«PEN AMERICA» әдеби грантын жеңген қазақ шығармасы

Қазақ әдебиеті үшін қуанышты хабар! Әдеби аудармашы Миргүл Қали аударған жазушы Бақытгүл Сәрмекованың әңгімелері АҚШ-тағы «PEN AMERICA» 2022 әдеби грантын жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен  көптеген жазушылар, редакторлар, аудармашылар мен сыншылар қатысқан әдеби грант байқауы туралы жазушының өзі әңгімелеп берді:

- Бұл конкурсқа мен емес, АҚШ-та тұратын әдеби аудармашы Миргүл Қали қатысты. Аударма сәтсіз болса, жазушының жазғаны да түкке тұрмай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде Миргүлдің еңбегі зор, аударма жұмысы деген де үлкен шеберлікті, сезімді талап ететін жанр. Шығарманың жанын кетіріп алмай жеткізе білу оңай емес.

         Жыл сайын ағылшын тіліне аударылған он шығармаға грант бөлінеді екен. PEN/Heim аударма қоры 2003 жылы құрылған. Ағылшын тіліне аударуға гранттар  беру арқылы жазушылардың әлем әдебиетіне қосылуына мүмкіндік жасау.

Миргүл Қали «Кейіпкер» атты кітабымнан 3 шығарманы ағылшыншаға аударып, байқауға өткізді. Қазылар алқасы кітаптың ары қарай аударылуына қызығушылық танытып отыр.

Ресми хабарламадағы: "Биылғы көп үміткерлер ішінен таңдалған 10 жоба, соның ішінде тай, араб, қытай, румын, қазақ, суахили және т.б" деген жолдарды оқығанда қатты толқыдым.  «Бақытгүл Сармекова өзінің «Ақындары құрысын» атты әңгімелер жинағында қарапайым қазақ халқының патриархия, мәдени дәстүр мен постосоциолистік сілкіністің торында ұсталған, аянышты әрі күлкілі портреттерін ұсынады. Сәрмекова өз кейіпкерлерінің өмірінің шиеленістерін суреттей отырып, тапқырлықпен, әзілмен потреттерін нақты көрсетеді. Миргул Кали өзінің шебер аудармасында бұл күнделікті шиеленістердің атмосферасын ептілікпен жаңғыртады" делінген.

Qalamger.kz порталы әдеби аудармашы Миргүл Қали мен жазушы Бақытгүл Сәрмекованы, сондай-ақ, қазақ әдебиетін шын жүрекпен құттықтайды!