«Табиғаттың таза мақұлықаты үшін
тұқым жалғар ұрпақтан қымбат
ештеңе жоқ»
Ш. Айтматов
Рухани әлемі мен мәдени өмірі таяқтың екі ұшындай егіз жаратылған қазақ-қырғыз халықтарының сабақтастығын нығайта түскендей XX ғасырдың орта шенінде «Адамзаттың Шыңғысы» атанған Айтматовтың найзағай жарқылы әдебиет көгінде ерекше құбылыс боп бой берді. Оның қаламгерлік қыры мен сол кезеңдегі қоғамдық үдеріс біріне-бірі келіспей кері ағып жатса да, әдебиет көшкінінде сыбағалы бағасы оң шешімін тауып, әлемдік классиктермен иық тіресетін дәрежеге көтерілді.
Айтматов шығармаларындағы көтерілген мәселе, көркемдік әлем, қоғамдық сипат – барлығы үндесе келе бүкіл адамзаттың игілігіне жарар гуманизм идеясына тұтқа болды; ол қалам тербеген әр тақырып саясын тауып, солқылдақ шыбықтар бекігендей қалыпқа түсті.
Оның қаламгер ретінде өсу, жетілу жолындағы ізденістеріне тайғанақ уақыт пен соры шыққан сананың әсері болмады деу ағаттық. Тиісінше замандастары мен қалың оқырман тарапынан оңды-солды пікірлер шаң беріп жүрді. Соның әсерінен болса керек, оның алғашқы шығармаларында сел боп аққан тасқын байқалып жүрді де, жазушы ретінде есейе келе тұнып ағатын мөлдір бастауға айналды.
Әрбір қаламгердің қағазға таңба боп түскен жан әлемінің көрінісінен қоғамдық ой мен жеке философияны қатар көретініміз секілді Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасынан бүгінгі күн мен кешегі күн, тіпті болашақтың да көкейінде мәңгілікке жұмбақ боп қала беретін әлемдік ой дағдарысын аңдағандай боламыз. Аталмыш романда бүкіладамзаттық көкейкесті мәселелердің шоғыры «Жан пида» деген авторлық тақырыпқа ұйлығыпты. Осы бір ғана тақырыптың аясына автор бірнеше шешілмес түйін мен шешіле алмай жүрген идеялық-моральдық проблемаларды топтастырыпты.
Шыңғыстың стиль жаңғырығы алдымен табиғат пен адам баласының арақатынасынан байқалады. Ақыл иесі деп аталатын адам мен жабайы, ойлау жүйесі төмен деп бағаланатын аң-құс, жан-жануардың ара салмағы авторлық таразыға түседі. Бұл тақырыптың жүгі әсіресе автордың «Жан пида» романы мен «Қош бол, Гүлсары!», «Ғасырдан да ұзақ күн» повестерінде салмақты сарапталған. Ол табиғат пен адам арасындағы байланысты анималистикалық бейнелер арқылы ашып көрсетуге шебер-ақ. Мәселен, Танабай мен Гүлсары, Едіге мен Қаранар, Авдий Калистратов пен Аққұртқа секілді образдарды атасақ болады.
Романдағы адам мен табиғат арасындағы қатынас Аққұртқа мен Тасшайнарды төңіректеп суреттеледі. Мойынқұм даласынан жапа шегіп, Ала-Мөңгі баурайына ауып келген кірме қасқырлар бұл маңнан да опа таппады. Қиянат қияннан келген жоқ, адамның ізі қалай пайда болды, сол маңда зұлымдық шіркін салтанат құра бастады. Осы арқылы автор адамның табиғатқа жасайтын жауыздығы мен зор қиянатшылдығын әшкерелегендей болады. Жабайы түз тағысы мен өркениетті дәуірдегі адамзаттың ойлау жүйесі, мейірім-шапағаты қос тізгінге қатар жегіледі. Мәселен, «Сахара тіршілігіне табиғаттың өзі таразылап берген тәртіп бар – жыл айналып өзгермей келе жатқан таразылы тәртіпті әлдебір зұлмат жұт яки адам баласының сорақылығы ғана бұзбақ...» дейтін жолдардан авторлық идеяның көлеңкесін байқасақ, Аққұртқаның Авдийді алғаш көргенде оны талан-таражға түсірмей, үстінен қарғып өтуіндегі қимыл-қозғалысынан авторлық позицияны анық байқаймыз. Осылайша ол өзі баяндап отырған жағдайды оқиға тартысына түсіріп қолма-қол дәлелдеп отырады.
Бұл идеяны төңіректейтін тағы бір мәселе: адамның ашкөздігі, тойымсыздығы. Қараңыз, Мойынқұм даласында ақбөкендер жөңкіліп жортып барады, оны Аққұртқа әулеті жыңғыл арасынан көріп-ақ тұр. Бірақ таяқ тастам жердегі жемтігіне ұмтылмау себебі неде? «Өйткені олар тоқ болатын, ал мынандай ми айналған ыстықта тоқ қарынмен жел аяқ ақбөкендердің соңына түсіп қуалау өзіңе-өзің ажал тілегенмен бірдей. Ең бастысы – бөлтіріктерді сұрапыл сүргінге салуға әлі ертерек еді. Сұрапыл қуғында күшіктер алқынып, құр қызылмай болып, киік ұстай алмай қалса, меселі қайтып екінші рет аңға құлқы шаппай, өмір бақи майып болып қалмақ». Табиғаттың гармониялық сабақтастығын осындай тоқшылдықта өзін-өзі тежеу тетігі сақтап тұратын болар. Бірақ Аққұртқа ең алдымен өз ұрпағының болашағын ойлап осындай әрекетке барып отыр. Мисыз мақұлықтар бұзбаған табиғат заңдылығын екі аяқты, жұмыр басты пенде келді де өзінің темірден жеткен жетістігі МАЗ бен верталетті гүрілдетіп сары даланы қызыл қанға бөктірді. Сонда адамның әрекеті аштықтан емес, тоқтықтан – жоспардың орындалмай қалуынан, адами құндылықтардың құлдырап төменшік тартқанынан болып отыр деген шешімге еріксіз тоқталасың.
Моральдық-эстетикалық дүниетанымның тарылап, қоғамның мүлде азып тұрған тұсын автор апиыншылық пен маскүнемдік секілді проблемаларды көтеру арқылы шығарма кейпін одан әрі жандандыра түскен. Оған Кепа, Үзікбай-Абориген, Мишка-Шабашник, Обер-Кандалов, Гамлет-Галкин, Петруха, Махач, Коля, Гришин секілді бір топ образдарды телісек болады.
Енді осы тобырға қарсы, жаны дін жолындағы күреске арналған керағар кейіпкер – Авдий Калистратов. Автор бір адамды қараңғы тобырдың таптаурынана түсіру себебі не? Жазықсыз жапа көрген – Аққұртқа мен Бостон Үркіншиевті ағысқа қарсы жаратып, бірақ құрдымға жіберуі қалай? Мұнымен автор не айтқысы келеді? Міне, осындай батпан-батпан сұрақтардың төңірегінде ойлы оқырманның ойналсоқтап қалары анық. Бірақ автордың жауабы шығарманың әр-әр жерінен әрқилы орайда көрініп қап тұрады. Қараңыз, Мойынқұм жазығында бөлтіріктерін алғаш аңға салмақ болған Аққұртқа құлақ тұнар техниканың жаңғырығы мен ұлы дүрмектің ағысына байқаусызда түсіп кетті. Құлқын тамақ түгіл жан сақтаудың өзі қияметке айналды. Сонда буыны бекімеген Аяулының киіктердің табанының астында мыжылып қалғаны былай суреттеледі: «Киіктердің аяғының астына түсіп, шаңқ еткен жіңішке даусы естілді де, ар жағын сансыз тұяқ дүбірі жұтып жіберді...». Бұл сөйлемнің астарынан Авдий Калитратов, Бостон, Аққұртқа – үшеуінің басын бір ноқтаға түсірген қоғамдық құлқынның ащы запыраны байқалып қалғандай.
Шығарманың ең үлкен бойкөтерер проблематикасы – діни философия. Өмір мен өлім бар жерде діннің өзегі болмауы мүмкін емес. Атеистік жүйеге құрылған Кеңес Одағының оспадар саясатына Айтматов өзі жаратқан кейіпкер – Авдийдің дін жөніндегі «бұзық» пәлсапасы арқылы өз жанайқайын естіртіп тұрған секілді. Бірақ діннің негізіне – бірқұдайшылықты тану, сол жолмен жүру секілді қасаң ойды айтқысы келмейді, өзге құдай, Адам–Құдайды танығысы, танытқысы келеді. Жаратушы Тәңір жөніндегі әр ұлттың, әр халықтың, тіпті әр адамның өзінше түсінігі бар десек, автор романда діни мәселеге жаңаша көзқараспен келген. Авдий Калистратов – соқыр діншілдіктен саңылау іздеуші, адами құндылықтарды насихаттаушы. Бірақ оның құдай жөніндегі түсінігі мүлде басқа. Уақыт пен заманалар өзгере келе Құдай да адам санасында өзгеруге тиіс, «жаңғырып» отыруы керек дейтін ақылға сыйымсыз ойларымен де ол семинариядан қуылған. Авдий Калистратовтың дін жөніндегі ойларын автор он бес ғасырға артқа шегініп Иса пайғамбардың оқиғасымен сабақтастырған. Арада аттай он бес ғасыр жатса да, екеуінің мүддесі бір – «жаңа құдайды» тану. Бірақ екеуінің түбіне жетіп, жалмаған қоғам екі басқа. «Дүниеде барлығы тең, билеуші мен бағынушы жоқ, тек бір Құдайға табыну керек» деп Құдай жолын тұмшалаған азғын-билікшілдерге қарсы үгіт-насихат таратып жүрген «Құдайдын баласы» – Иса пайғамбар Понтий Пилаттың әмірімен ақыры дар ағашына шегеленіп өлтірілді. Ал, сонау Псковтан шыққан, дяконның баласы, діни семинарист Авдийдің сүйегі қазақ даласында қурап қала берді. Азғындықтан құтылып, адами жолға түсуге, тәубе етуге қанша дәріптегенімен ол тасқынның ұлы күшіне жалғыз өзі тұра алмады: Обер-Кандалов бастаған азғындардың тепкісі мен қорлығын көріп, соңында арқан жіппен байланып өліп тынды. Автор Авдий мен Иса пайғамбардың тағдырын екі жылға етіп алса да, өлімін бір арнаға тоғыстырыпты: «...бұталарға шатысып қалған құс құсап, тарбиған сексеуілге ебедейсіз асулы тұр..... Адам қимылдамайды, үн шығармайды, басы бір жағына қисайып салбырап қалыпты, бір ұртынан жіп-жіңішке жылғаланып қан ағыпты». Бұл сексеуілге асылған Авдийдің өлімі еді. Осы суреттеуден Иса пайғамбардың ағашқа таңылып тұрған бейнесі қатар көрінеді.
Дүние дүние болып жаралғалы бері нендей мақұлық өз ұрпағы үшін күресіп келеді. Табиғаттың заңдылығы солай. Ұрпақ өсірмей, із қалдырмай, дүниеден көшу – жоғалу. Романдағы бүкіл адамзаттың мүддесі үшін ЖАН ПИДА еткен Авдий Калистратов пен Иса пайғамбар болса, өз нәсілі үшін ЖАН ПИДА еткен кейіпкерлер Аққұртқа мен Бостон болып шықты.
Композициялық құрылыста негізгі сюжеттен алшақ тағы бір ерекше атап өтерлік тақырып – сюжеттен тыс элементтер. Сюжетте қозғалыс немесе даму процесі байқалса, сюжеттен тыс элементтің бойында динамика болмайды. Ол негізгі сюжеттік оқиғаға қатысы болғанымен, оқиғаға әсер ете алмайды. Сюжеттен тыс элементтер 3-ке жіктеледі:
1) Баяндау
2) Авторлық шегініс
3) Қыстырма эпизод
Романда сюжеттен тыс элементтің 3-інші типті түрі қатысқан, яки қыстырма эпизод. Бірінші қыстырма эпизод – Иса пайғамбар мен Понтий Пилаттың диалогы, екіншісі – «Алтау мен жетінші» дейтін грузин әңгімесі. Екі қыстырма эпизод та Авдийдің ішкі толқынысын күшейте түсу мақсатында пайдаланылған.
Композициялық құрылысы мекен, уақыт, кеңістікті бірлікте ұстап күрделі пішінге айналған бұл шығарманың әлемдік, адамзаттық мәселеге қосқан идеялық қуаты зор. Пішіндік, мазмұндық, идеялық, тақырыптық – қай жағынан алсақ та қайталанбас кесек туынды. Бірін-бірі жалмаған жұт заманның қалыбын роман етіп құйып кеткен Шыңғыс Айтматовтың кез-келген туындысы сарқылмайтын қазына десек асылық айтқанымыз емес.
Сөз соңында айтарымыз, «Әр адамның өмірінің ақыры – ақыр заман» деп Айтматов айтпақшы, адами құндылықтар мен жақұт туындылардың ақыры көрінбесін!
Ұлжан Әділова