1. Жылдың ең басты әдеби оқиғасы
2. Осы жылы шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болды? Не жаздыңыз?
3. Алдағы жылдан қандай өзгерістер күтесіз?
Мұрат Шаймаран, ақын:
1. Осы жылдың басты әдеби оқиғасы ретінде қыркүйек айында елордада өткен "Азия жазушыларының форумын" және желтоқсанда өткен Қазақстан Жазушылар Одағы мен "Қазақ әдебиеті газетінің" 85 жылдық мерейтойын айтар едім.
2. 29 қарашада 50 жастық мерейтойым өтті. "Жасыл түн" атты кітабым шықты.
3. Біздің билік шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын үлкен жоба ретінде қарап, олардың кітаптарын шығаруды, атамекендегі оқырманға жеткізуді қолға алса екен. Сонымен бірге, жас қаламгерлердің жағдайын жасауды, қаламақы мәселесін шешуді ойластырса жөн болар еді.
Ырысбек Дәбей, жазушы:
1. Жазушы ретінде жеке өз пікірімді айтар болсам, шыны керек, жаңалық деп айтатындай оқиға болды деп айта алмаймын.
2. Биыл табан ет, маңдай терін даулаған халықтың, мұнайшылардың 2011 жылғы трагедиясына арналған "Қоңыз" атты роман жаздым. Менің жаңалығым осы болды.
3. Алдағы жылдан күтетініміз көп. Жақсылық күтеміз. Қаламгерлер халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты өмірден алынған дүниелерді көбірек жазса дейміз. Осы заман, осы өзіміз өмір сүріп жатқан уақыт пен орта туралы шығармалар күтеміq
Мағира Қожахметова, жазушы:
1. Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылған шаралардың халықтық сипат иемденгені әдебиетіміздің беделін көтеріп, мерейімізді өсірді. Билікке, оқырманға деген үмітімізді оята бастады. Алматыда тұратын ақын, жэазушыларға «басты оқиғаны» әкім Бақытжан Сағынтаев жасады! Мұндай қамқорлық мемлекеттік концепцияға айналып, бүкіл қаламгерлерге ортақ болуы тиіс келешекте.
2. Жобаларын өзім дайындап, ай сайын жарық көретін республикалық балалардың «Балбұлақ» журналынан, «Дертке дауа» медициналық танымдық газетінен уақытым артылмайды. «Менің шашылған энциклопедиям» циклының алғашқы томын толықтырып, өңдеп, әутеуір үкімет шығаратын болды. «Әбіш әлемі» конкурсына қатысып марапатталдым. 95 жылдығы еш еленбеген, қазақтың роман жазған алғашқы қызы Сара Рахманқызы Мыңжасарованы елдің есіне салдым.
3. Жазған, сызғанымды жүйелеуді жалғастырып, алжымай, бір сөз-бір ұғымды қайталай бергеннен сақтаса – міне, осыны күтемін өзімнен келесі жылы да...
Ақберен Елгезек, ақын:
1. Азия жазушыларының 1-ші форумы
2. Бірді-екілі өлең. “Болмаған балалық шақ” повесін толықтырып бітірдім.
3. Тәңірі көрсетер.
Әсел Кәрібай, ақын:
1. Жылдың ең басты әдеби оқиғасы - Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қыркүйек айында Нұрсұлтан қаласында өткен “Азия елдері қаламгерлерінің І форумы” деп ойлаймын. Өйткені Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумда Азияның түкпір-түкпірінен келген 70-тен аса, қазақстандық 150-ден аса қаламгерлердің басы қосылып, әдебиеттің болашағы жайында мәселелер талқыланып, азиялық жазушылар арасында әдеби байланыс орнатылды. Бұл қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалықтардың бірі деп есептеймін.
2. Осы жылы екі өлең ғана жаздым. Сондықтан, айтарлықтай табысты жыл болды дей алмаймын. Жаңалықты өлеңнің санымен өлшемейміз десек, онда осы жылы шығармашалықта жаңа тынысым ашылғанын сезіп жүрмін.
3. Алдағы жылда басқа жанрда да ізденістер жасағым келеді.
Бақытгүл Сәрмекова, жазушы
1.Әдеби оқиғаларды үнемі қадағалап отырмағандықтан басты әдеби оқиға деп ештемені көрсете алмай отырмын. Жаңалық деп осы жылы оқыған кітаптарды ғана айтайын. Мүмкін, ұят та шығар, бірақ Ги де Мопассан деген жазушы бар екенін осы жылы білдім, туындыларын құнығып оқып шықтым. Содан соң мықты жазу үшін, әлем әдебиетінде орын алу маған, менің қатарластарыма не жетіспейді деген ойда қалдым.
2.Қатты өзгеріс дейтіндей шығармашылығымда жаңалық болмады. Бұрын жазғандарымды жинақтап, кітап етуге дайындадым. Өз шығармаларымды оқырман ретінде оқып көрдім. Кейбір бұрынырақта жазғандарыма көңілім толмай, тіпті күлкім келіп мүлдем жойып тастадым. Кейбір шығармаларыма көңілім толып, босқа жазбағанымды түсіндім. Осы жылды өз-өзіме есеп беру, өзімді іздеу, сынау жылы десем де болады.
3.Жыл сайын өзімнен өзгеріс күтемін. Ойымда жүрген сюжеттерді салмақтап, жазумен айналысуға деген қорқынышымды, еріншектігімді жеңіп, өзімнің жазушы екенімді мойындағым келеді. Әр тақырыптың басын бір шатып жаза бермей нақты өзіме не керек екенін түсінетін уақыт келгенін де білемін. Алдағы уақытта сонымен айналыссам деймін.