 1940 жылы жазылған «Соғыстың сұрқы» картинасын елестетіңіз.

 

«Соғыстың сұрқы» Сальвадор Дали

Көпшілік сюрреализм сынды реализмнен «алшақ» (шынында реализмнің ең үздік үлгілері, Достоевскийше «Реализм в высшем смысле») бағыттардан қаймығып тұрады. Әсілінде, біз өнердегі модернизм мен постмодернизмнің алтын діңгегін құрап келе жатқан жаңа көркем формалардың адамзаттың қарапайым тіршілігіне қаншалықты жақын екенін сезбей келеміз.

Мәселен, Еуропа поэзиясындағы аз да болса өз қолтаңбасын белгілеп кеткен сюрреализмнің басты теоретигі Андре Бретонның түстер жайлы жазбаларынан бірер мысал:

«Города, утратившие нашу любовь, мертвы. Посмотрите вокруг: небеса да пустыри; естественно, мы их тоже возненавидим в конце концов». (Андре Бретон, Магнитные поля, 1919) Бретон поэзиядағы сюрреализмді түс-аян арқылы қағазға қондырады. Далидің жоғарыда берілген картинасы сынды Бретонның осы ойлары да ақылға қонбайтын (ағартушылық дәуірі), сезімге сыймайтын (романтизм, символизм) суреттері өң мен түстің арасында бұлдырап тұрғандай көрінеді. Фройдтың түс жору туралы ойлары кез келген халықтың фольклорында бар дүние. Ал поэзиядағы сюрреализм дегеніміз – сіз бен бізге белгілі аян- түстер (поэзия – адамзат тілі). Күндіз айнала ұшқан қарғаларға мән бермесек те, түсімізде көрген қарғаның қарқылы кейде жүректі ауыртады... Сол сынды жоғарыдағы Далидың суретін немесе Бретонның сөздерін жіктеп шақсақ, әр деталь барынша анық һәм түсінікті екенін байқауға болады: қала, бас, тас, құм, аспан... Осының бәрін бір жерге ығыстырғанда – дәл сіз көретін түстер сияқты картина пайда болды емес пе? Осыншама кіріспеден кейін қазақтың жас ақыны, тылсымы көп, тұңғиғы терең болып болып көрінетін Файзолла Төлтайдың келесі суретіне мән бере қарасаңыз:

«...ол отандай сүйіктісінің бір тал шашын сүйегіне орап,

көлеңкеге ғашық шақырайған күннің астында от жағудан шаршаған емес –

жол санап тобығынан аққан қан іздерін құм шалған табанын күйдіріп барады,

күйдіріп барады жирен шашты әйелдің қолын алақанындағы бір уыс тұз».

«Отан», «от жағу», «жол санау», «бір уыс тұз» - мәңгілік жолаушының образына жарасымды тіркестерден фантастикалық образ іздемеңіз – бұл өмірдің өлеңге айналған қарапайым тіркестері.

 

***

Жалпы, поэзияға көпшілік алдында пікір білдіру қаншалықты дұрыс? Поэзияны теориялық шекаралармен өлшеу мүмкін бе? Мұндай риторикалық сауалдарды осылай жалғастыра беруге болады. Лирикада автор мәтін тудырушы емес, керісінше мәтін авторды таңдайды. Файзолланың шығармашылығы туралы сөз қозғау үшін жоғарыдағы кіріспе бөлім – қысқаша теория, Бретонның шығармасы, Далидің суреті сұранып тұрғандай болды. Алдымен, әдебиеттанушы ретінде бізді алға жетелеп отырған мәтіндер бәрінен маңызды екенін атап өту керек. Бүгінгі сөзімізге тиек болып отырған өлеңдерді жалпы әдебиет жүйесінде көру мүмкіндігі һәм оқырманмен диалог құру үшін топтастырылған пікірлер жалпы еліміздегі әдеби процесске өзгеше үн қосса деген үмітіміз бар...Ақын Файзолла Төлтайдың әлеуметтік желілерде жарияланған өлеңдері мен өз алдына бір бөлек әңгімеге лайықты аудармаларын бірнеше мәрте оқып шықтым. Кей мәтіндерді қолыма қарындаш алып оқуға тура келді – бұл күрделіліктің белгісі емес, керісінше автордың өлеңдерінде табиғи жұмсақтық бар. Жеңіл оқылады, алайда бірнеше рет оқыған сайын бірден байқалмайтын жаңа образдарға тап болуыңыз мүмкін: 

«Қызық, кешегі түнде кімдер өмір сүріп жатыр екен қазір? Мен не істеп жүр екенмін онда? Соңғы рет қай жаққа қашарын білмеген жел сынды жалғыздығыма шырмалған қалың бір нөпірдің ішінде тұрғанымды білем. Басқа бір де бір белгі жоқ. Тек онда кешегі түн ғана бар. Сол түнде кім өмір сүріп жүр екен қазір?

 Қазір де түн. Кешегі түннен айнамайтын тағы бір түн. Терезе алдына жайғасқан талайсыз бір түн. Ешқашан басымнан өткеріп көрмеген махаббатымды еске алып, шылымымды тұтатып отырмын мұнда. Шылымның түтіні –құмырадан босаған жын сынды көзімнің алдында бірер сәт көлбеңдеп тұрады да ауаға сіңіп жоғалып кетеді»...

 «Қашу» деп белгіленген өлең оқырманның ішкі монологына арналған, яғни «Қызық...» деп басталған ойды жоғары дауыспен көпшілікке оқитын өлеңге жатқыза алмайсыз. Барт айтқан автордың өлімі осы мәтіннің формасы мен лексикалық деңгейі арқылы жүзеге асып отырғандай. Оқырман дүниеге келу үшін автордың өлімі – шарт. Әрі қарай:

«(...)Мен емес секілді кешегі түнде өмір сүріп жатқан адам. Шылым шегіп тұрғаныма қарағанда шылым шегіп тұрған адаммын деуіме болады өзімді. Бірақ ол да шындыққа жатпайды қазір.

Бейне бір күтпеген жерден көз жұмған сындымын. Еш жерде, ешқашан көз жұмған сынды. Менің өлімім белгілі бір уақытқа тиесілі емес. Белгілі бір мекенге де тиесілі емес менің өлімім. Қандай да бір себепсіз, еш жерде, ешқандай уақытта орын алған бір өлім.

Кім сонда қазір кешегі түнде өмір сүріп жатқан адам?

КІм сонда қазір өмір сүріп жатқан адам?

Мен бәлкім, қай жаққа қашарын білмеген жел сынды жалғыздығыма шырмалған қалың бір нөпірдің ішінде адасып кеткен шығармын.

Мен бәлкім, жай ғана адасып кеткен шығармын».

 

Мысалы,  осы өлеңді классикалық әдебиет теориясына салып,  ұйқасқа, метафора мен образдарға бөліп талдау мүмкін емес. Бірақ сөздің көркемдігіне күмән келтіре алмаймыз. Ақынның осы және басқа да өлеңдерінде байқалатын тенденция – сана арпалысы. Және сана арпалысы (тасқыны) көркемдік әдіс емес, шығармашылық принцип негізінде алға шығып отырғаны анық. Шығармашылық принцип болса мінезге ғана бағынады. Сонда модернизмді жалғыз ізденіске сыйдыратын үйреншікті пікірді қайта қарастырып, модернизмнің басында түйсік пен мінез бар деген ойды өрбітуге болатынын байқаймыз.

«– Алтын суымен жазылған кітаптың алғашқы парағы секілді

кіл жаратылысты құрсауына алған 

мына бір уақыттың қап-қара қанатты табыт екенін сезіну қандай өкінішті»: 

Ф.Төлтайдың шығармаларын форма жағынан талдау – оқырманның сауалына көп дегенде салқынқанды жауап қана қайтаруы мүмкін. Бұл орайда тақырыптық талдау біршама ойларға жол сілтейтін сияқты. Кейінгі жылдары автордың есімі азаматтық лирикамен көбірек танылғандай. Бұған сеп болған Мұхаммед Салихтың тұңғыш қазақ тілінде жарық көрген «Вал-фажр» өлеңдер жинағы – ақынның аударма саласындағы еңбегін еселеп, қоғамда өзекті тақырыптармен үндес келуі – көпшіліктің пікірімен үйлесе кетті. Алайда, Файзолланың шығармаларын оқи отырып, оның өзіндік пәлсапалық ұйқастарға құрылған «Мәңгілік сұлулық», «Мәңгілік махаббат», «Жүз жылдық жалғыздық», «Тұрақсыз жолаушы» сынды тақырыптарындағы сәтті мәтіндердің бағы қоғамдағы азаматтық ұстанымның көлеңкесінде қалмаса екен деген ой келеді еріксіз. Ендеше бұл мақалада қоғамда пікірталасқа өзек болған азаматтық лирика мен  «Вал-фажр» аудармасы туралы артық сөз айтудың қажеті жоқ сияқты...

В.А. Жуковскийдің «Переводчик в прозе есть раб; переводчик в стихах – соперник»,- деген сөзі тағы еске оралып отыр. Файзолланың поэтикалық қуатын арттырып тұрған аудармалар туралы әңгіме бөлек. Бұл тұста, қазіргі ақындардың көбі көз тігетін орыс және ағылшын поэзиясының еркін аудармалары сан жағынан артып, өміршеңдік жағынан кеміп келе жатқанын айтып өткім келеді. Файзолланың аудармада дәл өз поэзиясындағыдай шығармашылық принципі байқалады. Жуковский айтқандай, автор аудармада өзіңе «бәсекелес» (үндес) мәтіндерді іздейтіні байқалады:

 

Әй, ғашықтық, өрт сенің – бірге туған бауырың

ал қайнарың –самал жел, тұман болса –қалыбың;

жұпарыңа масайрап өрт “ием” деп қайнарды –

топырақ та күл болып, су топанға айналды;

алып үйлер Шырынсыз тәрк етілген апандай,

алып таулар Фархатсыз жел өтінде сабандай,

жеті ұрпақтың бәрінде болған мұндай жан дерті

бізге олардан сол бір дерт мирас болып қалды енді.

Бірақ біз де жаза алмай кетерміз жан жарасын –

жұпар аңқып мәңгілік тек сен ғана қаласың...

(Хафиз Ширази/ Ғашықтық)

 Ф.Төлтайдың табиғатына сай өлеңдер көбіне ауыз әдебиеті, ескі жазбалар, Э.А.По лиркасы, Й. Сеферис өлеңдері мен шығыс шәйірлерінің шығармашылығынан табылғанын байқауға болады. Арасында көзге ерекше түсетін Х.Л.Борхестің аудармасы автордың шығармашылық бейнесін жалғап тұрғандай (сюрреализм/ магиялық реализм). «4000 жыл бұрын жазылған әлемдегі ең алғашқы махаббат өлеңі», «3000 жыл бұрынғы Ликиялық өлең. Авторы белгісіз» сынды аудармалар ақынның уақыттың қалыпты түсінігінен аттап шығатын мінезіне сілтеп тұрғандай:

 

«Ғасырыңнан мені іздеп таба алмасаң мұңайма,

мен қолданған заттарды көзің шалар қалайда:

паршалаған тастар мен жолдарды да табарсың,

мүсінді де мен жонған кезіктіріп қаларсың.

Мыңжылдықтар қақпасын бұзып өтіп біздегі –

тым болмаса қауышар қолымыздың іздері...»

 

Уақыт – Файзолла Төлтай шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі. Нақтырақ айтқанда, оның жоқтығы көркемдік кеңістіктің шекарасын жойып жібергендей. Ақынның өлеңдерінде өткен, келер немесе осы шақтардың айырмашылығы жоқ. Бәрі де бір уақыт, бәрі де бір кеңістікке сияды:

 

«Бүгін,

өмірдің бар екенін ұмытып,

өлімнің жоқ екеніне сенген түндердің бірі... »

Ақын шығармаларындағы уақыт пен кеңістіктің Сальвадор Далидің картинасындағы еріген сағаттай сезілуі автордың еркіндікке ұмтылған ойларын аша түседі:

«Біз өмір сүріп жатқан уақыт пен кеңістік арасындағы ұзақ бір ғұмыр –

ұзақ бір азап боп есептелетін секілді-ау, сірә;

азапталудың өзі –

тіршілік ляззатын алу;

тіпті сол ләззаттан тараған толассыз мұндағы күнә да –

тек өзің күнә деп сезінген уақытта күнә...»

Файзолла Төлтай сынды жаңашыл һәм батыл ақын замандастарымыздың шығармашылығын тану үшін академиялық негіз, не табиғи түйсік болу керек деп ойлаймын. Сахна үшін жазылған өлеңдердің өз орыны бар шығар, алайда сахнадағы «әсер» әдебиеттің сынын көтермейтінін қабылдау керек. Мәселен, түйсік пен дайындық деп нақтылап атауыма тағы бір себеп - тілге тиек етіп отырған ақынның өлеңдеріндегі синтездік сипатты бәрі бірдей көрмеуі мүмкін: «мәңгілік өлкеде жетілген құлдың өртіне ұқсас төбелерінен күн шақырайып тұр», «көкжиекке жамырай ұшқан көлеңкелерді есіне алуға қорқатын күн», «шақырайған күннің астында от жағу», «Ұшақтың ішінде теңіз бар» сынды бірқатар тіркестерден қызыл, қызғылт, алау от түстерін көрген сайын, кеңістіктің бояу тамшыларымен араласқан сайын Эдвард Мунк, Сальвадор Дали, Ван Гогтың картиналарын елестетпеу мүмкін емес. Автор өлең мен қылқалам синтезін саналы түрде таңдады деп дөп басып айта алмаймын. Десек те сөздің басында айтқан сана арпалысы (тасқыны) оқырман мен автор арасындағы әлемді табиғи дарын, шығармашылық принцип, өнерге деген махаббат, мәңгілік ізденістермен үйлесім тауып келе жатқанын нақты мәтіндердің өзінен көріп отырмыз.

Файзолланың шығармашылығы бүгінде ой толқынында, арпалыс үстінде келе жатқан сияқты сезіледі. Бастысы ақын іштегі тепе-теңдікті жоғалтпаса екен деген тілегіміз бар...

 

Ақерке Асан

Әдебиеттанушы