«СЕЗІМ МУЗЕЙІНЕ» САЯХАТ


  « ...Өмір мен үшін мәнсіз болғандай. Бар шынайылығынан айрылғандай күн кешіп жаттым. Мағынасыздық, бос әурешілік боп көрінді. Қызықтыратын ештеңе қалмағандай. Көңілім көңілсіздікпен достасты. Бір күні осындай қамыққан кезде қолыма француз ақыны Жерар Де Нервальдің бір кітабы түсті.Поэзияны жанымның емшісіндей қабылдадым. Махаббат қасіретін сезінген ақын, өзінің аяулы махаббатын жоғалтқанын білген кезде, «Аврелия» атты кітабының бір бетінде, өмірдің оған тек ғана «Анайы алдандыру» сезімін қалдырғанын айтады. Мен де өзімді солай сезініп, сенсіз өткізген күндерімде жасаған нәрселерімнің  дөрекі, мағынасыз болғаны анық еді. Айналамдағы адамдарға ішімнен себепсізден себепсіз ашуланып тұратынмын. Бірақ ең соңында өзіңді тауып алып, сөйлесетінім, құшағыма қысатынымды ойлау, бұлар арман емес, кәдімгідей көңілімді аулар сенім болатын. Миымның бір жартысымен көрсоқыр болғанын, махаббаттан, қызғаныштан, қандай да бір себептермен болып жатқандарды дұрыс қабылдай алмай жатқанымды сездім. Жаралы жолбарыс секілді қатты қасірет шегіп, мені тек сүйікті ханшайымымды көру бақыты ғана жаза алатынын біліп тұрдым. Дүние мені қызықтырмады, өйткені менің жаныма дәл қазір ештеңе керек емес еді...» Орхан Памук « Сезім музейі»романынан.

2016 жылдың караша айында , Астанада , Еуразия  халықаралық кітап –көрме жәрмеңкесі  кезінде осы кітаптың тұсаукесері өткен еді. Памук атына қанық оқырман қауым бұл кітапқа қатты қызығушылық танытты. Сол кезде ойлағам іштей тұсаукесер кезінде. «Бұл халықтың кітапқа сезімі бірер апталық қой, уау» дейді де, бір толқып басылар. Сосын ұмытып кетеді ғой деп. Бірақ бұл кітап өз оқырмандарына  ұнайтын сияқты, оқығандар маған бір тәуір сөздерін алыстан болса да бауырсақтай үлестіріп кетеді.«Фолиант» баспасының тапсырысымен аударылған бұл кітап  интернет желісі бойынша сатылымда алғашқы орында тұр екен. Әлеуметтік желілерде , әсіресе Инстаграмда оқырмандар  «Сезім музейі» парақшасын ашып қойыпты. Онда жүзден аса пікірлер, пост жазылған. Оқығандар  пікірлерін қалдырса, бұл кітапты оқымағандар оқуға асық екенін жазады, сатып алудың жарнамасы да қызады екен арасында. Қызығы «бұл кітапты  прокатқа оқуға берем» деген жарнамалар бар екен.Бұл парақшаны кім ашқанын білмедім. Бірақ кітапқұмарлар жиылыпты сол жерге. Демек бұл оқырманын тапқан кітап екен. Бұл да қуаныш мен үшін. Пікір білдірушілер көп екен, солардың ішінен  журналист Марфуға Шапиянның  пікірін оқи отырайық. « Памуктың   келесі кітабы  «Сезім музейін» алдым. Бұл – Кемал деген жігіт пен Пүсін деген қыздың басынан өткен махаббат оқиғасы суреттелетін кітап. «Менің атым Қырмызыға» қарағанда оқылуы оңай, оқиғалары да жеңіл өрбиді. Сонысына қарамастан кітап маған түрлі-түрлі эмоция сыйлады. Арасында жалыққан тұстарым да болды , ашуымды шақырған дүниелер де кездесті, тіпті Кемалдың махаббатына сенбеген сәттерім де көп еді. Кітап «дүниенің негізі – сүйіспеншілік» деген ойды жеткізуге барын салады, соны оқырманына дәлелдеуге тырысады.  Памуктың мақсаты орындалды деп ойлаймын. Кемалдың жан азабына ортақ болмай көр! Оның жалғыздығы жаныңа батпаса, жүрегіңе салмақ түспесе, маған кел! Бірақ кітаптың соңы, яғни финалы керемет! Кемалдың: «Бәрі де білсін! Мен бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын!» – деуі, оның өмір бойы көрген бүкіл қайғы-қасіретін жуып, оқырманның да еңсесін басқан ауыр жүкті арқасынан аударып тастағандай болады. Әп-сәтте жаның жадырап, ғажап бір әсерге бөленіп сала бересің. Жалпы байқаймын, Памук романдарына  нүктені әдемі қояды. Ал «Сезім музейінің» нүктесі кітапта ғана қойылып қалмай, өмірде де шындыққа айналғанын айтсаңызшы. Яғни Орхан Памук өз кітабының кейіпкерлеріне арнап, Стамбул қаласынан «Сезім музейі» аталатын музей ашқан. Оған Нобель сыйлығын  алғанда берілген мол қаржының бәрін жұмсаған. Бүгінде Орханның оқырмандары Стамбулға барса, бұл музейге соқпай кетпейді. Күндердің күнінде жұбайыммен бір-бір кітапты құшақтап алып «Сезім музейіне» бірге барсақ , Кемал мен Пүсіннің махаббатына ғана емес, сүйікті жазушым Орхан Памукқа деген де құрметімізді солай білдірсек деген арман менің де көкірегімде оянды. Стамбулға барғым келеді. «Сезім музейін» көргім келеді. Әрине, жалғыз емес » деп  жазыпты Марфуға Шапян. Ал жас жазушы Бақытгүл Сармекова пікірін былай білдіріпті: «Маржан Ершудың  аудармасы «Сезім музейін» оқып бастағаныма 3-4 күн болды. Түріктер түрлері жүн-жүн, қабақтары қатулы, суық көрінгенмен әйел затына келгенде жүректері тым осал, әсіре сезімтал ма деп ойлап отырмын.Қызға анандай болып ғашық болу дегенің?! Оқып отырып сонша боркемік болғанына жының ұстап Кемалді басынан оқтаумен қойып қалғың келеді! Бірақ, шынымен біз қазір сезімнен алыстап кеткен екенбіз, тым салқынқанды, тым ақылды болып алғанбыз. Сондықтан, сезімді тосырқап қарсы аламыз, тез құтылғанша асығамыз, себебін, салдарын, пайдасын іздейміз...»

 Оқырмандардың тілек-пікірлері осылай жалғаса береді. Менің Стамбулдағы «Сезім музейіне» 2019 жылы жолым түсті. Сол жылы ақпан айында  Анкарада, Түрксой  ұйымында, Стамбулда, Түрік Әдеби Қор-орталығында, Зейтүнбурныда  Қазақ қоғамында  «Дина –Dina» («қазақша-түрікше), «Қожанасыр жырлайды» (Махмут Каядан аударма), «Сезім музейі» (Орхан Памуктан аударма) кітаптарымның тұсаукесері өткен еді. Сол сапар барысында мен де осы Музейге  бардым. «Masumiyet muzesi» ( Сезім музейі) атты Орхан Памуктың атақты романына арналған музей. 2012  жылы Стамбулдың Шұқыржұма көшесінде ашылған. Мен аударған бұл кітап «Сезім музейі»  2016 жылы «Фолиант» баспасының тапсырысымен аударылып, жарыққа шықты . Кітапсүйер қауымға бұл кітап  Кемал мен Пүсін арасындағы махаббат хикаялары арқылы таныс деп ойлаймын. Сонымен , бұл Махаббат Музейіне жол түсті. Бұл музейді Орхан Памуктын өзі ашқан екен. Музейге кіру бағасы 25 лира. Мен кітабымды алып барғасын, кітаптағы музейге кіру билетіне мөр басты. Осылайша кірдім . Музейге келушілер баршылық екен. Біреулер кітаппен ,біреулері  билет алып кіріп жатты. Музей шағын болғанмен төрт қабаттан тұрады. Мұнда романдағы  кейіпкерлердің сол заманда тұтынған бұйымдары, романда бейнеленген көріністер бейнесі музейде орын тапқан. Музейде  Пүсіннің көйлегі , шаш кыстырғыштары, сырғасы, әшекей бұйымдары бар. Және керуеті  бар. Фотосуреттер қызықты . Бас кейіпкер Кемалдын да романда тұтынған заттары да бар екен. Музейдің кітапханасы бар. Ең жоғары қабатта Орхан Памуктын 45 тілге аударылған атақты «Masumiyet muzesi» («Сезім музейі») кітаптары қойылған. Бұл қатарда 46- шы болып, « Сезім музейі» қазақша кітабымыз да орын алатын болды. Кітабыма  қолтаңбамды  жазып, музейге сыйладым. Музейге  келушілер көп болады екен. Әсіресе туристер де көрмекке құмар екен. Орхан Памук кітабындағы бас кейіпкер Кемалдың соңғы тараудағы «Бәрі де білсін. Мен бақытты ғұмыр кештім...» деген сөзі Музейдін қабырғасына  ойылып жазылыпты. «Иә, бәрі де білсін. Мен бақытты ғұмыр кештім!» дедім мен де іштей қайталап .Стамбулда Орхан Памуктың ашқан «Сезім музейіне» барған күні түнде түс көрдім. Түсімде бір қыз  қолында «Сезім музейі» кітабым бар , келіпті маған. Қолтаңба қойып беріңіз дейді. «Атың кім?» дедім. «Фариза» деді.«Фаризаға Маржаннан» деп шиырып қол қойып жатырмын. Таңертең ойладым. Қызық түс болды-ау деп.

Маржан ЕРШУ

«Шығармашылық лаборатория» кітабынан