МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕНІҢ ТІЛІМ

 Ана тілі – қай ұлтта болса да құдыретті дүние. Өйткені ана тіл әрбір адамның бойына ана сүтімен бірге бойына сіңеді.  Тіл - халықпен бірге өмір сүреді, дамиды, сондықтан да әр ұлттың тілі - оның ұлттық қазынасы дейміз.
Ана тілдің байлығы - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес байлық - ана тілі десек, сол тілімізді шұбарламай көзіміздің қарашығындай сақтау әр азаматтың міндеті. Өйткені ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай
“Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады” деп атап көрсетті. Яғни тіліміз жоғалса қазақ деген атау да құриды.  Бір сөзбен айтқанда, кез келген адам өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге мән бергені жөн. Осы орайда айта кетерлік бір жайт, қазір әлеуметтік желіде пікір білдірушілер  сауатты жазу мәселесіне баса көңіл бөлген жөн. Өз ана тіліңде сауатты сөйлеп, сауатты жазу - әр отандасымыздың міндеті. 
        Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудан, облыстағы тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мекемелер мен ұйымдарда мемлекеттік тілді оқытуда заманауи технологияның көмегімен тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қызмет етіп келеді. 

Білім беру ісіндегі инновация дегеніміз - ересектерді мемлекеттік тілге оқытуда жаңалық енгізу, яғни, жаңа әдістемелік әдіс-тәсілдер енгізу, оларды қолдану десек, мүны тілдерді оқытатын әр оқытушы  жақсы біледі. .
    Жаңа педагогикалық технология ұғымы заманға сай жаңаша оқытуды, күнделікті ізденісті қажет етеді. Білім беру ісінде белгілі бір нәтижеге қол жеткізу, оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін оңтайлы пайдалану, сол арқылы жоғарғы нәтижеге жетуді талап етеді. Яғни ересектерді мемлекеттік тілге оқыта отырып олардың ойлау қабілеттерін, білім, білік дағдыларын жетілдіре отырып  осы мақсатта жұмыс істеу бүгінгі күн тілдерді оқытатын оқытушылардың көкейкесті мәселесі. Олай болса, бүгінгі күні тіл тағдырына тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көңіл бөліп, «тіл тағдыры – ел тағдыры» деген мақалдың тереңіне үңілсек, оны оқыту деңгейіне баса көңіл аудару қажет.
     Осы орайда
tilalemi.kz сайтының мемлекеттік тілді оқып-үйренуге көмегі зор. Сайтта қазақ тіліндегі кейбір сөздердің дұрыс жазылуын көрсететін “Емле кз”, ұялы телефонға жүктеп тілді үйренуге болатын “til qural”, мемлекеттік мекемелерде, мекемелер мен ұйымдарда құжаттарды дұрыс жүргізудің үлгісін беретін “Qujat.kz” тағы басқа жобалар бар. Қазақ тілінің ұлттық корпусы (qazcorpus.kz) ұлттық жобасының да берері мол. Бұл жобалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның мәртебесін арттыруға ықпал етеді. 

Сонымен қатар мемлекеттік тілді өз еркімен үйренгісі келген өзге ұлт өкілдеріне әлеуметтік желілерде жүргізілетін онлайн сабақтар бар.(https://www.instagram.com/reel/Cs3cxdLglao/?igshid=MTc4MmM1YmI2Ng)

Оқытушы сабақ беруде өз шеберліктерін шыңдап, дамыту үшін жаңа оқу технологиясының алуан түрлерін меңгеріп, оны өзінің күнделікті сабағында қолданып отыруы керек. 

 Бүгінгі таңда білім берудегі жаңа бағыт - цифрландыру болып табылады. Цифрлық ресурстар, мобильді қосымшалар арқылы оқыту әдістемесі қашықтан оқытуда заман талабына айналды. Бүгінде  WhatsApp, Instagram, Facebook, Telegram әлуметтік желілері арқылы оқыту белгілі бір тақырыппен таныстыра отырып мәтінді оқу, тапсырмаларды орындау мүмкіндігі де мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен оның өрісін кеңейтетіні сөзсіз.  

     Мемлекеттік тілді өзге этнос өкілдеріне оффлайн оқыту кезінде  сабақ барысында жаңа сөздермен жаңаша форматта таныстыруға баса назар аудару керек. Мәселен, кез келген заттың суретін қойып астына қазақ тіліндегі аудармасын жазып қойса, тыңдаушы суреттегі зат оған таныс болғандықтан қазақша аудармасын да есте сақтап қалады. Өзге ұлт өкілдерін оқытуда ана тіліміздің байлығы қысқа да нұсқа мақал-мәтелдерін үйрету ге болады. А1 қарапайым деңгейін аяқтаған тыңдаушылар жаңаша форматтағы көрнекіліктердің (флешкарта) көмегімен "Бірінші байлық - денсаулық", "Отбасы - шағын отан", "Бақыт - ақшада емес", "Сәлем - сөздің анасы" деген қазақтың рухани құнды дүниелерін жаттап естеріне сақтап қалады. Курс барысында сабақ барысын қаладағы қазақ ас үйлерінде, мейрамханаларында (мәселен Өскемен қаласында «QURT & WINE"қазақтың ұлттық ас үйі бар) өтсе тыңдаушы көзбен көріп, қолмен ұстайды, нәтижесінде сөздік қоры мен тілдік дағдылары қалыптасады.  Сабақ өткізу барысында тіл үйренушілердің тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында "Смарт карта", "Стоп кадр", "Телебағдарлама жүргізушісі", "Бірге ойлаймыз", "Айтарым бар", "Сұрақ қойып үйрен" тағы басқа әдіс-тәсілдерді (пазлдар, домино) тақырыпқа қарай оңтайлап өткізсе тыңдаушылардың есінде біраз сөздер мен сөз тіркестері жатталып қалады. 

     А1 мен А2 деңгейінде курсты аяқтаған тыңдаушылар арнайы бір күнді белгілеп көкөністер мен жеміс-жидектер дүкенінде сауда жасап, сауда орталығында өздеріне қажетті киім-кешек түрін таңдап сатып алу арқылы мемлекеттік тілде сөйлеу дағдылары қалыптасады, сөздік қорлары артады. 

 

  Курс барысында тыңдаушыларға өздері демалатын орындары туралы шағын подкаст түсіруге тапсырма беру мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.  

Мемлекеттік тілді оқыту барысында заманауи технологиялар түрін жиі қолдану тіл үйренушінің назарын аударуы мүмкін. Атап айтқанда “Кинотерапия” әдісі тыңдаушылардың сөздік қорын арттыру мақсатында, “Дара кз”, “1 минут”, “Асыл қазына” зияткерлік ойындарын тыңдаушылардың білім, білік дағдыларын жетілдіру мақсатында  қолдана отырып тыңдаушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға болады. Мемлекеттік тілді оқытуда төмендегі технологияларды атап өтуге болады:

1. Кейс –технология
2.
WEB қосымшалар
3. Коммуникациялық технология
4.
Ақпараттық технология
5. Интерактивтік әдіс
-тәсілдер технологиясы
6. Мультимедия
лық технология

        Ересектерге мемлекеттік тілді меңгертуде заманауи технологиялардың мүмкіндігін тиімді қолдану, оқытудың креативті әдістерімен оқыту бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

     “Ана тілі - біздің ұлт боп халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі”- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың жүрегінде ана тіліне деген  ерекше құрметі болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақтың рухани көсемі А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың   ұлттығы еш уақытта адамы құрымай  жоғалмайды.  Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»  деген болатын.     

Ендеше, тіл тағдыры - ұлт тағдыры екенін естен шығармай, мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіріп, озық тәжірибені  зерделей отырып оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізуде республикадағы тіл оқыту орталықтарының оқытушылары тәжірибие алмасу мақсатында семинар, стенд-конференция, коучинг, тренингтер  ұйымдастырса тіл оқыту орталықтары оқытушыларының кәсіби шеберліктері шыңдалары сөзсіз.

 Кайдарова Ләззат Әскербекқызы,

ШҚ лингвистикалық орталығының оқытушысы

Өскемен қаласы