КӨРКЕМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ... Бұл ұғымның мән-мағынасы, сыр-сипаты соншалықты кең, соншалықты бейнелі болса керек-ті. Егер де көркем шығармашылық иесі – жазушының бойында болуы керек асқаралы қасиеттерді санамалап шықсаңыз, осы бір ордалы сөздің аясымен қалай жымдасып кетер еді!? Көркем шығармашылық! Біз бұл жерде өнер атаулыға байланысты ақ шаңқан сезіммен көмкерілген барша «көркемдікті» айтып тұрмыз. Ол – азаматтық міндет! Ол – жазушылық болмыс! Ол – шын мәніндегі шындыққа біткен көркемдік соны әлем! Ол – ұлағатты шығармашылық иесінің ҰЛЫ ЖОЛЫНЫҢ ТОРАБЫ болса керек!
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлының көркем шығармашылығының мазмұнына, ақ шаңқан мөп-мөлдір ғұмырларға толы портреттеріне, азаматтық парасат-пайымдарына көңіл аударып, жазушылық тіні-магиясын тапқыңыз келсе, сөз жоқ, КӨРКЕМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ дейтін ұғымның стихиясына соқпай өтпейсіз. Жазушының «әйел тағдыры – ұлт тағдыры» дейтін азаматтық концепцияны өзек еткен ордалы романдары, «өзендей өрнектелген» ғұмырдың иірімдерін дәл танып, мөр басқан ғажап әңгімелері болсын, қазақ халқының тарихының аңызағын жұтып, кеудесінде «жанартаудай» атылған кесек-кесек дүниелері болсын бәрі-бәрі жазушы – Бексұлтан Нұржекеұлының ӨМІР ДЕЙТІН ЖАЗМЫШТАҒЫ КӨРКЕМ ОБРАЗЫН ҺӘМ АЗАМАТТЫҚ БЕЙНЕСІН танытпай ма екен?! Дәл солай! Жазушы дейтін халық осындай болса керек-ті.
Бексұлтан Нұржекеұлының шығармаларының ортақ концепциясы жоғарыда аталып өткендей – адам өмірі, ұлт тағдыры. Ұлттың тағдырын жазушы – әйел тағдырынан көреді. Өйткені ұлт перзентін дүниеге әкелер – әйел. Ұлтты тәрбиелейтін – әйел. Жазушы көркем шығармашылығында әйелдің ар-намысының төгілгені, ұлт намысының сөгілгенімен пара-пар. Бұл ұстаным Бексұлтан Нұржекеұлының шығармашылығының берік аксиомасындай.
Кезінде аты аңыз болған Әнет баба: «Әйел – жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі. Дүниедегі барлық тіршілік атаулының анасы – әйел. Сондықтан оған тіл тигізуге де болмайды» деп өсиет етсе, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы өз сөзінде: «Мен әйелдерді әйел болғаны үшін-ақ жақсы көремін. Жаратылыстың жер бетіндегі ең талантты жасаған дүниесі – әйел. Әдемілік, нәзіктік, жан мен тәннің жарасымы, басқаның өмірі мен көңіліне әсер ете алуы, сүйген адамы мен ұрпағы үшін небір күрделі жағдайларға шыдам келетіндігі жағынан әйелге теңесетін бұл дүниеде ештеңе жоқ. Мен осылай болғандықтан да әйелдер туралы айрықша ынтамен жазамын. Мен жазған әйелдердің бәрінің де түпбейнесі бар».
Сол себептен де болар, жазушы КӨРКЕМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ көбінде отанасының тағдыры суреттеледі. Соған қарап, жазушыны «әйел жанының сәулетшісі», «сиқырлы сезім симфониясының дирижері» десек те артық айтпаған едік. Дәлелі ретінде: «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір ғана махаббат», «Сағынғаным-ай», «Күй толғақ», «Жастық – жыл құсы емес», «Қиын сұрақ», «Күнәлі махаббат», «Кәріс қыз», «Күләштің соңғы көктемі» т.б туындыларын атап өткен жөн. Өз кезегімізде біз де КӨРКЕМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ иесінің жаны – сұлулығының, қаны – азаматтығының, кескіні – шеберлігінің нәтижесінде дүниеге келген шығармаларын талдауды алдымызға мақсат қойып отырмыз. Ендігі толғам солар жөнінде болады.
***
- Бақыт дегенміз не? Әйел бақыты қандай?
- Әлбетте, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, қосағымен бақытты ғұмыр кешу, жарының іңкәр сезіміне бөлену емес пе еді!?
Бексұлтан Нұржекеұлының «Күнәлі махаббат» повесінің негізгі тақырыбы осы мәселе. Өмірінде тұрақтылық болмаған әйел, оның «зарлы» балалары, қысастығы көп әртүрлі адамдар... Кейіпкердің ешбір жанға сездірмеген томаға тұйық, бітеу жара жан сыры – әйелге тән әлсіздігі. Ал оған қарама-қарсы Жаңыл тағдырын қайда қоясыз? Іңгәлаған сәби үнін естімесе де, Алла қосқан жарымен салиқалы ғұмыр кешеді. Өз әлсіздігінің алдында құрбан болғанмен де, ар мен ожданның тұғырын биіктен көреді. Сонда бұл шығармада кім бақытты? Ұрпағын үш еркектен тауып, әйел мұратына өзіндік сүрлеу тапқан кейіпкер ме, әлде жатыры тас боп қатқанмен де адал өмір сүрген Жаңыл ма? Тура сұрақ! Оқырман көкейінде бұл сұрақтың қаларына дау бар ма екен? Және бұл сауалға көңіл толқымай жауап бере алар ма? Әрине, жоқ! Өйткені бұл кейіпкерлердің екеуінде де ешбір құшақ жазбас, ғұмырының соңына дейін сақталатын, өшпейтін, өлмейтін, қайта өршіп, қайта қоздайтын өксікке толы оттай ғұмыр ұшқындары бар. Өкініштер бар... Ал шығарма финалы «күнәлі махаббаттың» күнәсін сезгендегі өткеніне бағыштар жоқтауындай ...
«Мен бақытымнан айырылғанымды білгенім де, оның енді екінші қайтып бастапқы қалпына қайтып келмейтінін де білгем. Ол өкінішім, ол назым әлі басылған жоқ. Өлмей басылмайды да...» дейді.
Осылай оқырман сауалы көп сұрақтың жауаптарымен еріксіз қалың ойға батады... Ал қалың ой – шығарма мұраты.
Егер де жазушының шығармаларындағы кейіпкерлерді бір арнаға тоғыстыратын болсақ Бексұлтан Нұржекеұлының: «Жастық – жыл құсы емес» әңгімесіндегі кейіпкер Зиаш, «Қиын сұрақ» туындысындағы Айғанша, «Күләштің соңғы көктемі» шығармасындағы Күләш бейнесі, «Күнәлі махаббат» повесіндегі белгісіз әйел, «Күтумен кешкен ғұмыр» романындағы Қайныкеш. Бұл кейіпкерлердің ортақ трагедиясы – махаббат уыты - рухани жалғыздықтан пайда болған шерменді күй. Жазушы шеберлігі сонда барлық трагедия, конфликті кейіпкерлердің жан дүниесінде өтеді. Нәсілі – әйел емес пе?! Қорғансыздың күйін кешкен жәудір көздің мұңын түсінер жан бар ма? Олар өз шерменімен шыңырауда. Оларды түсіну қайда-а-аа...
Мәселен, «Жастық - жыл құсы емес» әңгімесінде Зияштың тағдыры сондай өкінішті. Тал шыбықтай иілген, уыздай жас қыздың соқыр сезімі ақынжанды ғашығы Қалиды емес, Ғәзизді таңдатады. Махаббаттан сағы сынған Қали әскерге атанып кетеді. Зиаш Ғәзизбен отау құрады. Бақытқа толы күндердің соңы ақыры Ғәзиздің жан дүниесінің «қопарылуына» жеткізеді. Тастайын суық сезім махаббаттың ыстық шоғының нұрын өшірген-ді. Арада біршама жылдар өтіп, шоқтығы биік, салауатты жігітіміз Қали оралады. Зиаш сезімі өкінішке, бітеу жараға айналады. Өткенге сот бар ма екен? Өмір жалғыз. Әттең, сезім... Ендігі «жастық – жыл құсы емес». Оралып келмес-ті.
Жазушының тереңнен толғап, «ұлы сезім» - махаббатты, ән өнерін арқау еткен шығармасы – «Күтумен кешкен ғұмыр» романы. Бас кейіпкер Әтікенің әншілік өнері мен өмірін арқау еткен туындының өзіндік сюжеттік интригасы бар. Романның басталуынан-ақ Әтікені бір ой мазалайды. Тіпті, ол ой шыңырауы оның іңкәр өнерінің нұрын өшіре бастаған-ды. Әсте, өнер адамы – әсершіл, арманшыл келеді. Ал Әтіке әлі жас, әлжуаз... Өнер адамының көмейіне олай қорғасын құйдырған кім? Қандай жайт болған екен? Сөйтсе, оның себебі: Айсары болыстың таққан міні екен.
«Сый-сыйапатың олқы, атағыңның ауы үйден аспай жүргені де сол. Өнеріңе сай сені де әспеттеп отырған шамалы...»
Ендігі бұл мін бе, әлде көреалмауышылық па немесе өз жағына ұран етпектің сарыны ма екен? Үшеуі де болар... Алайда үстем түскені, тамыр басқаны Айсары болыстың әнші Әтікені «сойылсоғары» етпегі екен. Әтікенің өнеріне тұсау болатын себеп – осы. Бұндай қысастық өнер адамына ғана тән шығар дейсіз. Жазушының «Күләштің соңғы көктемі» әңгімесіндегі Күләш жанын жегідей жеген аярлықты алыңыз... Ақыры өнерлі жанның өліміне әкелмеді ме? Не болмаса І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесін қараңыз. Тек Ақанға жасалған қиянат емес, оның «құлагердейін жампоз өнеріне» жасалған қиянат емес пе? Ендеше Бексұлтан Нұржекеұлының бұл романындағы тұтастай алғанда Әтіке ғұмырыда сондай аярлықтың құрбаны деуге толық негіз бар.
Аталмыш романда ыстық сезім мен мөлдір махаббат та баянадалады. Оған дәлел – Қайныкеш пен Әтке сезімі. Қандай асыл махаббат! Қайныкеш Әткенің алдымен сұлу өнеріне ғашық. Жо-жоқ, Баркөрнеуіне ғашық болар... Дегенмен де әсершіл, сыршыл Әтіке сезімнің Баркөрнеуіне мұңын шағып, аласапыран заманның ауыр соққысына төзбей «жоғалып» кеткен-ді. Қайныкеш пен Әтіке махаббаты Баркөрнеу трагедиясына айналады. Өйткені арада зырғып қанша уақыт өткенімен де Қайныкеш жүрегінде сол баяғы аңсар, сол баяғыдай ән қалған-ды. Бұл әуен Баркөрнеу жаны Әтіке музасының соңғы ноталарындай, өзекті өртер өкінішіндей еді...
Атыңан айналайын, атамекен,
Кім сені Баркөрнеу деп атады екен.
Қайғы мен қапаны да көремісің,
Саған да соның зілі бата ма екен?
Сөз соңында...
Бір күні Бексұлтан Нұржекеұлының мына бір сөзін оқыдым. Күнделігіме жазып ала қойыппын. Кім біледі, сол кездегі сыршыл сезімімнің сыбызғы үніндей әуендеп тұрған шағына дөп келді ме екен. Әйтеуір, тұп-тура «Күтумен кешкен ғұмыр» романын оқып жүрген кезім еді. Бексұлтан аға былай депті ол жерде:
«Өнерді қанаттандыратын, өнерді арқаландыратын әркімнің өз Баркөрнеуі бар. Одан айырылған адам әулиелігінде, дарындығынан да – бәрінен жұрдай болады»
Дәл осы пікірдің шетіне: «Баркөрнеу, бәлкім, оның асыл музасы - халқы болар» деппін үш нүктемен ойымды аяқтамай.
Қазір бұл туындымды жазып отырып дәл осы толғамға қайтадан оралып отырмын. Сол жолғы ойымды енді түсініп отырғандаймын. Асылы КӨРКЕМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ғұмырында «Баркөрнеуінің» құшағында өсіп-өніп, тас-құмына тәнін күйдіріп, бұлағының көзін ашып, көгіндей көктеп, күніндей нұрланған бала Бексұлтан «Баркөрнеуімен» бірге абыз Бексұлтанға айналған екен. «Баркөрнеуімен» бірге мерейлі 80 жасқа толған екен! Жазушы шығармашылық ғұмырында біз талдап өткен шығармалардан бөлек:
1916 жылдардарындағы қасіретті жылдарға арналған «Әй, дүние-ай» романы (Мемлекеттік сыйлық алған);
30 жылдардағы қазақ халқындағы ашаршылық нәубеті жайлы «Жау жағадан алғанда» романы, Әсет, Сара, Төребай секілді әнші-ақындардың шығармашылығы жайлы Қабанбай, Бөгенбай, Ағынтай батырлар туралы жазылған «Ой ұшқыны» эсселер жинағы;
К.Байсейітова, Ж.Омарова, М.Төлебаев, Д.Рақышев, т.б. талант иелері туралы танымдық мақалаларының жиынтығы «Өнер құдіреті» кітабы;
Қазақ халқының тарихындағы Орбұлақ шайқасы туралы деректер, соғысқа қатысқан батырлар жайындағы зерттеулер, мақалалар, сондай-ақ Орбұлақ шайқасы туралы сан қилы мәліметтер топтастырылған «Орбұлақ өнегесі» еңбегі;
«Кек-намыс» тарихи романы мен «Бір өкініш, бір үміт» романы және әртүрлі жанрдағы бірнеше әңгіме, повесттер...
Бұлардың барлығы дерлік Бексұлтан Нұржекеұлының тұтас көркем шығармашылығында (жоғарыда атап өткенбіз және қайталаудан жалықпаймыз) кәсіби әдебиетшілігінен бөлек тарихты тарихшылардан кем білмейтінін және біліп қоймай, ұрпақ үшін аса құнды жәдігер болатындай кітаптар жазуы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының азаматтық ұстанымынан туған ұлтына деген қалтқысыз еңбегі - «Баркөрнеу» шоқтығын биіктетіп тұрғандай болып көрінеді де тұрады. Міне, дәл осы болмыс-бітімімен, көркем шығармашылық полотносымен, «сұлу» да мұңлы галереясымен, «Баркөрнеу» - музасымен Бексұлтан Нұржекеұлының бейнесі бізді әрқашан өзіне бас идіреді.
ЕРТАЙ БІЛӘЛ