«...егер Мені көзге ілмесе құбыла,
Онда мен де құбылаңа түкірдім...»
Жұматай.
Тарих — әділ. Мұны белгілі бір тұрғыда «сақтансаң, сақтармын» деген, мағынасы Құран аятының құрдымындай тереңде жатқан ескертуді — Мәңгілік ескертуді! — жасаған Жаратушыға да теңеуге болады: тарих әлсізді кешірмейді, ақымаққа болыспайды. Өз құбыласын айқын белгілеп, рухы мен ділін үздіксіз шынықтырып, өз болмысы мен болашағы үшін мәңгілік күрестен тануды білмей келе жатқан ұлттар мен ұлыстардың ғана ғұмыры ұзақ болмағы, ал осалдардың, қамсыздардың, құл-тобамен, күң-қағанатпен ғана шектеліп, соны місе тұтқандардың обал-сауабын тарих та, Тәңір де мойнына алмасы, көз жасына қарамасы әлімсақтан аян: тарих та, Тәңір де сақтанғанды ғана сақтамақ.
Қазақ халқының болашағы туралы әңгіме қозғағанда сөз төркіні саясатқа да, қоғамда қалыптасқан үстем пікірге де (преобладающие мнение), тұрпайы сентиментализмнен туындайтын ұшқары оптимизм мен салбөксе пессимизмге де емес... тарихтың, Тәңірі-тарихтың қатал талабына ғана сүйенуге тиіс. Бұл – жұмыр жерді мекендеген ұлылы-кішілі ұлттардың барлығына тән, бәріне ортақ аксиома, бұлжымас ереже.
Салыстырмалы түрде аз ғана ұлт қазақ түгілі (Үндістанда саны 10 миллионға жуық 25 ұлт барын ескеріңіз!), әлемге өнеге көрсетіп қана емес, мәдени-саяси-экономикалық ықтиярын таңып келе жатқан ұлттардың өздері де «Біз кімбіз?» «Қайдан шығып ек? Қайда беттеп барамыз?» дейтін үш ұлы сауалдың айқын, ақиқи жауабын үнемі іздеп, осы үш рақымсыз сауалға орай ақиқат айнасынан өз болмысын үнемі көріп отыратыны, сол ақиқатқа орай құбыласын белгілейтіні сондықтан. Бұған және жалғаншылық жүрмейді: өзін жасанды әлдимен тербеп келген, сондай ақымақшылыққа «тәуекелі» жеткен ұлттың тозып бітері хақ, оған бола кәрі тарихтың жағасы қисайып көрген жоқ. Батыс ойшылдарының «Ұлт өзін өзі өлтірмесе, оны ешкім де жойып жібере алмайды» дейтіні сондықтан.
Әлгі үш сауалды, әрине, ұлт ретінде біз де өзімізге қойып жатқандаймыз, бұл — есі бүтін елдің ертеңі ғана емес, алыс болашағын ойлайтын ұлттың белгісі (Абай көкеміздің аяуды білмейтін достығының тілімен айтсақ: «Қазақ та адам баласы ғой...»). Бірақ сол жазмыштық мәні бар үш сауалға беріп жүрген ақиқи жауабымыз қандай? Қаншалықты шынайы?
Мәселе осында. Себебі, өзіміз іздейтін немесе іздегенситін жауаптың ақиқаттық дәрежесіне қарай ұлттың тарихи тағдыры да айқындалады: не өрлеу, немесе Абылайдың түсіндей ақырын құлдырау. Екінің бірі. Ұлт ақырзаманы кенеттен келетін кесел емес, ажалды пенденің қысқа ғұмыры тұрғысынан алғанда мұндай өзгерістің сезіле бермеуі де мүмкін: мәселен, ұлттық ділдің, рухтың күні кешеге дейін құлдырап, ата-бабаларының даңқы дүниені тітіреткен халықтың семізмалай күйіне түскеніне көзіміз енді жетіп отырса, соның әрі бір жылдың, бірер «бесжылдықтың» ісі емес еді ғой! Мұндай құлдырауды көкірегінде жанары барлар ғана дер кезінде сезді: Алтын Орданың шаңырағы қисайған тұс — «Қайран да менің Еділім!..» – тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен тұс, яғни ұлыстың ыдырауы — «Ойыл көздің жасы еді...», ...одан бері де, рухы мен мәдениеті жеңіліс тауып, тығырыққа тірелген халықтың жамандығынан емес, табиғи болмысынан ажырағандығынан күні азапқа айналған халықтың қасіретін сезінген зарзаман ақындары, тіпті берідегі — Абай қасіреті... Мысал жеткілікті.
Өзіміздің түп-негізімізбен табысуды енді ғана бастап жатқан біздің көзіміз айқын жетіп отырған нәрсе әзірше бір ғана сөйлемге сыйып тұр: «Қалайша аяусыз құлдырағанбыз!..»
Өткеннің қасіретін санамен сезіну, әрине, қайырлы нәрсе: ұлттық сананың көзін ашқандығының белгісі. Бірақ, бейнелі түрде айтсақ, бұдан бұрын да «көз ашулар» болған: Шыңғыс ұрпағына қарсылық жасаумен күні өткен, өз ұрпағының өз қызынан (Татьяна Глинская) туған орыс патшасынан (Иван Грозный) қорлық көрерін білмей өткен түменбасы (темник) Мамай; атадан балаға жеткен кекті қайтару үшін Алтын Орда хандарын қуыршаққа айналдырып, соның құлауына бірден-бір себепкерлікті бастап берген Едіге би; елді емес, билікті биігірек санаған «төрелер партиясына ашық қарсы шығып» (Ә.Кекілбаев пікірі), «қазақты қазақ басқару керек!» дейтін идеяны ұсынған, бәлкім сол себепті де мерт болған, Әйтеке би; бергі Сырым, Махамбет... кешегі Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, А.Байтұрсыновтар бастаған зиялылар; бергі «қызыл» болса да, ұлт трагедиясын сезінбеске амалы қалмаған Т.Рысқұлов, Ұ.Құлымбетовтер қатары... күні кешегі Желтоқсан буырқанысы... Мұның — «ашылған көз иелерінің» — жанарына билік, мейірімсіз заман құм құйып келді. Ұлтта үрей ғана қалып еді. Желтоқсан тұсында албырт, адал жастарға араша тұрушының аз-кем болғандығы – біз қанша сыпайылағанымызбен, соның дәлелі.
Тәуелсіздік келді. Кешегі кеңестік саяси тәжірибе мен мемлекеттік ақыл-ойдың инерциясының себебімен «Қазақстан тәуелсіздігі» деп жүргеніміз болмаса, бұл осы алып елдің табиғи иесі — қазақ ұлтының тәуелсіздігі. Әлемдік нормалар мен саяси мәселелердің ығына құлап, қалыптасып отырған жағдаймен есептескеніміз болмаса, бұл тек қана, немесе ең алдымен, ұлт тәуелсіздігі екеніне ешкім дау айта алмайды — егер осы мемлекеттің иесі қазақ халқы болмаса, дербес ел оның ежелгі атымен аталмас еді.
Сөйте тұра, ұлт мүддесі мен болашағы мемлекеттің басты мұратына толық айнала алды ма? Ресей отары болғаны әлемге аян бола тұрып, әлемдік нормаларға сәйкес отарсыздандыру процесі, жерді реституциялау (төл халыққа қайтарып беру) процесі неге жүргізілмейді?
Ұлттың тілі ғана емес, ділі, мәдениеті, рухани болмысы неліктен күні бүгінге дейін саяси сауданың тауарына айналып келеді? Қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығы не себептен «екінші зар-заман» гөй-гөйіне айналып отыр? Ұлт әлеуметтік сатының ең төменгі басқышында әлі күнге дейін неге тұр?
Оның осы «ажарсыздау» бейнесіне шынымен «өзі кінәлі» ме? Мемлекеттің емес, ұлттың құбыланамасы айқындалды ма?
Тәуелсіздік алған ұлттың проблемалары әлі де «жалпыға бірдей» безбенмен өлшеніп келеді. Сол себепті мемлекеттің табиғи иесі қазір «өз үйінің шайын өзі рұсатпен ішетін» күйде қалып отыр. Әрине, мұның объективті себептері барын ешкім жоққа шығара алмайды — «жүз ұлттың планетасы» «намазынан» жаңылған жоқ: осында қоныстанған халықтардың бірлігі, әлеуметтік тұрақтылық, тыныштық бәрінен қымбат. Мұны ешкім теріске шығара алмайды. Дегенмен, біздің «аля-совиет» саясаттанушыларымыз, әлеуметтанушыларымыз осы «объективті» жағдайды сылтауратып, ұлттық құбыланаманың айқын еместігін тереңірек, аналитикалық тұрғыдан талдаудан қашатын сияқты. Мұны біздің «сабырлы академиктріміз» де аңғармаған болады. Бірақ, ұлттық құбыланаманың кемшін тұстары күні ертең мемлекеттік проблемаға айналарын, сол себепті мұны зерделеу, сабырлы, саналы түрде шешімін табу керектігін ескеру керек.
Ғалымдар, әсіресе, қазақ зиялылары заманның қиындығын, ішкі және сыртқы саяси себептерді тізбелей келіп, «түбі жақсы болады» дейтін «арқадан қаққыш» уәж айтады. Әрі ұлттық проблемаларға байланысты игі істер де жасалып жатыр: тіл мемлекеттік статус алды, әнұран қазақ тілінде, тарихты түгендеу басталды, мешіттер көбейді, т.т.
Оның үстіне, мемлекет, қоғам өтпелі кезеңде. Бұған, әрине, дау айту қиын. Экономикалық тығырық, әрқилы саяси күштердің ықпалы, реформалар әкелген табиғи ауыртпашылық қазір бұл мәселеге мұрса қалдырмайтын сияқты. Әйгілі мұсылман ойшылы Шахабуддин Сухравардидің: «Кешегі күн өлді, ертеңгі күн әлі дүниеге келген жоқ, ал бүгінгі күн жан тапсырғалы тұр», — деген пікірін еске түсіретін бүгінгі заман шынымен ауыр.
Бірақ, сырт көзге дұрыс көрінгендігі болмаса, мұның бәрі негізгі проблеманы айналып өтудің амалы сияқты. Мүмкін, ойлаудың, зерделеудің жаңа, осы заманғы сатысына көтеріле алмай отырған ұлттық ақыл-ойдың себебі де болар, әйтеуір, экономикаға да, саясатқа да тікелей қатысы жоқ ұлттық құбыланама — ұлттың жел өтіндегі тағдыры —айқындала қойған жоқ. Бұл еш кексіз, ашу-ызасыз, кінәратсыз айтылуға, терең талқылануға, нақты ғылыми, саяси, мәдени тұрғыдан шешімін табуға тиіс проблема. Себебі, қазіргі кезең экономика үшін өтпелі болса, ұлт болашағы үшін –– қылкөпір, сынақ кезеңі, жазмыштық маңызы бар тарихи қатерлі өткел.
Әрине, бұл өткелден де өтеміз — алғашқысы бұл емес-ті. Бірақ өткеннен соңғы болмысымыз қандай болады? Шерхан Мұртаза айтқан «Ашқан қарын тойынар, ашылған етек жабылар» дейтін «жұбатудың» өзі аңғалдық: өз тарихымызда талай рет «ашылған етектің» нәтижесі — өзіміз әлі күнге дейін жыламсырап айтып жүрген мәдени, рухани, ділдік, әлеуметтік құлдырау емес пе еді?
Сауатты, әр тұстан бірдеңе оқып алған зиялылар мен атқамінерлердің ұлттың бүгінгі халі мен этностың ішкі өзгерістері туралы тереңірек ойланбауы, содан туындайтын жауапсыздық бізді — қазақ ұлтын! — беймәлім болашаққа немқұрайлы қарауға, сол немқұрайлылыққа көнуге үйрете бастады.
Бұған дау айтушылардың көп болары анық, бірақ «қазақ үшін!», «қазақ тілі үшін!» жасалып жатқан шаралардың нәтижесі қалың бұқараға қалай әсер етіп отыр? Қазақ ұлтының күні бүгінгі шынайы болмысы, этнопсихологиясы, ділі, тілі мен діні, әлеуметтік тұғыры қандай? Болашаққа батыл сеніммен қараудың шынайы негізі қаншалықты? Мемлекет иесі, негізгі ұлт ретінде қазіргі қазақ болмысы көңіл тойдырарлық па? Ұлттық сана қай деңгейде, ұлт ұрпағының болашағы бүтін бе?.. т.с.с. сауалдарға шүбәсіз жауаптарды тауып үлгермегеніміз анық. Қоғамдағы өзгерістердің жедел өтіп жатқанын, халықтың әрқилы саналық, сапалық өзгеріске түсіп отырғанын, қатал әлем ортасына шыққан қазақ ұлты үшін қазіргі бір күннің бір жылға татырдай екенін ескерсек, ұлттың бүгінгі күні мен содан ғана өрбуге тиіс болашағына деген сенімнен гөрі күдік басым түсетіні рас.
Бірер мысал: ізгі мақсатпен жүргізіліп жатқан реформалардың күллі ауыртпалығы негізінен қала халқының иығына түсіп отыр. Кешеге дейін өркениеттен едәуір оқшау қалған, бірақ ұлттық рух пен болмыстың, діл мен мәдениеттің негізгі қайнары болған «кеңес резервациялары» — ауылдың ерекше әлеуметтік, мәдени, рухани, экономикалық күйзеліске ұшырауы — ұлтты психологиялық тығырыққа тіреп тынды. Шарасыз аборигендердің әйелдері қап арқалап, қала кезіп, ошақ жылуынан безді, еркектерінің дені араққа салына бастады, жастары қалаға келіп, табылса ең ауыр жұмысқа жегіліп, болмаса қылмыс пен нашақорлыққа ұрынды, қыздары арзан жезөкшеге айналды. Әрине, бәрі емес. Біздің реформалардың, Ортега-и-Гассет пікірін сәл өзгертіп айтсақ, «шенеуніктер көтерілісіне» айналғаны белгілі: ауылды атқамінерлер тонап бітірді. Бұл да объективті нәрсе: капитализм орнату (біз «нарық» деп сыпайылап жүрміз!) үшін «меншік» иелерін — буржуазияны совхоз директоры мен оның жекжаттарынан жасауға тура келді. Ауылдағы аз ғана игілікке солар ие болғаны да құпия емес. Бір қызығы, «тарихи өнегесі» солай болғандықтан ба, ауыл буржуазиясы баяғының байларындай, болыстарындай кейіпке түсті: аз жұртты атасына қарай алалау, өздерін «текті ата тұқымы» етіп көрсету әдеті — солардың індеті. Ал қазақ атқамінерлерінің қай кезде де қара халықты қанаушы болғаны белгілі — орыс патшасы тұсында халық мүддесімен есептеспейтіндер ғана (негізінен) билікке, болыстыққа сайланғаны, халықтың қорлықты солардан көргені тағы аян.
Бұған қуатты қала халқының дені орыстар екенін, олардың барлық тұрғыдан қазақтардан озық болғандығын, әлеуметтік басымдықтың әлі күнге дейін соларда екенін қосыңыз. Өз ділінен, тілінен, болмысынан «бостандық алып», натуралданған қазақтар ғана орыстар сияқты нарыққа әзір болып шықты. Ал тарихи тағдырының нәтижесінде көп нәрседен бейхабар, ахлақтық (мораль) бейнесі мен ұғым-түйсігі ұлттық, яғни мәдени болмысы, ұстанған құндылықтары мүлде өзгеше қалыптасқан қазақтар жаңа қоғамдық қатынастарға әлі де жедел икемделе алмай отыр.Бұл — біздің ұлт зиялылары айтып жүргендей қазақтың «санасыздығынан, жалқаулығынан» емес, ұлтымыздың «жеңілген мәдениет пен рухтың» өкілі болғандығынан, оның дүниетанымының өзгешелігінен және отарлық сананың кеселінен қалыптасқан дерт. «Жекжаттар экономикасының» (Е. Ертісбаев пікірі) нәтижесінде жоғын түгендеп алған атқамінерлер мен зиялылар қазір өзгеруі қиынға соққан өз қазағына ұрысуды («қазақты қойшы!»), оны кісіге санамауды әдетке айналдырып алды...
Сөйтіп, қазақтың имани, ділдік этнопсихологиясына жарақат түсті. Оның үстіне қоғамның, оның құндылықтарының 180 градусқа шорт бұрылуы дайындығы аздау қазақ ұлтына психологиялық жағынан өте қиынға соққаны тағы рас — халықта зін кембағал санау (комплекс неполноценности) сезімі пайда болды, ғасырлар бойы соққы көріп, әлсіреген рухани болмыс әрнәрсеге еліккіш, бүлінгіш болып алды (мұны қазақ баспасөзі үнемі айтып келеді, қазір, бәлкім, айтудан да шаршаған болар?)
Тағы бір мысал: халықтың тілі мемлекеттік статус алғанына қарамастан, күн санап өрісін тарылтып келеді. Үстемдік алып отырған бизнес тілі де, соған қызмет ететін ақпарат тілі де орыс тілі болып қала берді. Бұған шетел «мәдениеті» мен «өнегесінің» де тұрпайы түрлеренің үстемдік құруы қосыла келіп, жастар санасын түгел билеп алды: «еркін» қазақ ұл-қыздарын қазір шетел кинолары мен музыкасы түгел баурап алды.
Мысал, әрине, көп. Қысқасы, қазақтың ұлттық ділі болып көрмеген соққының астында қалды. Ұлттың өз суатынынан жеруі күн санап күшейіп келе жатқаны даусыз.
Осының бәрі — «санаға отыршылдық құрып кеткен қақпанның» (Ә.Кекілбаев пікірі) салдары. Этнопсихологияның соққыға ұшыруына қоғамда бел алған әділетсіздік, сыбайлас жемқорлық, «сатылмайтын ештеңе жоқ!» ахлағы, билік пен зиялы қауымның қалың бұқарадан адам айтқысыз алшақтауы сияқты «нарық жаңалықтары» да ерекше әсер етіп отыр.
Жаңа заман нағыз ұлттық болмыста тәрбеиеленген қазақтарды не қажытып тынды, немесе өз ұлтынан жерініп, өз ділінен «тезірек аулақ қонуға» икемдеді.
Күйзелген экономика кесірінен қазақ «ең ауру этносқа» айналды...
Елдің құлағына әбден сіңіп болған бұл қиыншылықтарды санап шығу, бәлкім, шарт та емес шығар. Ол бәріміз білетін шындық.
Бір нәрсе айқын — ұлттық болмысқа қайта оралу үшін жасалып жатқан шаралардың жеткіліктілігіне қарамастан (тарихты түгендеу, ономистикалық «төңкеріс», аруақтарды тірілту, қазақ тіліне қатысты қуанарлық шаралар, т.т.), қазақ ұлты жүдеп, өз болмысынан ажырап барады. Қоғамды шетелдік идеал билеп, қоғамдық пікірге орыс тіліндегі шетелдік ақпарат құралдары билік жүргізіп отыр. Ұлт өзіне, өз мәдениеті мен әдебиетіне, рухани ұстындарына жат бола бастағаны өтірік емес.
Осының бәрі жаңа отаршылдық, рухани ассимиляция белгілері екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Сонда... «Біз кімбіз? Қай тұсқа келдік? Қайда беттеп барамыз?»
Біздің ойымызша, ұлттың тоқ бөлігі ұлтынан, өз болмысынан безуге, ал кедей (қазақтың 85 проценті) бөлігі люмпенденуге (тексізденуге) жақындап келеді. Бұған мысал іздеудің қажеті де жоқ.
Егер осы тенденция жалғаса беретін болса, қазақ ұлтының тарихи аренадан жоғалып кетуі де ғажап емес. Әлемдік тәжірибе соны дәлелдеп отыр. Ал Ақырзаман бір күнде орнамайды, ақырын басталып, ұзаққа созылады...
Бұл — негізсіз байбалам да, пессимизим де, белгілі бір нәрселерге наразылық та емес, қазақ баспасөзінде айқын және неше мәрте жазылып келе жатқан, ұлттық тағдырға алаңдаушылар айтып жүрген нақты деректер мен әлеуметтік зерттеулерді зерделегенде жасауға болатын, елдің бәріне мәлім қорытынды.
Демек, бізде ізгі ниетпен жүзеге асырылып жатқан шаралардан оңды нәтижеге шығып отырған жоқ: ұлттың нақты, болашаққа батыл қарауына негіз боларлық құбыланама әлі де айқын емес.
Белгілі академигіміз нақты зерттеулерге сүйеніп айтылған осындай пікірге нигилизм деп қарайды. Беделді, тоқ кісінің аргументі: «Ұлы Қытай қорғанын салдыруға себепкер болған. Византияға салық төлеткен ұлт ондай жағдайға түспейді!». Күлкің келеді — ежелгі түркілер мен үш ғасыр бодандықтан соң қажыған біздің арамыздағы айырмашылықты есепке алмау, сыпайы айтсақ – аңғалдық. Біздің қазіргі болмысымыз мүлде басқа...
Жүдеген рухты ұранмен, насихаттық шаралармен қалпына келтіру, келтіремін деу, келтірмедің деп жазықсыз бұқараға тіс қайрау, негізсіз ұлт сүйгіштену опа бермейді.
Сол себепті қазіргі қазақ ұлтының (тілінің ғана емес!) болмысын терең зерттеп, ақиқатын анықтау, соған сәйкес саяси, экономикалық, ағартушылық бағдарлама жасау... және қазақ халқын отарсыздандыру мәселесін жаппай көтеру ғана ұлттың құбыланамасын анықтай алады.
Ниетіміз түзу болғанымен, біздің қазіргі ұстанып отырған ұлттық құбыланамыз аса тиімді емес. Ал болашаққа негізсіз сенім артып, «бәрі ғажап болады!» деу — жел өтіндегі ұлт тағдырын жете түсінбеу болмақ.
«Алтын Орда» газеті, 7 сәуір 2000 жыл.
P.S. Осыдан он тоғыз жыл бұрын айтылған осы риясыз пікірді қайта жариялау мен үшін сәл қолайсыз болғанымен, зияны жоқ шығар: мүмкін күллі қоғамның бағытын қақпайлап отырған «данышпандардың» көзіне түсіп қалар?!.
Ал проблема әлі сол күйінде тұр.
Осыны ғылыми тұрғыда пайымдап, нақты шаралар белгілеп, осы мәселені басы аз-кем болса да бірдеңені қорыта алатындардан топ құрып, қазақ этносының қалыпқа түсуіне арналған, жүйелі бір зерттеу — шара алу мекемесін құру керек шығар?
Мен білмеймін. Білген күнде де, мен айтқан (ұсынған) ақымақтығы әп-сәтте орындалатын «крутой» емеспін. Түсіме Абылайдың қорқынышты түсі кіре береді.
Тәммәтул — тамам.
«Адырна» журналы, 2019 жыл, тамыз