1636

«Шантарам» – болмысымыздың құжаты

Қазақтың үнді сериалдарына деген махаббатын, адалдығын жазушы Таласбек Әсемқұлов айтуын айтудай-ақ жеткізген. Үндінің фильмін жиырма рет қайтара қарасақ та, көзіміз суланып, көңіліміз дариядай тасып отыратыны рас қой. Бұл халықтың бисіз, әнсіз түсірген киносы бар ма? Болливуд үшін кино біртұтас синтезді өнер сияқты. Үнді елінің ұлттық мінезін кинодан ғана танып білген біз үшін «Шантарам» Үндістанның біртұтас панорамасын жасап шықты десек, қателеспейміз. «Шантарам» – 1980-90 жылдардағы Бомбейдің, бүгінгі Мумбайдың бет-келбетін, тарихын, болмысын әдіптей білген бірден бір әлемдік әдебиетке айналған роман.

«Шантарам» – Мхатма Гандиден кейін, қызы Индира Гандидің кезіндегі һәм кейінгі Үндістанның саяси ахуалын, оған қоса Ауғаныстандағы кеңес әскерлері мен ауғандықтардың арасындағы азаматтық соғыс кезін, Пәкістан мен Үндістанның екіжақты бітіспес араздығын жалпы фон ретінде ұстап отырады. «Шантарам» – автобиографиялық, авантюристік көркем шығарма.  Ол – әлемдік әдебиетте түрмеде жазылған шығарма ретінде жарнамасы асып, зор табысқа кенелген романның бірі. Дэвид Грегори Робертс – австралиялық ағылшын, түрмеден қашып Бомбейді паналаған қылмыскер. Романның есірткіге құмар болған қылмыскердің ғұмырбаяны екенін осыдан түсінуге болады. Адамның қылмыскерге, қылмыскердің адамға айналу жолы баяндалған. Онда бірден түсінікті дерсіз. Асықпаңыз, осындай баяндаулар – Достоевскийдің кейіпкерлеріне де тән. Ф.Достоевскийдің кейіпкерлері адамдықтан аттап қылмыс жасаған, арын ақтаймын деп амал таппай, ұжданына өртенген адамдар емес пе? Федор Михайловичтің өзі құмаройынға аса адал жан болғанын жақсы білерсіз. Сонда да біздің, сыншы-әдебиетшілердің Ф.Достовескийдің шығармаларын – қылмыскердің автобиографиясы деуге аузымыз барған жоқ. Сөйтсе де, Федор Михайлович – қуғынға ұшырап, «ең басты қылмыскер» деген айыппен сотталған адам. 

Д.Робертс те, Достоевский сияқты ақталу, ақтарылу, түсінісуге шақыру жолын таңдайды. Карамазовтардың құдайшыл сұхбаттары «Шантарамда» заманауи адамның теориялық, саяси білімділігімен үстелген. «Шантарам» аса ыждағатты білімгер оқырманды таңдайды. Достоевский ұмсынғанның аузына шақ болса, «Шантарам» үшін тағдыр кешкен, тау мен тасқа басын ұрып барып түрегелген интеллектуаль оқырманның ішкі дайындығы талап етіледі. Әйтпесе, «Шантарамды» бастап, ортасына жетпей тастап кете беретіндер неге көп? Өйткені, білім керек, кей ымды, кей тұспал сөзді аударуға тәжірибе керек, автор бар білімін романның көкпар алаңына аямай сала берген.

 

Шантарам – ол Лин, ол – Линбаба, ол – Линдсей Форд. Ол Австралия түрмесінен қашып шыққасын Бомбей көшелерін аралап жүріп болмыстарды зерттеу жолына түседі. Романның басы-аяғында 50 шақты тағдырдың күрмеуі, тарихы айтылады. Әр адамның болмысына сүңгиді, өзін тауып, өзінің жүрек ымбалын таниды. Қызық, әрбір оқиғадан соң, әрбір кездесуден соң бас кейіпкер өз өмірінің кезеңдік құбылыстарына ойша нүкте қойып отырады. Яғни, неге, неден солай болғанын түсіндіріп отырады. Кейіпкермен бірге бүкіл Бомбей халқының мінезі, тарихы, болмысы уысыңызда тұрғандай сезінесіз. Қызық, романды біткесін, көшеде үндіс көрсеңіз, қасы-көзіңізді керіп билей жөнелгіңіз келеді. Айтпады демеңіз, билесеңіз, олар тарапынан міндетті түрде жауап болады. Бұл халықтың ішкі болмысы да сол биде жатқандай. Шантарамның таңқалысы да сол, көше-көйде қайыр тілеп, аштықтан бұралып өлейін деп жатса да жетім-жесірлердің көзіндегі қайғыдан бұрын, өмірге деген өлермен құштарлығы сондай үнемі көздері күлімдеп тұратын. Әркезде ыңылдап ән айтып, әніне билей жөнелетін. Ән мен би – жан мен тәннің байланысы сияқты ма қалай?! Сіз романның басынан аяғына дейін үнді халқының осы ғажайып мінезіне таңқала бересіз. 

 

 

 

Линбаба халқы жұтаң тұратын қала ішіндегі лашықтарда тұрды. Өзінің күнәһар арын тазалау үшін қайыршы халыққа көмек қолын созды. Үнділіктер үшін адамның екі түрі бар: жақсы һәм жаман. Жақсы адам деген сөз – ат шаптырым уақытта бүкіл Бомбей халқының құлағына тиіп болады. Көшеде жақсыны көрсе, көзі жайнап, басын (бізше жоқ дегендей) шайқап разылықтың белгісін жасайды. Линдсей – осы бақытты көздерге, мейірімге зар еді. Сол мейірге шомылған сайын жаны шуақтана берді. Әйелі мен қызына жасаған қиянатын жуып шайып, олардың назарына ілікпесе де, кешірім сұрауда еді...

Адамның басына түссе, талдырып тастайтын 800 беттік романдағы бомбейлік тағдырларды айтып тауыса алмаспыз. Мұнда Үндістанды мекен ететін ислам мәдениетін ұстанушылар, буддизм, индуизм мен әлемнен жиналған шетелдіктердің неше түрлі мәдениеті суреттеледі. Автор әр мәдениеттің бір бөлшегі іспеттес – әр ұлтты жеке дара зерттеп, анықтама береді. Оның ең алғаш Бомбейдің поезына отыруы да қызық еді. Романда «осы жерде қазір жерлестерім отырса, қалайда кек алудың бір ретін ойластырар еді, ал мына халық наразылығына қарамай, бес минуттан кейін-ақ маған басын шайқап (ырза кейіп танытып), көздері жылтыңдай бастады» дейді. Бір Бомбейдің аумағында 18 млн. Қазақстанның халқы тұрады. Олардың поезға отыруы да қызық. Төбесіне дейін бір талас. Сонда ешкім де қабақ шытып, кектеспейді. Заң солай, отырған отырды, отырмаған өкпелемеуі тиіс.

 

Автор «романдағы оқиғаларды басында бір, аяғында бір қайталадым», – дейді бір сұхбатында. Басында бомбейліктердің қылығын тек тамашаласа, аяғында бомбейліктердің бөлшегі іспеттес, барлық оқиғаға араласып, дауларын шешіп жүреді. Халық та жақсы адамның сөзіне тоқтағыш. Линдсей айтса болды, тоқтайды, өйткені, ол – жақсы адам.

 

Үндістандағы ауыл-аймақты басқаратын кішкентай басшылардан бастап  (Казим Әли Хусейн), бүкіл елге үкімі жүретін мафиялардың саяси ойындары (Сапна, Абдул Кадербхай, Мадам Жу, Абдулла, Назир), үкіметпен ауызжаласқан істері, сонымен қатар, жеке тұлғаны өсіру, рухани құлшындыру сияқты эпизодтар бар. Яғни, сізге саясат керек болса, қиюласқан қою саяси сұхбаттар да бар, тарихи фактілерді санамалаған салқынқанды сипаттаулар да бар, аппақ мраморлы «Леапольдті» мекендеген шетелдіктердің жаргонындағы қалжыңдар мен мафиялық құпия әрекеттердің сырлары да бар. Түрлі түсті сариде сабылып жүретін әйелдер мен жалаңбұт балалардың бейнелері де бар. Әлде сізге «теория большого взрыва» тақырыбы қызық па? Онда бірнеше рет Кадербхайдың құзырында отырып, діни танымыңызды кеңітер сұхбаттарға қанығыңыз. Әлде романтикалық махаббат мерекесі қызық па? Онда Гоа аралдарына барып, күннің қызарып батқанын, оны теңіз жағасында бақылаған ғашықтардың сезімдерін тамашалаңыз. Әлде үнді фильмдерінің массовкасында жүрген халықтың дайындықсыз-ақ көшеде жаяу жалпы жүріп, фильмге түсіп жатқанын көргіңіз келе ме? «Paanch Papi» фильміндегі массовкада Мумбайдың аш жалаңаш халқы шынайы қалпында түскенін білесіз бе? Ол фильмде жап жас Дэвид Робертстің жалт еткен бейнесін көргіңіз келе ме? Иісі мүңкіген лашықтардың ыбырсыған лас ауласында жүріп махаббат, бақыт туралы шырқайтын үнді арманын түсінгіңіз келе ме? Онда тегі бөтен, ішіне білім біткен австриялықтың көзімен қарап көріңізші!.. Міне, постмодернистік білімділік. Міне, бүгінгі жоғалған ұрпақтың тегін табу тарихы. Міне, басы сықиған білімге толған бүгінгі болмыстың құжаты.

Шантарам азат рухының қалауына ерік беріп, Бомбейде тапқан достарынан жұбаныш тауып, Абдолла сияқты аға, Кадербхай сияқты әке тауып алғанымен – өзінің жан дүниесінде ортайып жатқан дертіне ем таба алмайды. Қайсыбірде біздің баяндаушымыз – есірткі шегетін қылмыскер, қара мафияның қызметкері, заңсыз құжат жасаушы, есірткі тасымалдаушы болып жүргенін ұмытып та кете жаздаймыз. Өйткені, ол адамдардың жан дүниесін музей аралағандай  ашықтап, тамашалататын гид сияқты. Әр адамның бойындағы гауһардай ақық асыл сезімдерді көріп, автордай шалқып тасып бақытқа бөлене бересіз. Бірақ, Линнің кеудесінде жатқан бір бостық түбі өз аранына түсіретінін ішіміз сезіп отырады. Ол Бомбейде тапқан ең асылдарынан айырылып қалып, үш ай бойы наркотикке салынып, дүние әлемнен баз кешіп, өлім аузында жатады. Сүйіктісі Карла мен әкесіндей аяулы Кадербхай келмесе, аяққа тұруы неғайбыл еді. Бірақ, ерік-жігерінің мықтылығы сол, бір ай бойы өзін төсекке таңып тастап, айқайлап ышқынып, тұла бойы дызылдап дел-сал болып жатып, наркотиктің күшінен айығады. Аяққа тұрып, қайта өмірге келеді. Бірақ, жан дүниесіндегі өзінің бос айдынын немен толтырмақ?! Әйелге деген махаббатымен бе? Әлде Кадербхайдан тапқан мейірімге жұбана ма? Жұбанса, соған ғана жұбанатын еді. Кадербхай өзіне басыбайлы болған австриялық ағылшынды шәкірт етіп, Ауғаныстан жеріне ертіп, соғысқа аттанады. Осы жолда Шантарам мұсылмандардың әдеп-салттарына, мінез-болмыстарына қанығады. Таулардың ішіне жасырынып, қалың қарлы аязда намаз оқып, зікір салған ауғандықтардың мұратына қызмет қылады. «Олар бір қызығы, өздері намаз оқыса да, өзгеге сен де оқы деп айтпайтын еді», – дейді романда. «Мен өзіме бейтаныстау бұл құлшылықты қабылдай алмадым» деп, мойындайды. Ауғаныстан тауларынан асып өтіп, соғысқа қатысып, жараланып, әрең дегенде Үндістанға қайтқан Лин, әкесіндей бас иген Кадербхайдың айтуымен өзіне ұстаз іздейді. Оның өмірде қарманар үміті, барқадары жоқ еді. Роман «Пәкістан елінен Ыдрыс деген ұстазды іздеп табуым керек» деген жақсы лебізде аяқталады. Алайда, Д.Робертс кезекті бір есірткі заттарды тасымалдап жүріп, Германия әуежайында ұсталып, қатаң режимдегі өзі қашқан Австралиядағы түрмесіне қайтып барады. Бұл сюжет, әрине, кітапта жоқ. Һәм бұл кітап сол Австралиядағы түрмеде отырғанда жазыла бастайды. Яғни, 1996 жылдары жазылып бітеді. Автордың бір сұхбатында айтуынша, сол Австралиядағы түрмеден тағы қашпақшы болғанда көз алдына анасы көрініпті. Анасы баласының түрмеден тағы қашқанын естіп, жылап отыр екен. Көз алдында көрген елес – анасының өкінішін түсінген Д.Робертс «содан бері аузыма не темекі, не есірткі, не ішімдік алған емеспін, содан кейін енді қашпаймын деп шештім» дейді. Сол отырғаннан 10 жыл қатарынан отырғанда жазушының көрмеген құқайы жоқ. Осы құқайды, зорлық пен қорлықтың неше атасын «Шантарамда» Лин есіне қайта-қайта ала береді. Жадында қалған сол қорлық өмірін тозаққа айналдырғандай. «Көресіңді көрмей, көрге бармайсың» демей ме қазақ. Лин – өмірдегі Д.Робертс өз қорқынышын жеңуі тиіс еді. «Шантарамды» жаза бастағанда алғашқы 400 бетін күзетшілер жыртып, көзін жойып жібереді. Екінші нұсқасы да соның кебін киген. Содан кейін де жазушының беті қайтпапты. Тістенген үстіне тістеніп, қайта жазады. Роман әлемдік бесстселлерге айналғанда «сол күзетшілерге алғыстан басқа айтарым жоқ, олар романның сапалы жазылуына зор септігін тигізді» деген екен. Әр адамның өзі ғана өтуі тиіс тағдырының сынағы болады. Қазір де Д.Робертс пен әйелі Француаза екеуі Мумбайдың жер кепе мен лашыққа толы аймағында тұрып келеді. Туристер Робертсті «Леопальд» ресторанынан жиі көретінін айтады. «Шантарам» – әлемдік туристердің Мумбайға ағылуына бірден бір себепкер кітап. Егер сіз Мумбайға жолыңыз түссе, «Леапольд» ресторанына соғыңыз. Онда ақшыл сары, кең кеуделі, жүзінде австриялық күлкісі бар, жауырыны қақпақтай, бұрымды ер адамды көрсеңіз, ол – «Шантарамды» жазған жазушы деп біліңіз. Ол өзінің мырзалығымен жол нұсқай алады. Жомарттық танытып, қалтасын қағып көмектесе алады. Оның аты – Шантарам, бейбітсүйгіш, «мәмілегер» (мирный человек) деген мағынаны білдіреді. Линдсейге осындай атты үнділіктер берген.

 

 

Кейде шынымен ғұмырыңның куәгеріндей болған ғұмырбаяндық кітабың болғаны, оның оқылғаны, оның сенің сырыңды әшкере еткені дұрыс па дейсің... Алла білгенді адамнан неге жасырасың?!

Кітапты оқып болғасын урду, маратхи тіліндегі «йар», «бхай», «чало», «на» сияқты сөздер тіліңізге еріксіз сіңгенін байқайсыз. Сізді еріксіз үндінің шайы, «бхаджи» асы, аяқасты шелектеп құятын жаңбыры, үндінің әні мен биі,  үндінің аңғал күлкісі еліктіре бастайды. Еріксіз Оралхан Бөкейше «Үндістанға барсам, арманым жоқ» дейсіз. Бүгінде астрология, нумерологиялық білімді Үндінің гуруларынан алып, бізге мұны шығыс ілімі деп жарналамалап оқытып жатқанын байқайсыз ба? Астрологпын деген әуейінің аузын бақсаңыз, астрология ілімін «батыс астрологиясы» және «шығыс ведалық астрологиясы» деп бөліп тастайды. Көбіне ведалық астрологияның шәкірттері Ресейден шығып жатыр. Бізге де таяу келіп қалды. Түп негізде, астрологияның алғашқы баспалдақтары Ұлықбектің Самарқандтағы, Үндістандағы абсерваториясында қаланғаны белгілі. Сырттан ілім іздеудің қажеті жоқ екенін қазір түсінбейміз. Бұл, әрине, басқа әңгіменің желісі. 

«Шантарам» – түрмеде жазылып, жазушының басы азат болғанда жарыққа шыққан кітап. Көптеген оқырман бұл романды оқып болған күні «бір ғажайып бостандыққа қол жеткіздік» деп жар салады. Яғни, кітапты оқып біткен адам түрмеден босап шығады немесе ішкі түрмесінен азат болады деген ырым бар. Кімге иман келтірсең, соның батасы дариды емес пе?..

Оқып көрмедіңіз бе?!

 

Сағадат Ордашева