9 қаңтар күні 85 жасына қараған шағында дүниеден озған қазақтың айтулы қаламгері Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің қазасы күллі қазақтың қабырғасына батты. Қазақ әдебиеттану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлға туралы қаламгер қауым мен жазушының замандастары, жақындары желіде естеліктер мен жазбалар бөліскен болатын. Осы орайда біртуар тұлға хақында оның сыйлас, сырлас інісі болған белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев ағамызбен аз-кем әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз. Шәкір Ыбыраев пен Мұхтар Мағауин алғаш Әдебиет және өнер институтында қызмет етіп жүрген кезде танысқан. Профессор сол кезде Мұхтар Мағауинмен пікірлес болғанын, оның қазақ тарихындағы қайталанбас мұраларды зерттеуге үлкен еңбек сіңіргенін атап өтті.
- Мұхтар Мағауин - қазақ әдебиеттану ғылымында ғылыми зерттеулерімен де, көркем шығармалар жазған жазушы ретінде де ізін қалдырған үлкен тұлға. Бір дәуірдің ғылымында, көркемдік ойлау жүйесінде айрықша орын алған азамат. Баспасөзде, ақпарат құралдарында түрлі пікірлер айтылды. Оның негізгі дені - Мағауиннің ұлы тұлға болғандығы жайлы жылы пікірлер. Оның барлығына қосыламын. Осының ішіне «Мұхтар Мағауин өмірден өтті» дегеннен кейін біздің әдебиетіміз бен әдебиеттану ғылымының көп мәселеде ойсырап қалғанын сезіндім. Ал оның артында қандай мұра қалды дейтін сұраққа ойлана бастасам, әлі жүйелейтін, зерттейтін дүниелердің көп екенін байқадым. Бұған арнайы зерттеулер жүргізіледі деген ойдамын. Мұхтар Мағауинның ғылым мен әдебиетте қалдырған ізін тұтастай қаузайтын іргелі мәселелердің бар екені анық. Мен соның алғашқы нобайын, алғашқы негізін таратып айтайын. Алдағы уақытта әдебиеттану ғылымында Мұхтарды тануға деген үлкен талпыныс болатыны айқын, - дейді белгілі ғалым.
Мұхтар Мағауиннің қазақ мәдениеті мен тарихына келу жолындағы хронологиялық жүйесін айтып берген Шәкір ағамыз жазушының бірнеше көлемді шығармаларына талдау жасады.
«Оның «Қобыз сарыны» деп аталатын еңбегі, шын мәнінде, біздің әдебиеттану ғылымындағы үлкен құбылыс болды. Ол қандай құбылыс? Кеңес дәуірінде «әдебиетіміздің тарихы Бұқар жыраудан емес, сонау Түркілік дәуірден, қала берді одан әріден басталады» деген концепцияны алдымен профессор Бейсенбай Кенжебаев негіздеді. Бірақ соны кезең-кезеңімен, рет-ретімен қою керек болды. Сол заманда көне Түркі кезеңі, одан кейінгі ортағасырлық жазба ескерткіштерден соң XVIII ғасырдағы Бұқар жырау аралығындағы ғасырлар айтылмады. Сонда қазақ хандығының тұсында әдебиет болмаған ба, ал болса, ол қалай қалыптасты? Ең бастысы бұл әдебиеттің әлеуметтік мәртебесі мен қызметі, көркемдік кестесі қалай болды? Бұл сұрақтар тарихпен, әдебиет тарихымен, тарихи поэтиканың заңдылықтарымен түсіндірілуі керек еді. Міне, сол 5 ғасырдың жоқтаушысы Мұхтар Мағауин болды. «Жыраулар поэзиясы», кейін «хандық дәуір әдебиеті» деп атаған осы кезеңді Мұхаң архивтерді, құжаттарды тірнектеп жүріп жинақтап, ғажайып жыраулардың поэзиясынан құралған «Алдаспан» атты үлкен кітап шығарды. Ол сонау ХIV ғасырдағы Сыпыра жыраудан бастап, XVIII ғасырдағы Бұқар жырауға дейінгі атақты жыраулардың шығармаларын әдебиетіміздің тарихына қосты. Осының өзі әдебиеттанудағы үлкен жаңалық. Қазақ әдебиетінің тұтас бір кезеңін, әдеби үдерістің сабақтасып отыратын табиғатын, дамудың үзілмей келе жатқан дәстүрін айғақтайтын ерекше еңбек. Қазір біз қазақ әдебиетінің тарихын мемлекетіміздің құрылу тарихынан бөліп ала алмайтын хәлге келдік.Хандық дәуір әдебиеті - өз алдына тұтас дүние. Бұл еңбекті жай ғана жоқ бөлікті толтыру деп айтсақ, жеткіліксіз болар еді. Бұл - әлемдік поэзиядағы бөлек бір құбылыс. Себебі, айтылу формасы да, жыраулардың қоғамдағы әлеуметтік мәртебесі де, осы әдебиеттің қоғамдағы атқарған қызметі де айрықша. Кез келген дәуірдің әлеуметтік мәртебесі бар. Мәселен, кеңестік әдебиеттің негізгі мәртебесін белгілеген партия болды. Ал жыраулар поэзиясының әлеуметтік мәртебесін зерттеп қарасақ, оның рационалды дәні Мұхаңның зерттеулерінің ішінде жатыр. Жыраулар поэзиясының мәртебесін белгілеген құбылыс - әлеуметтік репрезентация! Бұл - қоғамда кеңінен тараған құндылықтар мен идеялардың басым бөлігіне ие болған тұғырнамалар мен тұжырымдар. Ал жыраулар дәуіріндегі әлеуметтік репрезентацияның өзгешелігі неде? Ол халықтың мемлекетке, ханға көзқарасы үлкен құндылықтар ретінде жинақтала келіп, сол замандарда мәдени идеология дәрежесіне дейін көтерілген. Осылайша, билік пен бұқара арасындағы осы көзқарасты байланыстырушы бөлік қызметін атқаратын жыраулар тарих сахнасына шықты. Ханға тіке қарап, кемшілігі мен істеуге тиісті міндетін ашық әрі анық айтатын жыраудың артында халық тұрды. Мысалы, соның бір көрінісі ретінде Сыпыра жырау:
Мен жыраумын, жыраумын,
Шөп басында қыраумын.
Хан қасында төремін,
Ханға кеңес беремін.
Би қасында биікпін,
Ел ішінде иықпын... - дейді. Енді Асан қайғыдан тағы бір мысал келтірейін:
Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Осы күні мұндай сөзді патша түгілі, әкімге айта алмайсың. Бұл сөздердің артында әлеуметтік сүзгіден өткен тұғырнаманың, халықтың көзқарасындағы идеологияның биігіне жеткен тұлға тұр. Мұхтар Мағауин әлемдік поэзияда, жалпы әдебиеттің қоғамдық қызметінде кездесе бермейтін 5 ғасырлық кезеңді тарихымызға қосып қана қойған жоқ, осы айрықша құбылысты төрге шығарды. Өкінішке қарай, біз әлі осы құбылысты әлемдік әдебиет, түркілік әдебиет контекстінде толықтай пайымдап болған жоқпыз. Дала демократиясы жағдайындағы әдебиет көрінісі осындай болған. Қарап тұрсаңыз, сол кезеңде мемлекеттің тұғырнамасын ұстап тұрған әдебиеттің рөлі өте жоғары екенін сезінуге болады. Махамбет ақынның ханға қарап айтқан сөзінің кем дегенде бес ғасырлық дәстүрі бар».
Профессор Мұхтар Мағауиннің суреткер жазушы ретінде қазақ әдебиетіндегі алар орнына да тоқталды. Дәлірек айтсақ, Мемлекеттік сыйлық алған «Аласапыран» романы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті.
«Шын мәнінде, ол кезде қазақ тарихын тарқатып жаза білген адам саусақпен санарлық. Солардың бірі - Ілияс Есенберлин болса, одан кейін Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев секілді ұлы жазушыларымыз. Егер негізгі мемлекет құраушы ұлт ретінде тарихи санамыз бар деп айтатын болсақ, оны қалыптастырған біздің жазушыларымыз және тарихи романдар. Кеңестік дәуірде біздің тарихымызды тарихшылар айта алған жоқ. Тарихты айтуды алдымен жазушылар бастады. Ал кешегі Орталық Азиядан Шығыс Еуропаға дейінгі аймақта алып империя құрған Шыңғыс ханның, одан кейінгі Алтын орданың бір кездегі жұрағаты ретінде Кеңес кезеңінде тарихымызды айтуға тыйым салынды. Біз кешегі ұлы тарихтың мұрагері екенімізді, бұл територияда жасалған небір ғажайып тарих бар екенін осы тарихи романдар арқылы санамызға сіңдірдік. «Аласапыран» романы XVI ғасыр соңы мен XVII ғасыр басындағы Қазақ хандығының ахуалы, айналадағы мемлекеттердің байланысы, сондағы Ораз-Мұхаммедтің тағдыры арқылы бейнелей отырып, ұлы мемлекеттерден жалғасқан хандығымыздың алмағайып кезеңге келгенін, қауіпті межеге таяғанын бейнелеп берген еді. Романды тұтастай оқып шыққан соң «осы мемлекеттің алдында не күтіп тұр екен?» деген сана оянады. Қазірдің өзінде біздің моральдік қарым-қатынасымызды, әлеуметтік жағдайымызды, біздің ұлт ретіндегі ынтымағымызды ойлап отырып, осындай үлкен сұрақтарға қалуға болады. Осы тарихи романдарды оқып, оның ішінде Мұхтар Мағауин қаламынан туған «Аласапыран» романы арқылы тарихи процесстерді, қазақ халқының тағдырын үлкен саяси-әлеуметтік контекстте пайымдаудың жүйесін санамызға сіңірдік...»
Шәкір аға тоқталған тағы бір әңгіме Шыңғыс хан турасында болды. Айтуынша, Мұхтар Мағауин қолда бар деректерді Еуропада жинақтай отырып, Шыңғыс ханды халықаралық, ұлтаралық деңгейде пайымдауға қадам жасады.
- Шыңғыс хан туралы соңғы кездерде әлемде көптеген зерттеулер, публицистикалық мақалалар жазылды. Соның ішінде қазақ тарихында келеңсіз тенденция орын алды. Шыңғыс ханды ана рудан, мына рудан таратып, оны рушылдық деңгейге дейін төмендеттік. Тіпті кезінде өздерін жаулап алып, біріктірген Қытай мемлекеті оған жақсы көзқараспен қарап, көп сериалы фильм шығарды. Жек көрсе сөйте ме? Олар «біз Шыңғыс хан арқылы Батысқа тереземізді аштық» деген идеяны айтып отырған кезде біз ауылымыздағы кішкентай рудың маңайына теліп отырмыз. Шыңғыс ханға микроұлтшылдық, микрорушылдық тұрғысынан келуге болмайтынын жинақтап жазған тағы бір мықты еңбегі осы.
Мұхтар Мағауиннің көркем шығарма тұрғысындағы тағы бір жаңалығы - «Жармақ» романы деп есептеймін. Еуропада жатып, осы романды маған беріп жіберген еді. Романды оқығанда үлкен ойға қалдым. Онда адам санасының екіге бөлінгендігі - бір жағында еліне, ұлтына жаны ашитын тұлғаның бейнесі бар, ал екінші бетінде сол елдің, ұлттың мүддесін сату арқылы түрлі қызмет деңгейіне көтеріліп жүрген, ұлттың тілін, мәдениетін басқаларға жығып беру арқылы билік сатысында жоғарылаған психологияның қарама-қарсы жағы бейнеленеді. Осындай символдық образ ретінде Жармақтың екіге жарылған психологиясының көріністерін әлеуметтік өмірімізде алып қарайық. Қазақ қоғамында бұл көріністер бар ма? Бар болғанда қандай! Өкінішке қарай, сөзіміз бен ісіміз бөлек. Соншалықты алшақ. Ұлтының есесі кеткен жерінде (тілі, мәдениеті, өмір салты) барлығын құрбандыққа шалып жіберіп, билікте, мансапта несібесін молайтып алу қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан секілді. Мемлекеттік тілді менсінбеу, елді біріктіретін жақсы идеяларды ысырып тастау... бірақ мұны жасап отырған басқа ұлт емес, өзіміздің ішімізден шыққандар. Біздің ұлт ретінде санамызды бөлген осындай «жарықшақ» ауруымыз бар. Кешегі кеңестік дәуірдегі, тәуелсіздік кезеңіндегі осы психологияның көріністерін көріп жүрміз. Жасанды нәрселеріміз өте көп. Осыны айту арқылы Мұхаң тек бүгінгі өмірді сынға алып отырған жоқ. Мансапты малданып ұлтын сататын адамдар неге көбейді? Неге біз жершілдік, рушылдық үшін жіктеліп, бөлінеміз? Қазақ халқының мемлекетке ие болып, аман-есен тұруына «жармақ» психологиямыз жарай ма? Романның астарында қауіпті хәлмен, «жармақ» психологиямен жүре берсек, келешегіміз не болады деген үлкен сұрақ жатыр. Міне, Мұхтар Мағауин жасап кеткен істің қай-қайсында да, ғылымда, әдебиетте негізге алатын, дамытатын өміршең идеялар өте көп. Біз оны міндетті түрде түсініп, оқып, қазіргі Қазақстанның рухани игілігіне жаратуымыз керек, - дейді профессор.
Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауинмен біраз жылдар бойы жақын байланыста болған ғалым жазушының тік мінезді адам болғанын, басқа қаламгерлермен түсініспеушілікке тап болуын да осы қасиетімен байланыстырды. Жасанды дүниелерді жанына жолатпайтын Мұхтар Мағауин осы мінезінің арқасында ұлт үшін іргелі істер атқарғанын жоғары бағалады. Бір сағатқа жуық әңгіме соңында Шәкір ағамыз ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің еңбектері болашақта өзінің толық бағасын алатынына сенім білдірді.
Мәңгілік мекеніне аттанған айтулы қаламгердің рухы шат болғай!
Дәурен ТІЛЕУХАН
Qalamger.kz