ПАРАСАТПЕН СУАРЫЛҒАН ПОЭЗИЯ

 

(ақын Светқали Нұржан поэзиясы хақында)

 

Светқали Нұржан (Айт-Ман) – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. «Құрмет» және «Отан» ордендерінің, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет, Т. Айбергенов, М. Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, әдебиет саласы бойынша Президенттік стипендияның иегері.

Светқали өлең жазуға ерте жастан талап қылып, мектепте оқып жүрген кезінен-ақ балауса жырлары аудандық, облыстық және республикалық баспасөзде жарияланып тұрды. Оның ақындық қиялын ұштап, шығармашылығына шабыт берген халық әдебиетінің кәусары – ауыз әдебиетінің үлгілері, ақын-жыраулар поэзиясы мен қазақтың классикалық әдебиеті екені күмәнсіз. Топтама өлеңдері ҚазҰУ-да оқып жүрген кезінде «Аудитория» деп аталатын студент жастардың жыр жинағына (1985) енсе, 1992 жылы алғашқы кітабы «Аруана» жарық көрді. Одан кейінгі кезеңде үш томдық «Таң қауызын жарғанда» (2002), «Ай таранған түн» (2008), «Таңның лағыл жұлдызы» (2015), «Сарайшықтың көзесі» (2019), «Жұлдыздардың жұпары» (2019), «Өткен күздің өксігі» (2022), «Көкірегім – көне кітап» (2021) жыр жинақтарын оқырмандарына ұсынды. Ақын Батыс пен Шығыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуға да қомақты үлес қосып келеді: «Әулиелер әуезі» (2009), «Еуропа поэзиясы» (2010), «Еуропа классикалық поэзиясы» (2011), «Қырық хикмет» (2013), «Дәрменсіздер дәлелі» (2013), «Генрих Гейне» (2019), «Жүніс Әміре жырлары» (2021), «Түрік шайырлары» (2022) т.б.

Кең даланың құшағында еркін өскен ақын жастайынан табиғаттың тылсым құпияларынан сыр тартып, тарихтың тұңғиығына көз жіберіп, сұлулық әлеміне сұқтанумен келеді. Ақындық өнердің сиқырлы тылсымы мен қасиетті күші өнерпаздың ақыл-ойы мен жан-жүйесін тұтас баурап, болашақ бағдарын айқындай түседі. Мысалы, он алты жастағы балаң ақынның:

Ақындықтың қазір мен күйін кештім,

Өлеңіммен келеді түйін шешкім.

Көктем келген, нөсерлі жанымдағы

Сезер ме екен ғажайып күйімді ешкім?! –

деген өлең жолдарынан жас талантты баураған ақындық стихия мен өмірлік мақсатты да, табиғат пен өз сезімін астастыра отырып, соны айналасына паш етпек болған шабыттың шалқуын да аңғарамыз.

Немесе:

...Дана Абайдан Нұр алып,

От – Қасымнан,

Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған...

Есігінен өлеңнің енсем деп ем,

Шаңырағы шатынап, топса сынған!., –

деген балаң арманның өмірінің өзегі, болашағының бағдары болып, бүкіл ғұмырының темірқазығына айналғанына ақынның бүгінгі биігі куә.

Поэзия – уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, ақын мен оқырманның арасын мәңгілік жалғастырып жататын, тіні селдіремес алтын арқау. Өлең сөзді пір тұтып, поэзияның киесіне табынып өскен ақынның:

...Жатады дүние сыры алдыма кеп,

Жанарым салмағай тек қалғып әлек.

...Қараймын тал бүршігін таңда тұрып,

Бір өлең жасырынып қалды ма деп! –

дейтін шумақтарынан дүниенің әрбір құбылысынан сыр аңдып, одан ойлы өлең түюге талпынған ақындық ынтазарлықты көреміз. Енді бір өлеңінде қазақтың қасиетті қара өлеңінің құдіретін жырлай келе:

...Айналайын, қасиеттім күй тілді,

Қайран, айым, ашқан таңғы ұйқымды! –

Қара өлеңді сүйіп енді өтермін,

Қара қыздай Сүйкімді әрі Сиқырлы! –

деп, оны мәңгі аялап өтпекке серт береді.

Ақынның поэтикалық әлемі шалқар да өрісті, жырлаған тақырыптарының арнасы кең. Тырнақалды өлеңдерінен бастап кең дүниеге сергек қарағанын, дүние құбылыстарын байқампаздық пен талғампаздықтың талқысынан өткізіп, ақындық көңіл-күйінің биікке самғағанын көреміз. Жастық шақ аңсары, достық пен махаббат сезімі, әсемдік пен асқақтық, мұң мен нала қабат өріліп, жас таланттың қаламынан жыр болып төгіліп, сыр болып өріліп отырады. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, әр сөзді өз орнына жұмсау, сөз айшықтарын сәтімен қолдану, тың теңеулер мен күрделі тілдік конструкцияларды өлең мәтініне орайластырып, ұйқас пен ырғақтың үйіріліміне селкеу түсірмей толғай жырлау сияқты шеберлік қырлары барған сайын жетіле түседі.

Ақынның махаббат лирикасы да өзіндік әуенімен баурайды. Бұл тақырыптағы алғашқы өлеңдері балаң құштар көңілдің сырын жай баяндап қоймай, табиғатпен бірлікте, этнографиялық-салттық сарынмен сабақтасып, әдемі суреттілігімен ерекшеленеді:

Тұлпарым тізгінін сүзіп,

Көктемде бір келіп кеткем.

Мен сонда үздігіп күліп,

Күлкіме тұрды еріп көктем.

... Көркейіп қырқам да гүлмен,

Ғажабын танытқанда алап –

Мен жаққа Тұлпарға мінген,

Тұрғансың жабықтан қарап.., –

дейтін нәзік өрілген лирикалық мақамында жастықтың кіршіксіз ынтазарлығын елестететін әдемі сурет бар.

Балалық пен жастық шақ, достық пен махаббат тақырыбындағы өлеңдері алғашқы жинағында көбірек көрінсе, олар рефлексиялық әсерлену, ішкі сезімді бейнелеу деңгейімен шектелмей, кейінгі жырларында да сағыныш сарынындағы ретроспективтік қалыппен өрістей түседі. Мұндай сарын кейінірек жазылған «Балалықтың бағзы жайлауы» мен «Жастықтың жазғы бағы» жырлар шоғарынан айқынырақ көрінеді.

Махаббат лирикасы ақын шығармашылығындағы негізгі тақырып, басты сарын болмағанмен, әйгілі «Арал қызына» цикліндегі жырларындай бүкіл шығармашылығында желі тартып отырады:

Анау жатқан Каспийдің ұлы едім мен,

Атырау ем – жаныммен, жүрегіммен.

Аралдық қыз, бір күні Арал болып,

Қол бұлғадың Дария-білегіңмен,.. –

деп басталатын ғашықтық ғазалы әп дегеннен кеңістікті-географиялық ортадан бастау алып, поэтикалық қуаты деректілік суретімен де («Картадан көр: Каспийім Аралыңды Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп?!»), образдылық күшімен де («Тулап жатқан Каспий боп ақтарылып, Толтырармын бір күні арнаңды мен...») оқырманды баурап алады.

Махаббаттан басталып, парасатқа ұласатын поэзияның қасиетті миссиясы мен жасампаз өрісі Светқали жырларында шырқау биікке құлаш ұрады. «Махаббат», «сүйіспеншілік» ұғымдары енді шектеулі аядан шығып, ұлы арнаға – ел мен жерге, ұлтқа, ана тіліне, ата-баба жолы мен азаматтық парызға деген махаббатқа ұласып, «Адамзаттың бәрі – бауырым» дейтін Абай айтқан деңгейге көтеріледі.

Ақынды қалыптастыратын орта туған жер екендігінде ешкімнің күмәні болмаса керек. Шыр етіп дүниеге келгеннен ауасын жұтып, «кіндік кесіп, кір жуған», қаз тұрып, атқа мінген атажұрттың ақын жанына әсер етпеуі мүмкін бе!? Тарихы терең, дәстүрі бай ақындар мен батырлар мекені Маңғыстауда туып-өсіп, ат жалын тартып мінгеннен туған жердің тау-тасын аралай жүріп, аңыз-шежіресі мен өлең-жырына қанығып өскен ақынның бүкіл болмысы осы мекеннің топырағынан жаратылып, бүкіл Қазақ Еліне деген ақжарма көңілі мен арынды поэзиясынан көрінеді.

Ақын «Дала» деген өлеңінде:

Баяғы бір ән, баяны күмән бұл қырлар.

Бағыштап барын бұлбұлдар, бетін бұрды ұлдар.

Байқағыш болсаң, баба даланың бойында

Бітіп болмайтын бір сағыныш пен бір мұң бар.

Бөкен сағымдар боз желкеніндей өлкенің,

Бұйра толқынды шағылдар – бітпес ертегім.

...Бұл дала маған ұқсап барады бір түрлі...

Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін! –

деп сайын сахара, ұлы даланың бойынан байқаған мұңы мен сағынышын толғап, соның астарынан шежіре тартып, сыр іздеп, бара-бара сол даласы мен ақындық болмысының ұқсастығын аңдаған ақын бүкіл шығармашылық ғұмырын соған арнап келеді.

«Төбелер» деген өлеңінде дала төсіндегі төбелерге қарап тұрып, тарихтың тереңіне ой жүгіртеді, халық батырлары Ер Досан мен Құлбарақты, Ақтан ақынды есіне алады. Осы төбелерден солардың бір дерегі шығардай телміре қарайды. Бұл – тарихи оқиғалар мен тұлғаларды ұмытпай жадында сақтап қалатын дала-төбелердің шежірешілдік-жылнамашылдық болмысын еске салып тұр:

...Қарайды тас төбемнен жымиып күн,

Мен болсам жанарыма мұң ұйыттым:

Астында не құпия бар екен, – деп,

Татыққан тарғыл тасты кіл үйіктің?..

Жатқандай астарында бір үн бұғып,

Төбелер томсырайған сырын бүгіп.

Ұқтырмас мәңгі, бәлкім, қояды тек

Қиялды сан қияға ұрындырып...

Дала – Светқали ақын поэзиясының басты концептуалдық арқауы, айнымас поэтикалық темірқазығы. Шығармаларындағы негізгі сарын ел қамы, жұрт мұңы, ата-баба жолы, тарихи жадыға негізделген елшілдік болса, солардың бәрі осы ұлы далаға деген махаббаттан бастау алып отырады. Мәңгілікпен үнсіз үйлесім тапқан қасиетті атамекеннің әрбір тауы мен тасы, белесі мен беткейі, өзені мен көлі, сол далада қарауытқан сағаналар мен қорғандар, молалар мен қорымдар, балбалдар мен құлпытастар – бәрі-бәрі тылсымына сиқырлы сыр түйіп, ішкі әлемін ашып көретін зерделі ұрпағын күтіп жатқан жұмбақ нысандар. Ақын жаны сол жұмбақты шешуге құштар. Дәйім сол даламен сырласып, қойнауына бүккен тарихи оқиғалардың сілемдерін тауып, сырын білуге талпынады («Қайран Далам, Мендегі ұқшы мұңды, Ұқ сырымды, Жаным бар тіксінулі – Сенен мейір дәметіп келгенімде, Қоя тұрсаң қайтеді сыпсыңыңды...»); бүгінгі жайына көз тастап, замананың жайына налиды:

...Бабатүкті боз дала, көгесем қыр,

Можап қапты жел мүжіп көне кеңгір.

Тапқан шақта бабамыз жаудан жазым, –

Көзде кеткен ең соңғы елес ең бір.

Кемиек құм шығарса кемсиген үн,

Замананың болжаймын керсигенін.

Келген сайын қия алмай жылап кетем,

Мен де сені бабамнан кем сүймедім...

Ал, «Бабалар қазған үңгірде» өлеңінде ертегілер еліндегідей үңгірді аралап, сол жерден тарихтың бір белгісін табам ба деп аласұрған лирикалық кейіпкердің мазамыз кейпін көреміз:

...Мен қанағат табар едім, батыр бабам ұстаған

Қылыш емес, табылса егер бір сынығы күректің...

Бағы Заман – қара үңгірдей құпиясы қатталған. –

Құпиямен тілдесуге тайсақтайды көп талғам.

Үңгірлерге үңілемін кітапхана-тауға кеп,

Делқұлылау тарихшыдай архивті ақтарған...

Жалпы шығармашылығында ақын кең даласын армандай шарлап, алдынан шыққан кез-келген ізден жол таппақ болып, тарихтың сілемдерінен рухани қазына іздеген жоқшыдай көрінеді. «Із туралы» деген өлеңінде лирикалық кейіпкер:

...Тығылған шақта ай бұлтқа

Тура бір жолды іздеп ем.

Тұрмын сан тарам айрықта,

Түсейін қайсы ізге мен?

... Жә, жетер! Тұрмын жүргелі,

Жырақта әлсіз жануда от.

Қозғалу керек ілгері,

Бір ізде тұрып қалу жоқ!., –

дей келе, өмірде де өзінің өнерпаздық жолын тауып, жырымен халқына қызмет етпек болған арманды ойын жеткізеді:

Салса ізін ертең алтын күн

Алтын гүл өскен бағыма —

Жетейін деп ем

Халқымның

Жырменен жаны, жадына...

Емес қой ізге жарлы дүз,

Жер барда жатар тепкі жеп:

Бұл ғаламдағы барлық із

Айналсын жолға деп тілеп!..

С.Нұржан өлеңдерінде даламен қатар кеңінен қолданылатын сол даланың адал перзенттері, тарихи жадының сақтаушылары мен жеткізушілері, ата-бабадан келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көмбесі – аға ұрпақ өкілдерінің орны үлкен. Осы бір ардақты буынды жырлағанда, ол тарихпен тілдескендей, кешегі күнмен көріскендей керім күй кешіп, парыз, аманат, жауапкершілік тұрғысынан ерекше шабытпен абызша толғайды. Аузы дуалы, көкірегі көмбе, салт-дәстүр мен ән-күйді, жыр-шежірені сақтаушы қасиетті «шалдар» образына ақын әр кез қайта айналып соғып отырады. Мысалы, «Шалдарды сағыну» деген жыр шоғырында туған өлкесі Маңғыстаудың шалдарын сағына еске алады.

Жетелеп жолдың торабы,

Маңғыстау жаққа барсаңдар. –

Құдайдай күтіп алады,

Ақ шұнақ шалдар, сары шалдар,.. –

деп басталатын бұл жырда ауыл қарттарының жиынтық образы сомдалған. Тұла бойында заманалардың жыры мен сыры хатталған – «тірі хаттарға» поэтикалық мінездеме береді:

...Есіне өткен кезді алса,

Аруана-қарттар боздайды.

Жетпеген бізге сөз болса –

Жеті атасынан қозғайды.

Желбіреп күміс сақалы

Сайрайды Абыз Атадай.

Ширылып шыққан мақалы –

Алшы боп түскен сақадай.

Ой салып қапы тұстарға,

Бағыштар небір ерге өлең.

Жалмауға келген дұшпанға

Ақырып қылыш сермеген...

Айт-Ман ақын қай тақырыпқа қалам сілтесе де, ұлттық рух пен халықтық сана, қазақы салт-дәстүрге табан тірей отырып, азаматтық позициясы тұрғысынан жырлайды. Ақын өзіне ғана тән мінезі мен ой-сезімін лирикалық кейіпкеріне дарытып, сол арқылы ақындық тұлғасы көрінеді. Өмір-тіршіліктің түрлі жағдайларындағы ақын жүректің бұлқынысы мен құлшынысы, қуанышы мен күрсінісі, махаббат пен жабығу, сенім мен сезік, пайым мен парасат секілді әр алуан халдердің бейнеленуінен ақындық ерекшелігі танылады. Ақын нені жырласа да, өлеңінің сиқырлы күші өз иіріміне тартып әкетеді. Оқырманын бейжай қалдырмай тереңнен толғайтын өзекті ой да, өмір-тіршілік көріністерін қалтқысыз елестетіп, көз алдыңа келтіретін образды сурет те, құбылыс-қасиеттердің байыбына жетелеп, ұғындыра түсетін философиялық пайым да автордың ақындық даралығын ашып, иіріміне тарта түседі.

Ақын жырларының мазмұндық-идеялық болмысы мен көркемдік-құрылымдық кестесі жарасым тауып, «тас бұлақтың суындай» келісті қалпымен танылады. Не нәрсені болса да сырттай қызықтамай, тереңнен толғап, астарынан мән іздейтін ақын мазмұн мен форманы орайластыра отырып, өлең өзегінен философиялық түйін шығарады. Ақын философиясы әлеуметтік ойдың катализаторы іспетті. Ол тарих тағылымы, адам жанының жұмбағы, табиғат сырлары, қоғамдық құбылыстар секілді мәңгілік тақырыптардың аясынан көп адам байқай бермейтін жайларды ақынның нәзік жүрегі сезіп, ақыл-ойы пайымдап, үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде көзі жеткен тұжырымдарды поэзияның шыншыл да сыршыл өрімімен алдымызға жайып салады, көз алдымызға әкеледі, сөйтіп санамызға сәуле түсіреді.

Өлең жазудың қыр-сырын терең меңгерген ақын оңтайлы формаға құрылған шымыр ұйқас, көркем образ, көрнекті айшықтаулар мен құбылтулар арқылы өлеңнің нәшін келтіріп, өз мәнеріне тән бірегей көркем әлемді көз алдымызға әкеледі. Оның поэзиясында туған халқының дүниетанымы, этнографиясы, салт-санасы, ұлттық ерекшеліктері, арғы-бергі тарихы мен тағдырының терең іздері жатыр. Кеңестік билік кезінде ана тілінен айырылып, ашаршылық пен репрессия секілді небір зұлматтарды басынан кешіріп, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған қазақ халқының тағдырын шеберлікпен жырлайды.

Светқали шығармашылығының бір рухани арқауы – діни сенім, қасиетті Исламның адамгершілік ұстындары. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық поэзиямызда діни-ағартушылық поэзияның жандана түскені белгілі. Классикалық негізі орта ғасырлардағы Ислам дінінің философиялық-дидактикалық поэзиясында қалыптасып, содан бері желісі үзілмесе де, кеңестік идеологияның әсерінен теперіш көріп бәсеңсіп қалған діни сарынды көзқарасты жырлаудың өрістей дамып, жаңа белеске көтерілуі заңды құбылыс.

Кеңестік тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып, атеистік саясат қаһарына мініп тұрған сонау 1980 жылдары жазылған «Құдай туралы жырында»:

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар

Жұдырықтай жердің тұрғындарына

Барлығыңды дәлелдеуге шамаң бар.

... Күлші, Құдай! Соған Күн мен Ай құштар,

Ай, Күнге де тор-тұзағын жайды іштар.

«Бір-бір құдай санап жүрген өздерін»

«А, Құдайлап» өліп кетсін байғұстар.., –

деп имандылық туын көтеріп, халықтың ғасырлардан келе жатқан діни сенімін қорғап өлең жазған ақын осы қарқынынан бір сәт те босаңсыған емес. Өлеңнің финалында жер бетін дінсіз-құдайсыз, иманнан алыстаған пенделерден тазартып, адамзатты тәубеге шақыру тілегі бар.

Қазақ мәдениетінің барлық тамырына нәр дарытқан исламдық ұстын ақын-жыраулар поэзиясында берік орын алса, бүгін де жарасымды жалғастығын тауып отыр. Қазіргі поэзиямыздағы діни-исламдық дүниетанымның жырлануынан классикалық жанрлар үлгілерінің жаңғыруын көреміз. Жаратушының дара құдіреті, фәни мен бақиға жалғасқан мәңгілік өмір қозғалысының имани шарттары туралы діни-пәлсапалық сарындар мінәжаттық арнау, дұға-тілек, насихат өлеңдер түрінде көптеген ақын поэзиясында орын алуда. Алланың құдіретін, Құранның шындығын, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хақтығын ұлықтайтын өлеңдер Светқалидың шығармашылығында да молынан ұшырасады. Қожа Ахмет Ясауи ілімімен сусындаған сопылық поэзияның бүгінгі таңдағы жаңғыруына елеулі үлес қосып келе жатқан Светқали шайырдың қолтаңбасын айқын танимыз.

...Табам ақыр дерттің емін – айласын,

Құл Қожа Ахмет, бабам Бекет, қайдасың?

Нұр тамызам – түріп тастай түнегін,

Кірді ағызам – тіліп тастай жүрегін:

«Алла – һай-лап!» –

Ұрып Хақтың қайласын!., –

деп Аллаға мінәжат етіп, ата-бабалар рухынан медет тілейді. Ақын қолтаңбасындағы тілдің құбылған бейнелілігі мен сөз саптау тәсілдерінің мәнері сопылық дүниетаныммен керім үйлесім тауып отырады. Дұға, мінәжат, уағыз немесе тәмсіл тәрізді өзіне ғана тән көркемдік тәсілдерге жүгінетін діни дискурстағы белгілі бір ұғымдар шоғырын пайдаланып, түр мен мазмұнды шебер қабыстырады. Сопы баба хикметтерінің мәнерімен:

...Құл Айт-Ман, қаңғыма енді Сүлдеге еріп,

Өтерміз бұл қапастан бірдеңе ғып;

Мүрдемді жуар ма Нұр Түрмеме еніп? –

Қапыңды аш, дүниежарық, келіп қалдым!., –

деп те толғайды.

«Шын шайырда ру жоқ – ұлт болады», «Хас ақында жүз емес – ел болады» деп жырлаған ақын үшін ең маңыздысы – ел бірлігі, ұлттың ұйысуы, күллі түркінің ынтымағы. Ол елдің жікке бөлінуі мен халықтар арасындағы алауыздық пен ауажайылушылыққа жанымен қас. Қазіргі заманның қас-қабағын аңдап, жоғалтқанымыздың орнын толтыруды ойлап, даму беталысын бағамдағанда ақын көңіл көншітпейтін қулық-сұмдықтар мен елді тоқырауға ұшырататын азып-тозу белгілеріне майдан ашып, ата-баба аманаты мен арман-мұратын алға апаратын жол іздейді.

Светқали шығармашылығы – ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар поэзиясына табан тіреп, Абай бастаған әдеби мектептен мол сусындаған, Мағжан мен Ілияс, Қасым мен Төлеген, Жұмекен мен Мұқағали секілді ақиық ақындар поэзиясынан үйрене жүріп, өзіндік мәнерімен ілгерілеген поэзия. Онда жыраулардай ғибратқа толы төкпелік те, Махамбеттің өршілдігі де, Абайдың парасаттылығы да, Шәкәрімнің имандылық-дүниетанымы да, Төлеген мен Мұқағалидың сыршылдығы да, Жұмекен мен Қадырдың ойшылдығы да тоғысып жатады. Солардың қасиеттерін талғаммен бойға жұқтырса да қайталамайтын, ешкімге ұқсамайтын өзіндік бірегей мәнер-машығын тапқан ақын.

Светқалидың поэтикалық лексиконы өте бай. Бұған автордың сөздік қорының молдығы, арғы-бергі тарих-шежіреден мол хабардарлығы, жан-жақты білімдарлығы мен сұңғыла суреткерлігі көмекке келері сөзсіз. Автор шығармашылығынан орайына қарай қазақ тілінің орасан байлығын мейлінше ұтымды пайдаланатынын, қазір қолданыстан шығып қалған байырғы сөздерді белсенділікпен қолданатынын, көне түркілік және діни лексиканы да жатсынбай, кейде ұлттық ұғымға сай келетін өзіндік қолданыстарды да шығармашылықпен қиыстырып жіберетін шеберлігін көреміз. Бұл ақынның ұлттық поэтикадағы жаңашылдығының бір қырын танытса керек.

Ақын шығармашылығында арнау өлеңдер мол орын алады. Елеулі еңбегімен, ерлік-болмысымен дараланып, ел тарихында өлмес із қалдырған көптеген тұлғаларға арналған жырларында олардың ұлт тарихындағы орнына баға беріп, ұмытылмас есімдерін ұлықтап, өлең сөзбен ешқашан ескірмейтін ескерткіш соғады.

Ақын дүниені тану мен адамның рухани әлеміне үңілу мәселесіне ерекше назар аударып, оның түрлі заңдылықтарын поэтикалық тұрғыда бейнелеуге ұмтылады. Фәни мен бақи, тарих пен қазіргі заман, рух пен нәпсі, махаббат пен ғадауат секілді толып жатқан ұғымдардың арасындағы өзара байланыстар мен қайшылықтарды ақынның айшықты майда тілімен әсерлі бейнелеп, философиялық байлам, психологиялық мән, көркемдік мәнер-мақам ұсынады.

Халықтың ұлылығы мен даналығы тілінде жататын болса, қазақтың қазіргі бір уайымы да осы тілінің жағдайына байланысты. Патшалық отаршылдық пен кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің қысымымен әбден тұралап, жойылуға шақ қалған қазақ тілі сөз жүзінде (заңдық тұрғыдан) мемлекеттік мәртебеге ие болса да, іс жүзенде тәуелсіздіктің отыз жылында өзінің мәртебелі тұғырына қона алмай отырғаны – соның айғағы. Ол туралы жазбаған ақын кемде-кем. Светқали ақын да «Менің тілім» өлеңінде осы бір өзекті мәселеге қынжыла отырып, арғы тарихтан тамыр тартып келе жатқан ұлы тілдің тағдырына алаңдайды. Алайда сарыуайымға салынбай, ана тілін менсінбейтін безбүйректерге оптимистік өршіл рухпен ескерте тіл қатады:

...Дертім қалың,

қашаннан Сертім мәлім,

Өзекте өшпес білесің өртім барын.

Тұран-ғалам патшасы – ұран-далам,

Мен тілінде сөйлеймін Ер Тұңғаның!

Шырақ керек көкірек мешітінде,

Құлақ керек бұл үнді есітуге.

Осы тілде гөйлеген Мәді-шәнүй,

Еділ патша сөйлеген осы тілде!

... Іріңге еріп барасың, Білімге ермей,

Жаратқанның хақ жарық нұрын көрмей!

Сорлап қалма – АҚИҚАТ ТАҢЫ АТҚАНДА,

МЕНІҢ ҰЛЫ ТІЛІМЕ ТІЛІҢ КЕЛМЕЙ!!!

С. Нұржан – көптеген дастандар мен аңыз-хикаялар жазған ақын. Оның эпикалық кең тынысты шығармаларында тарихи оқиғаларды шымыр сюжетпен идеялық бағдарына орай ширықтыра суреттейді. Өз кезеңінің шындығы тұрғысынан ел мен жер тағдыры, азаттық үшін күрес пен адамгершілік-имандылық проблемасы нанымды көркемдік шешімін тауып отырады. Мысалы, «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында ХVІІ ғасырдағы атақты қазақ ханы Есімнің жорықтары мен жеңістерін баяндайды. «Тарғыл тағы» дастанында 1870 жылы орыс отаршылдығына қарсы шыққан Адай көтерілісі суреттеледі. «Қараған босаға қырғыны» дастаны Балуанияз бен Тұрманбет секілді халық батырларының түрікмен қолымен соғыстағы жеңісіне арналса, «Хан кегі» дастаны ХVІІІ ғасырдағы Әбілқайыр ханның өлімі үшін Шотан бастаған Адай батырларының Барақ сұлтаннан кек алуын баяндайды. Ақынның көптеген аңыз-хикаяттары («Қыз Қаламқас қазасы», «Би Мәтжанның Ешмағамбет «шайырды» қалай жазалағаны жайлы хикая», «Міскін Жүніс пен молда Қасым жайлы хикая», «Тәбриздік Шәмістің Мәуләна Румиге жыр жаздырғаны жайлы хикая» т.б.) – аңыздар мен ел аузындағы деректі әңгімелер негізінде жазылған өткен күннің сырын шертетін қызықты хикаялар.

«Көкірегім – көне кітап» деген өлеңінде:

Көкірегім – көне кітап.

Сұр тысты.

Қырық қазына, мың мағына – қыртысты.

Қиялым бар жетпіс түрге құбылған –

Көздеріңмен қарамашы біртүсті.

Оқымай-ақ отқа салма мені сен,

Керегіңе жарата алсаң – келісем.

Залым сұмнан сағың сынған налаң мен

Ауырсынған жараң болса – бөлісем.., –

деп халқының мұңы мен сырын, қуанышы мен мұратын көркем сөзбен кестелеп, ұлттық поэзиямызға толағай олжа салып келе жатқан Айт-Ман ақын қазір ақындық дер шағында. Түріктік төркінге, қазақы болмысқа адалдық танытып, сөзді кие тұтқан, өлең-жыры мен тарих-шежіресін ұлықтайтын оқырманы оның дегдар ойлы поэзиясына ынтық. Саналы ғұмырын ұлтының руханиятына қызмет етуге арнап келе жатқан, жауһар жырдан түйін түйіп, «қазағының қазынасын, Маңғыстауының мағынасын» түгендеп жүрген Светқали шайырдың ойлы сөз, парасатты пайымдарымен рухтанған жырларынан сусындаған оқырмандары интеллектуалды поэзияның құдіретін сезіне түседі.

...Бұл кітапқа кір жұқтырман – көрге енсем!

Түсін бұзбас жапқан шапан, берген шен.

Мұны өйткені,

Ел оқиды – әуелі,

Елден алып Жел оқиды – өлген соң.., –

деп о бастан ақындық кредосын, ғұмырлық бағдарламасын нақ айқындап алған С.Нұржан поэзиясы – ел-жұртына деген шексіз сүйіспеншіліктің поэзиясы, тарих тағылымы мен ата-баба жолын дәріптей отырып, заманының күйін толғаған ақынның азаматтық үні.

Светқали поэзиясындағы лирикалық кейіпкердің толғаныстары арқылы көрінетін өршіл ұлттық рух пен азаматтық-отаншылдық сарын бүкіл шығармашылығының өзегін құрайды. Шығармаларындағы ақындық эмоция қуатты поэтикамен жасанған өзіндік көркем әлеміне алып келеді. Ақын рухани дамудың сан-салалы мәселелерін көркемдік оймен алға тарта отырып, оқырманымен сырласады, сұхбаттасады. Ақын поэзиясының көркемдігі, сыршылдығы мен ойлылығы оқырманның санасын оятып, жігерін жанитын эстетикалық қуатымен ерекшеленеді. Ұлтының терең тамырлы тарихы мен салт-дәстүріне табан тірегендіктен, ол бір сәтке де тарихи арнадан көз жазбайды. Ақынның поэтикалық пайымдаулары тарихи деректілікпен, шығармашылық интуициямен, қаламгерлік фантазиямен ұштасып, тілдік, эмоциялық тәсілдер арқылы шебер бейнеленеді. Ақын поэзиясының тартымдылығы мен танымалдығының, өміршеңдігінің сыры осында болса керек.

Биыл Айт-Ман ақынның «Көкірегім – көне кітап» атты жыр кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы іріктеу кезеңінен өтіп тұр. Оқырманының көңілінен орын алып, халқының құрметіне бөленген ақынның бұл кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екені сөзсіз. Шашасына шаң жұқпаған жүйрік ақынның бұл жыр жинағы таланттар додасынан тосқауылсыз өтіп, жеңіс мәресінен көрінеріне сенеміз.

 

Әділет ҚАБЫЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Yessenov University профессоры.