Адам айтса нанғысыз нәрселер болады. Біздің үйге бірінші болып Олжастың кітабы кірді. Оның Алаштан ат оздырған заңғар замандастары Мұқағали, Төлеген, Қадыр, Тұманбайлардың жазғандарын оң-солымды айырған тұста оқыдым. Қалың құмның арасындағы қазақ ауылында өскен бұл пақырыңыз онда орысшаңызды мүлдем білмейтін. Қазір де қатырғанымыз шамалы.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бастауыш мектепте оқып жүргенімде әжем дүкеннен екі кітап әкелді. Сатушылар алған затына «тіркеме» ретінде қосып беріпті. Бірі – Олжас Сүлейменовтің «Глиняная книгасы», екіншісі, Медеубай Құрманов аударған Гетенің «Фаусты». Бұларды жеке кітапханамның төлбасы деуге де болады. «Фаусты» кейін неміс тілінен сабақ берген Күлтай Көпірбаева апайымыз ат-түйедей қалап алды. Ал «Жазушы» баспасынан 1969 жылы жарық көрген «Глиняная книга» әлі күнге дейін төрімде тұр.
Менің бір суретші нағашым бар еді. Өзі КазПИ-дің көркемсурет-кескіндеме факультетін бітірген. Топырағың торқа болғыр сол Ғайыс ағам Олжас өлеңдерімен «ауыратын». Атышулы «Аз и Я»-ны алғаш осы кісінің қолынан көрдім. Жампоз ақынның жырларын жатқа соғатын. Ұлтжандылығын айтқанда арқаланып кететін.
Бірте-бірте өзіміз де оның өлеңдерін оқи бастадық. Түсінгенімізден түсінбейтін тұстарымыз көп. Не құдіреті барын кім білсін, бәрібір тартып тұрады. Арман қуып Алматыға барғанымызда, алдымен іздеген адамымыз Олжекең болды. Жазушылар одағының есігін екі сағат күзетіп, көрдім-ау ақыры асау арғымақтай арқыраған ақынды. Түр-тұрпаты бөлек, тұлғасы ерек екен. Бұған дейін теледидардан талай көргендіктен, жазбай таныдым. Жалпы, оны ешкіммен шатастыру мүмкін емес.
Ендігі арман – қолтаңбасын алу болды. Алматыдағы Ленин сарайында өткен шығармашылық кешінен кейін қалың кезекке тұрып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Қолымдағы блокнотыма сойдақтатып қолын қоя салды. Басқа ештеңе жазбады. Олай ететіндей де бар. Айналасындағы алқалаған әлеуметтен аяқ алып жүргісіз-тұғын. Оқырман – көп, ол – жалғыз.
Бірде ол Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болатпен бірге ауылымызға келді. Сонда көшеде жалғыз кетіп бара жатқанын көрдім. Сыртынан қызыға қарадым. Алайда алдынан шығып сәлем беруге батылым бармағанына әлі күнге өкінемін.
... Анау жылы Астанада өткен Азия жазушыларының алқалы жиынына жан-жақтан небір жақсы-жайсаңдар жиналғаны белгілі. Олжас ағамыздың осынау айғыр топтың ортасында жүргенін алдын ала білгендіктен, әйгілі «Қыш кітабын» қолтығыма қыстыра бардым. Оңашалау отырған бір сәтін пайдаланып, жанына жетіп бардым да:
– Аға, мынау менен сегіз жас қана кіші кітап. Қимас қазынамдай қымбат дүние. Осыған қолтаңбаңызды қойып берсеңіз қайтеді, – дедім. Өзімше ойлап қоямын: «Қанша жерден шіренсең де, ішің жек көрмес. Дәл қазір бұл кітап ешкімнің қолынан табыла қоймасы анық. Ендеше, елп етпей көр».
Қатты қателесіппін. Ептеп жымиғаны болмаса, еміренген сыңай танытпады. Аты-жөнімді де сұраған жоқ. Атағын аспандатқан кітабының бетін ашты да, үн-түнсіз қолын қоя салды. Бітті.
Өрекпіген көңіліміз су сепкендей басылса да, өр тұлғаға өкпелемедік.
...Ол Олжас қой!
Талғат Батырхан