«ТӘҢІР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ»

2009 жылдан бері маған ұстаздық еткен, кей тұстарда әкемдей қамқор болған Ақсұңқарұлы туралы бұл мақаланы мырзақамақта (карантинде) бастап, сәуір мен мамырды тауысып, маусымға иек сүйек отырып аяқтадым. Он жыл қасында жүргенде санамда анық айқышталған сәттердің басын құрадым. Бір өшіріп, бір жазып он жылды адақтап шықтым. Естеліктерінің өзі өзіне тән. Тентек. Көп сайранды күн газет бетіне басуға жарамайды екен. Ауызекі әңгімеде тыңдаушының ішек-сілесін қатырғанға болмаса. Ақсұңқарұлының қасында жүру киноға сомдаған Есениннің қасында жүрумен бірдей. Орыс әншісі Алла Пугачева «сұхбат – шіркеудегідей күнәдән арылатын жер емес. Бәрін айта алмайсың» депті. Мен бәрін айтпасам да Серіағам жайлы нәрін айтуға тырыстым.

 

ОЙДАҒЫ ОБРАЗ. ЖЕНДЕТ. БОМБА...


Серік Ақсұңқарұлы. Бұл есім-сойды бала күнде естідік. Кейде бір адамның есімін естігеннен-ақ со кісі жайлы пікір қалыптасады. Менің көз алдыма қатал, сарт-сұрт сөйлейтін, өткір адам елестеген. Одан кейін қолымызға «Адам ата – һауа ана» түскен соң шамырқанған рухты жырларын оқып, бұл пікірім тіпті беки түсті. Кітап мұқабасындағы автопортрет жазбасының өзі бір шаһқар. «Әкем Ақсұңқар. Аты өзі айтып тұр. Мен де жапалақша күн кешпедім» депті. Кітап іші Қызыларай, Париждегі қайғылы Бунин, араб аңызы, Хиросима... Әлем менің алдымда жатты. Бала қиялға қанат бітіп, ақынға еліктеп һәм ғажап жырлардың әсерінен мен де алғаш өлең жаздым. Кейін ойлап қарасам бұл ақынның алапат қуатының көрсеткіші екен. Ауылдың доп қуған қара домалақ баласына ойда жоқта «О, адамзат!» дегізген. Қауақ басқа ой салған. Өлеңге ғашық еткен... Ақсұңқарұлын оқып, осы уақытқа дейін қанша бала түнімен қағаз шимайлады десеңізші?!..
...2010 жылы ақынның туған ауылына жолға шықтық. Мені «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде Бас редактор Мағауия Сембай ағамыз (бейіште нұры шалқысын) іссапарға жіберген. Бір көліктеміз. Баруымыз салтанатты болғанымен, қайтуымыз мехнатты болды. Ауылынан арқаланып шыққан ақын ағам жағалауын мүжіген асау теңіздің ашулы толқыны секілді маған дүркін-дүркін шабуылдайды. Басымнан сөз асырып көрмеген мен де шамырқанып қалам. Бірақ баяғы ізет пен сыпайылық. Үйіне келгенде ғана бұлт астынан шыққан күндей жадырап, «Сені сынап келіп едім. Түйе ботасын қарпып сүйеді. Өттің. Інімсің ғой» деп күліп, иығыма шапан жапты. Баяғы бала күнде кумирге айналған ақын, қатал, сарт-сұрт сөйлейтін, өткір адам – Ақсұңқарұлының басқа бір қыры, баладай жұмсақ мінезі ашылды. Түйілген қабақтың ашылуы жіптің күрмеуінің шешілуіндей тез екен. Кейін де талай ұрыс естідік. Өкпелегеніңді сезген сәтте «ей, мен сен адам болсын деп айтам, пацан» дейді. Еріксіз жымиясың.
Дәл осы 2010 жылы ақынның алпыс жылдық мерейтойы дүркіреп һәм күркіреп өтті. Шығармашылық кеш. Серіаға шамамен екі өлең оқып қана үлгерді. Сол кездегі театр директоры Кеңес Жұмабек ағамыз шығып, «кеш аяқталды, ақырындап залды босатуларыңызды сұраймын» деді. Иін тіресіп отырған бұқара әуелде қалжың шығар деп ду күлді. Бірақ күреңіткен Кеңес ағаның түрін көріп, жұрт жылыстап кете бастады. Мен шымылдықтың артына өттім. Жаңа ғана өзі отырған салтанатты орында Серіағам тұр. «Не болды, аға?» десем, «Бомба қойылыпты, жүр кетейік» деді асығып. Залдан шығып бара жатып Темірхан Медетбек ағамыз «Онсыз да заман қату, бұл деген ақын тойын арандату» деп күбір етіпті. Редакторым Мағауия Сембай ағамыз «осыны тақырып қылып қоясың да мақала жазасың. Зертте, зерделе» деп тапсырма берді. Ақылымызға айғыр сала алмай, абдырап отырмыз. «Кім? Кім болуы мүмкін?» Жастық аңғалдық па, әлде қаламымызды періште бағыттады ма, бомба қойып, інде жатқан жыланның құйрығын енді мен дәл басыппын. Тұспалдап жазғаным тура төбесінен түскен екен. Сондағым Алаштың аяулы ақындарының өмірін, кімдердің қалай қастық жасағанын айтып, бүгінгі кешке сабақтағам. Мақала шыққан күні маған телефон шалды. Өлтіремін деп. Не үшін деп сұраймын. «Ғани Мұратбаев секілді жалындап өсіп келе жатқан жас ақын Жанат Жаңқашұлын өлтірді деп тарихта қалғым келеді» деп қысқа жауап берді қаны қара. Жастықпен өлтірсең өлтір дедік. «Бірақ менің өліміммен атағыңыз шыға қоймас. Қырыққа дейін атағымды шығарып қояйын. Сол кезде келіңіз» дедім. Диктафондағы диалог әлі сақтаулы. Аяғында қорықпасымды білген соң, «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Сен менің бауырымсың. Анауыңның руы қырғыз. Оны неге жақын тұтасың?» деп үгіттеуге көшті. Ажал Алладан. Жендеттің оғы тие ме, сұқ көздің сұғы тие ме, ол да жазулы. Ал қырғыз руына келсек әуелден Қара-Шормен бірге көшіп-қонған, еншісі бөлінбеген ел. Мағауинге сүйенсек 16 ғасырдан бері қазақ ішінде. Яғни Қазақ хандығының шаңырақ демеген бір уығы... Хош, керуенсарайға келсем Ақсұңқарұлы тұр. Күліп, жаңағы киллерімнің сөзін айттым. «Герольд Белгер екеуімізден басқа Алаш деп өліп жүрген кімің бар?» деп шарт ете қалды.


АҚСҰҢҚАРҰЛЫ АКАДЕМИЯСЫ

 

Шикіөкпе баламыз. Алдына барып өлең оқимыз. Кейде қолжазба көрсетеміз. Мынау бір еріккен бала, ақын болса өзі болсын деу жоқ, ерінбей шимайлайды кеп. Онысы өзіне де, өзін «классик» сезініп тұрған бізге де ұнамайды. Сонда не әурешілік деймін де. Мінезі солай болса керек. Қат-қат кітаптар ішінен күнара екі-үш кітап ұстатады. Бір күні Маралтай Райымбековтың кітабын ұстатты. «Осы сені тәрбиелейді. Мықты ақын. Оқы» деп. Маралтайға дейін мені Өтежан, Кеңшілік, Вознесенский, Евтущенко секілді классиктерге «тәрбиелеткен». Бір күні Муин Бсису, Роберт Бернс, Бодлер деген жаңа есімдермен таныстырды. Өзің тауып оқы деді. Дәл сол кезде бұл авторлардың кітабы мен секілді өзге «студентінің» қолында болса керек. Интернеттен тауып, құжат папкасына салып, қолдан кітап жасап алдық. Бір әріп үйреткенге қырық күн сәлем болса мен Ақсұңқарұлына ғұмыр бойына сәлем қарызбын.
Қарағандыда Серік Сағынтай ағамыздың тәрбиесін көрген достарым бар. Соларға қалжыңдап «Сендер Серік Сағынтайдың колледжінің түлегі болсаңдар, мен Ақсұңқарұлы академиясын тауысқам» деуші едім. Қарағандыдағы талағында биті бар жастың біразы осы «академядан» шыққан. Бізден бұрын Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрәк, Серік Сағынтай, Қайрат Асқар ағаларымыз жүрсе, кейіннен біздің буын Мирас Асан, Жәнібек Әлиман, Алмаз Мырза-Ахмет, Рауан Қабидолдин және мен жүрдім. Бір қызығы алдыңғы ағаларымыз қырықтан асып, қартайып қалғандай да, Серіағамыз әлі сол беті. Бізді отыздан асырды да, жөнімізге жіберіп, енді Ерік Нарын, Жоламан Әйткендерді ерітіпті қасына. Біз де қартайып, ол кісіге ілесе алмай қалған секілдіміз. Есенғали аға айтқандай, «Серік Ақсұңқарұлы мәңгі жас ақын». Осыған өз жанымыздан бір сөйлем қосар болсақ «Серік Ақсұңқарұлы мәңгі жас ақын һәм талантты жастың қорғаны» дер едік.

 

СОҚТЫҚПАЛЫ СОҚПАҚСЫЗ ЖОЛ


Серіағамен әңгімелесудің өзі қызық. Эмоциямен сөйлейді. Бір айтқан пікірін біраздан кейін ұмытып қала ма, басқа қиыр, басқа ракурстан шығады. Талай ауыз күйді. Алдыңғы әңгімеге қайтып келгенде «ол солай еді ғой» деп өз пікіріне құлай салсақ, жалт бұрылып басқа бір факт ұсынады. Сосын «өй, сені қойшы. Қалай адам боласың?» деп сүтке тиген мысықтай ететіні бар. Сол себепті де кездейсоқ жағдай болмаса көбіне тыңдаушымыз. «Патша болсаңыз нағыз диктатордың өзі болар едіңіз» деп қалжыңдайтынымыз да бар. Алпыс жылдығы қарсаңында Облыс әкімінің (ол кезде Серік Ахметов) ресми қабылдауында сөйлеген сөзі жобамен былай еді: «Біз эмоцияның адамымыз. Баяғыда Лев Толстой қыдырып жүрсе Ресей империясының сарбаздары графқа құрмет көрсетпей (честь бермей) қастарынан өте шығыпты. Сонда атақты жазушы «Ресейдің түбіне жететін осылар» деп күйінген екен қасындағы серігіне. Біраз серуендегеннен кейін әлгі сарбаздар жазушы алдынан тағы шығып, құрмет ишарасын жасапты. Сонда Лев Толстой «Ресейдің жарқын болашағының кепілі міне осылар» депті қуанып...» Бұны өз аузынан серуендеп жүргенде я болмаса жазу бөлмесінде Ғалия шешемізден тығылып, темекінің көк түтінін бұйралап отырғанда талай естігенбіз. Әңгіме ғасыр бұрын жасап кеткен Лев Толстой туралы болғанымен мына сөздегі кейіпкер айнымаған Серіағамның өзі еді. Қазақта сөздің шынына қарама, қисынына қара деген бар. Серіағамның шындығы қисынға да емес, эмоциясына байланысты өзгеріп тұрады. Өмір заңында қандай ереже болса соның бәрін бұзып, белден басып, өз көңілі қалағанымен жүре беретін. Ондай сәтте ол былай ғой десең бәлеге қаласың. Тұтас «Орталық Қазақстан» газеті мақаласының яки өлеңінің бір үтір-нүктесін өзгертпейтін. О кісінің тыныс белгілерінің өз тәртібі бар. Дефис – екі қысқа сызық. Леп белгісі әр сөйлемінің соңына басымен омпы тұрады. Мінезіне редактор болуға ешкімнің жүрегі дауаламағаны анық. Өмірде сонысы үшін көп таяқ жеген шығар. Бірақ осы мінезінен қайтқан емес. Жыр кешінде бомба қойылды. Мемлекеттік сыйлық бұйырмады. Маңайын жау жайлады. Бірақ сол баяғы өз қағидасымен, Абай айтатын «соқтықпалы соқпақсыз» жолымен жүреді. «Қасқыр бабаларына» шағым айтқан, «алатөбетпен» алысқан, Арқадағы Көкшулан.


БОЛМЫСЫ ДАРА, МІНЕЗІ – БАЛА


Қазір қазақтың классиктеріне айналған ақындарға қараңызшы. Бәрі бала мінезді. Евтущенконың Ника Турбинаға арнаған өлеңінде «Дети тайные взрослые» дейтін жолы бар. Мен әдебиеттегі ағаларыма қарап, осы жолдың тоңын теріс айналдырғым келеді де тұрады. Бәрі баладай аңғал. Сол баламінезді ақындардың ішіндегі баламінездісі тағы Ақсұңқарұлы. Достасса да, қастасса да, қуанса да, өкпелесе де бала сияқты. Бүгін қастасқанмен ертең қолтықтасып, құшақтасып отыруы мүмкін. Қасында жүрген кейбір адамның қу екенін өзі біледі. Айтып та отырады. Бірақ солар келіп бір жылы сөз айтса болды, «қайткенмен інім ғой», «жанашырым ғой» деп сары майдай ери салады. Олар кейде ағамыздың ашу зеңбірегін біздің кординатқа бұрып кетеді де, запа шегіп қалатынымыз бар.
Бір күні «О, Ақсораң» кітабының электронды нұсқасын маған жіберді. Мен олай-былай болып кетсем сенде болсын деп. Арада екі күн өтпей ағамның айтқанын орындамай һәм біреулер зеңбірегін тағы бұрып кетсе керек, кәріне іліктім. Телефон шалып, «қыртпай кітәбімді қайтар» деп қиғылық салсын. Құдды бір екі бала ойнап жүріп, ойыннан от шыққанда берген кәмпитін сұрағандай бұртиып. Ал кеп күл. Электронды поштамда тұрған «О, Ақсораңды» өзіне қайта жөнелттім. Әлі материаға айналмаған, рух күйіндегі кітапты басқа қалай қайтарасыз? Оған қоймай поштамның кіріс жәшігінен кітапты қоса өшірдім. Талабы солай.
Тағы бірде Аян Мейраш бауырымызға өкпелі екенін айтты. Сөйтсек Аян Мәскеуден тапсырыспен алдырған Бродскийдің кітәбін ізім-қайым етіпті. Ағасынан қорқып, сырғып қашып ол да жоламайды. Бір күні Керуенсарайда жолықтық та қалдық. Топ ішінен көзімен Аянға тапжылмай қарап тұр. Фонар жарығына түскен қояндай Аянның берекесі кете бастады. Әй, қазір ысқыртады-ау деп біз тұрмыз. Сөйтсек Серіағамыз Аянға не үшін өкпелегенін ұмытып қалып, есіне түсіре алмай (кітап жоғалғанына жыл өткен) тұр екен. Бірақ реніші барын іші сезеді. Қалай да ұрсу керек. Оқты көзін Аянға қадап тұрып, «Әй, сабағың қайда?» деп зекіді. Ал кеп ду күл. Тіпті бір Аянның университеттегі оқытушысы секілді...
Осы эпизодты жазып жатқанда «Орталық Қазақстан» газетінде бірге істеген Жанкелді Қаржанның «Шаншар» бетіне Крыловтан бұра тартып жазған анекдоты есіме түсті. «Қасқыр өзеннен су ішіп тұрған лаққа келіп, мен ішіп тұрған суды неге лайлайсың депті. Сөйтсе лақ, мен қалай лайлайын, ағыстың төмен жағынан ішіп тұрмын ғой деп ақталады. Қасекең ойланып, сен былтыр менің әкемді боқтағансың депті. Лақ болса өзінің биыл туғанын, былтыр қасекеңнің әкесін боқтауы мүмкін емес екенін айтыпты. Тиісерге түк таппаған қасқыр «өй, оңбаған, үлкен кісіге неге қарсы шығасың? деп жеп қойыпты» дейді анекдот. Серіағаның да кейде бізді «үлкен кісіге неге қарсы шығасың?» принціпімен «жеп» қоятын кезі аз емес-тін. Бұны біз сол баяғы мінезінен деп біліп, ағаға адал іні болып жүре бердік. Ортамыздан ала мысық үйірімен жүгіріп өткенде де ағаға деген ақеділ көңілімізден айныған емеспіз.
Кей адамдар Ақсұңқарұлының адуын мінезіне өкпелеп, сол өкпемен ұлық өлеңіне қастық жасағылары келеді. Мінезіне өкпелеп, өлеңіне мін тақпақ болады. Бұл бір адамға емес, тұтас әдебиетке жасалатын зұлымдық. Кез-келген ақын – пенде. Өзіміз мойындамағанмен, періште көрінгенмен, пенделікке кенделігіміз жоқ. Сондықтан алысам деген адам ақынның өзімен, пенделігімен күрессін де, өлеңді жайына қалдырсын. Бір жылдары тіпті «тұғыр озды тұлпардан» деген өлең жолындағы «Тұғыр» сөзіне соқтықты бір жерлесіміз. Ол кісінің айтуы бойынша «тұғыр» деген биіктік өлшемі екен. Ақсұңқарұлы сауатсыз, сөз білмейді-міс. Ол тұлпардан қалай озады дейді. Соны мақала қылып жазбай-ақ, сөздікті қараса жетер еді ғой. Соқырға таяқ ұстатқандай «Тұғыр – қойға мінетін ат, мәстек ат, жабы ат» деп жазылып тұр. Жастықпен шыдамай «мынаған неге жауап бермейсіз, факт қолыңызда тұр ғой» дегенімізге «Етектегі битке үңілемін деп, асыл басымды төмен еңкейтейін бе?» деп жауап берді. Одан кейін де осыншама негізсіз сындар жазылды. Біреуіне жауап берген жоқ.
Серіағамыз не тапса да осы мінезінен тапты. Қасым атамызға рахат көрсетпеген мінез ғой бұл. Мемлекеттік сыйлықтың да қандай саясатпен берілетінін білдік. Ақсұңқарұлы ұшып шығатын биікке бауырымен жорғалағандар бұрын жетеді. Әйтпесе баяғыда-ақ алатын жөні. Ол жайында Серіаға былай дейді:

Тәнті боп рухымның шетіне көк,

Өлсем де тұрам ертең еліме тек.

Мен — «Тәңірі сыйлығының» лауреаты,

Менімен ұлы — мына мемлекет.

Менімен сұлу — мына мемлекет.

Иран-Ғайып ағамыздың «Маған сыйлық керек емес, Мен сыйлыққа керекпін» дегені бар. Бұл адамдар Мемсыйлыққа керек жандар ғой. Серік Ақсұңқарұлын Светқали Нұржан ағамыз Сарыарқаның сардары дейді. Ол рас. Әрі кетсе Бонопард менің Серіағамдай-ақ болған шығар.
Әкесі – Ақсұңқар. Өзі де жапалақша күн кешпеген Серіағам – жетпісте!

 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ
ҚР Жазушылар одағының мүшесі
Қарағанды – Қарқаралы – Сарыобалы