СЕРІКГҮЛ СҰЛТАНҚАЖЫ. ҚАСҚЫР ШАПҚАНДА

Жағалауға қондық. Ертеңінде ерте тұрып, қораға барып, екі ауылдың қойын бөлдім. Жылқының қай жерге келгенін көрейін деп құлдап барсам, көкжардың аяғын жағалапты. Санасам, біреуі жоқ. Түстеп біраз тұрдым. Мүтәліп ағамның кері байталын жылқыға қосқан болатын. Сол жоқ екен ...

Нағашы ағам әңгімені төгілтіп айтады. Күнұзаққа құлаққұрышың қанғанша тыңдайсың. Бұл үйдегі жақсы бір дәстүр әңгімеге қымызды ортаға алып отырады. Демалыста шешейді алып, нағашы жұртқа тартып кетеміз. Жаз жайлау демесеңіз де, ауылдағы тыныс бөлек. Қаладағы у-шу, қарбалыс жоқ. Таңғы самал... Өріске өрген мал бәрі-бәрі көңілге жақын көрініс. Бір сәт балалық кез, туып-өскен өңірді еске түсіретіндей. 

Атажұртқа келген соң нағашы ағам малға қолайлы жер іздеді. Ботақара ауданына жақын Шешенқара совхозына барды. Бұрынғыдай мыңғырылған мал, үйір жылқы ұстамаса да, азын-аулақ қоралы қой, бірнеше бас жылқы бар.

Анашым көп ағайынды. Бірақ соның ішінде Кәсағаң бір төбе. Кәсіпхан Самалханұлы бала кезінен әке жолын ұлағатпен жалғастырған ерекше жан.

Атам Самалхан  Дайын (Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей) деген жерді көп жыл жайлаған адам. Құс баптаған, көзі ашық, қырағы еді.  Қыста қансонарлатып аңға шығады, жазда жайлауда бие байлайды. Ауылға келімді-кетімді кісі көп. Жолшылай жүргендердің өзі жөн сұрасып, Самалхан ақсақалдың ауылы десе, ат басын бұрмай кетпейді. Атамыз да «жолаушының жөні бөлек» деп қай қонақ  болсын төрге шығарып,  тегенелетіп қымыз құйып, ет асып, дастархан жайып күтеді. Мұның бәрі анамның аузынан естіген әңгімелерім.

«Қауіп қояннан болды»

 «Мен құс салуды 16 жасымнан бастадым»-деп жалғастырды нағашы ағам әңгімесін...

 «.... Атаң Қиса деген нағашы апайының үлкен ұлынан тірнек сатып әперді. Оны үш жыл ұстаған соң әскерге кеттім. Кейін бір үлкен кісі «Балаңыздың құсын маған сатыңызшы» деп атаңнан сұрай келіпті. «Сата алмаймын, бірақ балам келгенше сіз баптап, аңға салыңыз» депті. Екеуара келісіп, үлкен адам қыранды үш жыл көтеріпті. Әскерден келгеннен кейін мен ол құсты тағы үш жыл аңға салдым.

Алғашында атаң өзі баптады. Одан кейін құсты биялай томағасын кидіріп, атпен алып жүру оңай. Бұл қыраннан түлкі қашып құтылмайтын.  Тірнек кезінен келген бүркіт тоғыз жылда талай аң алды.   

Жалпы тірнек деген екі жастағы құс. Тірнектен кейін тастүлек. «Тастүлек»  деген сөздің шығу төркіні де қызық. Үш жасынан бастап құс ұя салады. Бұл кезде жас бүркіт ұяға домалақ тас әкеліп, жұмыртқа шайқайды. Ана болудағы алғашқы дайындығы. Ұшып кетіп, жем әкеліп тартып, балапан баулуға әбден бейімделеді. Ал келесі жылы жұмыртқа салады. Бұл кезде оны «ана құс» деп атайды. Одан кейін Қана дейді, Құмтүлек, Сұмтүлек, Барқы, Тарлан, Баршын деп кете береді.....

Құстың жасын айыру үшін жүніне мән беру керек. Баршын кезінде құстың жүні қараяды, бірақ құйрығының ұшында кішкентай ақ болады.  Құсбегілер «Ойбай бұл баршындап қартайған құс екен ғой деп» бірден танып жатады. Ал Барқының жүні баран болады. Бұл енді әбден қартайған құс.

Әңгіме басында жылқының ішінде кері байталдың жоқ екенін айтқан едік. Аяқасты әңгіме үзіліп қалды да, Кәсағам құс туралы айтып кетті.  Қырандарын айтқанда нағашы ағамның көзі жайнап кетеді. Осында көшіп келгелі бір-екі рет балапан іздестіріп көрген. Бірақ құс баптауға бірұдай кірісе алмай жүр-ау...

Жерді әлі де болса бөтенсіді ме, әлде қырат тауларда  жүріп үйренген адамның жазық далаға деген қырын қылығы ма әйтеуір әзірге тұғырға құс қондырған жоқ. Оның себебі енді ағамның өзіне ғана белгілі. Ал мен әңгімені бөлмей алдымен құс туралы естіп алып, содан кейін кері байталдың жайын бірақ сұрайын деп шештім.

Кәсағам атажұртқа көшіп келгенге дейін 8 бүркіт баптапты. Оның соңғысын 14 жыл бойы аңға салып, көшетіндіктен ұшырып жіберген.

«...Қыранды баптаудың өз қияметі бар. Алғаш түлекке отырғызған кезде суыр етіне тойғызып қоясың. Бірақ атам суыр етін көп бермейтін.  Өйткені оны жеген құс күйшіл болады. Іші майланып, күзде жаратқан кезде, майы арылмай түлкіге түспейді.  

Бақылықтан бір құс көтердім. Бұл менің нағашы жұртымның мекені. Моңғолия Републикасына тиесілі жер. Қыранды алты жыл аңға салдым. Өте қырағы, бірақ қатты күй талғайтын. Сәл бабы келіспесе, шайқалып аңға түспейтін. Көңіл-күйі жақсы болса, қасқырды да қағып түседі.

Бұл бүркіттің ерекшілгі қағушы іздемейтін. «Қағушы» деген етектен аңды алаңқай ашыққа қарай үркітіп беретін адам. Мен қыратқа ілінген соң томағасын сыпырып, қарғытып жіберемін. Алғашында  сызып ұшып, ақырын көтеріледі. Сосын бауырлап барып, жан-жағын бақылайды. Кейде өзім тау-тасты аралап, бірдеңе кездесіп қалса, оңтайлап шығарып берейін деп кетемін. Түлкі көрсем, айғай саламын. Қай жағымнан келіп қалғанын өзім де аңғармаймын, жалп етіп төне қалатын. Өте қырағы болды.

Бірақ сол қыранның түбіне қағушы жоқтықтың кесірі тиді. Кезекті қансонарға аттандық. Мен әдеттегідей құсты ұшырып жіберіп,  жан-жақты бақылап бейқам келе жатырмын. Алдымнан қоян қашты. Құс кейін қалып қойған болатын. Ішім қылп ете қалды. «Апырай-а, мынаны байқап қоймаса игі еді» деп ойлағанша болған жоқ, төніп келіп қалыпты. «Қап!» деп мен де тұра шаптым, ол да шаншылып төмен түйілді. Қоян шапқылаған күйі барды да, тастың тасасына кіріп кетті. Бүркіт төмендеп барып, қайта көтерілді. «Е, ұстамаған екен ғой» деп жайбарақаттанып қалдым. Қолыма шақырып едім  сызып келіп, отыра қалды. Бұрын қолға қонғанда жұлқынып жететін. Ондай қылық жоқ.  «Неге өйтті екен» деп ойлап қойдым. Содан жайбарақат отыр. Ақырын кеудесін қолыммен ұстап көрсем, сүйектері күтір-күтір етеді. Қоян тастың тасасына бұлтақтай жөнелгенде, кеудесімен барып шаншылған екен.  

Бүркіттің кеудесі қыр сүйек болады. Содан түк жоқ. Етекке қарай еріксіз аттың басын бұрдым. Құс қолға отыра алмай кетті. Қолғапты тіземе қойып, шапанымның етегімен орай жауып көтердім. Төмен түскен соң аздап жем берейін деп томағасын шешсем, көзі ағарып кетіпті. Біраз етегіме орап құшақтап отырдым. Ішіне қан толып кеткен болар, өлді де қалды. Кешкісін сопиып үйге жалғыз қайттым.

Шай үстінде үйге көршілер келді. Әңгімеден әңгіме шығып, «Қыранды қайда тастап кеттіңіз?» деп сұраған соң мән-жайды айтып бердім.  Содан жолдасым мен көрші кемпір «Үй сыпыруға қанатын алып беріңізші» деп жабыса кетті. Жүрегіме кеп қалды.  «Үй сыпырылмай қалса, сыпырылмасын. Не бастарың қалды оның қанатында, шаруаларың болмасын!» деп жекіріп тастадым. Осымен әңгіме бітті.

Көктемнің соңғы айы болатын. Жазғы қоныс  Дайынға көштік. Киіз үй тігіп, орналасқаннан кейін, босаға жақта жатқан бүркіттің қанатын көзім шалды. Оттай басылып, мен мұндалап жатыр. Барып қарасам өз қыранымның қанаты.

 Сөйтсем, «әңгіме барысында бүркіттің қай жерде өліп қалғанын аңдаусыз айтып қойыппын. «Анау орта таста бір қоянның кесірінен құс тасқа түсіп, өлді. Сонда тасқа қоршап тастап кеттім» деп. Жолдасым мен көрші кемпір  өз шалына айтып алдыртып алыпты.  

«Әй мынаның қанатын қайтіп тауып алғансыңдар?»  деп айғай салдым.  «Тәбіңе кескізіп алғам» дейді кемпірім. «Құдай-ау,  Тәбең қыранның қанатын неге әкеліп бересіз ?» десем, ол да «Шібірткіге жақсы ғой» деп шүлдірлейді! Еріксіз, басымды шайқап күлдім!

Қастерлеп төбеге тұтып, топшысын жерге тигізбеген қыранның қанаты бір-ақ күнде жер сыпырғыға айналады деп кім ойлаған. Өлер қыран өлсе, ішіңді өртейтін өкінішті бәлкім менен басқа ешкім де түсіне алмас. Бірі кем дүние осы шығар....

«Кері байтал»

Сонымен Мүтәліп ағайдың кері байталы жоқ.  «Қасқыр шапты ма екен деген ой келді» деді Кәсағам әңгіменің қыза түскенін біліп.

«Маңайды көрейін деп құлдап іздедім. Жылқы Көктөбеден өтіп, мыңшұңқырға барыпты. Сол жерге екі күн түнеген. Үркіп қашқан жылқы белгілі ғой. Құлдилап шапқан. Ізге түстім. Байқасам, аяқ жақтан алты-жеті итқұс кездесіп, тура сол жерде жылқыға шабул жасапты. Біраздан соң кері байталды бөлектеп  қуып әкеткен.   

Қасқыр үшін жалғыз жылқы оңай олжа.  Байтал қашып отырып, көлденең орманға кірген.  Орта тұсына барып белуарынан келетін қарға кіріп кеткен. Сол жерде ұлыма құлатып, құйрық майын ойып отырып жепті. Қайтып Көктөбенің басы Қойқарағай жаққа кеткен. Жортып бара жатқан іздері сайрап жатыр.   

Кері байталдың семізін-ай! Көзім қимады. Жалын бүркітке берейін деп қайырылып қайта келдім. Әкем бүркітті түлекке отырғызған кезде жылқы майы жақсы деп отыратын. Аттан түстім де, пышақты суырып алып, мойынның екі жағын тіліп жібердім. Жалының қалыңдығы жеңді білектей. Еті әппақ. Терісіне орап, атыма бөктеріп, үйге алып келдім. Үш бөлікке бөліп, суыққа қатырып қойдым. Бүркіт түлекке отырған кезде  бір кесектен тастап отырдым. Жаздай әбден тойынды.

 Бұл жерде қасқырдың қиындығын айтқым келіп отыр. Бір жолы сиырға шапты. Жылқы келгенде сарлықтар (сиырдың таулы жерге бейімдеу түрі) бөлініп, бөлек жайылып кетеді. Қайырып алып келейін деп әлгілерді іздеп шықсам тағы біреуі жоқ. «Ойбай, бұл қайда кетті» десем, сол мойнақта түнеп жатқан жерінде екі-үш ит-құсқа тап болған. Екі ортадағы жалмен сарлықтар тасыр-тұсыр үркіп жөнелген. Қашып жүріп, бір жерге келіп шырқ иіріліпті. Алдын орап шыққан ғой. Сол  жерде бір еркек сары тайыншаны бөлектеп алып, шабын жарып жіберген. Мүлде тіс батырмаған. Қайтадан сарлықтардың соңына түсіп, Күнгейдің етегіне келгенде тағы бір шырқ айналдырып ұстаған. Сол жерде құнажындай үлкен тайыншаны ауыздықтапты. Теңкиген қалпы, іші кеуіп кеткен жатыр. Малды айналсоқтап, қарап едім, оын да жемеген. Таңғалдым. Кетіп бара жатып, сабын былғайтын шығар іш майын ала кетейін деп, қайта оралдым. Сөйтсем тайыншаның шабында жұдырықтың көлеміндей тесік бар екен. Аты жаман тұмсығымен нұқып қалған. Ішін  жарып қалып едім ішек-қарны ақтарылып түсті. Бірақ  іш майы жоқ. Сөйтсем аты жаман тұмсығын тығып шарын  майын бүйрегімен қоса суырып жеп кеткен. Жыртқыштың айласын айтсаңызшы!..

Ұлыма малға шапқанда аузын ашып, тілін салақтатып жүгіреді. Ал егер аузын ашпаса, жағы қарысып қалады екен. Мұндайда ол  малға жақындап келіп, тұмсығымен түртпектей береді. Итқұстың аузы тиген малдың еті қарайып, өліп қалуы да мүмкін. Қазақтың «Жағың қарыссын!» деген сөзі осыдан қалса керек.   

Үлкендер қасқырдың атын көп атамайды. Өйткені жыртқыш оны айтқан сайын «мені адамның бәрі таниды, бірақ мен бірде біреуін танымаймын» деп мәртебесі көтеріліп жатады екен...»